Қазіргі қазақ поэзиясы туралы мәліметтер керек

Қазіргі қазақ поэзиясы

«Поэзия, менімен егіз бе едің!»
М. Мақатаев
Поэзия- ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға шомдырған, ғашық көңілдердің асық жүректерін бір арнаға тоғыстырған не құдірет?... Әрине, ол-поэзия.
Өлең - сөздің патшасы екендігі ықылым заманнан бері айдан анық. Соно-о-у замандағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан бастап, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай атамызға дейінгі һәм одан кейінгі барша ақындар осыны дәлелдеп берді емес пе?!
Абай ата көрсетіп кеткен ұлы жолдың үстімен жүріп, поэзия көгінің ай- қанат қырандарына айналған қаншама ата-апаларымыз, аға- әпкелеріміз бар:
М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин... бертін келе М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, М.Шаханов... Осы аталған ақындардың (аты аталмаған қаншама жыр жампоздары бар) жыр-жауһарларының куәсі ХХ ғасыр.
Ал біз, сапалы білім, саналы тәрбие алып бой түзеп келе жатқан жастар, кімдерді оқып жүрміз немесе қазіргі қазақ поэзиясының арландары кімдер?
Осы сұраққа жауап іздесем...
Менің жас оқырман ретінде өз таңдаған, сүйіп оқитын ақындарым бар. Соңғы үш- төрт жыл ішінде оқыған жыр жинақтарымның арасында көңіліме ұнап, жүрегіме жаққан үлгі тұтар ағаларымның аға буын өлеңдерін өзімше саралап көрдім... (Артық- кемім өзіме).
Серік Ақсұңқарұлы поэзиясының тілі. Өз басым Серік ағамның жырларымен 9 сыныпты аяқтаған уақытта таныс болдым. «Жұлдыздар отбасы» журналынан Алаш ардақтысы М.Шахановтың сұқбатын оқыған ем. Сол сұқбатта ақын аға: ...қазіргі қазақ ақындарының ішінен С.Ақсұңқарұлының: «...Қазақ деген- Кенесары, Денесі- бар. Басы- жоқ.»,-деген шумағы ерекше ұнағанын айтыпты. Менің де жас жүрегіме қатты әсер етті. «Өмір деген- Күнді айналу» кітабын тауып алып оқыдым. Ақын жырларына ғашық болдым.
Қазір- «Адам ата- Һауа ана» (Рух кітабы) кітабындағы жырларға тоқталғым келіп отыр.
«Сұрақ белгісі» деген өлеңінде:
«Естісін халық!
Кім мені келсе сынап көргісі,
Жаныма маза бермейді ес-түсімді алып
Сұрақ белгісі!»,- дейді ақын.
Неге жауап іздейді, ағам? –Бәріне...
Қаншама қырғын не үшін?
Белгісіз боздақ қаншама, белгісіз мола қаншама?
Хиросима?
Бұның бәрі де не? Әрине, жауабы жоқ сұрақ.
«Адам ата- Һауа ана һәм цивилизация» өлеңіне үңілсем.
Сол бір бейбіт уақытта: «Адам ата өмір сүрді үңгірде...
...Һауаның да жоқ-ты алтын сырғасы».
-Ал енді ше? – «Ай қыдырған Аспан деген алаңда,
Құдайлардың төбелесі басталды».
ХХ ғасырда басталған алпауыттар соғысы әлі жалғасып келеді.
Ақын ағамның «Мағжан ақынның 100 жылдығында жазылған өлеңінде»:
«Жүрегімде Көк бөрі,
Ұлиды көп тәңіріне көктегі.
...Қайран жұртың, қазағыңа өйткені,
Мен түгілі сенің сөзің өтпеді.»,-деген жолдар бар.
Қазіргідей сөздің асыл парқын нарық басқан заманда ақынның жан шырылын кім ұқсын? Сондықтан да: «Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі». Жыр- Бөрісі.
О. Сүлейменовке арналған «Мидағы сынақ» өлеңінде «Халық жауы» деп Мағжандай арыстарымызды, таптар мен топтарға бөліп социализмді, қазаққа жат келімсек Колбинді басшы қып сынаған, біздің даламыздағы сансыз көп сынақтармен қоймай миымызға сынақ жасалғанын ашана айтады:
«Миына әзәзіл жіберіп,
Мұқағалидың басын сынады.»
Келесі бір «Ақбайдың Жақыбына ескерткіш» өлеңінде:
«Ақбайдың Жақыбы!
-құл болма!,- деп едің...
-күң болма !,-деп едің...
Не болдық ақыры?
Құл болдық ақыры,
Күң болдық ақыры,
Кеше көр Алашты
Адасқан ақылы...», - делінеді.
Иә, ақылымыз адасып, нәпсінің құлы боп, мәңгүрттеніп бара жатқанымыз шындық. Хош, цивилизацияға ілесіп дамудамыз. Бірақ, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмасақ болды.
«Керең тағдырмен керісте,
демеймін: «Үріп, шайқадым»
Бір иығымда- ПЕРІШТЕ,
Бір иығымда- Сайтаным» («Сайтан мен ПЕРІШТЕ»),- деп басталатын өлеңде Сайтанға арбалған жанның сенделген күйін жазады. Өмірде талай адамдар Сайтан азғырып сандалуда. Өмірде қаншама адам Сайтан сыбырлап Құдайды қолдан жасады. Сайтан түртіп:
«...бауырын- бауыры бауыздап,
Көрлақат болды күллі әлем»...
Махаббаттың өзі...
Осыларды көріп ақын ағам: «Өмірді қалған не істеймін,
Неге үндемейсің, ПЕРІШТЕМ»,-дейді.
Бұл- менің, қарапайым оқырманның, Серік ағаны мақтауым емес (ол кісіні ел баяғыда-ақ мақтап қойған). Осындай атпал азамат- ағаммен мақтану.
Оқыңыздар,сіздер де мақтанасыздар!!!
Жүрсін Ерманның жалынды жырлары
«Бүгініміз- беймәлім
Ертеңімі күмәнды» («Ырғай жыры») заманда қаламын серік етіп, өлең- жырын жаныны көрік етіп жүрген ағаларымның бірі- Ж.Ерман. Жүрсін ағамды кезіндегі ақындар айтысының ұйымдастырушысы ретінде танитын едім. Ендігі уақытта оның «Ырғай» жыр кітабын оқығаннан бері жазба ақын ретінде де мойындадым. Тіліп түсер өткір тілді ақын ағаның жырларын жанымы жақын тарттым. Ұнаттым.
Өзімше сараласам... (әй,бірақ, аға жырын саралайтын мен кіммін?) ...сонда да.
«Бұлантының жоқ бұланы» өлеңі:
«...Бәрі жоқ боп жатқан ұдай,
Берекесіз шақта бұлай.
Иманы жоқ адамдарға,
Иланудан сақта, Құдай!»,-деген жолдармен өріледі.
Қазіргідей «ісіміздің бәтуасы, сөзіміздің тұрлауы жоқ» (ақын өзі айтқандай) уақытта иманынан адасқандар қаншама. Солар емес пе, елге іріткі салып, ошақтарды ойрандап жатқан, аққа күйе жаққан.
Сондықтан да осындай азғындардың сайтани қылықтарына күйініп, ақын жыр төгеді. «Сақта, Құдай!»,-деп жалбарынады.
Ереде бір жас жігіт ақылы асқан қарияға келіп: «Маған Аллаға бастар жолды көрсет, менің сол жолмен жүргім келеді»,-деп қолқа салған екен.
Сонда қария: «Балам, сен әйелді сүйіп көрдің бе?»,-деп сауал тастапты.
Тыжырынған күйде: «Жо-о-қ, мені әйел түк қызықтырмайды, мен тек Алланы ғана сүйемін»,-дейді жігіт.
-«Онда саған ол нұрлы жол жабық,-депті қария,- себебі, әйел затын сүйе алмаған, Алланы да сүйе алмайды»
Осы сынды Жүрсін ағаның:
«Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні- әйелде...
...Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын...
...Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң...
...Әйелмен күнің өлшенер,
Құдайдан кейін-сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.
...Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!»,-деп келетін жолдары бар.
Бұл- әйелді биік көтеру. Өйткені, әйел-жар, әйел- Ана. Ендеше, бұл жыр- Ананы сүю, Ананы мойындау.
«Ер туған жеріне» дейді қазақ. Ақын да туған өлкесін әспеттеп жыр арнайды: бір тауына арша болсам дейді, даламның сарқылмас бұлағы болсам дейді... дей келе, жырдың соңғы шумағында:
«Сенен өнгем өскен ем,
Ей, Туған жер,
Қайта айналып өзіңе кеткім келер»,-деп түйіндейді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сөзбен шешкен шешен халықпыз ғой. Ел мен елді жауластыратын да, жауласқан жұртты татуластыратын да, мұңайтатын да, мұңайған жанды қуантатын да- сөз. Сөз құдіретін «Бәсіре сөз» өлеңінде Жүрсін ақын:
«Аттан жығыл жығылсаң- оқасы жоқ,
Жығылуға болмайды сөзден, балам»,-деп жыр өреді.
Бұл жолдар сөздің парқын түсінгенге мол өнеге.
Осы ойды «Мына заман...» өлеңінде:
«Сәбйімдей мен сені әлдилеймін,
Сен аман бол киелі сөз өнерім»,- деп сабақтайды.
Қаншама асылдарымыз көзі тірісінде елден тепкі көріп күн кешті. Кешегі Қасым ақын баспана іздеп сенделмеді ме? Мұқағали да жанын қоярға жер таппай жын суына жүгінбеп пе еді?... Қазір ше? Олар- ұлы, олар-дауылпаз ақындар. Өзі кеткен соң сөзін ұлықтайды, қазақ.Осы кемшілікті Журекең «Данышпан » өлеңінде:
«Ғайбаттайды ел сені, дуылдайды,
Жырдан бірақ жүрегің суынбайды.
Бар жазығың-тірісің,
өліп кетсең,
Ұлы ақын деп бәрі де шуылдайды»,-деп шырылдап жеткізеді.
Жазықсыз жала құрбаны Міржақып ақын «Оян,қазақ!» деп ұран салды. Жүрсін ақын да:
«Жібімей ме жаратқан жаппар әлі,
Айырмай- ақ қойдың-ау ақ- қараны.
Табағыңа түсетін сыбағаңды,
Тағы біреу қымқырып ап барады.
...-Бастырылып жатырсың, оян, қазақ!»,-деп әлі де маужыраған елді селт еткізбек ниетте.
«Алдаспан жияр болсаң- алмасыңмын»деп қайсарлығын көрсетеді ағам. Осы қайсар ақынның қайсар жырларын мен өзімше тілге тиек еттім.

