Болгария Республикасы туралы ақпарат
Болгария, Болгария Республикасы – Балқан түбегінің шығыс бөлігіндегі мемлекет. Жері 110 мың км². Халқы 7,7 млн. адам (2007). Негізгі халқы бұлғарлар(85%), бұған қоса түрік, сыған, әрмен, грек, т.б. ұлттар өкілдері тұрады. Астанасы – София қаласы (1,5 млн.). Мемлекеттік тілі – болгар тілі. Халқының көпшілігі православие дінін ұстанады, 13%-ы мұсылмандар. Болгария– парламенттік республика. Мемлекет басшысы – президент. Жоғарғы заң шығару органы – бір палаталы Халық жиналысы. Атқарушы билікті Министрлер Кеңесінің төрағасы жүргізеді. Жерінің солтүстігін Дунай жазығы, шығысын Добруджа үстірті және оңтүстігін Стара-Планина тауы (Балкан) алып жатыр. Климаты көп жерінде қоңыржай континенттік, тек оңтүстігінде ғана – жерортатеңіздік. Жауын-шашынның жылдық мөлшері: жазықта 450 – 600 мм, тауда 850 – 1300 мм. Болгарияжерінде өзен көп. Басты өзендері: Дунай, Искыр, Марица, Струма, т.б. Көлдердің басым көпшілігі Рила, Пирин тауларында. Жерінің 30%-ы орманды. Қара теңіз жағалауында көптеген демалыс орындары орналасқан.