Қазақ поэзиясындағы постмодернизм
Қазіргі постмодернистік поэзия
Постмодернизм бүгінгі әдебиетшілердің назарына көптен ілігіп жүрген әдеби құбылыс. Ол – қазіргі әдебиеттің басты ағымы. Ең алдымен постмодернизмді ағым ретінде не болмаса ХХ ғасырдың құбылысы ретінде тану үшін постмодернизмнің негізгі қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтап алуымыз керек. Постмодернизм – ХХ ғасырдың ІІ жартысында модернизмнен кейін өнер, сәулет, кескін, әдебиетте, жалпы көркем мәдениет тенденциялары негізінде пайда болған ағым. Модернизм өз кезеңін аяқтаған кезде ХХ ғасырдың ІІ жартысында оған қарсы бағытта – постмодернизм дәуірі тарих сахнасына шығады. Қарапайым сөзбен айтар болсақ, постмодернизм әдебиеті модернизм әдебиетінің дәстүрлі әдебиетпен отаспайтын тәсілдеріне мұрагерлік ете отырып, оны ең жоғары өреге көтеріп қана қалмай, ары қарай дамыған түрде, модернизм әдебиетінің түрліше тәсілінен де өзгеше, өзіне ғана тән бейнелеу әдістерін қалыптастыру негізінде туған.
Басты проблема постмодернизмнің мәні туралы нақты түсініктің болмауы, әрі айқын, әрі адамды баурап алатын, теледидардан, кинода жиі естілетін, журналдарда, көркем әдебиеттерде кездесіп қалатын осы сөздің тасасында нендей мағына жатыр деген сауалдардың туындауында. Көптеген осы терминді қолданып жүргендер оның мәнісін түсіндіріп бере алар ма екен, түсіндіре алған күннің өзінде олардың әрқайсысы осы ұғымның мағынасын өздеріне лайықтап түсіндіруге тырысады. Мынандай парадоксалдық жағдай туындайды, «постмодернизм деп жазып, іліп қойған плакаттың астында спектакльдер қойып, өлеңдер жазуға ғана болмайды, сондай-ақ құймақ пісіруге, әлем-жәлем киінуге, сүйісуге және керісуге, сонымен қатар әлемдік мәдениеттің қойнауынан кез келген өзіңе ұнаған авторды алып пір тұтуыңа болады» [1, 3].
М.Эпштейннің ойынша постмодерн – модерннен кейін немесе модернизмнен соң пайда болады. «Это два нравно значных понятия «пост», одно из которых «постмодерность (соотносимая с «модерностью»), есть длительная эпоха, в начале который мы живем – второе же "постмодернизм» (соотносимый с «модернизмом») есть первый период, вход в эту большую эпоху. Если две большие эпохи, модерная и постмодерная зеркально отражаются друг в друге, то естественно что последний период эпохи модерности, а постмодернизм это первый период эпохи постмодерности» М.Эпштейннің сенімі бойынша біз постмодерн мен постмодернизмнің арасында тұрмыз. «Модернизм Батыста 1960 жылдарға дейін созылса, Ресейде одан да ерте 1920 жылдары постмодернизмге, коммуникациялы формацияға орын беруі тегіннен тегін емес» дейді М.Эпштейн. [2,54].
«Постмодерн», «постмодернизм» терминдері тек қазігі заманғы философия мен ғылымдар лексиконында ғана емес, сонымен қатар, жалпы мәдени лексиконда талайдан бері өте кең қоланысқа енген. Бұл терминнің пайда болған уақытынан бастап, дәл қазіргі күнге дейін «постмодерн» анықтамасы белгісіз күйінде қалып отыр. Олай болып қалуының себебін, өздерін «постмодернистерміз» деп атап жүрген ғалымдардың сұрақтың жауабын табуға бар күштерін салмайтындықтарымен түсіндіруге болады. «Постмодернистердің» өкілдері бұл терминнің мағынасын түсіндірмек түгілі, оны «сәтсіз журналистикалық термин», ешнәрсені түсіндірмейтін «абрака-дабра» деп қарап, оны қабылдаудан мүлде бас тартады.
«Постмодерн» (фр. «postmoderne», англ. «postmodern») орыс тіліне аударған кезде сөзбе-сөз «постсовременный», «послесовременный» дегенді білдіреді. Бұл аударма термин бізді қосымша қиындыққа әкеліп соқтырады. Біріншіден, орыс тілді термин «постсовремменность» құлаққа жағымсыз естіледі және тіпті ғылыми тілдің маңына да жақындай алмайды. Екіншіден, «постмодерн», одан да кең таралған ұғым «постмодернизм» жалпыға бірдей кең көлемде таралып, соның ішінде орыс тілінің өзінде де мойындалған. Бұл екі терминнің «постсовремменность» ұғымынан тыс өзіндік мән-мағынасы бар.
Әр ұлттың әдебиетінде көркемдік әдіс, бағыттар, ағымдар әр кезеңде әр түрлі жағдайда өзгеше қалыппен пайда болып, дами бастайды. Қайсыбір әдіс, бағыттар басқа топыраққа тамыр жібермей жатады. Ол орта табиғатына байланысты. Ал, қазіргі постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Бірақ, біз бұл үдерісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Постмодернизм қазақ топырағына кенжелеу келіп жатқан әдеби ағым болса да бұл жөнінде ақындардың да, ақын шығармашылығын зерделей қарайтын ғалымдардың да өзіндік пікірі бар.
Филология ғылымдарының докторы, академик С.Қасқабасов постмодернизм туралы өз ойын былайша білдіреді. «Шынтуайтына келгенде модернизм дегеннің өзі – жаңа деген сөз. Постмодернизм – өндірісі қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған. Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Ол үшін өндіріс өте мықты дамып, капитализмнің ең биік шыңына жетіп, бүкіл өмірдің бәрі индустриялануы керек, қалалық ұлт болып қалыптасуымыз керек. Сосын бүкіл қалалық өмір мен далалық өмір араласып, құжынап жатуы тиіс. Бірақ біз оған жеткен жоқпыз. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін суреттей алмаймыз. Алайда, постмодернистік тәсілді меңгеріп алған біздің кейбір қаламгерлердің ісі сыртқы көрініс қана. Кейіпкердің сандырақтауы, елес көруі, болмаса кейіпкердің басқа бір нәрсені ойлап, басқа бір әлемге шарлауы, осының бәрі шындап келгенде, өз әдебиетіміздің әсерінен шыққан нәрсе Постмодернизмнің сыртқы көрінісі қандай деген сауалға жауап беретін болсақ, ол – өмірдің бейнесінен алыстап кету, ойда жоқ нәрсені айту. Я болмаса, елес қуып, адамның екіге бөлінуі, екі ойлы болуы, сандырақтап бір нәрсені айтуы.». [3,4].
Бір қарағанда, постмодернизм түрлі «измдердің» бір нұсқасы сияқты. Қолдан жасалған нәрсе сияқты көрінуі де мүмкін. Көкейімізде біздің әдебиет реалистік бағытта дамуы тиіс деген сауалдың да жатқаны жасырын емес. Бірақ, өмірдің өзін суреттейтін әдебиет реалистік болумен қатар, сондай-ақ адамның қиялын да суреттеуі керек. Өмірде жоқ нәрсені көрсетумен де әдебиет – өнер.
