Асанәлі Әшімовтың сұхбаттары
КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовпен сұхбат.
– Аға, сіз жастарды көп сынайсыз. Оңайға жүгіретінін, еңбектен қашатынын айтасыз. Бұл пікіріңіз әлі өзгерген жоқ па?
– Сынағанда мен оларды жаман болсын деп сынамаймын ғой, керісінше, жақсы болсын, жігерленсін, тәлім алсын, намыстансын, тырыссын деп айтамын. Менің түсінігімде қай кезде болса да буын үндестігі жоғалмауы керек. Тарихты әркімнің өзінен бастағанын құп көрмеймін, әсіресе жас режиссурада. Кейінгі толқын деп лепіріп жүргендер «қазақ киносы бізден басталды, «Қыз Жібек» кино емес» дейді. Сондай әділетсіздіктерге, оғаш пікірлерге мен үнсіз қарап отыра алмаймын. Әр жерде сын болсын, ақыл-кеңес болсын, өзімнің ашық көзқарасымды айтып, пікірімді білдіріп жүрмін. Мысалы, біз сонау жылдардағы Күләштарды қазіргі Нұржамалдармен салыстырмаймыз ғой, олар салыстыруға да келмейді. Қазіргі әншілердің диапозондары жоғары, кең болуы мүмкін. Бірақ Күләш – ашық, табиғи дауысы иесі. Оның дауысы арнайы мектеп көрмеген. Кезінде одан бөлек, Әмірелер, Қалибектердің өз саласының білгірі болуы өз кезеңіне жауап берді. Ол кәсібилік өз кезеңінің алдыңғы қатарлы биік өнеріне жол ашып берді. Оны қазіргі кезеңмен салыстыруға болмайды. Біз осы мәселеден қазір көп қателіктер жіберіп жатырмыз. Керісінше, содан бүгінгі жастар үлгі ала отырып, сол кезеңнің жақсылығын өзіне сіңіре отырып, сол кезеңнің патриоттық сезімімен қоректене отырып өз бағытын дамыта берсе оған кім сыншы? Кім оған бұның бұрыс дейді? Өйткені мұның бәрі кез келген адамға керек табиғи құндылық. Менікі жастар осы жағын ұмытпай өссе деген арман ғана. Бұл – театр, кино өнеріндегі бүгінгі салыстырулардың дұрыс еместігін айтқандығым. Сын жастарды өсіреді, намысын жаниды. Олар сахнадағы әдемілік пен шынайы өмірдегі сұлулығын қатар алып жүрсе қандай салтанатты көрінер еді. Мұның бәрі шала-шарпы, елтең-селтеңмен кететін жастарға сабақ болсын деген сөзім. Қазір эстраданың ғасыры болды ғой, кейде кезіндегі Әлібек Дінішевтер мен бүгінгі Сейфуллин Жолбарыстар қатар қойылады. Тіпті сондай таңдауда Сейфуллин Жолбарыстар өтіп кететін жағдайлар көп.
– Көрермен талғамы өзгерді дейсіз бе сонда?
– Иә, мысалы, опера мен эстрада қатар таңдалса, қазір опера қажет болмай қалады. Сол сияқты қазір қай жерге барсаң да, «Тамашаның» сайқымазақтары үлкен драмалық өнердің алдына түсіп жүр. Сол секілді, мәселен, Фара екеуміз қатар келе жатсақ, халық бірінші Фараны қабылдайды. Олар типаж, форма ғана, оның актерлігінің деңгейін білетін адам ғана біледі. Бұл жерде мен ешкімге өкпе артып отырған жоқпын, жалпыхалықтық талғам деңгейін ғана салыстырып айтып отырмын. «Шаншар», «Алдараспан» дегендер концерт берсе, бүгін халық қырылып, есік сындырып кіретін дәрежеге жетті. Ал драмалық өнерде мықты актерлардың ойынын сол сарайға қойсаң, онда сен сол алдыңғы бір бес қатарды ғана әзер толтыруың мүмкін. Әр өнерінен композиция көрінетін әртістер аз бізде.
– Кәсібилікке ұмтылу жоқ па сонда қазіргі жастарда?
– Ұмтылу бар шығар, бірақ іздену, білімі жетпей жатады. Бір жағы бар болса, екінші жағы ақсап тұрады. Бүгінде барлық қырын тең ұстайтын әртіс табу қиын.
– Халықтың қабылдауы да соған сай дейсіз ғой?
– Иә. Ол енді біздегі бір ұлттық құлдырауды көрсете ме деген қорқыныш бар менде. Бірде көшеде менен қолтаңба алу үшін тұра жүгірген жастарға қасымдағы Әшірбек Сығайды нұсқап: «Менен неге қолтаңба ала бересіңдер, міне, алдарыңда Мұхтар Әуезовтің өзі тұр емес пе?» – деп едім, әлгі жастар Әшірбекке тұра ұмтылды: «О, Мұхтар аға, біз сіздің «Абай жолыңызды» оқығанбыз» деп. Бұл шынымен болған жағдай. Осыдан соң жастардың білімі туралы, таным-түсінік ізденісі жайлы қалай терең әңгіме айтарсың? Бірақ ол үшін оларға өкпелей алмайсың. Бізде жалпақшешейлік, жағымпаздық, жалтақтық көбейіп кетті.
– Бүгінгі театр өнері жайлы не айтар едіңіз?
– Жалпы, театрды театр жасайтын – драматургия, режиссура, актерлік өнер. Осы үш таған үндескенде дұрыс шығарма туады. Бізде бірақ соның режиссура жағы нашар.
– Ол бұрыннан келе жатқан кемшілік пе?
