Қазіргі қазақ поэзиясы туралы мәліметтер керек

Қазіргі қазақ поэзиясы

«Поэзия, менімен егіз бе едің!»
М. Мақатаев
Поэзия- ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға шомдырған, ғашық көңілдердің асық жүректерін бір арнаға тоғыстырған не құдірет?... Әрине, ол-поэзия.
Өлең - сөздің патшасы екендігі ықылым заманнан бері айдан анық. Соно-о-у замандағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан бастап, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай атамызға дейінгі һәм одан кейінгі барша ақындар осыны дәлелдеп берді емес пе?!
Абай ата көрсетіп кеткен ұлы жолдың үстімен жүріп, поэзия көгінің ай- қанат қырандарына айналған қаншама ата-апаларымыз, аға- әпкелеріміз бар:
М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин... бертін келе М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, М.Шаханов... Осы аталған ақындардың (аты аталмаған қаншама жыр жампоздары бар) жыр-жауһарларының куәсі ХХ ғасыр.
Ал біз, сапалы білім, саналы тәрбие алып бой түзеп келе жатқан жастар, кімдерді оқып жүрміз немесе қазіргі қазақ поэзиясының арландары кімдер?
Осы сұраққа жауап іздесем...
Менің жас оқырман ретінде өз таңдаған, сүйіп оқитын ақындарым бар. Соңғы үш- төрт жыл ішінде оқыған жыр жинақтарымның арасында көңіліме ұнап, жүрегіме жаққан үлгі тұтар ағаларымның аға буын өлеңдерін өзімше саралап көрдім... (Артық- кемім өзіме).
Серік Ақсұңқарұлы поэзиясының тілі. Өз басым Серік ағамның жырларымен 9 сыныпты аяқтаған уақытта таныс болдым. «Жұлдыздар отбасы» журналынан Алаш ардақтысы М.Шахановтың сұқбатын оқыған ем. Сол сұқбатта ақын аға: ...қазіргі қазақ ақындарының ішінен С.Ақсұңқарұлының: «...Қазақ деген- Кенесары, Денесі- бар. Басы- жоқ.»,-деген шумағы ерекше ұнағанын айтыпты. Менің де жас жүрегіме қатты әсер етті. «Өмір деген- Күнді айналу» кітабын тауып алып оқыдым. Ақын жырларына ғашық болдым.
Қазір- «Адам ата- Һауа ана» (Рух кітабы) кітабындағы жырларға тоқталғым келіп отыр.
«Сұрақ белгісі» деген өлеңінде:
«Естісін халық!
Кім мені келсе сынап көргісі,
Жаныма маза бермейді ес-түсімді алып
Сұрақ белгісі!»,- дейді ақын.
Неге жауап іздейді, ағам? –Бәріне...
Қаншама қырғын не үшін?
Белгісіз боздақ қаншама, белгісіз мола қаншама?
Хиросима?
Бұның бәрі де не? Әрине, жауабы жоқ сұрақ.
«Адам ата- Һауа ана һәм цивилизация» өлеңіне үңілсем.
Сол бір бейбіт уақытта: «Адам ата өмір сүрді үңгірде...
...Һауаның да жоқ-ты алтын сырғасы».
-Ал енді ше? – «Ай қыдырған Аспан деген алаңда,
Құдайлардың төбелесі басталды».
ХХ ғасырда басталған алпауыттар соғысы әлі жалғасып келеді.
Ақын ағамның «Мағжан ақынның 100 жылдығында жазылған өлеңінде»:
«Жүрегімде Көк бөрі,
Ұлиды көп тәңіріне көктегі.
...Қайран жұртың, қазағыңа өйткені,
Мен түгілі сенің сөзің өтпеді.»,-деген жолдар бар.
Қазіргідей сөздің асыл парқын нарық басқан заманда ақынның жан шырылын кім ұқсын? Сондықтан да: «Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі». Жыр- Бөрісі.
О. Сүлейменовке арналған «Мидағы сынақ» өлеңінде «Халық жауы» деп Мағжандай арыстарымызды, таптар мен топтарға бөліп социализмді, қазаққа жат келімсек Колбинді басшы қып сынаған, біздің даламыздағы сансыз көп сынақтармен қоймай миымызға сынақ жасалғанын ашана айтады:
«Миына әзәзіл жіберіп,
Мұқағалидың басын сынады.»
Келесі бір «Ақбайдың Жақыбына ескерткіш» өлеңінде:
«Ақбайдың Жақыбы!
-құл болма!,- деп едің...
-күң болма !,-деп едің...
Не болдық ақыры?
Құл болдық ақыры,
Күң болдық ақыры,
Кеше көр Алашты
Адасқан ақылы...», - делінеді.
Иә, ақылымыз адасып, нәпсінің құлы боп, мәңгүрттеніп бара жатқанымыз шындық. Хош, цивилизацияға ілесіп дамудамыз. Бірақ, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмасақ болды.
«Керең тағдырмен керісте,
демеймін: «Үріп, шайқадым»
Бір иығымда- ПЕРІШТЕ,
Бір иығымда- Сайтаным» («Сайтан мен ПЕРІШТЕ»),- деп басталатын өлеңде Сайтанға арбалған жанның сенделген күйін жазады. Өмірде талай адамдар Сайтан азғырып сандалуда. Өмірде қаншама адам Сайтан сыбырлап Құдайды қолдан жасады. Сайтан түртіп:
«...бауырын- бауыры бауыздап,
Көрлақат болды күллі әлем»...
Махаббаттың өзі...
Осыларды көріп ақын ағам: «Өмірді қалған не істеймін,
Неге үндемейсің, ПЕРІШТЕМ»,-дейді.
Бұл- менің, қарапайым оқырманның, Серік ағаны мақтауым емес (ол кісіні ел баяғыда-ақ мақтап қойған). Осындай атпал азамат- ағаммен мақтану.
Оқыңыздар,сіздер де мақтанасыздар!!!
Жүрсін Ерманның жалынды жырлары
«Бүгініміз- беймәлім
Ертеңімі күмәнды» («Ырғай жыры») заманда қаламын серік етіп, өлең- жырын жаныны көрік етіп жүрген ағаларымның бірі- Ж.Ерман. Жүрсін ағамды кезіндегі ақындар айтысының ұйымдастырушысы ретінде танитын едім. Ендігі уақытта оның «Ырғай» жыр кітабын оқығаннан бері жазба ақын ретінде де мойындадым. Тіліп түсер өткір тілді ақын ағаның жырларын жанымы жақын тарттым. Ұнаттым.
Өзімше сараласам... (әй,бірақ, аға жырын саралайтын мен кіммін?) ...сонда да.
«Бұлантының жоқ бұланы» өлеңі:
«...Бәрі жоқ боп жатқан ұдай,
Берекесіз шақта бұлай.
Иманы жоқ адамдарға,
Иланудан сақта, Құдай!»,-деген жолдармен өріледі.
Қазіргідей «ісіміздің бәтуасы, сөзіміздің тұрлауы жоқ» (ақын өзі айтқандай) уақытта иманынан адасқандар қаншама. Солар емес пе, елге іріткі салып, ошақтарды ойрандап жатқан, аққа күйе жаққан.
Сондықтан да осындай азғындардың сайтани қылықтарына күйініп, ақын жыр төгеді. «Сақта, Құдай!»,-деп жалбарынады.
Ереде бір жас жігіт ақылы асқан қарияға келіп: «Маған Аллаға бастар жолды көрсет, менің сол жолмен жүргім келеді»,-деп қолқа салған екен.
Сонда қария: «Балам, сен әйелді сүйіп көрдің бе?»,-деп сауал тастапты.
Тыжырынған күйде: «Жо-о-қ, мені әйел түк қызықтырмайды, мен тек Алланы ғана сүйемін»,-дейді жігіт.
-«Онда саған ол нұрлы жол жабық,-депті қария,- себебі, әйел затын сүйе алмаған, Алланы да сүйе алмайды»
Осы сынды Жүрсін ағаның:
«Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні- әйелде...
...Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын...
...Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң...
...Әйелмен күнің өлшенер,
Құдайдан кейін-сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың,
Әйелің сорлы болса егер.
...Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!»,-деп келетін жолдары бар.
Бұл- әйелді биік көтеру. Өйткені, әйел-жар, әйел- Ана. Ендеше, бұл жыр- Ананы сүю, Ананы мойындау.
«Ер туған жеріне» дейді қазақ. Ақын да туған өлкесін әспеттеп жыр арнайды: бір тауына арша болсам дейді, даламның сарқылмас бұлағы болсам дейді... дей келе, жырдың соңғы шумағында:
«Сенен өнгем өскен ем,
Ей, Туған жер,
Қайта айналып өзіңе кеткім келер»,-деп түйіндейді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сөзбен шешкен шешен халықпыз ғой. Ел мен елді жауластыратын да, жауласқан жұртты татуластыратын да, мұңайтатын да, мұңайған жанды қуантатын да- сөз. Сөз құдіретін «Бәсіре сөз» өлеңінде Жүрсін ақын:
«Аттан жығыл жығылсаң- оқасы жоқ,
Жығылуға болмайды сөзден, балам»,-деп жыр өреді.
Бұл жолдар сөздің парқын түсінгенге мол өнеге.
Осы ойды «Мына заман...» өлеңінде:
«Сәбйімдей мен сені әлдилеймін,
Сен аман бол киелі сөз өнерім»,- деп сабақтайды.
Қаншама асылдарымыз көзі тірісінде елден тепкі көріп күн кешті. Кешегі Қасым ақын баспана іздеп сенделмеді ме? Мұқағали да жанын қоярға жер таппай жын суына жүгінбеп пе еді?... Қазір ше? Олар- ұлы, олар-дауылпаз ақындар. Өзі кеткен соң сөзін ұлықтайды, қазақ.Осы кемшілікті Журекең «Данышпан » өлеңінде:
«Ғайбаттайды ел сені, дуылдайды,
Жырдан бірақ жүрегің суынбайды.
Бар жазығың-тірісің,
өліп кетсең,
Ұлы ақын деп бәрі де шуылдайды»,-деп шырылдап жеткізеді.
Жазықсыз жала құрбаны Міржақып ақын «Оян,қазақ!» деп ұран салды. Жүрсін ақын да:
«Жібімей ме жаратқан жаппар әлі,
Айырмай- ақ қойдың-ау ақ- қараны.
Табағыңа түсетін сыбағаңды,
Тағы біреу қымқырып ап барады.
...-Бастырылып жатырсың, оян, қазақ!»,-деп әлі де маужыраған елді селт еткізбек ниетте.
«Алдаспан жияр болсаң- алмасыңмын»деп қайсарлығын көрсетеді ағам. Осы қайсар ақынның қайсар жырларын мен өзімше тілге тиек еттім.

