Испания мемлекеті

Испания (Espaṅa), Испания патшалығы – Еуропаның Оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің көп бөлігін және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Жер көлемі 505,9 мың км2.. Испанияға, сондай-ақ, Солтүстік Африка жағалауларындағы Сеут және Мелилья қалалары мен оларға жақын жатқан Велесде-ла-Гомера, Алусемас, Чафаринас аралдары да қарайды. Халқы 39,2 млн. (1999). Негізінен, испандар, католондар (5 млн-нан астам), галисилер (3 млн.), баскилер (2 млн-нан астам), т.б. Қала халқы 76,79%. Ресми тілі – испан тілі. Автономиялық құрылымдарда католон, баски, галиси, т.б. тілдер қолданылады. Ел 17 автономиялық құрылымдардан тұрады. Халқы, негізінен, католик дінін ұстанады. Астанасы – Мадрид қаласы (5 млн.). Бұған қоса Барселона (1,8 млн.), Валенсия (1 млн.), Севилия (750 млн.), т.б. ірі қалалары бар. Ұлттық мейрамы 12 қазан – Испан ұлты күні (Христофор Колумбтың 1492 жылы Американы ашқан күні). Ұлттық ақшасы – песета.[2]