«Қазіргі қазақ поэзиясына бұлқыныс, сілкініс керек. Поэзиямызды неғұрлым тезірек модернизациялауымыз керек. Қазақ поэзиясы, әсіресе, жас ақындарымыз әлемдік поэзияға жіті көзбен қарап, ескіні есте сақтауға қалдырып, модернизм жолына түсуі керек, жастар жаңаша жазуға ұмтылуы жөн. Бұл қолдан келмейтін нәрсе емес. Өзімізде бәрі бар. Сол бар нәрсені іске қосу керек. Поэзиямызды модернизациялағанда есте болатын ең маңызды проблема, жаппай науқаншылыққа жол бермей, өзіміздің ұлттық дәстүрімізді, әсіресе өлеңдегі ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық ұғымымызды, ұлттық философиямызды берік ұстануымыз парыз. Жаңа өлеңдегі жаңа формаға, жаңа өлшемге, жаңа логикаға әр ақынөзінше бірте-бірте көшкені дұрыс болмақ. Әлем елдері поэзияның жаңа бағытына көшіп алса да, біздің қазақ поэзиясы ескі әләулаймен әлі келе жатыр.Біз әлі төрт жолы бір шумақтан тұратын ескі өлең құрылысынан шыға алған жоқпыз», [4, 10]. - дейді ғалым Әубәкір Нілібаев.
Ал, ағымның негізгі сипаттары қандай деген сауалдың да жиі мазалайтыны рас. Мұның бәрі қазақ әдебиетінде де постмодернистік бағыттағы өкілдердің бар екенін, осы бағытта да біраз ізденістер мен сынақтар жасалынып жатқанын және олардың бәрі саналы түрде емес, шығарманың ішкі көркемдік тұтастығынан туындап, ішкі үндестігінен, табиғи заңдылығынан шығып отырғанын да көрсетеді. Демек, қазіргі өлеңтанудағы көрініп отырған жанрлық өзгерістерге шығарма көркемдігін әр түрлі тропалар жүйесімен тұтастырып тұрған сипатты тануға болады.
Қазаққа өлең, өлеңге ақын көптік етпейді. лардың дені Т. Әбдікәкімұлы, Е. Раушан, С. Ақсұңқарұлы сияқты арнайы саналы түрде эксперимент жасап, постмодернистік стиль қалыптастыруға, соған лайықты сөз құрап, ойлау жүйесін жасауға талпынған таланттардың өзіндік табиғи талантынан, суреткерлік шеберліктерінен, көркемдік бейнелеу құралдарын шебер ойната білуінен туындап жатқан даралық сипат екенін ескерген жөн. Бүгінгі поэзиямызда Маралтай Райымбекұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ұларбек Нұрғалым, Ырысбек Дәбей, Азамат Тасқараұлы сияқты ізденіс үстіндегі бір топ ақын сол бір соны соқпақтарға түрен салғысы келетіндігімен қуантады. Өзін-өзі тануға ұмтылыс жасап жатқан ақындарымыздың түрлі ізденіске баруының астарына үңіліп көрейік.
«Қазіргі қазақ ақындарынан постмодерндік ағымына алғаш қалам тартқан – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Оған өлең құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер. «Ақпан прозасы»:
Алтын тәжді күн – анау,
Қызыл түкті құлағы неткен ұзын.
Жердің милығына дейін,
Судың құйрығына дейін жеткені шын!?
Күміс тонды Ақпан – мынау,
Ақ тырнақты аязымен алып түсердей
бет терісін!
Алаштың несін айтасың,
Ата тілі отыз тіске қамаулы,
Ата Мекені обалсыздарға тонаулы.
Шүлдірлек көкпегі үшін,
Нан табу мектебі үшін,
Оқалы шекпен үшін,
Қыңсыған көк итке айналдырды, тәңірлік
Көк Бөрісін... [5, 23]. – дейді ақын.
Қасқырдың анасы – табиғат. Ол – біздің арғы бастауға қатысты ырықсыздық деңгейіндегі тұрақты сағынышымыз. Бөрі – біздің тотеміміз. Адамның ой астарында осындай ежелден таныс нысандарға кезіккенде барынша жігерлі кейіп алуға ұмтылады.
Постмодернистік поэзияға тән транслиризм, психолиризм сияқты тәсілдер Маралтай өлеңдеріне жат емес. Ақын «Ымырт» өлеңінде:
Түн мекені түнекке
Серік таппай бойлаған.
Біздің ғазиз жүрекке
Жұлдыз шашып ойнаған, – дейді [6, 43].
Түннің мұндай қалпы мен әрекетін ақынның ақындық көзі мен түйсігі ғана аңғарса керек. Таптаурын баяндау мен қалыптасқан дағдыдан өзгеше өрнекке бой ұру келесі жолдарда жалғасын тапқан:
Кексе дүние тұр үнсіз,
Көкке сүйреп көңілді.
Қалатындай ғұмырсыз
Санам санға бөлінді.
Алғашқы шумақтан басталған транслиризм сарыны шумақтан шумаққа өткен сайын күшейе түседі. Сөйтіп ақынның ішкі әлеміндегі құбылысты, психологиялық ахуалды микро-әлемнен макро-әлемге көшіреді. Лирикалық кейіпкер мен кеңістік біртұтас бейнеге айналғандай. Психологиялық сарын мен лиризмнің тоғысуына – психолиризмге қарай бет бұрған келесі шумақтағы бейнелеулердің әсерлілігін пайымдап көрелік:
Құстың тынып шырылы,
Жаным аңсап, егіліп,
Қайыңдардың бұрымы
Жүрегіме төгіліп.
Артық сөз жоқ. Құс шырылын аңсаған мазасыз жан, қайыңның «бұрымына» мекен болған жүрек тосындығымен, шебер үйлесімділігімен санамызды селт еткізіп, жанымызды бір сазға бөлейді. Тылсым сырлы жалғанның ашылмаған құпиясы көп. Сол құпияны шеше алмастан фәниден бақиға көшетін рух тіршілігі тоқтамақ емес. Фәнидегі керуен - өмірдің бейнесі «есік қаққан» қалыпта өлеңге нүкте болған:
Біз ұқпаған жалғанның,
Сіз табарсыз шешімін.
Қағып, күтіп қалған кім,
Ескі өмірдің есігін?!
Ескі өмірдің есігін қағу – түп бастауға құрмет, соған байлаулы ғұмыр әрекеті.
«Қорқытқа ұқсас пішінде,
Шындық өліп ішімде.
Қашып жүрмін өлімнен
Өңімде һәм түсімде». Адалдықты, тазалықты аңсаған жүректі тірідей өлтірер қоғамдағы, адамдар арасындағы қайшылықтан ақын қаша жүріп күреседі, беріле салмайды.
Өзім қорқам Өзімнен,
Не істейін, не қылайын?!
Күн де маған уайым,
Түн де маған уайым.
(Бір көрінші көзіме!)
Уайымды ұстап ап,
Ауызынан ұрайын.
