Дулыға Ақмолданың сұхбаттары
Дулыға Ақмолда: “Менің өмірім – кейіпкерлерімнің жиынтық образы”
– Дулыға мырза, әңгімемізді қазақ театрларының бүгінгі көкжиегінен бастасақ. Біздің танымда театр – дәстүрді жалғастырушы өнер деген бір қасаңдау қағида бар секілді. Бұл қаншалықты дұрыс көзқарас?
– Театр дәстүрі – жаңашылдықты іздеу. Әу бастан солай. Себебі, театр – бірнеше өнердің басын қосатын синтезді өнер. Кеңес одағы кезінде театр дәстүрді берік ұстануы керек деген көзқарас берік орнағаны сондай, жаңалыққа көп жағдайда шектеу қойылды. Режиссурада да, сахналық безендіруде де, драматургияда да өз арнасынан ары-бері шықпауы, шетелге еліктемеуі, кеңестік цензурадан жырақтамауы керек деген тұжырым қалыптасқан. Белгілі тақырыптарға басқа жағынан келу, өзінше ой өрбіту шектеулі болды. Оның салдары әлі де болса бар. Бірақ, жаңалық дегенді көктен алмайсыз. Ол өмірдің ағымымен бірте-бірте келе береді. Кешегі жаңаның өзі ертеңгі ескі, яғни дәстүрге айналып кетеді. Қазақ театрларында дәстүрге айналған жаңалықтар көп. Оны көре білетін көз, түсіне білетін зерде керек. Театр – шынайы, қозғалыстағы өнер. Бүгінгі қойылымды ертең қайта көруге болады, зер салған жанға соның өзінде өзгешеліктер барлығы байқалады. Ал зер салмаған жан үнемі өз танымындағы ескілікті театрдан көргендей күй кешеді.
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Менің сұрағым келгені, Тәуелсіздік жылдарында театр әлемінде қандай ерекшеліктер, жаңалықтар дүниеге келді? Оны талдап-таразылап үлгердік пе?
– 1990 жылдары қазақ театрының корифейі Әзірбайжан Мәмбетов спектакльдерінде сол дәуірге сай жаңалықтарды көп енгізді. Оны дер кезінде байқамаған секілдіміз. Бір қызығы, сол кісі әкелген жаңалықтар басқа қазақ театрларына тарады да, ол дәстүрге айналды. Көптеген режиссерлер Мәмбетовтың жаңалығын емес, дәстүрін ұстап қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әубәкір Рахимов ағамыз өрілімі өзгеше спектакльдерді сахналады. Асқар Сүлейменовтың «Жетінші палата», «Кек», «Төрт тақта жайнамаз» трилогиясын бірінен соң бірін қойды. «Жетінші палата» – менің алғашқы қойылымдарымның бірі. Бұл трилогия мазмұндық, формалық жағынан да басқаша болатын. Асқар Сүлейменовтың қандай биікке самғағанын менен гөрі жақсы білесіз. Ол кісі де екі бағыт қатар болған секілді: биіктік пен тереңдік. Оны сахналау түгіл, оқудың өзі санаға жүк. Тілі қандай ауыр? Философиясын дәп басып айту қиын. Себебі, сан қырлы. Бірін айтсаңыз, екіншісін айта алмағаныңызды түсінесіз. Екіншісін айтсаңыз, тағы бір ой ұшқыны тасада қалып кетеді. Рахимов ағамыз сондай ауыр да күрделі шығармаға құлаш ұруды өзінің парызы санады. Елдер үдірейе қарап, сынап-мінеп жатты. Бұл қойылымдар қазақ театрын байытудың жаңа үлгісін көрсетті.
Біздің буынның бағына орай, бізге таңдаулы режиссерлер тап келді. Болат Атабаев ағамыз сол жылдары театр сахнасына бұрылыс әкелді. Бұрын елеусіз, кішігірім болып саналатын деталдарға мән берді. Актерлердің жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнеріне, қимыл-қарекеті мен бет құбылыстарына дейін әрі жаңалық, әрі шынайылық енгізді. Біздің кезімізде Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов ағаларымыздың сөйлеу, сахнадағы қимыл-қозғалысына еліктеу басталды. Сол буын секілді алып тұлғалы, мінезді болып көрінуді, айғайлап сөйлеуді бірінен соң бірі қайталап жатты. Ал шын мәнінде ол кісілер орынды-орынсыз айғайламайтын. Табиғи дауыстарының өзі зор еді, сыбырлап сөйлесе де, залдың соңына естіліп тұратын әрі бар іс-қимылы өздеріне құп жарасатын. Кейінгі толқын ағаларымызды айна-қатесіз қайталауға ұмтылды. Ол кісілерге еліктеу біздің қара шаңырақтың актерлері емес, барлық қазақ театрларына тиісті қалып болғаны шын. Бұл құбылысты дер кезінде байқағандардың бірі Болат Атабаев ағамыз. Қазақ актерлерін штамптан шығаруға бар күшін жұмсап, қырнап-жоя бастады.