Қалқаман Сарин поэзиясындағы сыршыл лирика. Махаббат лирикасы- сыбызғы сезімге толы лирика. Абай атамыздың өзі- «Ғашықтың тілі- тілсіз тіл» деп жырлап кеткен емес пе еді?
Күні кешегі, жырын Алаш жұрты мойындаған Мұқағали атамды мен ХХ ғасырдың махаббат пірі дер едім. Сезімге толы әрбір шумағы жүрекке от салады.
Бүгінгі күні өз басын, махаббат жыршысы деп, өзі айтқандай бір күн де мөлдір мұңсыз өмір сүре алмайтын ақын- Қалқаман ағамда айтар едім.
«Ойлаумен тек өзіңді түн де ұзарар,
Сырыма қанып үнсіз жұлдыз ағар.
Мендегі махаббатты оятты ғой,
Сендегі сезім тұнған нұрлы жанар» («Ән сияқты әуезді өлең»)деген шумақтың сыртқы құрылысы, әдемі ұйқасы ғана өзіне еліктірмейді. Сонымен қоса сезім оянып, шабыт бойға сыймайтын түн әлемін жырға қосу арқылы, ғашық жанның нұрлы жанары ақын бойындағы махаббатты оятқанын жүрекке шынайы жеткізе білген.
«Жұлдызды аспаным жымың қаққанда жақын кеп,
Жұлдыздан құрап жазамын өлең ақын боп.
Қалай да, жаным, сені ұмытуға тиіспін,
Ал сағынбауға хақым жоқ...»
Тағы да түн, тағы да мұң...
Қалқаман ағамның өлеңдеріндегі махаббат бөгенайы (символы)- түн бе деп ойлаймын. Бұл шумақтағы мөлдір мұң- сағыныш. Жұлдызды аспан астында ғашық жанның сүйгенін сағынбауға хақысы жоқ. Өйткені ол шын сүйеді.
Келесі бір өлеңде ақын тағы да мұңды жазады. Ол мұң- қоштасу,сүйгенімен айрылысу. Өлең маған ұнады. Себебі- өлеңнің өн-бойы толған сырлы сезім. Ал сезімнің ешкімге ұнамауы мүмкін емес.
Оқып көріңіздер:
«Көлдей тұнық көзіңмен қызықтырдың,
Жүрді сонда жазықсыз жүзіп бір мұң.
...Қоштасар сәт келгенде қимай мені,
Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.

...Ұмыттым.
Бәрі-бәрі ұмытылды,
Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.
Қураған жапырақтай жалған сезім,
Алсам да алақанға үгітілді.

Кездестік қоштасқалы...
Күз. Кешкілік.
Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп.
...Шақырып кездесуге сонда сені,
Кеттім-ау жалғыздықпен жуздестіріп» («Кездестік қоштасқалы»). Жүректі тербейтін жолдар емес пе?!
Бұл- менің оқырман ретіндегі өз ойым. Сіздер қалай ойлайсыздар, достар?
Маралтай Райымбекұлының дауылпаз жырлары
«Тұлпарға мінген Ұлы даланың,
Тарпаң мінезді ұлы»- Маралтайдың «Кентавр» жинағындағы біраз жырға тоқталғым келіп отыр.
«Мен туғанмын ер Мұхаммед өлген күн,
Мен болмасам жүрегімді емдер кім.
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі,
Келеді деп...
Келген ақын, сол- Менмін!»
Ағам, менің бала жүрегімді дүдамал күйден арылтты, дерттен емдеді, жырларымен. Сонысымен де ұнады.
Маралтай «Өмір» өлеңінде:
«Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе.
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем көресімді көрем де»,- дейді.
Бұл не дегені? Бұны түсіну қиын.
Меніңше, бұл- ішкі мұң. Сол мұңнан туған дүние. Әйтпесе ақын:
«Менің жаным аппақ емес, қап- қара» демес еді ғой.
«Муза» өлеңінде:
«Басса да жер дүниені көшкін мейлі,
Сен ғана өлмейтін де, ескірмейтін.
...Құдай мен Құраннан соң бір өзіңсің,
Тұрмайды басқа нәрсе тырнағыңа».- деп шарықтаған жолдар бар.
Ақын Музаны ұлықтайды, жырлайды. Өйткені, Муза- ақын жанының жыр-күші.
Маралтайдың да алғашқы сезімінен сыр шертетін «Алғашқы сезім» (Гүлбануға) өлеңінде махаббаттың ұлы құдіреті қарапайым һәм әсем жеткізіледі.
«Мен сен үшін батыр болғам сол кезде,
Мен сен үшін ақын болғам сол кезде » деген жолдар бар. Расымен де махаббат не істетпейді. Сонымен қоса:
« ...Өзгелермен ойнай қалсаң қызғанып,
Өтуші еді жүрегімді мұз қарып.
Бар баланың мұрнын бұзғым келетін,
Қызғаныштан туып кейде қызбалық ».
Еріксіз күлкіге ерік бергізеді (J).
Ал тереңінде қызғаныш деген асыл сезім. Қызғаныш махаббатқа жол ашады. Ең таза сезім (өз ойымша), қызғаныштан туған сезім.
«Тауықтың ары тарымен бірге,
Шашылса тары шашылар» («Ар»)
Осы жолдар тауықша күнелтетіндердің намыссыздығын аңғартады.
«Аққудың ары жарымен бірге,
(Жарына ғана бас ұрар)»,- деген жолдарда аққудай адал жүректілердің һақ жолы аңғарылады.
Есектей тек қарнын созуды ғана білетіндер мен тұлпардай хас жүйріктерді, Күнге де қасқайып қарайтын қыран көзділер мен қарғаша құрт шоқып өмір сүретіндерді салыстыра жырлайды.
Соңында: «Шаладай бықсып жалғасып жүрер,
Өсек пен соры соңында-
Ақынның арын Алласы білер.
Ал сенің арың қолыңда!»,- деп түйіндейді.
Жұмыр жердің үстіндегі адамзат әлемі мен Муза һәм жырдан тұратын ақын әлемі мүлде екі бөлек дүние. Сондықтан да, Ақынның ары Аллаһ тағала сыйлаған шабытта болса, біздің арымыз өз қолымызда.
Маралтайдың дауылпаз жырлары осындай. Ақын аға «У қайтару» өлеңінде:
«Көк байрақты қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез»,- деп жыр төгеді. Ендеше жалынды ақындардың отты жырлары барда ҚАЗАҚ қырандай қалықтамақ.
«Жас ақындар жырының анталогиясы». Бұл кітапты мен 9 сынып оқып жүргенімде, қазіргі жас ақындар кімдер екен деген қызығушылықпен оқыған едім. Кітапқа қазіргі жыр патшалығының 45 ақынының өлеңдері енгізілген. Кітап алғысөзін ақын Ұ.Есдәулет жазған. Жинақта Ұлықбек ағаша айтар болсам: «Қазақ өлеңінде болашақ бар ма?» деген сұраққа жауап табылады (Егер сенбесеңіздер оқыңыздар!). Мен өзімше жазамын. Алаш ардақтысы М.Жұмабаев сеніп өпкен: «Арастандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты» жастардың жырлары бұлар.
Жас ақын Нәзира Бердалының бала күнін ойға алып, бойжеткен шағынан қиял тербеп балалықтың ауылына сапар шеккен өлеңі:
«Ей, самолет, самолет,
Алматыға ала кет!
деп жүргенде,
Осы біздер бала ма ек.
...Самолеттен ала кет деп сұраған,
Алматыда жүрмін мен...
...Ей, самолет, самолет!
Балалығым сапарда,
Қай жерде екен айтып кет!»
Ақын балалығын осылай сағынады. Осы ойды, ауылға деген сағыныш сезімін:
«Сағынып келем жып-жылы жаз ауылымды,
Алматының қар басқан көшелерінде» деп толықтыра түседі.
Келесі бір жас ақын- Бақыт Беделханұлы. Мысалға, «Солай бәрі болу керек» өлеңін алатын болсам: «Өрт боп жанған махаббатым аман бол,
Өшер кезде ешкім маған от бермес».
Осы жолдарда ақын ұлы күш- махаббаттың жалынын анық аңғартады. Махаббат от береді, маздатады. Тағы бір ерекшелік, өлеңнің бірінші (ө), төртінші (е) шумақтары ассонансты пайдаланып, ал екінші (л), үшінші (м), бесінші (с) шумақтары аллитеррация тәсілін қолданылып жазылған. Және де сол басқы әріптерден құралған сөз: «Ө Л М Е С»... Иә, бұл жалынды жырлар өлмейді, мәңгі!
Осы ойды «Мәңгіліктер» өлеңінде былайша сабақтайды:
«Мәңгіліктер...
Мәңгі өлмейтін жаныма жаңғырып кел».
Бұл жанның мәңгі өлмеу себебі, ол- ақын жаны.
«Қаршадайынан тақымын тайға бекіткен,
Ғұмыр бәйгенің өзімше шабандозы едім...
...Көмбеден күткен тілеулес жұртым секілді,
Тақымын қысып ажал тұр ма екен алдымда?!» («Шабандоз жастық»). Осы жолдар ақын Дәулеткерей Кәпұлының шумақтары. Расымен де өмір- бәйге, өмір- аламан. Сол аламанда әркімнің өз жүлдесі бар. Көмбеге дейін қаншама қиындық, қаншама талас- тартыс... Барар жер бір... Ол- мәңгіліктің мекені.
«Қайда кетті бөрілі елім, сол заман» өлеңінде түтіні түзу ұшқан, Көк Тәңірісі қолдаған жұртымыздан:
«Тәңірідей табынатын тектілік!
Ағалардан табылса-
Біз де, ұрпақ, бақыттымыз күні ертең»,-деп ой түйеді.
Айта кетер тағы бір ұлы күш- қыз махаббаты. Ол- сүйеді. Шын сүйеді. Қыз сезімі пәк, таза. Оны ақын Танакөз Толқынқызы дәлелдейді:
«Қайыңға, діңге, тірекке,
Жапырақтарға- дір етпе,
Кеудемде соққан жүрекке,
Атыңды ойып жазамын.»
Танакөздің «Қатыгез ғасыр» өлеңіне үңілсем. Қатыгез ғасырда қатыгез жүрек қаптаған. Қатыгез ғасырда біреуді- біреу таптаған. Бірақ ақан осы қатыгездікке мойынсұынбайсы. Былай дейді:
«Қатыгездікке беріле көрме, ақ қалам,
Бермесе қойсын бақ маған...»
Жоғарыда айттым ғой. Қазіргі қазақ поэзиясы жаңарып келеді, түрленіп келеді. Анталогияны оқыған соң оған менің көзім жетті.
Р.S. Бұл мақалада айтқым келгені: «... қазіргі қазақ поэзиясы кешегі Абай атамыз салып кеткен сара жолдан еш тайған емес, Абай атамыз қалап кеткен сол биіктен әлі түскен жоқ».
Менікі жай ғана ой тастау.
Оқыңыздар!
Көздеріңіз жетеді.
Мен де кешегі ақиық ақын Мұқағали айтқан «Сайтан баланың» бірі едім. Ұзын- сонар жыр көшіне ілескен жайым бар. Жүректен шыққан жырларды ақ параққа түсіріп жүрмін: Поэзиям- өмірім...
Ақын ба көкке құлаш сермемеген,
Сезімін ақша бұлттар тербемеген.
Тағымнан да түсірген осы өлеңім,
Шығарған мені қайта төрге де өлең.

Алыстарға апарған алтын өлең,
Жетелеген бабамның салтыменен.
Қызыл қаннан жаралса бір бөлігім,
Қара өлеңнен жаралған жарты денем.

Поэзиям, өмірімнің гүлі де мен,
Жанымның Күніде сен, түні де сен.
Артық етпес қол жетпес айға ұқсатсам,
Артық етпес жүректің нұры десем.

Поэзия, сен менің шамшырағым,
Алла берген бармақтай тамшы бағым.
Зор қақпасын өмірдің ашқан жаңа,
Жүрегіме НҰР болып тамшыладың.

Өрлікке үйретеді өлең ұлды,
Жайнатып- жайқалдырды желегімді.
Мен өзіңнен тауып ем іздегенді,
Мен өзіңне алып ем керегімді.

