Банф ұлттық саябағы
Банф ұлттық саябағы - Канада провинциясы Альбертаның оңтүстігінде, Сеңгір тауларына орналасқан. Аумағы 6641 км2. Оған солтүстігінен Джаспер, батысынан Йохо ұлттық саябақтары жапсарласады.
Банфтың құрамына Солтүстік Америкадағы Солтүстік полюс шеңберінен тыс жерлердегі неғұрлым аумақты мұздықтар аймағы — Колумбия мұзды алаңының бір бөлігі енген. Саябақ өзінің айбынды ландшафтыларымен, әсіресе мұздықтардағы көлдермен, сонымен бірге күкіртті таудың ыстық бұлақтарымен әйгілі. Банф ормандары шыршалардан, самырсындардан, қарағайлардан, көктеректерден, америка қайыңдарынан құралады. Саябақтың аса бай жануарлар дүниесінде алтын бүркіт, ақ құр, канадалық шұбар торғай, ементұмсық тәрізді құстар кең тараған.
Сүтқоректілердің ішіндегі ең ірілері гризли (солтүстік америкалық сүр аю), қара аю, америкалық бұлан, солтүстік америкалық тау бұғысы — карибу, тауешкі, қар қойы.