Не істерін, не қыларын білмей абдырап тұрған сәтте Маралтайдың қаламына тән күрескерлік рух көмекке келеді. Дәстүр аясын жалғастырушы ақындарымыздың діни сарынға бет бұруының да бір ұшығы осында жатыр.
Жалпы, ақын қолдан саналы түрде рухани мертіккен тұлғаны тудыруы керек. Осылай ғана қалыпты түсініктің арнасы бұзылады, инфляцияға ұшырап құнсызданған бейнелеу тілі осылай үрейдің орнын үреймен ойын, яғни эксперимент басқанда ғана мәдениет алға жылжиды. Ал, Ақберен – осындай қадамға барған ақын.
«Айнадағы бейнеге ұқсасам да,
Сол біреуге тартпаған ішімдегім!»
«Біреудікі – өксігім, жымиғаным». [7, 31]. Ақын өз ішінен екіге жарылған. Ішіндегі оған жат біреу кім? Сананың екіге жарылуы көрінеді. Абсурд қаһарман бейнесін жасайды. Лирикалық қаһарман ішіндегі ыңылдап отырған біреудің көңіл-күйін сипаттап, өзі сыртта бақылаушы болып қалады.
Ақберен өлеңіндегі кеңістік те басқаша. Не жерде, не көкте тұрағы жоқ, беймекенді кезіп жүреді. Өзін-өзі жатсынған, өз ішінен өзі екіге жарылған.
«Айнадағы бейнеге ұқсасам да,
Сол біреуге тартпаған ішімдегім!»
«Біреудікі – өксігім, жымиғаным».
Ақын өз ішінен екіге жарылған. Ішіндегі оған жат біреу кім?
«Миллион жылдық секундтар есебінен,
Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге.
Өзім, сірә, тірімін!
Қызық екен...
Денем отыр бүкшиіп төсегімде».
Жаны мен тәнінде үйлесімділік жоқтай. Тән өзінікі, ал жан – ? Жатсыну құбылысын айналып өтпейді.
«Бір қазада еріп келген қорымнан,
Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.
Жетімек шал...
Орын беріп ішімнен...»
Қорымнан ертіп келген жетімек шал – үрей. Үреймен ақын бұрыннан дос. Тек осы жолы қазадан кейін үрей ақынды басқаша мазалайды.
«Оның түсі – өмірім бе, өңім бе?
Менің түсім – оның түсі? Айталман!»
«Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым,
Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым?»
Ақын осы сұрақтардың жауабын өзі береді:
«Рухым кезіп іздейді кеңістіктен,
Беймекенде орныққан Шамбаланы».
Қалың сұрақтан құтылар амал да жоқ сияқты. Өйткені ақынның өзі де, айналасындағылар да үміті жоқ пенделер:
«Не сұраймын,
Не күтем,
Нені білем,
Мен сияқты бейүміт пенделерден»?
«Бара жерің беймәлім,
Бейтарапта,
Бейжауапты күтпеші сен де менен».
Ақынның өлеңдерінен торыққан көңіл күйі көрінеді. Суреткер «көңірсіген ғұмыр», «алабұртқан қоғамға» наразы, сондықтан да поэтикалық палитрасында сұрғылт бояу басымырақ.
Ал, ақын Ерлан Жүністің өмірді қабылдауы мүлде басқаша, өркениет қанат жайған, технократтанған таңда жарқын болашаққа деген күмән ақынның қыр соңынан қалмайды.
Ешкімге сенгім келмей,
Ешкіммен күлгім келмей,
Ешкімді көргім келмей,
Ештеңе білгім келмей,
Еш әнге салғым келмей,
Ешкім де болғым келмей,
Ешқайда барғым келмей,
Ешқайда қалғым келмей,
Лә-лә-лә, келем, лә-лә,
Тұманға сіңіп кетем.
Өзім де, өзге де, қала –
Мен жайлы ән емес екен![8, 42].
Жалғыздық пен қоғамды жатсыну философиясын көреміз. Қаламгердің ішкі трагедиясы, мазасыз болмысы жалғыздығында, «бейүміттілігінде». Ақын күресуге бел бумайды. Шарасыздықтың әніне салады.
Сұр үйлер – үйілер, үйілер,
Сұр көше – көше,көше...
Жан бүгін жалғыз билер
Естіген күйге кеше.
Автордың ойы жұмбақ. Уақыт өте көшелер орнынан көшіп, сұр үйлер үйінді болып қалады. Жайдақ тілге аударсақ, осылай болар еді. Астарлы ойдың астында жалған дүниенің өткіншілігі жатыр.
Оқырман поэзия қарапайым болсын, түсінуге жеңіл болсын дейді. Яғни, менің қатарыма келіп тұрсын дейді. Қарапайымдылықтың екі түрі бар. Бірі – оқырманның қарапайымдылығы, дәлірек айтқанда, қарабайырлығы. Екіншісі – ақынның қарапайымдылығы.Оқырманның қарапайымдылығына жету үшін – төмен түсу керек. Ақынның қарапайымдылығына жету үшін – өрлеу керек.
Зерттеуші А. Ісмақова өзінің бір зерттеу мақаласында американдық әдебиеттанушы Ихаб Хасанның постмодернизмнің белгісіздік (неопределенность), (фрагментарность) үзіп алынған сәт, деконизация, утрата «Я», ирония, гибридизация, карнавалность, сконструированность, т.б. сынды қасиеттерін санамалағанын айтады. Бәріне күдікпен қарау – әлемді танудың кілті іспеттес. Маңаймыздағының бәрі жалған, әрбір өтірік өзінің уысында шындықтың өзінде бір тамшы болса да у бар деп санайды бүгінгі постмодернистік авторлар».[9, 3].
Демек, қазіргі қазақ поэзиясында постмодернизмнің беталысы бар. Постмодернистік ағым арнасына кеп түскен қаламгерлеріміз бүгінгі күннің ғана авторлары болғандықтан да, олардың аяқ алысы немен тынады, әдебиетке не береді, дұрыс па, бұрыс па, оқырман қалай қабылдайды - келешек үлесіндегі дүние деп білеміз. Әзірге әдеби құбылыс ретінде қабылдауымыз керек.
Жалпы әдебиетті біржақты түсінбеуіміз керек. Өмірдің өзін суреттейтін әдебиет реалистік болумен қатар, сондай-ақ адамның қиялын да суреттеуі керек. Өмірде жоқ нәрсе көрсетумен де әдебиет – өнер. Егер де біз тек қана өмірді алайық десек, онда большевиктер идеологиясы сияқты біржақты болып кетеді. Онда реализмді тым қарапайым түсінеміз. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» баланың ойлары арқылы бұрынғы замандағы ру басының суреті, ең аяғында бала қиялының ащы өмірмен түйіскенде, бұл өмірден су астына кетпек болуы адам зердесінен ғана туатын нәрсе.
Ағылшын тіліндегі «post» сөзінің уақыт жаңалығына емес, сапаға қаратылғанын ескерсек постмодернизм деген атаудың өзі жаңа әдеби қозғалыс. Кез келген дәстүрдің басы жаңашылдықтан басталатыны сияқты, жаңашылдықтың да келе-келе дәстүрге айналуы мүмкін. Уақыт – таразы, сондықтан кез-келген жаңашылдық дәстүрге айнала бермей, өткінші құбылыс болып қана, жылдар шаңына жұтылып кетуі де бар.