– Жоқ. Кезінде Әзербайжан Мәмбетов келген тұста театрдағы режиссурада үлкен жаңалық болған, ол кісі режиссурада төңкеріс жасады. Одақ бойынша қазақ театрын төртінші театр дәрежесіне жеткізген болатын. Театр таланттардың үндестігінен құралады. Рас, режиссер көп нәрсені жасайды. Бірақ актерда өзінің рөлінің авторы болуы тиіс. Сонда ғана керемет бейне туады. Кез келген кейіпкердің рөлін ойнағанда оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмегендіктен, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл – қоқибайлық. Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге болады. Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүддесін, мұратын көздейді. Талантты биіктететін намыс екінің бірінде жоқ. Абайдың өзі «Бәсеке неге озасың деп күндеуің болмасын, өзіңді өзің қамшылауың болсын» дейді. Патриоттықтың негізі – намыс. Бізде қазір актерлық өнер жоқ емес, бар, драматургия да жоқ емес, ақсап тұрғаны – режиссура. Жақсы актермен серіктес болудың өзі бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерға тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес. Өнердегі қазақтың азаматтарына айтарым, тәңірі сыйлаған дарынды өз орнымен пайдалана білмесек, келешектің алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақпыртың керек емес, елді текті өнер басқарады. Өзіңді өзің жиі сынамасаң, қажет болса отқа да, суға да түспесең, жақсы актер болу мүмкін емес.
– Неге біздегі режиссерлық мектеп дамымай қалды?
– Бұрын Одақ болған тұста Мәскеудің режиссерлық мектебі өте күшті еді. Біздің мықты режиссерлар сол жерден тәлім алды. Үйреніп келгенін өзіміздің театрларға алып келді, актерларға берді. Олардың біртіндеп көзі кеткен соң ол үрдіс кенжелеп қалды. Бүгін өнер академиясында режиссурадан сабақ беріп жүргендер не режиссер емес, не тәжірибесі бар маман емес (кейбірі тіпті театрдың маңына да бармаған) кездейсоқ адамдар. Олар балаларға не айтсын? Балалар осыдан соң театрға келеді. Театрларда да ортадан төмен күлді-көмеш режиссура. Олар жас актерларға не айтсын? Өз деңгейіндегі бірдемелерді айтады да қояды. Тобырдың шаңынан озып шығатын сәйгүлік болмай тұр қазір.
– Мәдениет өкілдерінің әлеуметтік нашар қорғалғаны көпшілікке мәлім. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Бұған менің жаным ауырады, ет жүрегім езіледі. Қазір актердің қадір- қасиеті қалмай барады. Бұрын қазақ өнер адамын алақанына салып жүретін. Бұрынғы Қалекең, Елекең, Серкелерді Мұхтар Әуезовтер деңгейлес көретін. Біздің елдің байлығы басы алтынға пара-пар азаматтарын ұлықтауға емес, тек баюға ғана кетіп жатыр, өнерге аударылатын ақша итке сүйек тастағанның ғана кебінде. Егер де ертеңін ойлайтын ел билігі өнерге көңіл аудармаса, оған үлкен жағдай жасамаса, өнер ешқашан өспейді. Неге бүгінгі әртістер халтурамен айналысып кетті дейсің, айлығы шайлығына жетпегеннен кейін, әрине. Әйтпесе сол таланттың әр жерден жылтыңдай беруі өзіне ұнайды дейсің бе?
– Бүгінгі түсіріліп жатқан киноларға деген көзқарасыңыз қандай? Жаңа фильмдерге көңіліңіз тола ма?
– Бұл кезең өзі экшн жанрының өркендеген, киноның азған-тозған, пах-пухқа құрылған уақыты болды. Америка одан баяғыда өтіп кетті. Біздің жастардың бүгінгі талғамы да осы болып тұр. Оларды кинотеатрға алып барып «Қыз Жібекті» көрсетші, біраздан соң залдан шығып кетеді. Оған басы жоқ, аяғы жоқ фильмдерді көрсетсек отыра береді. «Жаужүрек мың бала» фильмі сол экшннің аздаған тарихы бар нұсқасы. Әйтеуір, сол болса да, оның шыққанына қуанып жатырмыз. Ортадан сәл жоғары фильм деуге болады, бірақ шедевр емес. Үлкен салмақты фильмдерге көп қаражат керек.
– Астанада өткен экшн фильмдер фестивалінде Тимур Бекмамбетов «Астана киноиндустрия орталығына айналады» деген пікірді айтты. Болашақтағы қазақтың киноиндустриясының бағытын қалай болады дер едіңіз? Бекмамбетов бізге керек дүниені ұсына ала ма?
– Бекмамбетов – экшннің шебері. Бірақ ол бізге қажетті тарихи деректі немесе қазаққа керекті көркем мәні бар фильмді түсіріп береді деу қиын. Өткенде Тимурмен жолығып қалғанда ол: «Сізде киноға тақырып бар ма?» – дейді, мен оған: «Тақырып деген жетеді, тіпті сен ойлағаннан да көп», – дедім. Біздің қазақта киноға материал жетеді. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтен тартып, Оралханға дейінгі классиктердің бәрінің әңгімелері киноға сюжет бола алады. Бірақ біз қазір заман талабы деп амалсыз экшн жанрына жүгініп отырмыз. Мұндай қиындықтан үлкен мемлекеттердің бәрі өткен.
– Біз де өтеміз деп ойлайсыз ба?
– Оны енді мен қайдан білейін? Франция, Англия, Италия өзінің дәстүрін тастамай, бұзбай киноның классикалық үлгісін көрсетіп отыр. Бұларда біздегідей экшн-мекшн дегендер жоқ десе де болады. Бізде еліктеп солықтаушылық көп. Телеарналардың барлығы Мәскеудің телеарналарының көшірмесі ғана. Толған қайталау ғана.
– Әртістік, ұстаздықтан бөлек, қолыңызға қалам алып, жазушылықпен де айналысып жүргеніңізден жұрт хабардар. Бірнеше кітап шығардыңыз. Мұны сіздің хоббиіңіз дейміз бе?
– Мен жазушы емеспін. Жазуда тіпті шаруам жоқ дер едім. Бірдеме түртсем, ол өзім үшін ғана.
– Елде өткізіліп жүрген халықаралық кинофестивальдар жайлы не айтар едіңіз?
