ПАГАНИНИ Никколо - скрипкашы
ПАГАНИНИ Никколо (27. 10.1782, Генуя қаласы – 27.5. 1840, Ницца қаласы) – италиялық скрипкашы және композитор. Әкесінен мандолина мен скрипкада ойнауды үйреніп, Дж.Коста және А.Ролла, Д.Пиретти, Ф.Паэр сынды өнерпаздардан сабақ алған. 1793 ж. Генуя жұртшылығы 11 жасар Паганинидің жеке концертін тамашалайды. Ол 1797 – 98 ж. Солтүстік Италия аймақтарында жиі өнер көрсетіп, 1801 – 05 ж. соло скрипкасына арнап 24 каприччио, гитара, шекті аспаптардың сүйемелдеуінде скрипкаға сонеттер жазады. 1815 ж. Миландағы өнер сапарында Паганини мен француз Ш.Лафон скрипка сайысын ұйымдастырады. Бұл сайыс ескі классикалық мектеп (Ш.Лафан) пен жаңа романтикалық бағыттың тартысы іспеттес болатын. Паганини жеңіске жетеді. 1828 жылдан Еуропа елдерінде ұласқан концерттік сапары Паганиниға атақ-даңқ әкеледі. Ол скрипкада өнер көрсетудің жаңа тәсілдерін ойлап тауып, бұл аспапта ойнаудың қазіргі техникасының негізін салды. Паганинидің композиторлық шығармашылығы да өзгеше. Скрипкаға арналған 6 концерт, квартеттер, концерттік пьесалар, 24 каприччио, сонаталар, көптеген вариациялық топтамалар, т.б. жазды. Паганини гитарада да жақсы ойнаған. Гитараға арнап 200-ден аса пьеса жазған. Г.Берлиоз, Ф.Лист, Ф.Шопен, Р.Шуман, т.б. бірқатар композиторлар Паганиниді үлгі-өнеге тұтқан. Ол туралы көптеген көркемсуретті фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. 1954 жылдан Генуяда скрипкашылардың Паганини атындағы дәстүрлі халықаралық байқауы өткізіліп тұрады.