Жаңалыққа үрке қарау, үрке қарай отырып оған бойымызды үйрету, қабылдау ежелгі әдетіміз. Қуанарлығы бүгінгі қазақ поэзиясы осы сауалға өлеңмен жауап іздеп, әр ақын шамасынша іздену үстінде. Бүгінгі жаңа есімдердің ертеңгі жарық жұлдыздар шоғырын құрайтынында күмән жоқ.
1. Вайнштейн О.Б. «Постмодернизм история или язык». .№3-7, Москва, 1993.
2.«Постмодернизм және мәдениет» Он томдық. Алматы, 2006 ж.
3. «Қазақ әдебиеті», №13, 10 сәуір, 2009 ж.
4. «Жас қазақ» газеті, №13, 20 тамыз, 2010 ж.
5. Т.Әбдікәкімұлы. «Ақшам хаттары»,Алматы: Жалын, 1999 - 130 б.
6.М.Райымбекұлы.«Кентавр», Алматы:Жалын, 2008 - 150 б.
7. А.Елгезек. «Көлеңкелер күбірі», Астана: Полиант баспасы, 2009 - 135 б.
8. Е.Жүніс. «Киелі түндердің дұғасы», Астана: Профи Медиа баспасы, 2011. - 140 б.
9. А.Ісмақова. «Қазақ әдебиеті», 11 ақпан, 2010 ж.
Салтанат Жүсіп, adebiportal.kz сайтынан
Постмодернизм бүгінгі әдебиетшілердің назарына көптен ілігіп жүрген әдеби құбылыс деп саналады. Ол - қазіргі әдебиеттің басты ағымы. Ағымның негізгі сипаттары қандай деген сауалдың да жиі мазалайтыны рас. Мұның бәрі қазақ әдебиетінде де постмодернистік бағыттағы өкілдердің бар екенін, осы бағытта да біраз ізденістер мен сынақтар жасалынып жатқанын және олардың бәрі саналы түрде емес, шығарманың ішкі көркемдік тұтастығынан туындап, ішкі үндестігінен, табиғи заңдылығынан шығып отырғанын да көрсетеді. Олардың дені Т. Әбдікәкімов, Е. Раушан, С. Ақсұңқарұлы сияқты арнайы саналы түрде эксперимент жасап, постмодернистік стиль қалыптастыруға, соған лайықты сөз құрап, ойлау жүйесін жасауға талпынған таланттардың өзіндік табиғи талантынан, суреткерлік шеберліктерінен, көркемдік бейнелеу құралдарын шебер ойната білуінен туындап жатқан даралық сипат екенін ескерген жөн.
Демек, қазіргі өлеңтанудағы көрініп отырған жанрлық өзгерістерге шығарма көркемдігін әр түрлі тропалар жүйесімен тұтастырып тұрған сипатты тануға болады.
Өзін-өзі тануға ұмтылыс жасап жатқан ақындарымыздың түрлі ізденіске баруының астарына үңілуге тырыстық.
«Ақын біткен Абылды іздеп өксиді,
Жаратылған қара жүрек Қабылдан» (Маралтай) деп пенде болса да, періштелікке ұмтылған әдебиеттегі кейінгі толқынның көркемдік әлемі сан алуан. Қазіргі лирикадағы сан тарау ізденістердің негізі – шынайы сезінуден, толғанудан туындайтын сезімдерді жеткізе білуден бастау алса, бұл тарапта постмодернист Маралтайдың жаңашылдығы «жүрегіне жұлдыз шашып ойнаған түн», «қобыз тартып қаңқылдап көшіп бара жатқан жан», «даланы бауырына алып құлаған қара түн», «адам тәнінен қонарға жер таппаған періште», «санаға сарыған сайқал тағдыр», «аппақ айдың анарындағы дақ», т.б. бейнелеулерден көрінеді.
Постмодернистік поэзияға тән транслиризм, психолиризм сияқты тәсілдер Маралтай өлеңдеріне жат емес:
Түн мекені түнекке
Серік таппай бойлаған.
Біздің ғазиз жүрекке
Жұлдыз шашып ойнаған.
Түннің мұндай қалпы мен әрекетін ақынның ақындық көзі мен түйсігі ғана аңғарса керек. Таптаурын баяндау мен қалыптасқан дағдыдан өзгеше өрнекке бой ұру келесі жолдарда жалғасын тапқан:
Кексе дүние тұр үнсіз,
Көкке сүйреп көңілді.
Қалатындай ғұмырсыз
Санам санға бөлінді.
Алғашқы шумақтан басталған транслиризм сарыны шумақтан шумаққа өткен сайын күшейе түседі. Сөйтіп ақынның ішкі әлеміндегі құбылысты, психологиялық ахуалды микро-әлемнен макро-әлемге көшіреді. Лирикалық кейіпкер мен кеңістік біртұтас бейнеге айналғандай. Психологиялық сарын мен лиризмнің тоғысуына – психолиризмге қарай бет бұрған келесі шумақтағы бейнелеулердің әсерлілігін пайымдап көрелік:
Құстың тынып шырылы,
Жаным аңсап, егіліп,
Қайыңдардың бұрымы
Жүрегіме төгіліп.
Артық сөз жоқ. Құс шырылын аңсаған мазасыз жан, қайыңның «бұрымына» мекен болған жүрек тосындығымен, шебер үйлесімділігімен санамызды селт еткізіп, жанымызды бір сазға бөлейді. Тылсым сырлы жалғанның ашылмаған құпиясы көп. Сол құпияны шеше алмастан фәниден бақиға көшетін рух тіршілігі тоқтамақ емес. Фәнидегі керуен - өмірдің бейнесі «есік қаққан» қалыпта өлеңге нүкте болған:
Біз ұқпаған жалғанның
Сіз табарсыз шешімін.
Қағып, күтіп қалған кім,
Ескі өмірдің есігін?!
Ескі өмірдің есігін қағу – түп бастауға құрмет, соған байлаулы ғұмыр әрекеті. Маралтайдың көркемдік кеңістігіндегі сүйіктісінің қара шашы – өзінің қара түсті мұңы тәріздес. Жұлдыз да сол аңсар жанның жанарында жарқылдап ағады. Санасы сағым кезіп сарғайған лирикалық кейіпкердің тасасында тұрған ақын болмысы бірде Көктегі Аймен кіндіктес жердегі Ай болып көрінсе, енді бірде «тарпаң мінезді», «кісі бейнелі, тарпаң жүректі» Кентавр түрінде көлденеңдейді».
«Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіренген жалғыздық тақырыбы өміршең тақырыптардың бірі болып отырғанына жастар поэзиясындағы мазмұндық ерекшеліктерді екшегенде көз жеткіздік. Өмір шындығын ашу, қоғамдағы қайшылықтардың түп-тереңіне бойлау, адам және қоғам байланысындағы қатынастарды барынша шынайы көрсетуге ұмтылған қаламгерлердің бәріне ортақ сауал бар: адам не үшін өмір сүреді? Осындай мәңгілік сауалдың жауабын өз болмысымен өлшеп, өз әрекетімен, өз ортасымен беруге тырысқан лирикалық тұлғалардың, әдеби қаһармандардың бойынан рухани эстетикалық танымындағы өзгешеліктер байқалады. Адам жалғыз қалғанда ғана өзін-өзі табады.