Жайқала бер бүр жайып гүл- өлеңім,
Шуақ шашқан талайға Нұр- өлеңім.
Сен менің ең ардақты байлығымсың,
Поэзиям- өмірім,
Жыр- өлеңім.

Қолданылған әдебиеттер:
1. Ақсұңқарұлы С. «Адам ата- Һауа ана». Алматы: Қазақстан, 2000 ж.
2. Ерман Ж. «Ырғай». Алматы: Баспалар үй «АҚ», 2010 ж.
3. Қ.Сарин өлеңдері.
4. Райымбекұлы М. «Кентавр». Алматы: Жалын, 2008 ж.
5. «Жас ақындар жырының анталогиясы». Алматы: Өлке, 2000 ж.

Қазіргі қазақ поэзиясы

Бір күй бар...
Халқымыздың тамырын тым тереңдерден алатын төл өнері, әдебиетін сөз еткенде ерлік пен қаһармандыққа толы, ізгілік пен парасатқа бай шежірелі дәуірлердің тұтас картинасын көрер едік. Көне дәуірлерден бастау алатын ұлы мұраларымыз, тасқа қашалыпбасылған теңдессіз құндылықтарымыз , қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі телегей теңіздей жыраулар поэзиясы - әлем әдебиетіндегі шоқтығы биік жауһар дүниелер.
ХІХ-ХХ ғасырлардағы ғажайып әдебиетіміз небір ұлы тұлғаларды тарих сахнасына шығарды. Осы ұлы тұлғалар ұлттық сөз өнерімізді айрықша биікке көтеріп, ұлттық әдебиетімізді жасады. Бүгінгі таңға дейінгі туып, қалыптасып, өркендеген руханиятәлемі, сөз өнері әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиеттану салаларында жан-жақты зерттеліп, әр қырынан қарастырылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымыз жаңа көзқараспен зерделеніп, әдебиетіміз қайта таразыланды.
Осы жылдары өмірге келген көптеген туыдылар оқырман қауымнан өз бағасын алып, әдеби айналысқа енді, ғылыми бағасын да біршама алуда.
Ал, біздің мақаламыздың арқауы – ХХІ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы болмақ. Ұлттық поэзиямызда Серік Ақсұңқарұлы, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, т.б. ақындар нағыз шығармашылық кемеліне келіп, өлең әлеміне сүбелі үлес қосып жатса, осы ақындардың үлгі-өнегесін алып, ізін басқан жас толқын туралы байыпты, салмақты әңгімелер әлі айтыла қойған жоқ.
Тәуелсіздік таңы атып, қазақ поэзиясы жаңа соқпақ , тың сүрлеуге түскен жылдары әдебиет айдынына Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әмірхан Балқыбек, Әділ Ботанов, Роза Қараева, Талғат Ешенұлы т. б. қалам қарымымен танылған тегеурінді толқын келді.
Дәстүр жалғастығы мен рухани сабақтастық - әдеби үрдістегі айнымас фактор. Осы қуатты лекпен бір заманда жасасып, бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқан, ізін өкшелеп, жолын жалғаған әдеби орта – ХХІ ғасыр ақындары, яғни шығармашылығы ғасырымыздың басынан бері жарық көріп, тырнақалды жыр жинақтары көпшіліктің жылы ықыласына бөленгендер. Бұл ақындардың қатарына Танакөз Толқынқызы, Руслан Нұрбай, Алмас Темірбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Ақберен Елгезек, Құралай Омарова, Қалқаман Сарин, Рахат Әбдірахманов, Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Жүніс, т.б. жатқызамыз. Таланттардың жұртқа танылып, жаңа есімдердің ашылуына республикалық деңгейдегі түрлі кеңестер, форумдар және облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының үлесі аса зор болды. Мыңдаған жаса есімдер ашылып, көптеген талантты жастың жыр жинағы жарық көрді. Ғасыр басындағы қазақ поэзиясының тұтас бір көркемдік сипатын жасау, аяқ алысын аңдап, бағыт-бағдарын бағымдау қазақ ғылымы алдындағы үлкен жауапкершілік артатын аса күрделі міндет болғандықтан, біз белгілі бір аймақтың қазаққа танымал болған ақындарының шығармашылығына ғана шолу жасамақпыз. Атап айтқанда, Қарағанды облысында туған, халықаралық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпаздары атанған аса талантты ақындар Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахманов.
Руслан Нұрбай 1974жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. ҚарМу-дың журналистика факультетінің түлегі. 2001ж. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2004ж. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Әр түрлі деңгейдегі бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. 2009ж. «Жалын» баспасынан «Ыстыбұлақ» атты алғашқыжыр жинағы жарық көрді.
Руслан ақынның өлең әлеміне үңілсек, поэзия табалдырығын аттағаннан бастап, бүгінгі кемеліне келген шығармашылық өміріне дейін не жырласа да, өз үнімен, өз қолтаңбасымен қаламын сөйлетуге ұмтылған ізденгіш талаттың ізін көреміз.
Жалынды ақын сөз өнерін айрықша қастерлеп, әр сөздің астарынан әдемі әсер мен терең ой таба біледі. Оның «Әріп пен ұғым» өлеңінде қазақтың әрбір қасиетті сөзі ғажайып ұғымға ие болып, сөйлей жөнеледі.
Көз алдымда зымырайды елік-күн,
Елік-күнге мен қалайша еріппін?!
ЖАН деген бір үш әріп кеп ғайыптан,
ӨМІР деген төрт әріпке еніппін.
Содан бері бұлдырайды сағым-күн,
Сағым күнде сабылумен жаным жүр.
АНА деген үш әріпке жаутаңдап,
БАЛА деген төрт әріпті жамылдым,- деп басталған өлеңде ӘКЕ – ДАЛА кеңдігінің символы болса, лирикалық кейіпкер АРУ-ды арман деп, СҰЛУ-ға сүйсінеді, кей кезде ДОС ТУЫС-тан да жоғары болатыны, Жыр-ға ғашық жүрек АҚЫН-дыққа бас иіп өтетіні, сол өнерге іңкәр көңіл үшін ЖЕР бетінде ӨЛЕҢ-нен артық қасиет жоқтығы – біз білетін, білсек те, айта алмаған, Руслан ақын тауып айтқан тегеурінді ойлар.
... Ғажап шақтың өтеріне ой салмай,
Ой сала алмай, тентектіктен тайсалмай
АҒА деген үш әріпке жетіппіз
АҚЫЛ деген төрт әріпті айта алмай.
Өлең осылайша салмақты оймен, әдемі түйінмен аяқталады. Өлеңнің өн бойында қастерлі ұғымдар жаңа реңкке ие болып, тың әсерге ие болады. Теңдіктің, ізгіліктің, тектіліктің, сұлулықтың, өлмейтін өнердің тұңғиық сырларынабойлағыңыз келеді.
Ақын қарапайым пенденің қабылдауына жазбаған бояуларды көреді, дыбыстарды естиді, құбылыстарды әлдебір түйсікпен сезеді. Сондықтан да оны Алла ерекше жаратқанына иланасыз. Дәлел – оның жүрегінен төгілген қасиетті сөз.
«Тық-тық тірлік» өлеңі – тірліктің тамыр соғысын тыңдаған, тылсым құбылыстардың сырын түйсінген сезімтал ақын жүректің жемісі.
Іздейтін кезде жаным махаббат,
Мұңлы ойдан кетем құтылып.
Жүйкемді жеді-ау қабырға сағат
Тынымсыз осы тықылы.
Көшеге шықсам тым аппақ өңді,
Бір жан жүр билеп бөксесі.
Тықылы тағы құлаққа келді,
Тас жолға тиіп өкшесі – деген жолдарда тіршіліктің қалыпты динамикасы өмір философиясының тіні болып көрінеді. Аз сөзге терең мағына сыйып тұр.
... Шегі жоқ ойлар шырмалып ақыр
Кірсем де сонау жасыл бақ.
Тірлігі үшін тырбанып жатыр,
Теректі тесіп тоқылдақ.
Жанымды мұңнан аршып алып бір
Көктемнен келген жыр күттім.
Тықылдап жерге тамшы тамып тұр,
Тамырын соғып тірліктің.
Үтірсіз уақыт, үркемін анық,
Тық-тықтан мынау жалықтым.
Бөлмемде жатсам бүркеніп алып,
Сол үнмен кеудем қағып тұр...
Тіршілік тынысын, өмір ағысын жан дүниесімен түйсінген ақын жүрегінің дүрсілін естігендей боласыз. Әр құбылыстан үлкен ой түйетін тегеурінді таланттың «Темір – Ғе» өлеңінде осы «темір» сөзінен туындайтын терең мән – мағына алуан қырынан жарқырай ашылады.
Периодтық тақтаны әлем біліп,
Химиядан кетіп ем дәмем құрып
Менделеев марқасқаң білді ме екен
Болатынын темірге тәуелділік.
... темір қақпа ашпады ұрғыладым,
Темір шүмек бұрасаң тұр бұлағың
Ыржиады нән аға темір тісті
Темір торда қаншама құрбыларым – деген шумақтардан заман тынысы, қоғамның ащы шындығы ақын жанынан тыс өмір сүрмейтінін айқын сезінесіз. Осындай ойларды өрбіте келе темір шынжырдың қолға да,аяққа да емес «сұп – суық боп санаға түсіп кеткендігін» ашына жырлайды.
Руслан Нұрбай поэзиясы - аз сөзден үлкен мағына тудыратын тауып айтатын, қазып айтатын өршіл пафоспен жырланатын, азаматтық позициясынан танбайтын отты поэзия.
Бүгінгі таңдағы әдебиет өлкесінде жұртшылыққа зор талантымен танылып, қалам қарымымен қазақтың қасиетті өнеріне қомақты үлес қосып келе жатқан ақын, прозаик Серік Сағынтай Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 2002ж. «Шабыт»