– Халықаралық кинофестиваль деген – тек мереке ғана. Ол шара ешкімге кино жасап бермейді. Тек біткен фильмдерді көрсетіп, халыққа мереке жасайды. Біреулер мұны бүгін «қып-қызыл шығын» деп жүр. Онда тұрған не бар? Шетелден бәленбай әртіс шақыруда тұрған ештеме жоқ, оларды да жұрт көрсін, білсін, пікір алмассын, шеберлік дәрістерін алсын деп шақырады. Жалпы, халықаралық кинофестивальдардың мақсаты да осы. Бізде қайта олардың саны өте аз. Ресейдің өзінде 40 шақты халықаралық ірілі-ұсақты кинофестивальдар болып тұрады. Ол елді елмен таныстырады, өнер алмастырады. Сол жағынан алып қарағанда бізге фестивальдар керек. Шығын деп отыра берсек, қонақ шақырмайық онда!?. Бұл қазақта ежелден бар үрдіс. Театрда бұрын жаңа премьера болса, арты үлкен мерекеге айналып кететін. Басты рөлге шыққан әртістер дастарқан жаятын, үлкен әртістер жастарына батасын беріп, ақ жол тілесетін. Қазіргі жастардың миына мұндай бір нәрсе жасайын деген ой кіріп те шықпайды. Үлкенді сыйлау үрдісі қалып бара жатыр. Қонақжай елдің осы мәдениеті жоғалмауы керек. Ол тамақ жеу, ішімдік ішу емес. Мұндай қонақжай мінез қазақтарда ғана бар. Немістер бала-шағасымен мейрамханаға барса, әрқайсысы өз тамағының ақысын өздері төлейді. Бізде ол жабайылық, түк көрмегендік болып есептеледі. Сен балаңа үй алып бересің, машина алып бересің, әйел алып бересің, тойын жасайсың. Кейде тіпті күлкілі, шетелден келген біреуді қонаққа шақырасың ғой үйіңе құрметтеп, солардың ішінде қалтасынан ақшасын шығарып, «мен ішкен асыма қанша төлеуім керек?» деп отыратындары болады. «Ой, мұның бәрі тегін» десең түсінбейді. «Бұл қалай сонда? Неге мен үшін шығындаласың?» дейді. Сен онымен қоймай, оған кетерде шапан кигізіп, сақина сыйлайсың, сөмкесін толтырып жібересің. Оны көріп тіптен шошиды. Мен оларға түсіндіремін, «Саған мен сыйлық сыйласам, сен сол үшін қуанасың, сенің сол қуанғаныңа қарап мен қуанамын. Мен мұны өзімнің қуануым үшін жасаймын» деп. Ол біреуден қорқу, надандықтан немесе жағынғаннан емес. Ол біздің дәстүрдің сондайлығынан.
Мен өнердің адамымын. Менің алаңым, тұғырым, мінберім – сахна. Бар ойымды, өнерімді халық қолдаса, қол соқса, маған одан артық сыйлықтың керегі жоқ. Шапалақтың да бірнеше түрі бар. Баяғыда Петерборда Качалов деген артист көшеде келе жатқанда, адамдар тұра қалып қол соғады екен. Итальяндық Маниани қайтыс болып, көшеде алып бара жатқанда, жұрт тұра қалып оған қол соққан. Бұл – үлкен сый, құрмет. Өлгенде де сені осылай шығарып салып жатса, бұдан артық бақыт жоқ. Бұл ештеңемен бағаланбайтын нәрсе.
Алашқа айтар датым...
Қазақ өзі Құдайы бар халық қой. Көнбіс, төзімді, таңғы асты тәңірден тілеп жататын халық. Бізді ұстап тұрған да осы қасиетіміз. Мынандай бір тәмсіл бар: сонау қызыл қырғынның кезінде бір шал мен кемпір аштан өлгенде, керегенің артында бір асым ет тұр дейді. Көрдіңіз бе, соның өзінде қонақтың сыбағасын сақтап қойған...
Керек кеңес
Менің теориям бойынша, жақсы актерлар ұзақ өмір сүреді, өйткені олардың өз өміріне қоса, сахнадағы екінші өмірі бар. Рөлің жағымды болса да, жағымсыз болса да, образға кіріп, ынты-шынтыңмен ойнасаң, денсаулығың үшін пайдалы, өмір сүруге құштарлығың оянып, шабыттанасың. Актерларға айтарым, өміріңді ұзартқың келсе, берілген рөлді жақсылап ойна, жұмысыңа әрқашан ынтамен, ыждағатпен қара...
Автор: Шолпан ҚАРАЕВА
Совет Одағы мен Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов 72 жасқа толды. Азаттық радиосына сұхбат берген «Бекежан» мырзамен әңгіме өмір, өнер, шығармашылық турасында өрбіді.
АКТЕРЛІК КЕЗДЕЙСОҚТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
– Жетпіс деген биіктен кейінге қарағанда не көресіз, өмірден түйгеніңіз не болды, жалпы не айтарыңыз бар?
– Әрине, заман да, формация да, ауа райы да өзгеруде. Гүлдер өсіп, талдар жетіледі дегендей...өмір алға жылжуда, тоқтап тұрған ештеңе жоқ. Бұл өзі жауап беруге қиындау сұрақ.. Философияның тілімен айтсақ, әр адамның өз өмірі, өзінің сол өмірге көзқарасы болады ғой, ол үшін сен солай екенсің деп біреуді кінәлаудың уақыты өткен.
Жасым 72-ге келді, өнердегі жасаған еңбегімнің жемісін көріп жүрмін, әлі де талай жұмысты атқарсам деймін. Адам қай дәуірде де, қай жасында да өзіне тән еңбекпен айналысып, өмірін қызықты да мағыналы етіп өткізуі керек. Жастықтың өзінің білместігі, қателігі де болады, оны қазір қарап отырып көресің, кинода да кейбір сәттерді былай жасау керек еді деп ойлайсың, ол кезде адамға шеберлік пен көрегендік жетісе бермейді ғой.
«Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейді ғой, осы күнгі жетістік пен жемістің бәрі менің сол 30 бен 40-тың арасында істеген жұмыстарымның нәтижесі. Одан бері де өзіме лайықты жұмыстарды атқарып келемін.
Мәселен, сахнадан айтылған сөздің жалаң текстін ғана емес, астарын ұқтыру, көрерменге айтылған сөздің мағынасын жеткізу дегенге көңіл бөлудемін. Драматургияның маңызы мен қиыншылығы да осында деп білемін. Ұлы драматургтердің шығармаларының ұлы болуы да осы сөздің астарына байланысты. Шекспир мен Әуезов шығармаларының өмірі неге ұзақ, бұл осыдан, яғни әр заманға айтары болғандықтан.
Заман да ылғи алмағайып болып құбылып тұрады ғой, қазір дағдарыс деген сылтауды жамылып алушылар көбейді. Бір жұмыстарыңды жүргізейін десең, «ойбай-ау не айтып отырсыз, дағдарыс болып жатыр ғой» деп сылтауратады, соны айтып отырған адамның өзінің дағдарыс туралы түсінігі шала.