«Тас жүрексің» деп жылайды Күн маған,
«Тасбауырсың» деп күледі Түн маған.
...Алла Адамды жаратқанда балшықтан
Бір түйір тас кетті ме екен қосылып?.. Бұл - мейірімнен ада болып, бауырмалдық құрып бара жатқан қоғамның сұрағы.
Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды,
Тас бауыр тірлік. Тас жүрек тағдыр. Тас – бәрі... Тас тірліктің соңы адамның жалғыздығына әкеп тірейді:
Таңым қашан атады?!
Мезі қылды мына түннің шатағы.
Жатқанымда төсегімде жантайып,
Жалғыздығым қабырғама батады, - деп жалғаннан жанын түсінер жан таппаған Алмас ақынның қабырғасы қайысады. «Жалғызсың деп жазғырған жолдасыма жауап» өлеңінде өз «Менін» қорғап «Жалғыздық – жалғыз досым Құдай қосқан, жалғанда одан артық жолдасым жоқ» деп өз пікірін айтады.
«Жалғыздық – жалғыз досым екен менің,
Тақпаңдар жалғыздыққа бекерге мін». Ақын осылайша жалғыздыққа ара түседі. Адамды жалғыздықтан тек қана Құдай құтқарады, ол жалғыз қалғанда ғана өзінің жалғыз емес екенін, онымен Жаратушы бар екенін мойындайды деген көркемдік концепцияға Алмастың мына өлең жолдарынан кейін келеміз:
Өз ойы мен өзегіне құл пенде,
Өлім жоқта өмір құнын білген бе?!
Құдай деген Жалғыздықтың атасын
Еске аламын жалғыз қалған түндерде.
Махамбетке Ықыластың жасаған сатқындығын мысал еткен Маралтай ақын да жалғыздықтан өзге шынайы достықтың жоқ екенін астарлай жеткізіп, сенер ешкім таппайды.
Көбейіп кенет жалқы боп,
Ере алмай заман көшіне.
Сүйеніп, сенер халқы жоқ,
Махамбет түсіп есіме.
Теңселіп үйге қайтамын,
Батыр боп, кейде ақын боп.
Жалғыздық әнін айтамын,
Жалғыз болмасқа хақым жоқ. (Махамбеттің мүсіні)
Ерлан Жүніс те қазіргі қоғамда адамдар арасындағы достықтың шынайылығын жоққа шығарады:
Бір досым бар еді менің –
Ал оның жоқ екен досы.
Өлең өмірді жырлайды. Бірақ оны түсінер ешкім жоқ:
Көшелер - өлеңнің жолы,
Ешкім де табылмас оқыр.
Лиркалық қаһарман саны бар, сапасы жоқ мағынасыз адамдар тобын:
«Автобус тағы да толы –
Тағы да бос келе жатыр» деп, тұспалдап, қысқа әрі нақтылы әрекет арқылы жеткізеді.
Өзінің әлемде жалғыздығын түйсінген сәтте ақындарымыздың поэзиядағы танымының бөлінуі басталады. «Мұң жоқ менің мұңымдай» деп шарасыз халын мойындаған Маралтай Райымбекұлы «Алладан деп не болса да алдымен» деп өзін сабырға шақырады. Үмітсіздікке бармай, дәстүрлі танымдағыдай өзінің асқақ «Менімен» күреске шығады.
«Қорқытқа ұқсас пішінде,
Шындық өліп ішімде.
Қашып жүрмін өлімнен
Өңімде һәм түсімде». Адалдықты, тазалықты аңсаған жүректі тірідей өлтірер қоғамдағы, адамдар арасындағы қайшылықтан ақын қаша жүріп күреседі, беріле салмайды.
Өзім қорқам Өзімнен,
Не істейін, не қылайын?!
Күн де маған уайым,
Түн де маған уайым.
(Бір көрінші көзіме!)
Уайымды ұстап ап,
Ауызынан ұрайын. Не істерін, не қыларын білмей абдырап тұрған сәтте Маралтайдың қаламына тән күрескерлік рух көмекке келеді. Дәстүр аясын жалғастырушы ақындарымыздың діни сарынға бет бұруының да бір ұшығы осында жатыр. Бар әлемде жүріп жатқан рухани ізденіс, еліміздегі бір қоғамдық формациядан екіншісіне аяқ басуы салдарынан дәстүрлі дүниетанымда төңкеріс жүріп жатқанын әдебиет өкілдерінен байқаймыз. Әлемді қатыгез, қарама-қайшылыққа толы деген пікірді құптаған буын көріне бастады. Өзін-өзі, әлемді жатсынатын психологиялық өзгерістер байқалуда. Қазақ прозасында Әуезов прозасынан, кейін 70-80 жылдары белең алған экзистенциалистік таным бірлігі бүгінгі жаңашыл ақындарымызда көрініс беріп жатқандығын атап өткеніміз теріс болмас.
Тәңірім, осы бір сәттің
Ешқандай жауабы жоқ па?
Мен бүгін – өзіме жатпын,
Бауырмын –
өзіне жатқа! Ақынның жатсынуы жеке басының, жеке танымның мәселесі емес, өз атынан сөйлей отыра замандастар бейнесін, бір-бірінен безінген көпшіліктің психологиясын береді.
Ақын әлемді де, адамды да кінәлап жатпайды. Қоғам адамды өзгерте ме , жоқ адам қоғамды өзгерте ме деген сұрақтың мазалайтыны осы ойынан көрінеді:
Менде еді - әлемнің күнәсі,
Ал менің бар күнәм - әлемде! Әлем күнәһар болса, адамдардың ниетінен немесе керісінше адам күнәһар болса, оны мәжбүрлі еткен қоғам.
...Мен едім сол түні Абылды өлтірген,
Тағы мен мерт болған Қабылдың қолынан..! Адам өзі қалыптастырған қатыгез қоғамның құрбаны дейді.
Қабаттан құлап өлген біреуге қарап тұрған топ оны өлгенше ішкенін жазғырып тұр, бірақ ақын сырттан осы оқиғаны бақылаушы ретінде араласып, өз ойын білдіреді. Жай ғана салқынқандылықпен өлген адамды ақтап алады. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген бұрыннан таңсық емес ойды ақынның жаңаша жеткізе білуі оның дара үнін көрсетсе керек. Оның өлімі – мейірімсіз қоғамға көрсеткен қарсылығы:
Бір топ тұр біреуге қарап,
Қабаттан құлаған биік.
Ол байғұс ішіпті арақ,
Пышақтың жүзіне құйып.
«- Өлгенше ішкені несі,
Ақылдан адасқан болар?!»
Меніңше тым дұрыс есі,
Білмейді олар.
Мейірімсізге өлі жатып,
Қарсылық көрсетер, бәлкім...