Халықаралық фестивалінің лауреаты. (әдебиет номинациясы, проза) 2005ж. «Зерде» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты республикалық жыр мүшәйрасының бірінші жүлдегері. Ақынның 2007ж. «Жазу», 2009ж. «Фәни құс» атты жыр жинақтары жарық көрді.
Өлең әлеміне құлаш ұрған шақтан бастап-ақ Серік ақынның өзгеге ұқсамайтын өзіндік ой әлемі, өзіндік сөз өрнегі, өзіндік тіл нақышы бірден байқалды. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де, тебіренісі тереңдікпен астасып, өзіндік түйін жасайтынын аңғару қиын емес. «Қазақ» өлеңінде:
Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!
Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім.
Егесіп екі кештің арасында,
Сүргінге сүрең салып тарттым дедім.
Кіреуке кілбің кілкіп кірпігімде
Қосып бір құмай күнді түлкі іңірге.
Түтігіп тебінгімді тер шірітіп,
Күңіреніп күнге жорттым күн түбінде...,-дейді ақын.
«Күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінген, арыстандай екі бұтын алшайтып, жолбарыстай шұбарды таңдап мінген, пышақтан малы кетпеген, қазаны оттан түспеген»мырза қазақтың, мәрт қазақтың, жауынгер қазақтың рухын іздейді ақын.
... Күрсінді ол осыны айтып ақырғы рет,
Содан соң соқпай қалды батыл жүрек.
Түрткілеп ердің тәнін арғымақ тұр,
Жапанға ымырт-тарих жатыр түнеп,-деген жолдардан, «ердің тәнін түрткілеген арғымақтың» ғажап образы арқылы келмеске кеткен ірілік мінезімізді, бекзат болмысымызды іздегендей боламыз.
«Бейбарыстың елге оралуы»атты өлеңде де осы тақырыппен өзектес биік мұратты, асқақ арманды идеялар айқын аңғарылады.
Жолына басты тігіп һақ Тәңірдің,
Боз таңда мақпал қара атқа міндім.
Бозаңға боз жусандай бұрлыға өсіп,
Көктемде көк Ніл болып ақтарылдым.
... Беріш-мұң көкірекке шемен байлап,
Егілсем, еңсе кермес емен-қайрат.
Көзіме боз жусан боп елестейді
Боз таңда шық тұнатын ежелгі аймақ, -деп, ақын жаужүрек бабамыздың туған жерге деген махаббатын «боз жусан» символикасымен астастырады!
Жалпы, туған жер, туған ауыл тақырыбы Серік шығармашылығында сағыныш, қимастық сезімімен өріліп, бүгінгі жай-күйіне алаңдаған өзекті проблемаларға ұласып отырады. «Ескі жұртта» өлеңі осыған дәлел:
Біздің ел қонған боз дала мынау,
Бөздей боп тозып кеткен бе-ей?!
Боз самал соқса, қозғалады қау,
Мұңлы бір әуен өпкендей.
Жол жатыр, әне, қайыс таспадай,
Соңғы көш өткен бұл жермен.
Қабырғам оған қайыспас қалай,
Шөп-шөлкем жауып үлгерген.
Қаңыраған ескі жұрттың суреті көз алдыңа келіп, көңіліңе еріксіз мұң ұялайды, «бөздей тозған боз дала», «шөп-шөлкем жапқан жол»суреттері-ақын тілімен айтқанда, «уақыт- дүлейдің» құрбандары.
Өлең:
Жанымды бір мұң үңгиді жұртта,
Сүңгимін көзім жасына.
Молалар ғана мүлгиді ымыртта,
Бір-бір Ай қадап басына...-деп аяқталады. Міне, өз өмірін туған жер тағдырынан тыс алып қарамайтын сезімтал ақын жүректің лүпілі осындай.
Серік ақын шығармашылығындағы шоқтықты өлеңнің бірі - «Жазу». Ақын Маралтай Райымбекұлы «Жазу» кітабына жазған алғысөзінде былай деген екен:
«Жазудан опа кім тапқан?! Сонда да жазып жатыр. Жаза береді. Жазу о баста бір-ақ рет жазылған. Оған Алланың қолы қойылып, мөрі басылған. Оны қазақ Тағдыр деген...» Сонымен, өлеңге назар аударалық:
Кеудемді көмкерген арманмен,
Ақтарсам бола ма қажеті?
Есімде мектепте, балдәурен,
Содан соң...
Қабырға газеті.
Айына бір рет шығатын,
Парағы болса да-бір дана.
Ел жоқта жайлап кеп тұратын
Өз-өзін оқуға бір бала...
...Есте доқ балалық өлеңі,
Өлең көп, өнбеген ісім көп.
Сол ұл тек түсіме енеді,
Қағаздан қатырған мүсін боп...
Кеудемді көмкерем арманмен,
Өртенем түсімді түсінбей.
Жалғасып кетемін жалғанмен
Өзім сол қатырма мүсіндей...
Өнер тағдыры, өлең өміршеңдігі, сөз құдіреті, адам-қоғам ара-қатынасы-бәрі-бәрі Алласы өмірін өлеңге айналдырып жіберген ақын жүректің ажырамас бөлшегі болып кеткендігі анық. . Сондай ұстаным-Серік ақынның да айнымас кредосы.
Серіктің «Бұқпа өзені» атты өлеңі бір кездері арнасына сыймай шалқып аққан, бұл күндері қала астымен ағатын арыққа айналған Арқа өзенінің тағдырын сөз етеді.
Шулы шаһар астымен тынып ағып,
Толқи алмай, ыңырсып, ыңыранып.
Жатыр Бұқпа көктемде көсілместен,
Тас қаланың бауырына бұғып алып
Толқынымен толқыны табыса алмай,
Кемел жұрттың көшімен жарыса алмай.
Жатыр Бұқпа бұқпантай бір күй кешіп,
Кеудесін құрт кеулеген кәрі шалдай, -деп тебіреніп, «өкпесін өркениет тоңы қарыған»өзен тағдыры өзегін өртеп, өкініш пен мұңға оранады.
...Жатыр Бұқпа толқыны жарға ұрынбай,
Зар кешіп запы болған зарлығымды-ай!
Қалаға тап-таза боп енген бұл да
Менің дәл он бес жасар тағдырымдай.
Өлеңді түйіндеген осы жолдардан кешегі күннің тәтті елесі, бүгінгі күннің трагедиялық ахуалымен қатар адам жанының экологиясы да сыр ұшығын аңғартқандай.
Серік Сағынтайдың шығармашылығына тән ерекшелік-табиғаттағы түрлі бояуды өзінше қабылдап, тылсым дүниенің сырларына терең үңіліп, өлеңіне өзекті ой мен әдемі астар дарыту. Тіл бедері де бөлекше, стиль де оқшау. Ақынның әлі талай мықты дүниелер тудырарына көңіл сенімді.
Қарағанды облысының тағы бір дарынды перзенті-Ақтоғай ауданының тумасы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университеті филология факультетінің түлегі, облыстық һәм республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты Бағдат Мүбәрак.
2009жылы «Жалын»баспасынан жарық көрген «Құсни хат» атты тұңғыш жыр жинағында Алаштың әйгілі ақыны Серік Ақсұңқарұлының мынадай алғысөзі жарияланған:
«Жалын жұтып, шоқ шайнап, отқа кірдім...» деп бастапты жас ақын алғашқы өлеңдерінің басын. Бірден ұнады. Айтары бар алтын айдарлы ақын екені көрініп тұр. Мен бұл баланың әкесін де білуші едім. Ол да «жалын жұтып, шоқ шайнап, отқа кірген»азамат еді. Сол тектіден бір тұяқ қалыпты. Мен соған қуанып отырмын»-дейді.
Жасынан өлең өнеріне іңкәр болған жалынды ақынның қай өлеңін алаңсыз да, ешкімге ұқсағысы келмейтін даралыққа, өз биігіне ұмтылысын аңғару қиын емес. Жауапкершілігі аса зор, қызығынан азабы мол өнер жолына алғаш қадам басқан сәтінен-ақ Бағдат ақын өз бағдарын айқындап, мұратын анықтап алады.
Жалын жұтып, шоқ шайнап, отқа кірдім,
Беймаза күн айтпаймын тоқта бір күн.
Жүрегімді құнысқан оққа бұрдым,
Асыққам жоқ орнына жоқ қабірдің.
...Қайратымнан қамсау жоқ құсаланып,
Түршіктірді заман да түсі аларып.
Жосын ізбен келемін жолымды іздеп,
Түбінде бұл баланың ұшары анық!-деп, өзін алда күтіп тұрған адуынды сындарға, азап пен қиындыққа дайындайды, қайратын қайрайды, шабытын ширықтырады.
Оптимистік леп сезіледі. «Бақ» өлеңінде:
Қолда қалам, төс қалтамда ақ қағаз,
Мені осы жүр дейсің бе оңып бір?
Қауақ басым құйтақандай баққа мәз,
Себебі, олар дертке дауа болып тұр.
...Жалғыз ғана дәнекерім жасыма,
Сақау ғұмыр түсініксіз.
Сорың көп.
МУЗА-деген бақ қондырған басыма,
Қалғанына орын жоқ!, -деп жырлап, өмір қандай сынақ ұсынса да, МУЗА-ға, яғни өлеңге адал болатындығын қалтқысыз сеніммен айтады.
Ақын шығармашылығында туған жер, туған ауыл тақырыбы өзіндік тілмен, перзенттік махаббатпен жырланады:
Томағасын сыпырған тұғыры аңыз,
Ақсораң деген тау бар, шыңы-жар-құз.
Қомданып талай қыран қанат қаққан,
Ақсұңқардың ұшпаған ұлы жалғыз.
...«Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың»,
Қыз мұңайса, басады ұлды уайым.
Шашеке,
Шақшамыз бос,
Ақшамыз жоқ
Бізді де оңдырған жоқ бұл Құдайым.
...Мекені әнші, күйші, кемеңгердің,
Шайырға шер де қосып, шемен бердің.
Бір шетін жырлауыма тіл жетпеді
Дәуітәлі «Жұмағым»деген жердің!
Бұл жолдарда ауыл-анаға еркелеген, назы мен мұңын ақтарған бала көңілдің сыры да бар сияқты.
Бағдат туған өлкесіндегі сүйікті Тоқырауынын, Ақсұңқарұлыша айтсақ, кезінде «өзегі салт аттыны өткізбеген»арналы өзенін жырлағанда, оның бүгінгі тағдырына қабырғасы қайысады, туған еліне базына, назын ақтарады.
Тоқырауын, қайтейін, құмға сіңген,
Көрісетін түрің бар бұл ғасырмен.
Қоспас енді айырса мына тағдыр,
Қоштас енді Шатырша құрдасыңмен.