Дағдарыс деген не, ол жоғарыдағы болып жатқан саяси былық. Біздің қара халық өмір бойы дағдарыста деп айтар едім мен. Соғыс болмаса, су мен нан болса біздің халық отыра береді, сондай көнбіспіз. Бұл кейде пайда берсе, кейде зиян әкеліп жататын қасиетіміз. Бірақ солай екен деп намыссыз, ынжық болуға болмайды, айтатын жерінде аямай айту керек.
Көп жағдайда алыс ауылдағы ағайындар саясаттағы да өнердегі де өзгерістерден хабарсыз қалып жатыр. Кімнің жұмысы дұрыс, кімге қалай дауыс беру керек деген мәселеге келгенде түсінігіміз жетпей жататын тұстар бар. Елдің болашағының кепілі деп танитын білім саласы сауда-саттыққа айналып бара жатқандай.
Бұл өмірден көргеніміз де баршылық, білетініміз де бар аздап, үйренетін жастар болса үйретерім де жетеді. Бірақ қазір барлық саладағы сияқты біздің актерлердің арасында да «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен жағдай болып тұр, ауыз жарымас ақшаға өзі пәтер жалдап тұратын актер қайтіп отбасын асырайды, сондықтан олардың көбі тойға, телеарналардағы хабарларға баруға мәжбүр болады, ол үшін ешкімді кінәлай алмайсың.
Бізде телерадиоарналарда хабарға қатысушы адамға қаламақы төленбейді, осы жәйт та дұрыс емес, бұл Қазақстанда ғана бар жағдай, ал шетелдерде 2 минут сөйлесең де қолыңа ақшаңды ұстатады. Мен маған ақша берсін деп отырғам жоқ, жалпы шешілмей отырған көкейдегі көп мәселенің бірі болғасын айтып отырмын. Сұхбат беру деген ең қиын, жауапкершілігі жоғары шаруа, ол үшін ойланасың, жүйкеңе де әсер ететін сұрақтар болады және одан кейін біреулер ананы айтып, мені ұмытып кетіпсіз ғой дегендей реніш білдіріп жатады.
– Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайды дейді, дегенмен басты рөлдің кез келген әртіске берілмейтіні тағы шындық. Ал сіз театрда да, кинода да түгелдей дерлік бас кейіпкердің образын сомдадыңыз, бұл кездейсоқтық емес шығар, мұның қандай да бір себебі бар ма?
– Демек басты рөлдердің бәрі маған лайық болғаны да (күлді). Рөлдің әрқайсысының жауапкершілігі бар, мәселен мен «Қыз Жібек», «Атаманның ақырынан» кейін көрерменімді жоғалтпайын деп кішігірім рөлдерге бармайтын болдым, себебі көрермен тиын-тебен үшін барды ма деп ойлап қалуы мүмкін.
Мен алғаш бастаған уақытта көпшілік сахнада да жүрдім, екінші рөлдерді ойнаған да кездерім болды, басты кейіпкерді сомдау кейін жүре келе, шеберлігің арқылы көзге түскен соң барып келеді ғой. Режиссер мен театр дирекциясы қойылымды сахналар алдында ойласады ғой, образды ойдағыдай алып шығатын актер оларға да керек, осы арқылы спектакльдің де абыройы артады.
Жалпы өнерде ғана емес қай саланы алсаң да кездейсоқ келіп қалған адамдар болады, тіпті кейбірі үлкен атақ-дәрежеге қол жеткізіп жатады, бірақ оның өнері мен таланты шектеулі. Ал туабітті талантты адам талантты болып өмірге келген соң қай салаға барса да сол саладан академик болып шығады. Бригадирлікке кездейсоқ келіп, жұмыс істеп кетуге болады, ал актер, дәрігер деген мамандықтар кездейсоқтықты кешірмейді.
«ӨНЕР ЖАРЫСЫНДА ӘДІЛ БОЛ»
– Театр режиссерлері мен драматургтердің қойылымдар жөніндегі дауында сіздіңше, кімдікі дұрыс?
– Мен көбінше режиссерлерді кінәлаймын, себебі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Оралхан Бөкей сияқты авторлардың әңгімелерінен-ақ сахналық қойылым жасауға болады режиссер мықты болса. Біздегі «Абай», «Ана Жер-Ана», «Қан мен тер» сияқты мықты спектаклдердің барлығы да романдардағы инсценировкалардан жасалған.
Режиссер нашар болса, Шекспирді де қоя алмасы хақ. Бұл тұрғыдан режиссерлердің драматургияны кінәлауға хақысы жоқ, бізде драматургия бар. Қазақта Мұхтар Әуезовтен асқан драматург жоқ, ал кейінгілерден Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Иран-Ғайыптардың жазғандарынан жоғарғы деңгейдегі пьеса жасауға болады.
Ал енді күлді-көмеш, шалажансар дүниелерді біреулердің арқасында театрға үлкен көлемдегі қаламақы үшін өткізуді мен бейшаралық деп ойлаймын, біздің үлкен театрлар мұндайдан аулақ болуы тиіс. Жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, сондайлық үлкен драматургия болмаса да, жегілікті еті бар дүниелер жетеді. Жалпы алғанда, театрды да, актерді де өсіретін режиссура.
– «Өнерде жарыс болмайды...» дейді Мұқағали, сіздіңше қалай?
– Өнерде жарыс неге болмасын? Жарыссыз өнер болмайды ғой, Абай айтқандай, «біреуді неге озасың деп кінәлама, өзіңді өзің қамшыла», мен неге біреуден кем қалуым керек деп алға ұмтылып, мақсат қою керек қой. «Өнер жарысында әділ бол» дегенді есте ұстау керек, Мұқағали көңілдің бір күйінде айтып қалған шығар, мен Абайға көбірек сенемін. Өнердегі жарыс бар, ол социалистік жарыс немесе Моцарт пен Сальеридің де жарысы емес.
Өнерде сен оза бастасаң жаныңда жүрген досыңның өзі де дұшпан болып шығатыны ақиқат. Мұндай дұшпандар да керек, мен кейде жастарға «дұшпаның көбейсін» деп бата беремін, бұл жердегі дұшпан сені өлтіретін жау емес, өнерің алға басып, ісің дөңгелегеннен кейін пайда болатын көре алмаушы қызғаншақтар.
