Болгария тарихы
Болгария жеріне адамдар палеолит дәуірінде қоныстана бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 8 – 6 ғасырлардағы грек тіліндегі деректерге қарағанда, бұл жерлерді фракийлер қоныстанған. 1 ғасырда фракийлерді Рим империясы бағындырып, мұнда Мезия мен Фракия провинцияларын құрады. 395 ж. Болгария жері Византия империясының құрамына кірді. 7 ғасырдың 70-жылдарында Аспарух (Исперих) хан бастаған бұлғарлар (түркі тайпалары) Азов теңізі маңы мен Солтүстік Қауқаз өңірінен көшіп келіп, 680 ж. Балқан таулары мен Дунайдың төменгі ағысында славян-бұлғар тайпалары мемлекетінің негізін қалады. 9 ғасырда Сердиканы, Адрианопольді, т.б. аймақтарды қосып алу нәтижесінде бұл мемлекет шекарасы кеңейді. Бірінші Бұлғар патшалығы (1018 – 1186) Византияға бағынған. 1187 – 1396 жылдардағы Екінші Бұлғар патшалығы алғашқыда Батуға салық төлесе, 13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басында Ноғай ордасына тәуелді болды. Бытыраңқылықтағы Болгарияжерлерін 14 ғасырдың аяғында Осман сұлтандығы өзіне бағындырады. 15 ғасырдан бастап қалалар көркейіп, елдің әл-ауқаты артты, болгар шонжарларының бір бөлігі ислам дінін қабылдады. Өндірістік қатынастар, сауда дамып, ірі жәрмеңкелерде тауар айналымы артты. Орыс-түрік соғыстары (18 – 19 ғасырлар) болгарларды тәуелсіздік үшін күреске жұмылдырды. 1908 ж. жиырма екінші қыркүйекте Болгарияөзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. Бірінші Балқан соғысында (1912 – 13) БолгарияТүркияның біраз бөлігін өзіне қаратқанмен, Екінші Балқан соғысында (1913) қайта айырылып қалды. Болгария1-дүниежүзілік соғыс кезінде Алмания мен Аустрия-Мажарстан жағында болды. 2-дүниежүзілік соғыс қарсаңында Болгариябейтарап саясат ұстанғанымен, 1941 ж. наурызда Алмания, Италия және Жапония арасындағы үштік одақ пактісіне қосылды. 1944 ж. тоғызыншы қыркүйекте Болгарияжеріне Кеңес Армиясы кірген соң, мемлекеттік монархиялық құрылымы жойылды. 1946 ж. он бесінші қыркүйектен 1989 жылға дейін Болгариясоциалистік даму жолын таңдаған елдер қатарында Варшава шартына, Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше болды. 1989 жылдан елде саяси өзгерістер, демократиялық жаңғыру, экономикалық нарықтық қатынастарға көшу басталды. 1991 жылға дейін үкіметті басқарып келген Болгариякомпартиясы биліктен кетті. БолгарияБҰҰ-на, Еуропа Кеңесіне, т.б. халықаралық ұйымдарға мүше. 1992 ж. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
Болгария 1947 жылға дейін аграрлы ел болатын. 1947 – 90 ж. индустриялды-аграрлы мемлекетке айналды. 1996 ж. жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 1160 АҚШ долларын құрады. Экономикасының негізі машина жасау, тамақ өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, химия және мұнай-химия өнімдерін шығару, ағаш өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылығында дәнді дақылдар (бидай, жүгері), темекі, көкөніс, жеміс өсіріледі. Райхан майын экспортқа шығаруда дүние жүзінде бірінші орын алады. Экспортқа машина, пластмасса өнімдерін, темекі, шарап шығарылады. Қара теңіз жағалауында туризм дамыған.