Лас ауа, қайырымсыз лас қоғам,
Мезі болдың, қажыдың рас содан
Есінеген енжар ел есін жияр,
Жібермейді-ау айқай сап бір Ақсораң, -деп қоғамның ащы шындығын ашына айтып, ақын көңіл тыншымай аласұрады. «Енжар елден» әлдебір үміт күтіп, табиғаттан медет сұрайды.
...Үмітімді дәрменсіз үзді дәуір,
Жосалы тау күрсініп мызғыды ауыр.
Таңқалмаңыз тәкаппар Шатыршаны,
Көтеріп кетсе егер күзгі дауыл
Бас аман болсын-дейді біздің ауыл, -деген жолдар жосалы таудың күрсінісі мен жоқтаушы ақынның күйінішін бір арнаға тоғыстырғандай.
Бағдат Мүбәрактың махаббат лирикасында сырлы, сұлу сезімге табиғат та тілекші болып отырады. Мәселен, «Қаршадай қыз» өлеңінде:
Қаршадай қыз.
Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз
Бірімізге айта алмай сырымызды
Түк таппаған адамдай тал санаймыз, -деп басталып, өлеңнің өн бойындағы албырт сезім, тілсіз ұғысатын тылсым сыр жан дүниеңді еріксіз баурап, өзінің пәктігіне иландырады.
...Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,
Сонда бізді табиғат тек түсінген.
Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,
Найзағай да суретке көп түсірген.
Ғашықтармен тағдырдың арбасқанын,
Аңғардың да түсіндің алғаш, жаным.
Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,
Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?-деген шумақтар лирикалық кейіпкер-«қаршадай қыз»-табиғат үштігінің көрінісін, сезім суреттерін көз алдыңызға әкеледі.
Бағдаттың «Мезгіл», «Алматының аруы», «Элегия», «Қиялдағы ару», т. б. өлеңдері-сезім қылын шертетін, ең асыл армандарды оятатын сырлы лирика.
Бір айта кететін жайт, ақын шығармашылығында жіктік жалғаулы сөздер(-ды, -ді)өте жиі тиянақсыз формада ұшырасады. Мысалы(« Бұл Алматыға ұқсамайд мүлде болмысы», «Әрине оған барғым келмейд жүкпенен», «Неге құнттамайд сыңарын таныса жүрек», «Уақыт пен жүрегім бірдей қағад», т. б. ) Бұл өзіндік мәнер боп қалыптасқан сөз саптау ма, әлде стильдік кемшілік пе, осы мәселені ойлануымыз қажет сияқты.
Бағдат ақынның жазғаны-мазмұнды, жазары әлі көп. Ол не жазса да, оқыстан әдемі шешім тауып, соны ұтқыр жеткізеді. Юморлық, ирониялық оралымдар да ақын поэзиясына әсерлі реңк үстейді.
Қарағандылық тағы бір дарынды жас ақын Рахат Әбдірахманов 1979 жылы Қарқаралы ауданы, Тоқтар ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің түлегі. 2001-2008 жылдар аралығында бірнеше облыстық ақындар мүшәйрасының және жас қаламгерлер форумының жүлдегері. «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты.
Рахат шығармаларының басым бөлігінде сезім иірімдері, көңілдің алуан күйлері жырланады. Осы бір ғажап лирика ақын жүрегінен әдемі сурет боп төгіліп, сырлы да сұлу өзгеше бір әлемге жетелейді. Оның «Түнмен сырласу» өлеңіне назар аударайық:
...Мұңды күз. Түнгі бос қала
Иесіз қалған мұңды бақ.
Тұнжырап қалған үйшіктің
Шатыры шалқып тұр жылап.
Мендегі мынау шаттықты
Бөлісер бүгін біреу жоқ,
Хабарсыз кетті құстар да
Оңтүстік жаққа жылжып ап.
Майқұдық бүгін біртүрлі...
Қараптан қарап қайғырып,
Ай бұғып жатыр бүрісіп,
Жанарын жерден тайдырып.
...Әп-әйбат жүзің бұлт құшып,
Не болған бүгін сиқыңа,
Қаймығып жатқан арудай
Абыройынан айрылып.
Ғашық боп қалып, түнмен сырласқан лирикалық қаһарманның мұңын бөліскіңіз келеді. Психологиялық параллелизм арқылы өрілген шымыр шумақтардағы салмақты ойлар сіздің көңіл түкпіріне де көңілсіз сұрғылт күзді әкеп орнатқандай болады. Бірақ сол сұрғылт суреттер ақын жанына жара салғанымен, артынша өлең жарқын күндерге жетелейтін үміт сәулесімен ұласады:
Ұйқысыз менің бұл түнім...
Жыр-жүрек жұлдыз санатар
Алақанынан шығыстың
Сонан соң сұлу таң атар.
Таң атар дағы, көркем
Күн сүйіктім менің секілді,
Шашу ғып шашып шуағын,
Далама күліп таратар.
Адамдар арасындағы ізгі ниет, асыл сезімдеріне дәнекер болар жібек жіп-сағыныш, қимастық сынды киелі ұғымдар. Біздің Рахаттың лирикалық «мені»осындай сезімдерді «Вокзал» атты өлеңінде бастан кешіреді.
Вокзал сынды солғын бақ,
Адамға толы сырт-іші.
Қоштасқан жандар қол бұлғап,
Табысқандардың күлкісі,-деп басталған өлең, сезімдер сел болар, арнасынан асып-тасар «қоштасқандар мен табысқандар» мекеніне бастай жөнеледі. Енді сол сезімдердің асау арнасы сізді де ағыза жөнеледі.
... Вокзал маған солғын бақ...
Көңілге салқын сырт-іші...
Қарашы, темір жолдың да,
Не деген суық түр-түсі.
... Қарасам болды... ой-ызғар,
Бұрқасын – түйсік... не етесің?!
Бір күні сен де пойызға
Отырасың да кетесің...
Қимастық торына шырмалмасқа, мұңаймасқа әддіңіз жоқ.
Осы өлеңдегі қимастық пен таза мұң «Вокзал-2» өлеңінде қайта жалғасын тауып, алыстан үміт нұры себезгілегендей болады.
Вокзал маған бір үміт,
Күдіктерді де тобы бай.
Темір жол бойын жүгіріп
Кететін күштің жоғын-ай...
Оңтүстік сенің жылы үйің,
Біз жақта суық... Не етесің?
Бір күні әлде жымиып
Қайтып келеді ме екенсің?- деп қиялына қанат байлаған арманшыл ақын ізгі махаббатының жолындағы күресін тоқтатпайды. Оның жан арпалысы, сезім буырқанысы әдемі елестермен айшықталып, көңіл тербер суреттерді көзге елестетеді. Ол аспан гүрілдеп, күн жауғанда, пойызда отырған қиялдағы аруына былайша тіл қатады:
... Терезеңді ашып сәл ғана,
Қолыңды тосшы тамшыға.
Мен саған жеткізе алмаған
Мөлдірлік сонда бар шығар...
... Заңдылық алып жетекке
Пойызым келсе өте күн...
Махаббат атты бекетте
Секіремін де, кетемін...
Шынайы сезім өзінің тұңғиығына шым-шым батырып, сізді де мөлдір сағыныш пен тәтті мұңға ортақтастырады. Сағыныш пен тәтті мұңға осы циклдағы «Вокзал-3» өлеңінде әрі қарай тербеле бересіз, бөлене бересіз.
Үскірік аяз алқымды ап, қарқылдап қатал қыс күліп,
Ысқырып алып, сартылдап пойыз да келді ышқынып.
... Түсті анау, әне, вагоннан шыбықтай нәзік бір мүсін,
Аязға бетін сүйгізіп, ызғарға тәнін құштырып.
Қатал қыстың, қайырымсыз пойыздың құшағынан қиылып қиялдағы аруыңның шығып келе жатуы – қандай көңіл тебірентерлік сурет.
... Жылы нұр шашып жанарың, сарқылмас дара сыры бір,
Жымиып жұмбақ қарадың, назданғаныңның түрі бұл.
Дір етіп сәтте шошыдым... Жоғалмаса деп тәтті шақ,
Тек қана бәрі осының түсім боп шықты... құрығыр!
Еміндіріп, есіңді алып, үміттендіріп, үздіктіріп келіп арман құсыңның жеткізбей кетуі, сағымға, сағынышқа айналып кетуі – мәңгілік поэзияның, өлмес өлеңнің өзегі. Осы бір алтын арқау Рахат поэзиясында берік орын алған. Ол ғашықтық сезімнің өмірлік екендігін «Мен сондамын» өлеңінде әдемі жеткізген. «Қаһарлы қыста іздесең мені мұңайма, Қыста да көркем, көңілге әсем шырай бер!», «Жаз келіп... Күн күлсе көкке жетелей кетер шар-қалып, Адыра қалың құрсауға түссең арбалып», «Сағыныш түсті сарафан киген сары күз, Жалғыздық атты қалдырып егер қараса», «Мен сондамын!»-деп тіл қатады қиялдағы ғашығын аялаған ақын жүрек.
Сырты жылтыраған жалған сұлулыққа жаны қас ақын «Этнобақ» өлеңінде:
Өңін көріп өтірік тамашаның,
Көктем сайын осылай адасамын,- дей келе.
... Берекемнің берірек беті қарап,
Кеше шерден шығып ем жеті қабат...
... Өтіріктің көкесін сенен көрдім,
Енді саған сенбеймін, этнобақ.
Келмеймін де...-деп шынайы әсемдікке, ізгілікке іңкәрлігін анық танытады.
Жалпы, Рахат Әбдірахманов қазіргі жастар поэзиясына қала образын, қала поэзиясын әкелген ақын. Ішкі қалтарыстағы сезімдерді сыртқа әсерлі, әсем шығаратын, сезімтал, терең түйсікті ақын. Жинақылыққа, шымырлыққа құрылған өлең техникасын да айтпай кетуге болмайды.
Әлі де қазақ әдебиетіне берері мол осы талантты ақындардың шығармашылығы өмір, қоғам, халық мәселесінен ажырамай шындықты шырқырата жырлауымен ерекшеленеді. Руслан Нұрбай өршілдігімен, азаматтық арынымен танылса,
Серік Сағынтай ой тереңдігімен, биік интеллектісімен, Бағдат Мүбәрак тың шешімімен, тапқырлығымен, Рахат Абдрахманов адам жанын қапысыз танитын нәзік иірімімен ерекшеленеді. Зор талантты жас ақындардың кәзіргі қазақ поэзиясында өзіндік үні, қолтаңбасы, орны бар.