Оның талайын көрдік, әлі де көріп жүрміз, білеміз, білгесін ренжімейміз, заңды құбылыс деп қараймыз. Іштарлықтан адамды атып та, асып та жіберетін жайлар кездеседі, бұл біздің халықта ғана емес, жалпы адамзат баласында бар қасиет қой, өрге жүзген өнерге «бәрекелді» деп шын көңілден қуанатын адам аз.
БЕКЕЖАНДЫ ЖАМАН АДАМ ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН
– Сіз бір жолы жастармен кездесуде «байлыққа қызықпаңдар» дедіңіз, ал өзіңізді бай адамдардың қатарына жатқызуға бола ма?
– Менің ақша сияқты жинаған байлығым жоқ. Халық ұнатқан образдарым арқылы баймын, себебі осы арқылы менімен дос болған, маған материалдық тұрғыдан көмек беретін адамдар көп, осы жағынан баймын деп айта аламын. Мысалы, менің ескі үйімнің орнына жолдастарым жаңа үй салып берді, бұл да байлық, бірақ біреулер сияқты гектарлап алған жерім, қонақүйім, дүкен, базарларым жоқ. Ал жастарға айтқан сөзіме келсек, мен құнығу деген жаман қасиеттен арашалау мақсатында айтқан шығармын, ал байлықты керексіз деп айтпаймын, байлық ақылға жиналады.
– Кинода, театрда сомдаған көп рөлдеріңіздің қайсысы өмірдегі өзіңізге көбірек ұқсайды?
– Театрда соңғы ойнаған «Ымырттағы махаббат» қойылымындағы Клаузеннің өмірі менің кейінгі өміріме келіңкірейді, ертеректе ойнаған Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» шығармасындағы Асан деген ақын жігіттің образы жаныма жақындау. Сосын жан-жағындағылар көре алмаушылықтан өлтірген Юлий Цезарь, «Атаманның ақырындағы» Шадияров, «Қыз Жібектегі» Бекежан.
Мен оны жағымсыз емес, керісінше жағымды кейіпкер етіп, өмірге жақындатып көрсетуге тырыстым. Бәленің бәрі қызғаныштан туады ғой, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң, ол да ет пен жүректің иесі, сондықтан Бекежан осындай жолға баруға бел байлады, мен оны жаман адам деп айта алмаймын.
Бір жолы Франциядағы «Қыз Жібектің» көрсетілімінде француз бикештерінің «анау Қыз Жібектің өзі ақылы аздау болуы керек, әйтпесе ғашық болуға Төлеген емес, Бекежан лайық» дегендері бар. Олардың көзқарастары, түсініктері басқаша ғой, біздің эпосымызды қайдан білсін?!
ЖАҚСЫ АКТЕРЛЕР ҰЗАҚ ӨМІР СҮРЕДІ...
– Агрономдық оқуға тапсырып жатқанда Асқар Тоқпановтың шақыруымен, Ахмет Жұбановтың ұсынысымен өнерге келдім дегенді жиі айтасыз, ал өзіңіз осы ағаларыңыз сияқты біреулердің өнерге келуіне ықпал ете алдыңыз ба?
– Қолынан жетектеп, өнерге кел деп шақырған ешкімім жоқ, бірақ маған еліктеп өнерге келгендердің өзіне менің ықпалым болды деп есептеймін. Олардың маңдайында «дарынды» деген жазуы жоқ қой, кімнің кім болатынын қайдан білемін, кейді тіпті келген балаларды актерлікке түсіріп жіберуге обалына қаламын ба деп те қорқамын. Ал оқуын бітіріп театрға келген балаларға, «дұрыс жүр, сенің болашағың бар, жолдан тайма» дегендей ақылымды айтып, бағдар беріп жүремін, ондай жігіттер бар, Құдайға шүкір.
– Әртістердің тағдырына ойнаған рөлдерінің әсері бола ма?
– Әртіс те жазушы сияқты кейіпкерінің мінез-құлқы мен образының кей сәттерін өзінен, өзінің өмірі мен араласқан адамдарынан алатыны рас. Мысалы, «Қан мен тердегі» Еламанның кейбір элементтері Әбдіжәмілдің өзінде бар, актерлерде де сол сияқты жағдайлар кездеседі. Әртістік деген мамандық қой, оның өмірге әсері дегенді білмеймін.
Менің теориям бойынша, жақсы актерлер ұзақ өмір сүреді, өйткені олардың өз өміріне қоса сахнадағы екінші өмірі бар. Рөлің жағымды болса да, жағымсыз болса да, образға кіріп, ынты-шынтыңмен ойнасаң денсаулығың үшін пайдалы, өмір сүруге құштарлығың оянып, шабыттанасың. Актерлерге айтарым, өміріңді ұзартқың келсе, берілген рөлді жақсылап ойна, жұмысыңа әрқашан ынтамен, ыждағатпен қара.
КИНОДАҒЫ ҰСЫНЫС ПЕН СҰРАНЫСТЫҢ ДЕҢГЕЙІ БІРДЕЙ
– Қазақ киносының айналасында соңғы кезде түрлі әңгімелер көбейіп тұр, олардың көбі жақтамайтын пікірлер...
– Мен оларға қосылмаймын. Қазақтың киносы өзінің саясатынан, экономикасынан, халықтың мәдениетінен асып кете алмайды. Өнерге деген халықтың деңгейі жоғары деп ойлайсың ба, олай емес, халық арзан күлкіге құмар. Халықтың мәдениеті өскен кезде ғана кинода даму болады.
Қазір біздің халық мұрнынан құрты түспеген балалардың бірін-бірі шұқылап, арзан анекдот айтып күлдіретін шоусымақтарына көп барады, өйткені олардың сұранысы осыған сай, әруақытта ұсыныс пен сұраныс бір деңгейде болады. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын осындай зәулім үй салып тұру миымызға да келген жоқ қой.
Даму мен мешеулік біздің барлық саламызда бірдей деңгейде. Мысалы мен киноның маманы ретінде отырып алып, білім саласындағы немесе журналистикадағы кемшіліктерді сынасам қалай болады, менің де оған құқым бар, кинодан басқа салаларда көңілім толмайтын ой менде де жеткілікті.