– Шыны керек, әлі күнге дейін Болат Атабаевтың өзіндік жаңашылдығын қабылдай алмаған секілдіміз. Бір түрлі үрке қарау мен күмәндана қарау басым секілді. Ол кісінің ізденіс соқпағын дұрыс қабылдай алмағанымыз байқалып тұрады…
– Болат ағаның жанында жүріп, ойын жүзеге асыруына сәл де болса септескенімізге қуанамыз. Театрды бүгінмен өлшеуге болмайды. Тарыдай жаңалық болса да, ол өмір сүреді. Атабаевтың әрбір қойылымынан өзгеше көңіл-күймен шығатынбыз. Театр – жан дүниенің тазалығын нұрландырып, адамның өзі өмір сүріп отырған қоғамға көзқарасын, өмірдің мәні не деген сұраққа жауап іздеуін қажет ететін аяулы орда. Егер өз көрерменін терең ойға шомдырып, Адам боп ғұмыр кешуге аз да болса талпындырса, ұшқарлық пен тоғышарлықтың, немқұрайдылық пен бойкүйездіктің, менмендік пен сатқындықтың салдарының қалай боларын айғайлап емес, ыммен түсіндіре алса, онда еңбектің өтелгені. Демек, Болат ағамыздың еңбегі ешқайда жоғалған жоқ, тәлімін алған шәкірттері баршылық. Ол кісі еркіндік сүйгіш, адам рухының бостандығын қалайтын жан. Әр құбылысқа өзінше тұжырым жасап, жұрт ойлағаннан өзгеше ойлау – екінің бірінің қолынан келмес шаруа. Ақ деп жүргеннің қара, қара дегеннің ақ екенін айтқанды көпшіліктің ұнатпайтыны рас, себебі мызғымастай көрінетін ұғымдардың түптағанын қопару кімге ұнасын?.. «Ақсарай» арқылы біраз ізденістерге барды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
– Ал Есмұқан Обаев ағамыздың соңғы жылдары біраз қойылымын көрдік. Маған ол кісі Әзірбайжан Мәмбетовтердің мектебін жалғастырушы, дәстүрге берік адам секілді көрінді.
– Есмұқан Обаев ағамыз 20 жылдай Семей театрында істеп келді. Театр саңлақтарының көзін көрген, алдыңғы толқын ақтангерлерінен айрықша тәлім алған санаулы саңлақтың бірі. Егер байқасаңыз, ол кісінің өзіндік соқпағын байқау қиын емес. Соңғы «Абайында» бұл кісі ұлы ақынды ойға шомдырды, жастық жалын қуатын құйды. Маған қатты әсер еткені, Абайдың әндерін толық пайдаланғаны. Сол әндер арқылы актердің жан дүниесін ашуға талпынды. Абайдың барлық әндері орындалды. Біздің ұжым бірігіп, арнайы хор жаздық. Абай – тек сөзбен емес, әуенмен, пәлсапалық иірімі терең әндерімен де ел көрмегенді көріп, ел түйсінбегенді нұсқаған ғой. Хакімнің әндерінің өзі бұрынғы дәстүрлі әндерге де ұқсамайды, орыс пен батыстың опералық әндеріне де келіңкіремейді, өзінше бөлек, мұңды. Бұл әндер – Абай әлемінің ең бір кәусар бұлағы. Оны театрда пайдалану көрерменін Абайға қайта оралуға үндейді. Ұлы ақынның әлеміне қаншалықты үңіле алсақ, қазақ руханиятының кемелділікке қарай бет бұра бастайтыны шүбәсіз.
