Германия экономикасы дамыған елдердің алдыңғы орнында
Германия экономикасы дамыған елдердің алдыңғы қатарынан орын алады. Негізгі салалары машина жасау, электр техникасы, металлургия, химия және фармацевтика өнеркәсібі, тағы басқа салалар ел экономикасының өркендеуіне қомақты үлес қосып келеді. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымы ерекше маңызға ие. Ірі 13 әуежай, 6,8 мың шақырымнан асатын ішкі су жолдары күндіз-түні жұмыс істейді. Бұған Солтүстік теңіздегі Гамбург пен Бремен, Балтық теңізіндегі Киль, Любек және Росток теңіз порттары қосылады.
Германияның сыртқы саудадағы әріптестеріне келсек, ең алдында Франция тұр. Одан соң импорт бойынша Нидерланд, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, ал экспорт бойынша Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Нидерланд келеді.
Германия БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның жұмыстарына белсенді түрде қаты¬сып жүр. Өз тараптарынан беделді бұл халықаралық ұйымдарға айтарлықтай қаржы және кадр ресурстарын бөліп отырады. Сондай-ақ, Германияның алдына қойған басым бағыттарының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу. Ал Германияның Орталық Азия елдеріне байланысты ұстанған саясаты айқын, ол – экономикалық салаларда мүмкіндігіне қарай ынтымақтастық жасау.