Қайрат АСҚАР, ақын
qasym.kz сайтынан
Бақытжан Майтанов. Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм

Қазіргі әдебиет ұраншыл әдебиет болып табылмайтыны мәлім. Бұл да тәуелсіздіктің демократиялық ұстанымдары әперген бағалы жетістік саналса керек. Әдеби үдерісте бұрыннан бері үстемдік етіп келе жатқан реалистік, романтикалық әдістер модернистік және постмодернистік, неореалистік бағыттармен толыса бастады.
Әр ұлттың әдебиетінде көркемдік әдіс, бағыттар, ағымдар әр кезеңде әр түрлі жағдайда өзгеше қалыппен пайда болып, дами бастайды. Қайсыбір әдіс, бағыттар басқа топыраққа тамыр жібермей жатады. Ол тарихи-әлеуметтік жағдай, әдеби-ин­теллектуалдық орта табиғатына байла-нысты. Мәселен, Абай сыншыл реалист пе? Жоқ, ағартушы реалист пе деген мәселе әлі анықталмады. Бізде рыцарлық (сыңар термин де қабылданбады. – Б.М.) романтизм, сакральды аллегоризм, манъеризм, барокко тәрізді көркемдік бағыт, ағымдар болған, болмағанын іздестірмейміз де. Имажинизм, дадаизм, акмеизм, футуризм, лучизм ағымдары хақында, әрине, ауыз ашпаймыз. Мүмкін, олардың қайсыбір жұрнақтары табылар. Көркем әдеби үдеріс өзге әде­биеттерді қайталау, соған еліктеу міндетін алға қоймаған. Географиялық, эконо­ми­калық, мәдени-эстетикалық ахуалдарда тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрдегі айырма­шылықтар өз үстемдігін жүргізген. Ол үшін қынжылу тіпті де қажет емес.
Ал, қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көте­рілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль тер­миндері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үде­рісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тә­жірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ.
Постмодернизмді қоғамдағы ірі сіл­кіністер дүниеге әкелетіні белгілі. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары әлем әдебиетінде осындай дүрбелең тудырды. Жаһандану дәуірінің ақпараттық жүйесі арқылы одан өзге халықтың мәдениеті мен өнері жете хабардар болып жатты. Постмодернизмдегі ең үлкен дүниетанымдық ерекшелік – керітартпа романтиктердегі сияқты өзіне таныс өмір сиқынан түңілушілік. Олар айналаны өзгертуге де тырыспайды. Бәрін шарасы таусылған көзбен, тіпті бей­та­рап­тықпен, қажыры кетілген, көбінесе өзіне қаратылған ащы мысқылмен (самоирония, тіпті самопародия) топшылайды. Үкім айтуға ұмтылмайды. Сырт қарап қана ілбіп отыратындай. Шын мәнісінде бұл сияқты бет-перденің (маска) ішінде керемет қарсылық тулап жатады. Олардан сыншыл сарын, реалистік элементтерді таба алмаушылық қателікке ұрындырар еді. Өз басымыз, әсіресе, қазақ әдебиеті жағ­дайында модернизм мен постмодернизмді реалистік әдістің жаңғырған, өзгеше кескін алған, танымастай өзгерген, бірақ түпкі мақ­саты алшақтамаған нәсілдік туысы са­науға бейімбіз.
Тәуелсіздік дәуірі қазақ халқына зор қуаныш әкелді. Алайда, барлық ұлт, барлық әлеуметтік топтың өкілдері одан күткен олжасын толық қолына түсіре алмады. Та­биғатымызға жат нарық экономикасының ауыр талаптары жұртшылық көңілінен шыға бермеді. Ақын Темірхан Медетбек: «Бүгінде өз жері мен елінде Тілім мен ділім Екі бүктеліп Бүкшиіп тұр. Озбыр пейіл мен зұлым пәрменнен Жан-жүрек шошынып Тіксініп тұр» – дейді («Сансыраған хал»). Айқындауыш сөздер таңбаланушы мәдени артефактілердің (тіл мен діл) біршама аянышты халін әсірелеп көрсетеді әрі сал­дардың себебін танытады. Екінші син­тагмадағы эпитеттер субъектіні жасырса да, оны адресаттың қиялмен топшылайтындай мүмкіндігі бар. «Жан-жүрек» неғұрлым же­келік аңсарды білдіреді. Қимыл-сынға құрылған метафоралар бүтін мен бөлшекке тән құбылыстардың орнын алмастыру ар­қылы бейнелі сурет кестелейді. 9-9-10 жолдан тұратын шумақтарда ырғақ өз­герген, буын сандары 3-8-5-5-4; 5-5-6-4 іс­п­етті тың өрнек түзеді. 5- және 9- тармақ­тардың ұйқасы екі сөйлемдегі ортақ пікірдің сипаттамасы нәтижесінде тұтастығынан арылмайды. Әдемі мелодика емес, іркес-тіркес, бірақ серпінді дауыс құйылыстары назар ауқымындағы құ­былыстардың әсемдік қасиеттен алыс тұруымен сабақтас. Автор мазмұнға қарай пішіндік құрылымға жігер, ыза, наразылық эмоцияларын сыйдырған. Постмодернистік бейтараптық реалистік дәлдік, роман­тикалық ой белсенділігіне жол беретіндей. Алайда барға көңілі толмау, торығу сарыны өзге көркемдік әдіс, бағыттардағы үміт­шілдік интонацияға жақындамайды.
Соларды ойласам,
Санам сарсылып,
Жан-жүрегім
Алақұйын
Дауыл боп кетеді.
Бәрінен безініп,
Төсегіме құласам –
Жамылған мамық көрпем,
Қабірдің топырағынан да
Ауыр боп кетеді.
Әсірелеу шарасыздыққа, бойкүйездікке ұла­сады. Қоғамда белең алған өтірік, қатыгездік тәрізді келеңсіз психология ақын жанын жаралайды. Қазақ әдебиеті тарихындағы зар заман ақындарын ке­рітартпа (консервативтік) романтизм өкілдеріне жатқызатын. Ал, итальяндық семиотик және постструктуралист Умберто Эконың әрбір көркемдік дәуірдің өз постмодернизмі бар дейтін ойын еске тағы алсақ, Шортанбай, Мұрат жырларындағы ақырзамандық көңіл-күй қазіргі қазақ әдебиетіндегі постмодернистік дү­ние­қабылдау мезеттерімен едәуір дәрежеде ұштасады. Шортанбайлар, сонда, – постмодернистер болып шығар ма еді. Ал, романтизм өз уақытында модернистік, яғни жаңа­лықты құбылыс болғаны анық.
Біз, әйтеуір, постмодернизмді табу үшін күреспейміз. Әйтсе де, Т.Медетбек, Ә.Қай­ран, Т.Әбдікәкімұлы, Ж.Бөдеш, Б.Сарыбай, Б.Қарағызұлы, А.Жатқанбай сияқты, т.б. ақындар шығармаларынан дәл жоғары­дағыдай дүние сырын қорытудағы оқшау көзқарасты аңғарамыз. Біз жан әлемін терең мұңды, нәзік суреттейтін Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов немесе модерниз­м­нің импрессионистік тармағына хас эсте­тикаға сай жыр толғайтын Г.Салықбаева, М.Райымбек, З.Елғондинова, Ж.Әскербек, Т.Толқын, Ж.Қадырованы т.б. айтып отырға­мыз жоқ. Ал, Т.Медетбек, Ж.Бөдеш, Ә.Қай­ранның мейлінше таза реализм не оның романтизммен аралас құйылымына лайық туындылары да мол екенін жоққа шығармаймыз. Ешбір көркемдік әдіс, ағым, бағыт туралы әлем әдебиетіндегі басым қағидаларға байланып қалудың жөнін көре алмаймыз. Мәселен, Дж. Фаулз өзін реалистпін деп есептесе, зерттеушілер оны модернист, постмодернист қатарына қосуға әуес. Дж.Джойстың модернист не постмодернист екенін ажырату қиын. Ол реалистік стильден ада емес. Постмодернизм ешқашан мо­дернизмді толық тәркілемеген, өзі оның қойнауынан шығып, сондағы стильдік арсеналды өзгеше көру нүктесі арқылы дамытып отырған. Ал, постмодернизм қазіргі уақытта үлкен дағдарысты бастан кешуде. Алдағы көркемдік әдіс немесе бағыт, ағым­дар қандай болмақ. Ол белгісіз. Сондықтан теориялық анықта­малар беруге асығудың қажеті шамалы. Постмодернизмді құбыжық көрудің реті болмаса керек. Оны осы дәуірдің бірден-бір көркемдік әдіс, бағыт, ағымына жатқызу да жағдайды дұрыс пайымдауға апара бермесе керек. Мәселе – қандай қаламды не компьютерді пайдаланса да, шындықтың мейіріміне тойып туған талантты дүние жаза білуде.
Қазіргі қазақ поэзиясында тотемдік ар­хетиптердің семиотикалық мәнін бүгінгі шындықты шендестіріп бейнелеуге пайдалану үрдісі қанат жайған. Мәселен Т.Медетбек «Зоопарктегі өлім алдындағы қасқыр» атты өлеңінде арлан қасқырдың қазіргі жағдай үшін әдеттегідей қартайып не ауырып өлу үдерісін терең аллегориялық образға айналдырады. Қатыгез де қайсар аңның түгінен байқалатын күш-қуаттың («болат сымдардай») солуы («шіріген шөптей боп») тарихи уақыт пен кеңістіктің философиялық мәселесіне айналады.
Құдай-ау,
Қасқыр деген
Мұндай өлімге
Көнбейтін еді ғой...
Қасқыр деген –
Қақпанға түссе де! –
Арпалыспай
Өлмейтін еді ғой.
Ақын табиғи заңдылықтардың бұ­зылуына қарсы. Оның ойынша кінәлі – адамдар. Бұл контексте дала көкжалының өзгелерге қатысты зорлығы емес, Тәңірден тиесілі ерекше қасиеті марапатталады. Марапат кішірейту тәсіліне кереғар бағытта дамуымен қызықты. Бір қасқыр емес, осы тұқымдас нысан ықылым заманалар ау­қымында сарапталып, жинақталған нұсқа күйінде толғандырады. Дағдылы реалистік машықтан пішін тұрғысында өзгешелік қарастырылған. Бір-ақ фраза, қандай тұлғада болғанына қарамастан, тұтас тар­маққа иелік құрады. Эмоциялық қабаттар жіктеліп, әрбір сөз интонациялық пауза арқылы экспрессивті-семантикалық жі­гермен қаруланады. Көп нүкте, леп белгісі, сызықша дәстүрлі қызмет атқарса да, ырғақтық реформа тұтқынындағы мағы­наны анықтау әрі көркейту мақсатына же­гіледі.
Енді, міне,
Соңғы рет
Мына дүниеге
Азуын ақситып,
Көзі қанталап
Жеріп қарады.
Қайран,
Көк бөрінің ұрпағы
Темір тордың ішінде, –
Ұлуға да жарамай! –
Өліп барады...
«Идея» деген бір кездегі сән-салтанатты сөз бетін әжім шимайлағанмен, сырын тас­тап, сынын өзінен алысқа жібермеген. Сол ұғым қазір де, тіпті, айқын ойды тәрк етуге құмар (сөз жүзінде) постмодернистердің өнерінде де кәрі ененің сыншыл назарындай боп көрегендігін жоғалтпайды. Осы шығармадағы шырмауық жамылған негізгі пікір – қоғамдағы демократизм ұстаным­дарының жемісі. Тоталитарлық жүйеде еркін сілтеуге мүмкіндік жоқ еді. Постмо­дернистердің әдеби бағдарламаларына сай шықса да, шықпаса да, «консервативті» аталған романтикалық дүниетанымның белгілері мына дүниеден айшықты бедер тапқысы келмейтін постмодернистік өкінішке нәр құяды. Ал, оны біз мүлде те­рістеуден аулақпыз. Өткен дәуірлердің еңсесін биік санап, қазіргінің шаңырағын аласа көру сезімі әр кезде жоғалып кетпейді. Байырғының парасатын жоққа шығару да – рухани мәдениеттің толымсыздығы. Бұл дүниесезінудегі өз­гешелік, ойлау стиліндегі тосындық. Оны қателікке қосып, айыптау тұрпайы социо­логизмнің ауылынан бірақ шығарар еді.
Бәрінен бұрын талант бағалану керек. Автор ықыласы азаттық аңсау мұратымен сабақтас. Ол – мейлінше максималист. Тәуелсіздікті барлық түкпірден табуға тырысады. Дәстүрлі реалистер бұл құ­былыстың жан-жақты мәнін түсіндірер еді. Постмодернистік аяда (біз Т.Медетбекті ылғи да постмодернист ретінде қабыл­дамаймыз. – Б.М.) мәселенің тартымсыз деңгейі оқшауланып, кейде баламасыз шындық есебінде пайымдалады. «Көк бөрінің ұрпағы» концепті күллі түркі жұртының арқасын шымырлатады. Алайда, солардың бәрі дерлік өзін бар құнды­лығынан айыруға құлықты болмаса керек. Өлеңдегі әсірелеу поэтикасы ұлттық намыс конфедерациясын қалыптастыру үшін еңбек сіңіреді. Кері әсірелеу. Көркемдік шарттылық зор. Зоопарктегі қасқырға «Көк­серектің» ерлігі (бұл да шартты түрде. – Б.М.) жетіспейді. Ақындық шеберлікке шәк келтіру қиын.
Негізінен реалистік арнада жыр тол­ғайтын Жүрсін Ерман поэзиясынан да, көк бөрі архетипі төңірегіндегі таңбалық желі бой түзейді:
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау!» деп Сіз бізді аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!
(«Абай ескерткіші»). Мұнда да бөрі культінің әсері анық байқалады. Ақынның өлең ауқымындағы адресаты – Абай. Мениппеялық диалогты еске түсіретін шартты тәсіл орын алған. Мұнда да бүгінгі күйге көңілдің толмаушылығы шектен шықпаса да, поэтикалық әсірелеуден ада емес. Интертекстік үлгі Абай шығар­маларындағы сыншыл мотивпен үндесу заматтарына көмкерілген. Постмодернис­терге тән бері мысқыл (самопародия) элементтері бой көтереді. «Қасқырды ему» туралы мифологема ат ойнатып, найза ұштаған қаһармандық дәуірдің келмеске кеткеніне налу сарынын үдетеді. Опа­сыздық, ұсақтық іспетті осы уақыт пен кеңістікке хас мінездер алыстағы тарихи мекеншақ аясында әспеттелген батырлық, мәрттік, адалдық ұғымдарымен қарама-қайшылық алабына беттейді. Жыр мәтіні көлемінде концептуалдық драматизм шешімін таппайды. «Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі жылап көрісер, ей аға, сіздің ғасырға!» деп шіміркенетін шайыр­дың қайсыбір бетін бояған шындыққа наразылығы шегінбестей. Әйтсе де, шы­ғармадағы юморлық нышанның өлеңдегі ойындық табиғатпен астасып жатқаны аңғарылады. Қазіргі келеңсіздіктердің әрекеттік, нәтижелік тұрғыдағы бет-бейнесіне тән теріс сипатты эволюция те­х­ногенді, индустриялық қоғам салтынд­а­ғы өрескел ілгерілеумен сабақтас. Қулық пен айла анағұрлым жіңішкеріп, жүзіктің көзінен өтердей қалыпқа түсуі эт­ногенетикалық дағдылардың жаһандық ық­палмен тоғысуынан туған жағымсыз құбылыстарға мегземек.
Қазіргі қазақ ақындарынан постмо­дерндік ағымға мейлінше жақын тұрған – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Оған өлең құрылымы мен поэтикалық жүйе, өзіне ғана ұқсас ойлау жүйесі куәгер.
«Ақпан прозасы»:
Алтын тәжді күн – анау,
Қызыл түкті құлағы неткен ұзын.
Жердің милығына дейін,
Судың құйрығына дейін жеткені шын!?
Күміс тонды Ақпан – мынау,
Ақ тырнақты аязымен алып түсердей
бет терісін!