– Әңгімеміздің ауаны театрдағы ізденістерге байланысты болып отыр ғой, тағы кімдерді бөле-жара атар едіңіз? Өнердегі эксперименттерге тосырқай қарайтынымыз әлі де болса басым. Экспериментсіз өсу болмайтыны тағы анық. Экспериментке барамын деп, опық жеген тұстарыңыз болды ма?
– Эксперимент – өнердің жауы емес, досы, біле білгенге. Адасу мен қателесу қашанда аяқ астында. Бұрын жүрмеген жолмен жүргендер әркез адасуға бейім тұрады. Сол жолда бірер рет адасып үйренгендер, бірте-бірте өзін де, көңілін де тыныштандырып, қалайда діттеген мақсатына жетеді. Қазақ театры мимырт халде, ешқандай ізденіс жоқ дегенді осы театрға ат ізін салмайтындар айтады. Әйтпесе, көкірегі ояу жан сезуге тиіс талай режиссерлерді атауға болады. Соның бірі Қайрат Сүгірбеков ағамыз еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының белортасында жаңа қойылымдарды Мәдениет министрлігінің жанындағы көркемдік кеңес қабылдап алатын. «Шолпанның күнәсі» деген спектакльді сенсеңіз, бес рет тапсырып, әзер өткізгенбіз. «Бұл недеген сұмдық, – деп шулады көркемдік кеңестің мүшелері. – О заманда бұ заман, қазақ театрлары мұндай қадамға барушы ма еді? Бұл сүйекке басылған таңба. Көрерменіміз нәлет айтады. Мұнан өткен ұят жоқ. Қара шаңырақ бүйтсе, басқалар қайтпейді?». Жоқ, олай болмады. Сол көркемдік кеңестегі ағаларымызға қарағанда, көрерменіміз әлдеқайда саналы екен. Спектакль он жылдай жүрді сахнада. Айғай-шудан, орынсыз сынаулардан, күндеулерден запы болып, Қайрат ағамыздың көзіне жас алғанын да көрдім. Франц Кафканың «Құбылысын» қойған да Сүгірбеков. Бұл қазақ сахнасында бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Мен сол қойылымда басты кейіпкер Грегор Замзаны сомдадым. Терең мәнге ие, адам бойындағы түрлі сезімдер мен мінез-құлықты, құлазуды, жалғыз қалуды, бөгделенуді айшықтайтын ондай қойылымдар қай кез болса да маңызын жоймақ емес. Сол қойылымдардың таспаға сапалы түсірілмегені, өкінішті. Бізді өсіріп, ұштап, қанаттануымызға себеп болған ондай қойылымдар әлі де аз емес.
– Бір кездері халық театрдан жырақтап кеткені көп сөз болып еді. Қазір де қазақ қойылымдарына көрермен аз барады деген қаңқу сөз естіп қап жатамыз. Лермонтов атындағы театрда билет ай бұрын сатылып кетеді дегенді естіп қаламыз. Өткен ғасырдың соңындағы көрермен азайған мезетті немен түсіндірер едіңіз? Қазір көрермендеріңіз қалай?
– Нарықтың енді еніп, қалыптасқан жүйенің шақ-шәлекейі шыққан тұста халықтың театрдан қол үзген тұстары да болды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, елдің ес жия алмай жатқан тұсы. Міне, сол кезде Тұңғышбай әл-Тарази ағамыз К. Гоццидің «Турандот ханшаймын» сахналады. Мен сол спектакльде Бригелла образын сомдадым. Бұл халықты театрға қайтадан қауыштырған, Әуезов театрына көрермен жиған бірден-бір қойылым болды. Сенесіз бе, осы қойлымға кіреміз деп, билет таба алмай, есік-тереземізді сындырған күндері де болды көрерменнің. Табаны күректей он бес жыл сахнадан түскен жоқ. 15-20 рет көрген көрерменді білемін. Міне, өнердің құдіреті. Әр адам өзінің көкейіндегі түйткілдерді дәп басатын және соған жауап беретін, ізгілік шұғыласын өнерден іздейтін шығар деп ойлаймын. Театр – ешкімге ақыл-кеңес беретін орын емес, таза эстетикалық ләззат, онда да ой әлеміне бастар жолды нұсқайды. Қойылымның ішіне дендей еніп кеткендер көп, әлі күнге көргісі келетіндер бар. Мұндай қойылымды қалай жаңалық демессіз. Тұңғышбай ағамыздың «Қазақтары» мен «Томирисін» көруге құмар көпшілік көп. Жас режиссер Елік Нұрсұлтан бауырымыздың аяқ алысы бәрімізді сүйсіндіруде. Күні кеше қойылған «Қас қағымда» жаңалықтан кенде емес. Өзінше қолтаңба, өзінше иірім. «Ұлы мен ұрысы» да жұрт назарын өзіне аударып, жақсы бағаға ие болды.