Күрделі ойды арқау еткен ақынның тұлғасы да күрделі. Ол өзінің қайшылықтарға толы ортаға күресін асқақтата, айқайлай жеткізбейді. Күйректікке салынып, ажалын күткен бір пенде болып көрінбейді. Суық ақылмен шешім қабылдар, сабырдың, сарабдал сыншының болмысын танытады. Интеллектуалды өлең деп атауға толық негіз бар. Ақынның энциклопедиялық білімі де көрініп жатады. Бірақ хрестоматиялық ұғымдарды тізіп, ділмарсып, философия соғудан да аулақ.
(Жалғасы келесі жаңарымда)
old.jaqsy.kz сайтынан
Қазіргі әдебиет ұраншыл әдебиет болып табылмайтыны мәлім. Бұл да тәуелсіздіктің демократиялық ұстанымдары әперген бағалы жетістік саналса керек. Әдеби үдерісте бұрыннан бері үстемдік етіп келе жатқан реалистік, романтикалық әдістер модернистік және постмодернистік, неореалистік бағыттармен толыса бастады.
Әр ұлттың әдебиетінде көркемдік әдіс, бағыттар, ағымдар әр кезеңде әр түрлі жағдайда өзгеше қалыппен пайда болып, дами бастайды. Қайсыбір әдіс, бағыттар басқа топыраққа тамыр жібермей жатады. Ол тарихи-әлеуметтік жағдай, әдеби-интеллектуалдық орта табиғатына байла-нысты. Мәселен, Абай сыншыл реалист пе? Жоқ, ағартушы реалист пе деген мәселе әлі анықталмады. Бізде рыцарлық (сыңар термин де қабылданбады. – Б.М.) романтизм, сакральды аллегоризм, манъеризм, барокко тәрізді көркемдік бағыт, ағымдар болған, болмағанын іздестірмейміз де. Имажинизм, дадаизм, акмеизм, футуризм, лучизм ағымдары хақында, әрине, ауыз ашпаймыз. Мүмкін, олардың қайсыбір жұрнақтары табылар. Көркем әдеби үдеріс өзге әдебиеттерді қайталау, соған еліктеу міндетін алға қоймаған. Географиялық, экономикалық, мәдени-эстетикалық ахуалдарда тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрдегі айырмашылықтар өз үстемдігін жүргізген. Ол үшін қынжылу тіпті де қажет емес.
Ал, қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль терминдері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үдерісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тәжірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ.
Постмодернизмді қоғамдағы ірі сілкіністер дүниеге әкелетіні белгілі. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары әлем әдебиетінде осындай дүрбелең тудырды. Жаһандану дәуірінің ақпараттық жүйесі арқылы одан өзге халықтың мәдениеті мен өнері жете хабардар болып жатты. Постмодернизмдегі ең үлкен дүниетанымдық ерекшелік – керітартпа романтиктердегі сияқты өзіне таныс өмір сиқынан түңілушілік. Олар айналаны өзгертуге де тырыспайды. Бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті бейтараптықпен, қажыры кетілген, көбінесе өзіне қаратылған ащы мысқылмен (самоирония, тіпті самопародия) топшылайды. Үкім айтуға ұмтылмайды. Сырт қарап қана ілбіп отыратындай. Шын мәнісінде бұл сияқты бет-перденің (маска) ішінде керемет қарсылық тулап жатады. Олардан сыншыл сарын, реалистік элементтерді таба алмаушылық қателікке ұрындырар еді. Өз басымыз, әсіресе, қазақ әдебиеті жағдайында модернизм мен постмодернизмді реалистік әдістің жаңғырған, өзгеше кескін алған, танымастай өзгерген, бірақ түпкі мақсаты алшақтамаған нәсілдік туысы санауға бейімбіз.
Тәуелсіздік дәуірі қазақ халқына зор қуаныш әкелді. Алайда, барлық ұлт, барлық әлеуметтік топтың өкілдері одан күткен олжасын толық қолына түсіре алмады. Табиғатымызға жат нарық экономикасының ауыр талаптары жұртшылық көңілінен шыға бермеді. Ақын Темірхан Медетбек: «Бүгінде өз жері мен елінде Тілім мен ділім Екі бүктеліп Бүкшиіп тұр. Озбыр пейіл мен зұлым пәрменнен Жан-жүрек шошынып Тіксініп тұр» – дейді («Сансыраған хал»). Айқындауыш сөздер таңбаланушы мәдени артефактілердің (тіл мен діл) біршама аянышты халін әсірелеп көрсетеді әрі салдардың себебін танытады. Екінші синтагмадағы эпитеттер субъектіні жасырса да, оны адресаттың қиялмен топшылайтындай мүмкіндігі бар. «Жан-жүрек» неғұрлым жекелік аңсарды білдіреді. Қимыл-сынға құрылған метафоралар бүтін мен бөлшекке тән құбылыстардың орнын алмастыру арқылы бейнелі сурет кестелейді. 9-9-10 жолдан тұратын шумақтарда ырғақ өзгерген, буын сандары 3-8-5-5-4; 5-5-6-4 іспетті тың өрнек түзеді. 5- және 9- тармақтардың ұйқасы екі сөйлемдегі ортақ пікірдің сипаттамасы нәтижесінде тұтастығынан арылмайды. Әдемі мелодика емес, іркес-тіркес, бірақ серпінді дауыс құйылыстары назар ауқымындағы құбылыстардың әсемдік қасиеттен алыс тұруымен сабақтас. Автор мазмұнға қарай пішіндік құрылымға жігер, ыза, наразылық эмоцияларын сыйдырған. Постмодернистік бейтараптық реалистік дәлдік, романтикалық ой белсенділігіне жол беретіндей. Алайда барға көңілі толмау, торығу сарыны өзге көркемдік әдіс, бағыттардағы үмітшілдік интонацияға жақындамайды.
Соларды ойласам,
Санам сарсылып,
Жан-жүрегім
Алақұйын
Дауыл боп кетеді.
Бәрінен безініп,
Төсегіме құласам –
Жамылған мамық көрпем,
Қабірдің топырағынан да
Ауыр боп кетеді.
Әсірелеу шарасыздыққа, бойкүйездікке ұласады. Қоғамда белең алған өтірік, қатыгездік тәрізді келеңсіз психология ақын жанын жаралайды. Қазақ әдебиеті тарихындағы зар заман ақындарын керітартпа (консервативтік) романтизм өкілдеріне жатқызатын. Ал, итальяндық семиотик және постструктуралист Умберто Эконың әрбір көркемдік дәуірдің өз постмодернизмі бар дейтін ойын еске тағы алсақ, Шортанбай, Мұрат жырларындағы ақырзамандық көңіл-күй қазіргі қазақ әдебиетіндегі постмодернистік дүниеқабылдау мезеттерімен едәуір дәрежеде ұштасады. Шортанбайлар, сонда, – постмодернистер болып шығар ма еді. Ал, романтизм өз уақытында модернистік, яғни жаңалықты құбылыс болғаны анық.