Алаштың несін айтасың,
Ата тілі отыз тіске қамаулы,
Ата Мекені обалсыздарға тонаулы.
Шүлдірлек көкпегі үшін,
Нан табу мектебі үшін,
Оқалы шекпен үшін,
Қыңсыған көк итке айналдырды, тәңірлік
Көк Бөрісін...
Т.Медетбек, Ж.Ерманмен ортақ мотив «Көк бөрі» тотеміне ғана аңғарылмайды. Әйтсе де, бұл жолы белгілі архетип «көк ит» антиномиясымен толықтырылады. Т.Ме­детбектегі «Арланға ұмтылған Төбет сияқты Қарға шаншылып Құйрығы ғана қалады»; «Апайтөс иттер Құйрығын бұтына қысып Үре алмай қалды» тақілеттес, Ж.Ерманда «Бәтіңкемді жалатып маң төбетке Маужыраймын маяның қуысында» тәрізді, Әбубәкір Қайранда «Ақ қанденге бәрі ғашық» бұлардың (Төбеттер-ай, аянышты ең не деген!) Құзырына құлап кеткен құмардың Иттер кетіп бара жатыр дәмемен («Иттер») сияқты тармақ, шумақтар логикалық, семасиологиялық қайшы­лықтардан ірілік пен күйкілік туралы концепт тудырады. Ж.Ерманның «Күзгі жырында» ғана «маң төбет» табиғат идиллиясына ұқсас суретте неғұрлым бейтарап кескінде алынғанымен, үйретінді мақұлық қылығын әр күйлі жағдайдағы субъектілер әрі түрлі қабылдайды. Ит – асыранды, қолға үйретілген, иесіне жағынады. Бұл тұрмыс, шаруа үшін ыңғайлы болғанымен, поэти­калық сана философиясы одан тәуелділік, бейімделгіштік, жасықтық іспетті сан алуан келеңсіздік заматтарын жақтырмауға ықыласты. Осыдан кейін мұндай түсінікте романтикалық эстетика түйірі жоқ деп айта алмаймыз. Қасқырдың анасы – табиғат. Ол – біздің арғы бастауға қатысты ырықсыздық деңгейіндегі тұрақты са­ғынышымыз. Бөрі – біздің тотеміміз. Адам­ның ой астарында ұжымдық бейсаналық күй-хикметтер осындай ежелден таныс нысандарға кезіккенде барынша жігерлі кейіп алуға ұмтылады. Ақындар логиканың өзін шарттылыққа бағындырады. Әйтпесе, нәпсі құмары иттердің ғана үлесіне жатпайды. Ә.Қайранның «иттері» нені ұнату түйсігінен де ажырап қалған. Т.Медетбек жырында М.Әуезов «Көксерегіндей» қас­қырдың қарсыласы да түр-тұрқы жағынан барынша кесек. Алайда «Аққасқадай» аяулы бөрібасар әдейі еске алынбайды. Ақ­қасқа – сирек құбылыс. Басқа үйре­тін­ділердің дала тағысынан жеңілуі заңды. Әдеттегі ит – жаман; ит – жақсы; қасқыр –жаман; қасқыр – жақсыға саятын тезис­терден бірінші және төртінші ұйғарым ғана поэтикалық шарттылық заңына сәйкес бөлек шығарылады. Бұл тұжырым осы таңдағы тіршіліктің тарғыл пішінін күйзе­ліспен жырлау парызына оңтайлы.
Поэзия арқылы көрініс табатын адам психологиясындағы шындық қоғамға тән таңбалық маңызды бейнелеуге тиіс. Әлеу­меттік ортаның белгілі бір құрамы осы тұрғыда ойланса, оны бекерге шығару қате. Ақындар тең емес жағдайдағы қасқыр бейнесіне үлкен жүк артады. Бөрінің мей­лінше ұнамды қасиетке иеленуі жоғарыдағы контекстерде реалистік дүниетанымнан гөрі дүниені қатып қалған күйде емес, протоплазма қалпында танығысы келетін пос­т­модернистік дүниесезінуге бейім­дігімен ерекшеленеді. Көк бөрі архетипі басқа мәтінде өзгеше реңкпен, тіпті патриоттық пафоспен де жырланып жатқанын мансұқ ете алмайсыз.

Постмодернизм үрдісіндегі қазіргі қа­зақ поэзиясында айналасына көңіліне толмау сарыны бәрінен басым. Лирикалық кейіпкерлер тартысты ғұмыр кешеді. Әлем­дегі техногенді заман өзгерістеріне жылы ұшы­рай алмайды. Байырғы ұлттық құнды­лықтардың жойылып бара жатуына на­разылық күшті. Тәркі дүние соққыларына төтеп беру қиын. Олар жалғанның опасыз­дығынан түңіледі де, белгісіз бағдарда, уа­қыт пен кеңістікті сезінбейтіндей жағ­дай­да шарасыздық мұнарына сіңіп кетуге бет алады. Бұл ахуалдың шынайылығын то­лығымен теріске шығару жасандылыққа, әсіре саясатшылдыққа апарар еді.

Бақытжан Майтанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтыТәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филол. ғыл. докт., профессор.

("Қазақ әдебиеті")
Қазіргі қазақ поэзиясы мағыналық, құрылымдық жағынан жаңа бір сипатта дамып келе жатқандай сезіледі. Өлеңнің түрленуі, сөз талғампаздығы, бейнелілік, автордың теңеулері, ақын жеке «меніне» сұрақ қоя білуі, сол арқылы қоғамдағы психологиялық қайшылықтарды ақтара білуін қадап айтуға міндеттіміз. Мұндай жаңалықтар әдебиеттің қай дәуірінде де болған, алайда өлең өрісіндегі ізденістер бір-біріне ұқсамайды. Қазіргі жастар поэзиясының постмодерндік сипатта дамып, өрістеуіне біршама жылдар, ізденістер қажет болды. Қазіргі жастар поэзиясының эстетикалық, ырғақтық түрленуінеаға ақындар Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімов, С.Томанов, Г.Салықбай, Н.Мәукенұлы, А.Ыбыраев, Ә.Ботпанов, Б.Үсенов, М.Райымбекұлы үлкен әсер етті.

Қазіргі қазақ поэзиясында ізденіп жүрген Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Талапбек Тынысбекұлы, Ілияс Мұқаев, Мирас Асан сынды ақындардың өлеңдерін оқып отырғанда көктемнің алмағайып күндеріндей сезім сәттерін, тәтті де сәтті шумақтарға ара-тұра жолығып қалатынымыз көңіл қуантады.

Ырғақ, бояуы күшті, жылт етпе жырлар да уақыт мерзіміне ілесе алмай шабандаған аттай қалып қоятыны болмаса басқасының барлығы түгелдей сезіледі. Ақынның мұраты өтпелі кезеңнің дабырына ілеспей өзінің мөлдір қалпын сақтай білгендігінде ғой. Қазіргі жас ақындардың өлеңдерін оқып отырғанда біз негізгі объектіні немесе жырламақ болған тақырыпты дұрыс меңгере алмағанын көп байқаймыз. Айтылмақ болған ойды сөзбен қиюластырғанда жас ақындарымыз жаттандылыққа, бір ізділікке, еліктеуге ұрынып жатады. Мұндай сөзді айтпасақ та болар еді. Алайда жас жүректің алдыңғы толқынның легіне ілесіп, өз өмірінің айнасын көре алмай қала ма деген қауіп қана бар. Мирас Асанның «Алғашқы қар» өлеңінде адам өмірінің баянды шақтары, оқырманға ой салатындай шумақтар алғашқыда молынан ұшырасатындай болып көрінеді. Мына жолдарды қарайық:

Мамықтарға жамылды мидай дала.

Өзіне мұң осылай сыйлайды адам.

Әдемі-ақ лирика. Екінші жолда:

Өмір жайлы қып-қысқа өлең жазып,

Өзім жайлы өмірге сыймай қалам, –

– деп суретті басталған өлеңді қарабайырландырып жіберген. Сөздің орналасуына, ұйқасына, салыстыруына ешқандай сын таға алмаймыз. Әрбір ақынның өлеңінен кемістік іздеп отыру да әдепсіздік. Мирас болашағынан үміт күттіретін ақын. Тек бұл өлеңге жетпей тұрғаны – ақынның лирикалық қаһарманы ақ қарды ала отырып, өзінің ішкі интуициясын жеткізуге келгенде әлсіздік танытқан. «Өзі жайлы өмірге сыймай қалатын» осы сөз Мирастай жігіттің өз сөзі ме? Жүректегі сөзі ме? Жоқ. Мирас поэзиясының өсуіне сөздің талғампаздығы жетпейді. Өз өмірінің бақытты сәттерін сезіне білу жетпейді. Осындай олқылықтар жалғыз Мираста ғана емес, аға ақындардың өлеңдерінде де жетіп, артылады. Біз қазір Мирас шығармашылығы туралы нақты, толымды пікір айта алмаймыз, себебі бұл ақын әлі де ізденіс, өсу үстінде. Қазіргі кезде Мирасқа жетпей тұрғаны – сөздің мағынаға сай болуы. Өзі жазғандай «Бір найзағай жарқ етеді көктемше» дегендей жолдардан сақ болу керек екенін айтуға ғана міндеттіміз. Осы тұрғыда қазақ өлең сөзінің теориясын жасаушы академик, ғалым Зәки Ахметовтің мына сөзінде мән бар: «…мәселе – поэзияға тән көркем суреттеу әдісі жайлы, қандай өмір құбылысы бейнеленсе де, тек ең қажетті, ең маңызды қасиет, ерекшеліктер талғампаздықпен сұрыпталып алынатындығына көңіл аудару».

Ілияс Мұқаевтың өлеңдерінде де сәтті шумақтар асып төгілмесе де кездеседі.

Қайыңмен, гүлмен, бәрімен сырласқам,

Олар да емес жігерлі.

«Есіңе ал, – деп ем – өткенді,

Мұңлы аспан

Көз жасын төгіп жіберді.

– дейді ақын. Негізгі мотив өткен өмір болса, ақын өткен шақтың трагедиялық табиғатын көз жасын төккен аспан арқылы бейнелейді. Бейнелі тіркестер қозғалыста, барынша жандана түскен. Қайталау да жоқ. Асыра әсершілдік те жоқ. Айтылар ой ақынның көңіл күйімен біте қайнасып кеткен. Алайда Ілиястан осындай шумақтарды көп кездестіре бермейміз. Сондықтан бұл ақынға да әлі көп іздену қажет-ақ.

