Ләззат Мақаштың өлеңдері керек
Астана...
Мен өзіңнен, Астана, қашып барам,
Сенде жүрсем бақыт та қашық маған.
Есілге кеп егілем сол жанды ойлап,
Кездесуге менімен асықпаған.
Ұмыт болған жүректен төзімді шақ,
Ақылымды ақымақ сезім тұсап.
Қайыры жоқ Арқаның ұлын күтем,
Елегзитін Есілге өзің құсап.
Айырылдың алаңсыз шақтан дара,
Сен – бақытсыз сұлусың, мақтанба да!
Ағысынан Есілің жаңылмайды,
Сен өксікті баса алмай жатқанда да.
Тамшы болып жылайсың жауып көктен,
Мөлдір тамшы еріксіз ағып беттен.
Есіл деген – көз жасы адамдардың,
Есеңгіреп тұрғанда тамып кеткен.
Мені жоқтап жылайсың жеке түнде,
Білем бәрін, өкінбе өтетінге.
Сенің осы тәкаппар салқындығың,
Менің осы түбіме жететінде.
Мен кетемін! Есілді ұнатпадым,
Шаршап біттім! Болды енді! Жырақта, Мұң!
Қимай тұрған тұнжырап сені, Астана,
Жұбатқым да келеді жұбатпағым!
Кешірші...