Қарашаңырақтың көрерменсіз қалған күні жоқ. Басқалармен салыстырудың қажеті шамалы, өзіміздің сапалы да саналы көрерменіміз бар. Мағынасы ауыр, мәні терең, ойға ой қосатын, әрбір көрінісі терең зердемен жасалған қойылымдардың өзінде кісі толып отырады. Театрдың құдіреттілігі – бір рет келген адам, тұрақты көрерменіне айналады. Біздің көрерменнің талғамы өскен. Біз соған сай танымдық дүниені, терең философиялық қойылымдарды қоя алсақ, онда адаспағанымыз. Өзіңіз көрген «Көшкінді» қыбыр етпей көргеніне көзіңіз жетті ғой. Бұл туынды екінің біріне айтар ойын ұстата қоймайды. Осыдан кейін Сіз көрерменді қалай кінәлайсыз. Қазір біздің театрда жаңалық көп. Қойылымдарда ғана емес, жалпы жұмыс істеу тәсілінде өзгерістер молаюда. Алдағы күндерде соны, әралуан тақырыптағы қойылымдарымызбен көпшілік үдесінен шыға береріміз анық.
– «Көшкін» демекші, сіз осындай терең мәнге ие, ішкі монологқа құрылған қойылымдарда ашыла түсетіндейсіз. Осы қойылымдарыңыздың ішінде өзіңізге ерекше жақыны қайсысы?
– «Көшкіннің» көтерер жүгі шынымен бөлек. Мұндағы айтқан ойдан, айтпақ ой көп. Мейлі қандай адам болса да, оның өзіндік бір үрейі болады. Сол үрей кісі соңынан өкшелеп қалмай жүреді. Оны жеңудің жолы іздеген жанға қарапайым. Бірақ көбіміз соған дәрменсіз келеміз. Өз дәрменсіздігімізбен қоймай, соны жасырып-жабуға мәшһұрмыз. Шама бар, өз мінімізді, өзіміздің ішкі қынжылысымыз бен үрейімізді сырт көзден таса ұстауды қалаймыз. Мұндай дерт тұтас қоғамға сіңсе не болмақ? «Көшкін» осыны меңзейді. Осы сұрақтың жауабын іздейді. Қатты сөйлесе, әйел босанса, айғай-шу шықса, көшкін басады деген үрей тұтас ауылды билеп алған. Тіпті, белгілі бір маусымда босанбау бұлжымас заңға айналған. Ол заңға қиғаш келгендер өлім жазасына кесіледі. Ал шын мәнінде үрейден басқа апат жоқ екен. Тек соны жеңе білу жетпейді. Қоғамдық санада неше түрлі сырқат болары белгілі. Қазір ондай үрейлер тіпті көп, өзге формада, өзге мазмұнда қоғамдық санада елес боп кезіп жүр. Соның бәрін жеңудің қарапайым жолдары бар, ол үшін ең керегі шын ниет пен соған қарсы береке-бірлікпен күресу. Астарына үңілсеңіз, бұдан өзге де салмақты ой мол «Көшкінде». Тек тереңіне үңіле білсеңіз болды. Өз басым, әрбір қойылымымды жаныма жақын тұтамын. Әр кейіпкерде – мен бармын. Өзімнің болмысым, жан әлемім, сезім аңсарым көмулі. Менің өмірім – сомдаған кейіпкерлерімнің жиынтық образы. Ең алғашқы шағын ролдерімнің өзін қазір сағынышпен еске аламын. «Жетінші палатада» Рахат деген есірткіге шырмалған баланың ролін ойнадым. Кішкентай ғана эпизод. Сол ролімді қазіргі басты рольдеріме айырбастамас едім. «Парадағы» Хлестаковты, «Шағаладағы» Треплевті сағынамын. Сахнаға алғаш шығар сәттен аяулы не бар?! Жүректің дірілі, қуаныш пен қобалжудың айырғысыз қиысуы өміріңнің ең қадірлі сәті боларын сол сәтте аңдай алу қиын. Кей кездері өзім сомдаған образдарға ой жүгірте отырып, сол кейіпкерлер әлемінен өткен оқиғалардың, сезім толқыныстардың өз басымнан да өтіп жатқандай көрінетіні бар. «Ромео мен Джульеттада» осыдан он шақты жыл бұрын Ромео ролінде ойнап едім, биыл сол қойылымды қайтадан көрерменге ұсынып отырмыз. Театрымызға келгеніне көп болмаған жас актерді Ромеоның ролін сомдауға баулып, қасында ақыл-кеңесімді беріп жүрмін. Соның іс-қимылына қарап тұрып, өзімнің сол қойылымдағы сәттерім еске түседі. Зырлаған уақыттың біздің маңдайымызға да өзінің табын қалдырып бара жатқанын мойындайсың. «Толқыннан толқын туған» сабақтастыққа қарап, сүйінесің…
– Бұрынғы аға толқынның естеліктерін оқып отырсаңыз, театр мен әдебиет бір-бірімен тығыз байланыста болғанын байқаймыз. Ақын-жазушылар мен режиссер-актерлердің қарым-қатынасы біте қайнасып жатушы еді. Қазір сол үрдіс бәсеңсіп қалғандай. Өзіңіз қаламгерлермен араласасыз ба?