– Кейбіреулер мен ылғи шындық айтамын деп жатады, сіз ше?
– Олар айта береді ғой. Шындықпен өмір сүру дегеніңіз өте қиын. Анда-санда шынға бергісіз өтірік айтпасаң да болмайды. Ал мынау саясаткерлердің жұмыстарының негізі өтірік, олар өтірікті шындай қып айтады. Жарайды келемін, барамын, жасаймыз, қам жемеңіз деп шығарып салады. Негізі кім өтірік айтып жүр, шынын айтып шырылдап жүрген кім, оның бәрін білеміз ғой, бастысы халық біліп отыр.
– Саясаткерлер деп қалдыңыз ғой, сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?
– Саясат деген айтса айтқандай, ең тұрақсыз, бүгін былай, ертең олай тайқып тұрған ең лас нәрсе ғой, сондықтан мен онымен айналыспаймын, өзімнің саясатым өзіме жетеді. Бірақ мен саясатқа қатысты пікірлерімді бүгіп қалмай ылғи айтып жүремін. Қол қоятын жерлерге қолымды қойып беремін.
«Апат» деген қойылымда авторда жоқ болса да, мен «Жерді сатпаңдар!» дегенді өзімнің кейіпкерім арқылы сахнадан айттым. Жер сату деген құлаққа қандай жағымсыз естілетін, ең жағымсыз нәрсе екенін біле ме екен онымен айналысқандар? Ата-бабаңның қанын судай шашып жүріп қорғаған жерін көзіңнің қарашығындай сақтаудың орнына сатумен айналысқандарды ату керек дер едім.
Сосын мен мынау «қазақстандық ұлт» дегенге түбегейлі қарсымын, әртүрлі ұлттың бары рас, бірақ Қазақстанда негізгі ұлт қазақ, ал басқалар біздің елде тұрғанымен, қазақстандық ұлт болмайды!
– Рахмет әңгімеңізге!
azattyq.org сайтынан
Жуырда даңқты да ардақты ағамыз Асанәлі Әшімов 75 жасқа толды. Артынша, «Асанәлі сахнадан кетіпті» – деген әңгіме тарады. Мән-жайды ағаның өзінен білмек болдық. Алайда ағамыз шетелде демалып жатқанын айтты. Араға уақыт салып тағы хабарластық. Ауруханада екен. Алаштың атақты актерінің көңілін сұрап ауруханаға бардық. Аз-кем әңгіме барысында біраз жайтқа қанықтық.
Тірі жүргеннен кейін бірнәрсе жасау керек
– Актер сахнаға кіре білуі керек, сосын содан кете білуі керек. Жас келді, партнерлар кетті. Өлгені өлді. Өлмегені қартайды. Жастардың арасында салпақтап жүре беруге де ыңғайсыз. Теке сияқты бас болып жүруге де болады ішінде. Бірақ шайқалақтап жатып қалмай, әуре боп тележкамен жүріп ойнап, сосын жұрт саған мүсіркеп қарайтындай жағдайға жеткізбей кету керек. Өзің сияқты бір журналистке осыны айтқам. Соны «Асанәлі сахнадан кетейін деп жатыр» деп басқаша жариялап жіберіпті. Оған интернетте біреулер «жоқ, кетпейді» деп жазыпты. Маған сол керек.
– Демек, кетпейсіз ғой?
– Кетем бе, кетпеймін бе, оны өзім білем. Сосын денсаулығым біледі. Кетсем, кете салам. Кеткен күнде де жастармен жұмыс істеймін ғой. Спектакль қоям. Ақыл-кеңесімді айтам. Сахнадан кеткен жоқпын. Өлмегеннен кейін бірнәрсе жасау керек қой. Спектакль ойнауға да шама келеді. Бірақ қиқалақтап жүріп ойнаудың не керегі бар? Сахнада жүргеніме елу жыл болды. Түпсіз дүние болмайды. Ол бір күні бітеді. Сондықтан, соны құртып, қиқалақтатпай, дұрыс бітіру керек. Халыққа сыйлы болып өтсең, сол – бақыт.
– Бір хабарласқанымда Дубайда демалыста едіңіз, бүгін ауруханадасыз. Соған қарағанда, демалыс пен денсаулыққа ерекше көңіл бөлетін сияқтысыз?
– Қазіргі жас шамамыз соған мәжбүрлеп тұр. Ал сендей кезімізде демалыстың не екенін білген жоқпыз. Сартылдатып жүре бердік. Қазір енді баламды сылтау қылып, әйелім үшеуміз қыдырғанды жақсы көреміз.
– Сексенге келген бір кісі бар. Әлі күнге шейін қызметте. Жеке фирмасы бар. «Жұмыс жасамасам, өмір сүргенімді сезінбеймін» дейді. Сіздің сахнаны қимауыңызды сыры осыған ұқсамай ма?
– Мен сахнаға шыққанда рахат табамын. Қазір сондай жас шамасындамын. Сендердей кезімізде қобалжып, дірілдейтінбіз. Ал қазір басқаша. Мынау бұлшықет, денені еркін ұстаған кезде, ми да еркін жұмыс істейді. Бүкіл ағза еркін болған кезде, текстімді ұмытып қалам-ау деген уайым болмайды. Қасыңдағы адамды көру, жан-жағыңда не болып жатқанын есту жүз пайыз болады. Ал тәжірибе жоқ кезде, ол елу пайыздай болатын. Бұрын алдыңдағыны көрмей, сөзін естімей қалатын кездер болатын. Қазір, керісінше. Сахнаға шықсам – өзім патшамын.
– Сөзіңізді ұмытып қалмайсыз ба?
– Ұмытып қалсам, басқа сөзбен ауыстырып жіберем. Бастысы миым еркін жұмыс істейді. Мысалы, «мен ертең келемін» деген сөзді ұмытып қалатын болсам, «әй, мен келермін саған» дей саламын. Одан ештеңе өзгермейді. Ал енді елу пайызы істеп отырған адам бітті. Спектакльдің быт-шытын шығарады. Қанша талантты болса да ол актерге бірден келе қалмайды. Жылдап, тәжірибемен келеді. Сосын сахна адамды тазартады. Әсіресе жақсы актерлерді солай жасайды. Көбісі кетіп қалды, бірақ финалға шыққандардың біразы – жақсы адамдар. Адамгершілігі жақсы, тазарған, кіршіксіз, бала сияқты болады. Айтқанға сенгіш. Таза адамды алдап кету оп-оңай. Өйткені ол сенеді. Онда арамдық жоқ, сенім мол. Ал арам адам – қу. «Мынау өтірік айтып отырған шығар», – деп күмәнданады.