Ал мен ше,

безінемін,

Дүние – көзіме жын,

бөтенмін өзіме өзім,

дұшпанмын өзіме өзім!

Бұл Ерлан Жүніс. Біз жоғарыда айтқан ырғақтың күштілігі осы өлеңде барынша басым. Сөз ықшамдала түскен. Ырғақ Маяковский айтқандай ақынды бір желіспен желуіне мәжбүрлеп отырады. Сөз бен ырғақ бір сәтте келуі мүмкін. Кейде ақын ырғақтың жетегінде кетіп, сөздің мәніне көңіл қоймайтын кездері де болады. Осы тұрғыдан келгенде ырғақтың қуаттылығы Ерланның өлеңдерінде басым. Кейде осы ырғақ, өлең әуенінің жетегіне ергенде ақындар сөзге де абай болуы қажет. Өлеңде тіл қанша бай болғанымен ырғақ әлсіз болса өлең олқы көрінері де бар.

Иосив Бродскийдің «Кого мы помним, кого мы сейчас забываем,чего мы стоим, чего мы еще не стоим» деген жолдарын оқып отырғанда қарапайым қайталаудан символ, ой, мағына шығып отырады. Әлемдік поэзияда қалыптасқан мұндай дәстүрді Ерлан да жақсы меңгерген. Ақынның осы өлеңіндегі «Сен соны сезесің бе, сен соны білесің бе?!», «ойларың – көршілерім, сөздерің – таныстарым!» деген жолдар Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне ұқсаңқырап кеткен. Мұндай қайталаулар оқырманға әсерсіз, жаттанды көрінеді.

Ерланның баяу ырғаққа құрылған «Көз жасы» өлеңін оқып көрелік.

Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің

Бұлты ауып барады басымнан.

Мен биік тұруды үйрендім,

Өзімнің

Бір тамшы жасымнан.

Алғашқы жол «Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің» деп басталады. «Кешірткен кез» тіркесі құлаққа тосаңдау естілгенімен өлеңге өзінше екпін, рең беріп тұр. «Кешірткен кез» ол қандай кез. Оқырман осы тіркесті қабылдай ала ма? «Кешірткен кез», «кінәмшіл сезім» поэтикалық тұрғыдан әлсіз болғанымен мағынасыз да емес. Екінші «Бұлты ауып барады басымнан» деген жолы алғашқы жолдың психологиялық күйін барынша ұғындыра түскен. Сондықтан ұғымға бұл сөз жат емес. Сөз немесе сөз тіркестерінің поэзияда толық мағына бермей, екі аралықта қалуын прозаизм (недостаток стихов) деп атайды. Л.Гинзбург прозайзмді былай түсіндіреді: «Прозаизм – это прежде всего нестилевое слово, то есть эстетически нейтральное, не принадлежащее к тому или иному поэтическому стилью». Көріп отырғанымыздай Ерланның өлеңіндегі «кешірткен кез» немесе «кінәмшіл сезім» тіркестері прозаизм болуы мүмкін. Себебі сөз толық мағына беріп тұрған жоқ. Алайда осы тіркесті оқырман жылы қабылдайды.

Бұл дүние тым басқа болатын,

Жас ыршып түскенше жанардан,

Сол бір жас – қара түн,

Ақ нұрдан жаралған,

дейді Ерлан. Өлеңде ақын басынан кешкен оқиғаларды баяндап, тәптіштеп жатпайды. Мұндағы адамның көз жасы ауыспалы мағынасында – өмір, уақыт. Көз жасы – ақынның өмір сүру биіктігінің өлшеміндей. Өмірді сезу, көру процесі ақында «көз жасы» арқылы символдық мағынаға ие болған. Ақын «көз жасын» көрмей, сезбей тұрып, өмірдің бағасын да білмек емес. «Сол бір жас қара түн, ақ нұрдан жаралған» немесе:

Тырс етті…

Қара жер дір етті!..

Топырақ болмысы өзгерді

Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,

жүректі…

Сөз де енді

Білсемші келмесін қалпына бұрынғы,

Ауытқып кетерін ғасырдан!

…Үйрендім мен солай биікте тұруды

Көзімнің бір тамшы жасынан.

Топырақ, гүл, құстар, сөздің өзгеруі ақын психологиясында жүріп жатқан әрекеттер. Бұған дейін яғни «көз жасына» дейін ақын әлемнің өзгеріп жатқанын сезбеген. Көз жасы соған жетелеген өмірдегі кездейсоқтық. Сол арқылы ақын ғажап сезімге бөленеді. Енді өмірді басқаша түсінуге бекінеді. Мына жолға қараңыз:

Содан соң…

Таулар да жылаған,

Дала да жылаған,

Ешкім де болмады себебін сұраған,

Себебін білмеді бір адам.

Олар да өзгерген,

Өзгерген өлеңмен…

…Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,

Күзетіп келем мен

Процесс өтті. Ақын кездейсоқтық арқылы көре алмай, сезіне алмай, түсіне алмай жүрген өмірлік құбылыстарды түсінді. Енді не істеу қажет? Өзі түсінгенді, таулардың жылағанын, даланың жылағанын ешкім сұрамапты. Оның себебін де білмепті. Ақын осы процесті көрген соң ендігі түйсіну «көздерден жас тамып кетпеуін күзету» ғана болмақ.

О, сол бір тұманды жылдардан!

Кешсем де басқа мұң,

Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,

Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..

Өткен шақ, «ұрланған жылдарды жоқтаудан» енді ешбір қайран жоқ. Алайда өткен уақыт ақынға қаншама сезе алмай жүрген өмірдегі түсініктерді сезіндірді ғой. Біз қазіргі поэзиядан осындай бейнелі сөздердің философиялық тұжырымдар бере алатынын оқыдық. Бұл Тәуелсіздік кездегі қазақ поэзиясының бір сатыға көтерілгендігінің белгісі. Мұндай өлеңдердің жазылуына әрине Ерланның замандас ақындары өз ықпалын тигізді.

Адамдар адасқан вокзал,

Ешкімнің жасына сенбес.

Қарсы алып алатын жандар,

Шығарып салуға келмес.

Пенделер тіл қатар сараң,

Жұбатпас бұлыңғыр көше.

Бүгін де адасып барам,

Мен онда адасқам кеше.

Тоқтарәлі Таңжарықтың «Вокзал. Таң» өлеңінде де вокзал өзінің сипатынан ауыспалы мәнге ие болған. Ақын психологиясына әсер еткен айтылар ой объектіден алыс емес. Осы өлеңдегі бұлыңғыр көше, адасқан вокзал (мағынасы – өмірде адасып жүрген адамдар), қапастағы құстар, мұңнан жаралған ғарыш, бейуақта сыңсыған ну орман, тауларды тоздырған жаңбыр барлығы да ақынды айтайын деп отырған тақырыпқа жақындата түскен. Өлеңдегі негізгі идея – немқұрайлы, сезімсіз адамдар, ақын өзі де сол қоғамның әділетсіздігін осы көріністер арқылы әшкерелейді. И.А.Виноградов көптеген ақын жазушылардың тақырыпты қаз-қалпында жеткізбей, символ арқылы жазуын айта келіп, айтылмақ тақырып туралы былай деп ой қорытады: «…что «тема» еще очень мало говорит нам о произведении, о его действительном содержании». Тоқтарәлінің «Вокзалы» негізінен айтайын деп отырған тақырыптың реалды көрінісі емес, соның баламасы ғана деп түсінгеніміз абзал.

Шараппен тарқатып шерді…

Көңілім қалды бар жолдан.

Сен мені өксітпе енді,

Армандар адасқан вокзал.

Ақын өзі қаламаған осы жолды енді қайта бастан кешіргісі жоқ. Шындығында өмірдегі әрбір қадамымызды жүрек қылын шерте отырып сезіне алсақ, осындай ғажап оқиғаларға кез болатынымызды осы өлең дәлелдеп тұр. Бұл Тоқтарәлінің көптеген өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биік дүниесі деп айтуға толық негіз бар.

Туған жер қойны дара бақ қандай?

Жүруші ем күнде аралап қанбай.

Жүдедім налып аттанар шақта,

Жүрегім қалып бара жатқандай.

Бұл Талапбек Тынысбекұлы. Талапбек өлеңінде ұйқас қуу жиі кездеседі екен. Ұйқас қуу ақынға әрине жақсылық әкелмейді. Алайда осындай тіркестерден (жүдедім налып, жүрегім қалып) жақсы өлең тудыруға болатынын ақын сезіндіре білген. Мұндай сөздер көп қайталана берсе өлең көркемдігінен айырылады. Сөз қанатсыз құстай биікке самғай алмайды. Сондықтан Талапбекке «Аламойнақ» өлеңінде кездесетін «тегін өлмей тентек ой туласын да, көмілердей тағдырын тыңдатуға, тегі мендей ұл керек бұл ғасырға» деген жолдарға жиі қадам баса беру әсерсіздікке ұрындырады.

Бұлбұлың едім орманыңдағы,

Әуені бөлек өз бағындағы.

Молалар үнсіз мұңға батады,

Бөрілер жортқан жондарыңдағы.

Талапбектің «Туған жер» өлеңін оқып отырып қырдағы ауыл суреттері көз алдыңа келеді. Өлең оқырманның болмысымен қабысып, айтылар ой жүрекке сәуле боп құйылғанда ғана нағыз көркемдігі жоғары шығарма болмақ. Бізге осы өлеңдегі интонация, ырғақтың өзі сөзбен сурет салып тұрғандай көрінеді. «Молалар үнсіз мұңға батады» деген жолдың өзінде қаншама ой жатыр және ақын туған жерді жондарда жортып жүрген бөрілермен, үнсіз молаларды суреттеу арқылы бізді үлкен әсерде қалдырып отыр.

Ақындардың мұндай шеберлікке жетуі үшін көптеген поэзиялық шығармалар жарық көрді. Кейбір жас ақындардың шабыт қуаты алғашқыда «тау қопаратындай» екпінде болғанымен, кейін келе олардың өлеңдерінің көбі ырғақтың күштілігінің арқасында көркемдікке ие болып тұрғандығын байқадық. Сөздің құдіреттілігін көрсету үшін көп ақындар ауыз әдебиетімізде кездесетін ұлттық сипаты мол сөздерді өлеңдеріне енгізді. Мұндай қадамдар кей сәттерде өз жемісін сыйлады, кейде сөз жүректен шықпаған соң жасандылыққа ұрынып жатты. Қолдан әкеліп қойған ескі сөздер өлеңнің бір бұрышын ойсыратып тұрғандай сезілді. Жоғарыдағы аталған ақындармен қатарлас, үзеңгі қағыстырып жүрген ақындар да бар. Оның барлығы алдағы зерттеудің еншісіндегі дүние. Қазіргі жас ақындарға әлі де көп ізденіс керек. Себебі бір ақынның кітабынан екі үш-ақ өлеңді ғана мақтауға болады. Әрине, біз үшін бұл аздық етеді. Ендеше өлең өлкесіне сапар шекен жас ақындарымыз оқырман жүрегінде мәңгі орын алатын өлең жазатынына әлі де сеніміміз мол. Сенімі мол, ақиқаттың жаршысы болған ақындар қандай құрметке болсын ие.

Марат Әзімхан, Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.

qamshy.kz сайтынан