Біз, әйтеуір, постмодернизмді табу үшін күреспейміз. Әйтсе де, Т.Медетбек, Ә.Қайран, Т.Әбдікәкімұлы, Ж.Бөдеш, Б.Сарыбай, Б.Қарағызұлы, А.Жатқанбай сияқты, т.б. ақындар шығармаларынан дәл жоғарыдағыдай дүние сырын қорытудағы оқшау көзқарасты аңғарамыз. Біз жан әлемін терең мұңды, нәзік суреттейтін Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов немесе модернизмнің импрессионистік тармағына хас эстетикаға сай жыр толғайтын Г.Салықбаева, М.Райымбек, З.Елғондинова, Ж.Әскербек, Т.Толқын, Ж.Қадырованы т.б. айтып отырғамыз жоқ. Ал, Т.Медетбек, Ж.Бөдеш, Ә.Қайранның мейлінше таза реализм не оның романтизммен аралас құйылымына лайық туындылары да мол екенін жоққа шығармаймыз. Ешбір көркемдік әдіс, ағым, бағыт туралы әлем әдебиетіндегі басым қағидаларға байланып қалудың жөнін көре алмаймыз. Мәселен, Дж. Фаулз өзін реалистпін деп есептесе, зерттеушілер оны модернист, постмодернист қатарына қосуға әуес. Дж.Джойстың модернист не постмодернист екенін ажырату қиын. Ол реалистік стильден ада емес. Постмодернизм ешқашан модернизмді толық тәркілемеген, өзі оның қойнауынан шығып, сондағы стильдік арсеналды өзгеше көру нүктесі арқылы дамытып отырған. Ал, постмодернизм қазіргі уақытта үлкен дағдарысты бастан кешуде. Алдағы көркемдік әдіс немесе бағыт, ағымдар қандай болмақ. Ол белгісіз. Сондықтан теориялық анықтамалар беруге асығудың қажеті шамалы. Постмодернизмді құбыжық көрудің реті болмаса керек. Оны осы дәуірдің бірден-бір көркемдік әдіс, бағыт, ағымына жатқызу да жағдайды дұрыс пайымдауға апара бермесе керек. Мәселе – қандай қаламды не компьютерді пайдаланса да, шындықтың мейіріміне тойып туған талантты дүние жаза білуде.
Қазіргі қазақ поэзиясында тотемдік архетиптердің семиотикалық мәнін бүгінгі шындықты шендестіріп бейнелеуге пайдалану үрдісі қанат жайған. Мәселен Т.Медетбек «Зоопарктегі өлім алдындағы қасқыр» атты өлеңінде арлан қасқырдың қазіргі жағдай үшін әдеттегідей қартайып не ауырып өлу үдерісін терең аллегориялық образға айналдырады. Қатыгез де қайсар аңның түгінен байқалатын күш-қуаттың («болат сымдардай») солуы («шіріген шөптей боп») тарихи уақыт пен кеңістіктің философиялық мәселесіне айналады.
Құдай-ау,
Қасқыр деген
Мұндай өлімге
Көнбейтін еді ғой...
Қасқыр деген –
Қақпанға түссе де! –
Арпалыспай
Өлмейтін еді ғой.
Ақын табиғи заңдылықтардың бұзылуына қарсы. Оның ойынша кінәлі – адамдар. Бұл контексте дала көкжалының өзгелерге қатысты зорлығы емес, Тәңірден тиесілі ерекше қасиеті марапатталады. Марапат кішірейту тәсіліне кереғар бағытта дамуымен қызықты. Бір қасқыр емес, осы тұқымдас нысан ықылым заманалар ауқымында сарапталып, жинақталған нұсқа күйінде толғандырады. Дағдылы реалистік машықтан пішін тұрғысында өзгешелік қарастырылған. Бір-ақ фраза, қандай тұлғада болғанына қарамастан, тұтас тармаққа иелік құрады. Эмоциялық қабаттар жіктеліп, әрбір сөз интонациялық пауза арқылы экспрессивті-семантикалық жігермен қаруланады. Көп нүкте, леп белгісі, сызықша дәстүрлі қызмет атқарса да, ырғақтық реформа тұтқынындағы мағынаны анықтау әрі көркейту мақсатына жегіледі.
Енді, міне,
Соңғы рет
Мына дүниеге
Азуын ақситып,
Көзі қанталап
Жеріп қарады.
Қайран,
Көк бөрінің ұрпағы
Темір тордың ішінде, –
Ұлуға да жарамай! –
Өліп барады...
«Идея» деген бір кездегі сән-салтанатты сөз бетін әжім шимайлағанмен, сырын тастап, сынын өзінен алысқа жібермеген. Сол ұғым қазір де, тіпті, айқын ойды тәрк етуге құмар (сөз жүзінде) постмодернистердің өнерінде де кәрі ененің сыншыл назарындай боп көрегендігін жоғалтпайды. Осы шығармадағы шырмауық жамылған негізгі пікір – қоғамдағы демократизм ұстанымдарының жемісі. Тоталитарлық жүйеде еркін сілтеуге мүмкіндік жоқ еді. Постмодернистердің әдеби бағдарламаларына сай шықса да, шықпаса да, «консервативті» аталған романтикалық дүниетанымның белгілері мына дүниеден айшықты бедер тапқысы келмейтін постмодернистік өкінішке нәр құяды. Ал, оны біз мүлде терістеуден аулақпыз. Өткен дәуірлердің еңсесін биік санап, қазіргінің шаңырағын аласа көру сезімі әр кезде жоғалып кетпейді. Байырғының парасатын жоққа шығару да – рухани мәдениеттің толымсыздығы. Бұл дүниесезінудегі өзгешелік, ойлау стиліндегі тосындық. Оны қателікке қосып, айыптау тұрпайы социологизмнің ауылынан бірақ шығарар еді.
Бәрінен бұрын талант бағалану керек. Автор ықыласы азаттық аңсау мұратымен сабақтас. Ол – мейлінше максималист. Тәуелсіздікті барлық түкпірден табуға тырысады. Дәстүрлі реалистер бұл құбылыстың жан-жақты мәнін түсіндірер еді. Постмодернистік аяда (біз Т.Медетбекті ылғи да постмодернист ретінде қабылдамаймыз. – Б.М.) мәселенің тартымсыз деңгейі оқшауланып, кейде баламасыз шындық есебінде пайымдалады. «Көк бөрінің ұрпағы» концепті күллі түркі жұртының арқасын шымырлатады. Алайда, солардың бәрі дерлік өзін бар құндылығынан айыруға құлықты болмаса керек. Өлеңдегі әсірелеу поэтикасы ұлттық намыс конфедерациясын қалыптастыру үшін еңбек сіңіреді. Кері әсірелеу. Көркемдік шарттылық зор. Зоопарктегі қасқырға «Көксеректің» ерлігі (бұл да шартты түрде. – Б.М.) жетіспейді. Ақындық шеберлікке шәк келтіру қиын.
Негізінен реалистік арнада жыр толғайтын Жүрсін Ерман поэзиясынан да, көк бөрі архетипі төңірегіндегі таңбалық желі бой түзейді:
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау!» деп Сіз бізді аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.
Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!