– Актерге шындық, тазалық, адалдық ауадай қажет. Алайда, кейбір актерден бұл қасиетті байқай алмайтынымыз бар.
– Актер тазалықты, шындықты кішкентай баладан үйрену керек. Бала құмда ойнағанда қолындағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер де бала сияқты қолындағы нәрсесіне шын сену керек. Өзгені де сендіру керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді.
Ал адалдықты тіптен иттен үйрену керек. Ит иесін өмірі сатпайды. Иесі оған қандай қамқорлық көрсетсе, ит те оған сондай адал болады. Талай премьерлер итін тастап, ұшақпен ұшып кеткен. Солар бір жыл әуежайда жүріпті. Тағы бір мысал. Қиыр Шығыстың бір шетінен біреу көшпек болыпты. Алып жүруге қиын болып, мысығын қалдырып кетіпті. Мыңдаған шақырым асып кеткен. Өзен-суы, теңіз-мұхиты, орман-тоғайы бар... Бір жылдан кейін мысық иесінің үйін тауып, есігін тырнап тұр дейді. Көрдің бе, адалдығын?
Ал адамда адалдық аз дегіңіз келеді ғой?
Кісіге өмірінде шын дос табуы қиын. Сосын адал жар табу қиын. Адал жар тапқан адам – ол бақытты. Мен жар таптым. Майраны. 35 жыл тұрдық. Адамгершілік онда теңіздей еді. Қайтыс болды. Осы дәрежеге жетуімнің көп үлесі соныкі. Кейін Бағдатпен отау құрдым. Майра қайтып келді. Қазір төрт жасар ұлым бар.
Күнделігіңізде «екі кемшілігім, екі бақытым бар» деп жазыпсыз. Атап бере аласыз ба?
Кемшілік те көп, бақыт та жетеді. Бірақ, екі бақытым – Бағдат пен кішкентай Асанәлім болып тұр. Ұлым бірде менің орамалымды тауып алып, аузымды сүрткенімді айнытпай қайталап, қыран-күлкі қылған. Соны байқағанын айтсаңшы. Сосын философиялық ойы бар. Мен ауруханада болғанымда, ол шешесінің қасында ұйықтар алдында аспанға қарап жатыпты. «Әкемді сағындым», – депті. Шешесі: «Ертең барамыз», – депті. Біраз жатқаннан кейін тағы да: «Ана, әкем – аспан ғой», – депті. Төрт жасар баланың ойын қара. Тағы біраз жатып: «Ана, сен – айсың, мен – кішкентай ғана күнмін», – депті. Шешесі тағы не айтар екен деп: «Иә, анау жұлдыздар немене сонда?» – деп сұрапты. «Олар біздің туысқандарымыз ғой», – деп жауап беріпті. Үлкен адам айтпайтын ой ғой!
– Қазақшасы қалай?
– Құдайға шүкір, Ертісбаевты екі орап кетеді. Бұл – үлкен жетістік!
«Мың бала» – Ақанның шыңы емес
– Сіздіңше кино қандай болуы қажет?
– Кинода аяғына шейін шығатын жалғасқан қызыл сызық болу керек. Бастауы бар, көтерілетін, түсетін жері бар. Аяғына жеткенше сол сызықтан шықпау керек. Ал қазіргі фильмдердің, әсіресе, сериалдардың не басы, не аяғы жоқ. Кез келген жерінен көрсең, түсінікті. Өйткені, бөлек-бөлек, кібіртік-кібіртік. Сондықтан, кино да Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегенге сай келеді. Сонда ғана шығарма көріледі, ұнайды.
– Өзіңіз қандай кино көресіз?
– Кино тартымды, жоғары эстетикалы, талғамды болуы керек. Мен сондай киноны жақсы көрем. Кейбір кинода балшық, лас, көзге қораш көріністер байқалады. «Қыз Жібектен» тамақ ішкен не лай-батпақ сияқты сүреңсіз сахна көрдіңдер ме?
– Жоқ...
– Киноны көріп отырып жағымсыз әсер алсаң, ол өнер емес. Ал кино – ең алдымен өнер. Ойсыз өнер – өлік. Өмір болуы мүмкін, бірақ өнер аз.
Мысалы, тракторист жайында қызық кино жасау – өте қиын. Ол туралы комедия жасауға болады. Өзі май-май, бірақ біреуге ғашық болады. Сондай ситуацияға құрылса, қызық болады. Ал жерді жыртып келе жатқан көріністі актерден гөрі трактористің өзі жақсы ойнайды. Ол – өмір. Негізі өмір сүріп жатқан адамдардың бәрі – актер. Шекспирдің айтқанындай: «Бұл өмір – сахна». Адам да – актер.
– Сізді киноға шақыратындар бар ма?
– Шақырады, бірақ барамын ба, бармаймын ба ойланам! Жамбасыма келіп жатқан кейіпкер болса, барар едім. Өкінішке қарай, ондай бақыт менің маңдайыма жазылмай тұр. Ал сериалдарға бара алмаймын. Өйткені, үлкен шығармадан кейін төмен түсуге болмайды. Қазір «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінің соңғы сериясын түсіріп кету – арманым. Шалдың не отбасы, не туысы жоқ. Бірақ Қазақстанды елім деп келді. Енді не істейді ол? Сексенге таяған шал. Бүкіл әлемнің тілін біледі. Ол – планетарный адам. Әлемдегі наркобизнесті бес саусағындай біледі. Енді елге келгенде оның пайдасы қалай тиеді? Мұны ел білмейді, бұл елін білуі керек. Сол еліне жұмыс істеу керек. Кино «ал» деп түсіре салатын нәрсе емес. Жобасын жан-жақты келтіру керек. Мен асықпаймын. Асығыстық – өнердің жауы. «Ойбай» деп алқынғаннан ештеңе шықпайды. Соның жобасын ойлап жүрудің өзі – шығармашылық процесс.
– Театрда жаңа спектакль де ойнамайсыз?
