Асанәлі Әшімов туралы

Асанәлі Әшімұлы - (8.5.1937 жылы туылған, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылы) — «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер,Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980).

Алматы консерваториясын бітірген (1961). Студент кезінде әр түрлі фильмдерде Кенжетай (“Ботагөз”, 1957), Жанай (“Асау Ертіс жағасында”, 1959), Бектасов (“Бір ауданда”, 1960), Болат (“Ұшы қиырсыз жол”, 1960) рөлдерін ойнады. Консерваторияның актерлік факультетін бітірген соң, “Қазақфильм” киностудиясында Мұрат (“Менің ұлым”, 1962), Ескендір (“Торап”, 1963), Тұрар (“Тұлпардың ізі”, 1964) сияқты әр алуан бейнелер жасады. 1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады (1987 — 88 жылы осы театрдың көркемдік жағын басқарды). Театрда С. Қожамқұлов, С. Майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды.

Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің “Абай” спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің “Еңлік — Кебегі” мен “Қарақыпшақ Қобыландысында”), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш—Баян сұлуында”) Сәнжан (Ә. Таразидің “Күлмейтін комедиясында”), Өсіпбай (Ш. Айтматов пен Мұхамеджановтың “Көктөбедегі кездесуінде”), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың “Қан мен терінде”, КСРО мемлекеттік сыйлығының, 1974), Жарасбай (Қ. Ысқақовтың “Таңғы жаңғырығында”), Асан (Мұхамеджановтың “Жат елдесінде”), Дон Жуан (М. Фриштің “Дон Жуанның думанында”), Виктор (Л. Зориннің “Варшава сазында”) сияқты әр замандағы, әр түрлі қоғамдағы әр қилы мінезді бейнелерді сомдады. Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде қазақ сахна өнерінің тарихында қалды.

Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан (“Қыз Жібек”, 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет (“Сарқырама”, 1973), Қасымханов (“Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел (“Нан дәмі”), Нұрғазы (“Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал (“Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан (“Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің “Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, И. Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), жылы Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1989) спектакльдері мен ол түсірген “Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), “Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), “Қозы Көрпеш - Баян Сұлу” (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған “Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді. Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979—1982 жылы педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан “Елім-ай” киностудиясының президенті. “Парасат” орденімен марапатталған.[2]

Кітаптары
«Майраның әні»
«Жан бөлек»
«Алаштың Асанәлісі»
«Менің жанрым – күнделік»
«Ғұмыр-дария»

Асанәлі Әшімов - КСРО, ҚазКСР, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

1937жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында дүниеге келген.

1961 жылы Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітіріп шығып, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1963жылдан бері М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік құрамында әрі режиссерлік қызметте.

Театр сахнасында М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарас бай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер болды. Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен бейнесі бір тума актердің күрделі әрі соңғы жұмыстарының бірі. Бұл қойылымның 100-ден аса көрсетілімі аншлангпен өткен болатын.

Қара шаңырақ сахнасында Асанәлі Әшімов «Амангелді» (Ғ.Мүсірепов), «Мен ішпеген у бар ма?» (И.Оразбаев), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Ревизор» (Гоголь), «Фархад-Шырын» (Н.Хикмет) спектаклдерін қойып, режиссерлік қызмет атқарды.

1958 жылы С. Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен түсірілген фильмде бой көрсетті. Бұл актердің кинодағы алғашқы рөлі болатын. Содан кейін қазақ киносының дамуына өз үлесін қосты. «Ән қанатында», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек поезы», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмдерінде ойнаған. Сондай-ақ, кино саласында режиссерлік қызмет атқарды. «Аждаһа жылы» (1981), «Шоқан Уәлиханов» (1985), «Жусан» (1986), «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» (1992) және «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді.

1981 жылы түсірілген З. Самадидің ΧІΧ ғасырда Шыңжаңда болған ұйғыр халқының көтерілісі туралы романының желісімен түсірілген «Аждаһа жылы» фильмі оның алғашқы режиссерлік еңбегі болып табылады.

1986 жылы Асанәлі Әшімовке «Шоқан Уәлиханов» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Асанәлі Әшімовтың 1995 жылы қазақ тілінде «Майраның әні», 2007 жылы «Арнау» бес томдық шығармалар жинағын, 2008 жылы «С любовью Ваш Асанали Ашимов» кітаптары жарыққа шықты.

Марапаттары:

1973 жыл - «Атаманның ақыры» фильміндегі ролі үшін К. Байсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы

1974 жылы - Театрдағы жұмыстары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы

1978 жылы - Қазақ КСР халық әртісі

1980 жылы - КСРО халық әртісі

2000 жылы - Кино өнеріндегі еңбегі үшін «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы

2001 жылы - Отан» ордені

2002 жылы - Жамбыл облысының құрметті азаматы

2003 жылы - «Қазақы оқиға» фильміндегі ролі үшін 1 «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі лауреаты

2007 жылы - «Құрмет» ордені

2007 жылы - Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық Академиясының «Алтын қыран» ордені