(«Абай ескерткіші»). Мұнда да бөрі культінің әсері анық байқалады. Ақынның өлең ауқымындағы адресаты – Абай. Мениппеялық диалогты еске түсіретін шартты тәсіл орын алған. Мұнда да бүгінгі күйге көңілдің толмаушылығы шектен шықпаса да, поэтикалық әсірелеуден ада емес. Интертекстік үлгі Абай шығармаларындағы сыншыл мотивпен үндесу заматтарына көмкерілген. Постмодернистерге тән бері мысқыл (самопародия) элементтері бой көтереді. «Қасқырды ему» туралы мифологема ат ойнатып, найза ұштаған қаһармандық дәуірдің келмеске кеткеніне налу сарынын үдетеді. Опасыздық, ұсақтық іспетті осы уақыт пен кеңістікке хас мінездер алыстағы тарихи мекеншақ аясында әспеттелген батырлық, мәрттік, адалдық ұғымдарымен қарама-қайшылық алабына беттейді. Жыр мәтіні көлемінде концептуалдық драматизм шешімін таппайды. «Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі жылап көрісер, ей аға, сіздің ғасырға!» деп шіміркенетін шайырдың қайсыбір бетін бояған шындыққа наразылығы шегінбестей. Әйтсе де, шығармадағы юморлық нышанның өлеңдегі ойындық табиғатпен астасып жатқаны аңғарылады. Қазіргі келеңсіздіктердің әрекеттік, нәтижелік тұрғыдағы бет-бейнесіне тән теріс сипатты эволюция техногенді, индустриялық қоғам салтындағы өрескел ілгерілеумен сабақтас. Қулық пен айла анағұрлым жіңішкеріп, жүзіктің көзінен өтердей қалыпқа түсуі этногенетикалық дағдылардың жаһандық ықпалмен тоғысуынан туған жағымсыз құбылыстарға мегземек.
Қазіргі қазақ ақындарынан постмодерндік ағымға мейлінше жақын тұрған – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Оған өлең құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер.
«Ақпан прозасы»:
Алтын тәжді күн – анау,
Қызыл түкті құлағы неткен ұзын.
Жердің милығына дейін,
Судың құйрығына дейін жеткені шын!?
Күміс тонды Ақпан – мынау,
Ақ тырнақты аязымен алып түсердей
бет терісін!
Алаштың несін айтасың,
Ата тілі отыз тіске қамаулы,
Ата Мекені обалсыздарға тонаулы.
Шүлдірлек көкпегі үшін,
Нан табу мектебі үшін,
Оқалы шекпен үшін,
Қыңсыған көк итке айналдырды, тәңірлік
Көк Бөрісін...
Т.Медетбек, Ж.Ерманмен ортақ мотив «Көк бөрі» тотеміне ғана аңғарылмайды. Әйтсе де, бұл жолы белгілі архетип «көк ит» антиномиясымен толықтырылады. Т.Медетбектегі «Арланға ұмтылған Төбет сияқты Қарға шаншылып Құйрығы ғана қалады»; «Апайтөс иттер Құйрығын бұтына қысып Үре алмай қалды» тақілеттес, Ж.Ерманда «Бәтіңкемді жалатып маң төбетке Маужыраймын маяның қуысында» тәрізді, Әбубәкір Қайранда «Ақ қанденге бәрі ғашық» бұлардың (Төбеттер-ай, аянышты ең не деген!) Құзырына құлап кеткен құмардың Иттер кетіп бара жатыр дәмемен («Иттер») сияқты тармақ, шумақтар логикалық, семасиологиялық қайшылықтардан ірілік пен күйкілік туралы концепт тудырады. Ж.Ерманның «Күзгі жырында» ғана «маң төбет» табиғат идиллиясына ұқсас суретте неғұрлым бейтарап кескінде алынғанымен, үйретінді мақұлық қылығын әр күйлі жағдайдағы субъектілер әрі түрлі қабылдайды. Ит – асыранды, қолға үйретілген, иесіне жағынады. Бұл тұрмыс, шаруа үшін ыңғайлы болғанымен, поэтикалық сана философиясы одан тәуелділік, бейімделгіштік, жасықтық іспетті сан алуан келеңсіздік заматтарын жақтырмауға ықыласты. Осыдан кейін мұндай түсінікте романтикалық эстетика түйірі жоқ деп айта алмаймыз. Қасқырдың анасы – табиғат. Ол – біздің арғы бастауға қатысты ырықсыздық деңгейіндегі тұрақты сағынышымыз. Бөрі – біздің тотеміміз. Адамның ой астарында ұжымдық бейсаналық күй-хикметтер осындай ежелден таныс нысандарға кезіккенде барынша жігерлі кейіп алуға ұмтылады. Ақындар логиканың өзін шарттылыққа бағындырады. Әйтпесе, нәпсі құмары иттердің ғана үлесіне жатпайды. Ә.Қайранның «иттері» нені ұнату түйсігінен де ажырап қалған. Т.Медетбек жырында М.Әуезов «Көксерегіндей» қасқырдың қарсыласы да түр-тұрқы жағынан барынша кесек. Алайда «Аққасқадай» аяулы бөрібасар әдейі еске алынбайды. Аққасқа – сирек құбылыс. Басқа үйретінділердің дала тағысынан жеңілуі заңды. Әдеттегі ит – жаман; ит – жақсы; қасқыр –жаман; қасқыр – жақсыға саятын тезистерден бірінші және төртінші ұйғарым ғана поэтикалық шарттылық заңына сәйкес бөлек шығарылады. Бұл тұжырым осы таңдағы тіршіліктің тарғыл пішінін күйзеліспен жырлау парызына оңтайлы.
Поэзия арқылы көрініс табатын адам психологиясындағы шындық қоғамға тән таңбалық маңызды бейнелеуге тиіс. Әлеуметтік ортаның белгілі бір құрамы осы тұрғыда ойланса, оны бекерге шығару қате. Ақындар тең емес жағдайдағы қасқыр бейнесіне үлкен жүк артады. Бөрінің мейлінше ұнамды қасиетке иеленуі жоғарыдағы контекстерде реалистік дүниетанымнан гөрі дүниені қатып қалған күйде емес, протоплазма қалпында танығысы келетін постмодернистік дүниесезінуге бейімдігімен ерекшеленеді. Көк бөрі архетипі басқа мәтінде өзгеше реңкпен, тіпті патриоттық пафоспен де жырланып жатқанын мансұқ ете алмайсыз.
Постмодернизм үрдісіндегі қазіргі қазақ поэзиясында айналасына көңіліне толмау сарыны бәрінен басым. Лирикалық кейіпкерлер тартысты ғұмыр кешеді. Әлемдегі техногенді заман өзгерістеріне жылы ұшырай алмайды. Байырғы ұлттық құндылықтардың жойылып бара жатуына наразылық күшті. Тәркі дүние соққыларына төтеп беру қиын. Олар жалғанның опасыздығынан түңіледі де, белгісіз бағдарда, уақыт пен кеңістікті сезінбейтіндей жағдайда шарасыздық мұнарына сіңіп кетуге бет алады. Бұл ахуалдың шынайылығын толығымен теріске шығару жасандылыққа, әсіре саясатшылдыққа апарар еді.
Бақытжан Майтанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтыТәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филол. ғыл. докт., профессор.
("Қазақ әдебиеті")