Болгарияның Сот жүйесі

Болгарияның сот жүйесі мемлекеттік және шіркеулік соттардан құралған. 1393 жылдан 1878 жылға дейін Болгария Түркияның билігіне бағынған. 1878 жылғы 19 ақпанда Ресей мен Түркияның арасында Сан-Стефан келісіміне қол қойылды, оған сәйкес Болгарияға, Сербияға, Румынияға және Черногорияға тәуелсіздік берілді.

Құқықтың негізгі сипаттары. VII-VIII ғасырларда Болгарияда құқықтың негізгі қайнар көзі болып әдет-ғұрып табылды. Кейін номоканондар арасында Эклога мен Жер туралы заң ерекше орынды иеленген. Аса маңызды қайнар көздердің бірі – 32 тараудан тұрған, қылмыстық, азаматтық және іс жүргізушілік құқық нормаларының жинағы түріндегі Сот заңы болған.

Бұл қайнар көздерге сәйкес жерге меншіктің екі түрі ажыратылды: баштина – мұрагерлікпен, еркін түрде берілетін меншік және прония – міндетті әскери қызметпен байланысты, шарттық сипаттағы өмір бойғы иелену. Баштина қайтыс болған тұлғаның балаларына өтетін, ал прония иесінің өлімімен жер үлесі оның жоғарғы иесіне қайтарылатын. Қалған мүліктерді мұрагерлікке алу Эклогамен реттелетін.

Қылмыстық құқықта қылмыс ретінде патша билігі мен шіркеу орнықтырған құқық нормаларын бұзу түсінілген. Патшаға және жеке тұлғаға қарсы қылмыстар Эклогамен, ал меншікке қарсы қылмыстар Сот заңымен реттелетін, азаматтық-құқықтық құқықбұзушылықтар Жер туралы заңда көрініс тапқан. Болгар мемлекетінде жауапкершілік дәрежесі мен жазаның ауырлығы жәбірленуші мен қылмыскердің сословиелік тегіне байланысты анықталатын болған.[4]