– Әдебиетсіз театр дамымайды. Драматургсыз қойылым қою мүмкін емес. Спектакльдің темірқазығы – оның идеясы. Идеяның авторы – драматург. Режиссер соны әсерлі әрі шынайы жеткізудің, оған өзіндік көзқараспен қарап, жетілдірудің жолын іздейді. Сондықтан, біздің өміріміз әдебиетшілермен біте қайнасып жатыр. Өз басым замандас Маралтай Райымбек, Дидар Амантай, Дәурен Қуат секілді жігіттермен араласып тұрамын. Үнемі сол қаламгерлерді драматургияға үлес қосыңдар деп үндеп отырамын. Жас актерлер қаламгерлермен араласпай, кітап оқымай, өспейді. Кітап оқымау – өзіңді жетілдірмеудің, жебемеудің, қанаттандырмаудың таптырмас амалы. Өзінің өнерін сыйламаған актерлер кітап оқымайтын болса керек…
– Көптеген актерлердің қойылым кезіндегі дауыс ырғағынан жасандылық бірден құлаққа түрпідей тиеді. Қимыл мен дауыстың үйлеспей жатқанын байқағанда, тіксініп қаламыз. Бұл кемшілікті жоюдың жолы бар ма?
– Кейбіреулер сөзден интонация іздейді. Бұл – басты қателік. Егер сен өз ойыңды дұрыс жеткізуді ойласаң, онда дауыс өзінен-өзі көрермен көкірегіне құйылады. Қойылымға дайындыққа кеткен екі-үш айда өзіңнің көрерменге нені жеткізуің керек екенін мықтап түсінсең және соны шынайылықпен жеткізіп беруге күш салсаң, онда жадағайлық болмайды. Дауысыңды мың құбылтып, елден ерекшеленем десең, сол жерден жасандылық басталады.
– Ерекше қиын сәттерде сахнаға шыққан кездеріңіз болды ма?
– Өзіңе жүктелген роліңді биік деңгейде сомдау үшін ең бастысы денсаулығың, көңіл-күйің тыныш болуы лазым. Талай күрмеуі қиын сыннан аман-есен өттік қой. Ф. Кафканың «Құбылысын» Министрліктен келгендер көретін болып, жоспардан тыс қойылымды көрсетуге тиіс болдық. Мен үйде ыстығым 39 градус көтеріліп, ауырып жатқанмын. Амалсыз келдім. Жағдайымды көрген Тұңғышбай ағамыз ойнап шығуға күш салуымды өтінді. Бұл өзі биге, қимылға, пластикаға құрылған күрделі қойылым болғасын, спектакльдің соңына жетпей құлайтын шығармын деп ойладым. Сахнаның құдіреті шығар, бір терлеп алған соң, сауығып сала бердім. Тіпті сау кезімдегіден де шынайы сомдағандай көріндім. «Құбылыс» – қоңызға айналған адамның психологиясын зерделемей ме? Демек, ауру екенін, аяқ астынан өзгергенін аша түсуің керек. Бұл көңіл-күйді жеткізуге менің тұмауратып жатуым да көмектескен секілді…
Сұхбаттасқан – Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.
Abai.kz