– Қасымдағылар кетіп қалды. Партнер жоқ десем, басқалар өкпелеуі мүмкін. Бірақ шындығындай – солай. Бір-ақ спектаклім бар, соны ойнаймын. Балалармен спектакль қоямын. Академияда актерлік курсым бар. Жұмыс жетеді енді. Үйде баламмен жұмыс істеймін. Гүл өсіремін. Ағаш егем. Соларды суарам. Жұмыс жетеді.
– Кино туралы айтып жатырмыз ғой. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі туралы не айтасыз?
– Тәуір фильм, халықтың рухын қамшылады. Жоңғармен талай жыл соғысқанымыз, қорлық көргеніміз рас. Үш жүздің баласы жиналып, Аңырақай соғысында үлкен соққы беріп құтылдық. Әйтпесе, жоңғарлар итімізді шығарған ғой. Тиіп-қашып, елді жаулап, малымызды тартып алып, әбден қорлық көрсеткен. Қазақ шыдамағаннан кейін жарылыс жасайды. 1986 жылғы Желтоқсан, әнеугүнгі Жаңаөзен. Басқа барар жер жоқ. Қазақ өзі шыдамды халық. Нан мен суы болса, сонымен отыра береді. Ал нан мен суды тартып алған кезде, шыдамайды. Сонда ғана бұрқ етеді. Оған жібертпеу керек. Мемлекетіміз бай деп жатырмыз. «Шүкір, барлығы жетеді, оған шыдау керек» деп ақыл айтатын адамдар да табылды.
– Сөзіңіз аузыңызда, сізден ақыл сұрағандар болды ма сол кезде?
– Хабарласты. Біріншіден, бәленбай адамды нашақор, алқаш деп бергеніне қосылмаймын. Екіншіден, мұндай жағдайда бейбіт адамдарға оқ жаудырғанға категорический қарсымын. Солай деп айтып бердім...
– Сұрағымызға қайта оралсақ?
– А, иә, жастардың ішінен ұнайтыны – осы Ақан Сатаев. Ол түсірген «Адасқандар», «Ағайындар», «Ликвидатор», осылардың бәрі – кино. Ақанда кино бар. Баталия, эффект көп, әрине. Ситуациясы, финальный сценасы ұнады. Сол жағынан «Қыз Жібектен» кейінгі тарихи жағдайға бара алған кішкентай алға жылжу – осы. Әзірге Ақанда алға жылжушылық бар. Сондықтан мен оның келешегінен үміт күтемін. «Мың бала» Ақанның шыңы деп ойламаймын.
– «Қыз Жібекке» ұқсайтын жерлерін байқадыңыз ба?
– Тура сондай болмағанмен, шығармаларда ұқсастық болады. Екеуі де жоңғар шапқыншылығы кезеңі. Атыс, өлім, жауыздық болды. Сатқындық болды. Мұнсыз тағы ситуация құрылмайды. Треугольник Қыз Жібек-Төлеген-Бекежан болмаса фильм құрылмайды. Тек Төлеген мен Қыз Жібекті қалдырсаң, конфет болып шығады. «Мың балада» да треугольник бар. Драматургияның дамуына қарсы келетін бір нәрсе тұрмаса, тағы болмайды. Болады ғой, бірақ қызық болмайды. «Қыз Жібектегі» ұтып тұрған нәрсе – Бекежан қарақшы емес. Ол – рыцарь. Қызды сүйген жүрегі, ел қорғаған білегі бар. Адамгершілік симпатиясы бар. Бір шетелдің адамдары «Қыз Жібек ғашық болатын адамды білмейді екен» деген екен. Ол – махаббат. Талғаммен қалай таласасың?
– Ал жас актерлердің өнерін қалай бағалайсыз?
– Актерлер былай тұр, былай жүрмен жүрген жастар ғой. Шеберлігі шыңдалмаған. Бірақ, өзінің орнында. Рөлді әркім де ойнайды, ал кейіпкер жасау әркімнің қолынан келмейді.
Сіздіңше дарынды актер қандай болуы қажет?
Әрбір нәресте жарық дүниеге дарынды болып келеді. Оның алдында екі жол бар. Бірі – кең, даңғыл жол да, екіншісі – жалғыз аяқ сүрлеу жол. Адамдардың көбісі кең де кедергісіз даңғыл жолмен жүргісі келеді. Ондай адамдар – тобыр. Ал сүрлеу, бұралаңы көп жолға мыңнан, миллионнан бірі ғана түседі. Міне, сол адам – дарын! Нағыз дарын – тасты жарып шыққан гүл сынды. Оның екінші мағынасы – намыс. Талантты биіктетенін де намыс. Намыс әркімде болмайтыны секілді, талант та сирек.
Шындықты жазып қалдырамын
– Күнделік жазып жүрсіз бе?
Мүмкіндігіне қарай күнде жазуға тырысамын. Ол маған тарих болып қалды. Әр адамға өзінің әр күні қымбат. Мынау жарық күнді аман-есен көргеніміз үшін де тәубе етуіміз қажет. Сондықтан, сол күні ештеңе бітірмесем де көңіл-күйімді күнделігіме жазып қоямын. Ол – менің пікірім, көзқарасым. Оны келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Шындықты ғана жазамын. Айта алмайтын шындықты, жазып қалдырамын. Ішімдегі шерді шығаруым үшін күнделік маған үлкен көмек. Қазір 8-нші кітабымды жазып жатырмын. Бірақ ол қолжазба түрінде қалады.
– Неге?
– Өзімнің айта алмаған ойымды сонда білдіремін. Ол – менің жеке ойым.
– Өткен күндердегі көңілді сәттеріңізді оқығанда көңіл-күйіңіз бұзылмай ма?
– Қайта шабыттанамын. Әр күнімнен, қорытынды жасаймын. Сонысымен де жақсы.
– «Біреуге атақ берген, абырой бермеген» деп жазыпсыз кібабыңызда. Сізде осының екеуі де бар. Қайсысын жоғары бағалайсыз?
– Екеуін айырып алуға болмайды. Абырой арқылы атақ келеді. Атақ арқылы абырой өседі. Абыройың болса, халықтың саған деген сәлемі дұрыс. Халық барған жерде алақанына көтереді. Алақанда көтереді екен деп, алақанында отырып алмаймыз ғой. Ал халыққа жұғымды болу – әркімнің міндеті.
Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН