Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева
Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева (23.1.1962 жылы туған, Атырау облысы Исатай ауданы Чапаев аулы) — күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1998).
Алматы қаласындағы музыка училищесін (1981, педагогы Т.Бәділов), одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін (1986, профессор А.Т. Жайымовтың жетекшілігімен) бітірген. 1989 — 1991 жылдары осы консерваторияның ассистентура-стажировкасынан өтті.
Шығармашылық еңбек жолын оқып жүрген кезінен Қазақтың акад. халық аспаптар оркестрі құрамында (1979 — 1989) домбырашы болумен бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіптік-шеберлік биігіне көтерілді. Оның күйшілік-орындаушылық репертуарынан халық күйлері (“Ақсақ құлан”, “Ел айрылған”, т.б.), қазақтың халық композиторлары (Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, т.б.), осы заманғы композиторлар (мыс., Н.Тілендиевтің “Аққуы”, А.Жайымовтың “Күй анасы” мен “Шалқымасы”) шығармалары мен орыс, шет ел классикалық туындылары мол орын алған.
2002 ж. - "Құлағыңнан кетпесін" атты жеке шығармашылық кеші Алматы қ. Республика сарайында;
2012 ж. - "Айгүл - күйге бар әлем тамсанады..." атты жеке шығармашылық кеші Алматы қ. Абай атын. Опера және балет театрында;
2013 ж. - "Айгүл - күйге бар әлем тамсанады..." атты жеке шығармашылық кеші Астана қ. "Қазақстан" орталық концерт залында өтті.
1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында (2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан “Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында” (өзі ұйымдастырған) ұстаздық қызметпен айналысады.
Үлкенбаеваның орындауындағы күйлер "Күй - ана" аудио-кассета (2000 ж),"Құлағыңнан кетпесін" топтамалық 2 дискі (2002 ж) және "Құлағыңнан кетпесін" бейне-кассета (2003 ж) ,"Ақ Шолпан", "Ирең" дискілері (2008 ж), "Күй ғұмыр" атты кітап Сардар баспасы (2011 ж), "Айгүл - күйге бар әлем тамсанады..." атты дискі (джаз - рок тобының қостауымен) (2013 ж) жарық көрді.