Қалқаман Сарин поэзиясындағы сыршыл лирика. Махаббат лирикасы- сыбызғы сезімге толы лирика. Абай атамыздың өзі- «Ғашықтың тілі- тілсіз тіл» деп жырлап кеткен емес пе еді?
Күні кешегі, жырын Алаш жұрты мойындаған Мұқағали атамды мен ХХ ғасырдың махаббат пірі дер едім. Сезімге толы әрбір шумағы жүрекке от салады.
Бүгінгі күні өз басын, махаббат жыршысы деп, өзі айтқандай бір күн де мөлдір мұңсыз өмір сүре алмайтын ақын- Қалқаман ағамда айтар едім.
«Ойлаумен тек өзіңді түн де ұзарар,
Сырыма қанып үнсіз жұлдыз ағар.
Мендегі махаббатты оятты ғой,
Сендегі сезім тұнған нұрлы жанар» («Ән сияқты әуезді өлең»)деген шумақтың сыртқы құрылысы, әдемі ұйқасы ғана өзіне еліктірмейді. Сонымен қоса сезім оянып, шабыт бойға сыймайтын түн әлемін жырға қосу арқылы, ғашық жанның нұрлы жанары ақын бойындағы махаббатты оятқанын жүрекке шынайы жеткізе білген.
«Жұлдызды аспаным жымың қаққанда жақын кеп,
Жұлдыздан құрап жазамын өлең ақын боп.
Қалай да, жаным, сені ұмытуға тиіспін,
Ал сағынбауға хақым жоқ...»
Тағы да түн, тағы да мұң...
Қалқаман ағамның өлеңдеріндегі махаббат бөгенайы (символы)- түн бе деп ойлаймын. Бұл шумақтағы мөлдір мұң- сағыныш. Жұлдызды аспан астында ғашық жанның сүйгенін сағынбауға хақысы жоқ. Өйткені ол шын сүйеді.
Келесі бір өлеңде ақын тағы да мұңды жазады. Ол мұң- қоштасу,сүйгенімен айрылысу. Өлең маған ұнады. Себебі- өлеңнің өн-бойы толған сырлы сезім. Ал сезімнің ешкімге ұнамауы мүмкін емес.
Оқып көріңіздер:
«Көлдей тұнық көзіңмен қызықтырдың,
Жүрді сонда жазықсыз жүзіп бір мұң.
...Қоштасар сәт келгенде қимай мені,
Мөп-мөлдір мұңнан моншақ үзіп тұрдың.

...Ұмыттым.
Бәрі-бәрі ұмытылды,
Жаныма махаббаттың мұңы тұнды.
Қураған жапырақтай жалған сезім,
Алсам да алақанға үгітілді.

Кездестік қоштасқалы...
Күз. Кешкілік.
Мұңлы әуен тұрды алыстан бізге естіліп.
...Шақырып кездесуге сонда сені,
Кеттім-ау жалғыздықпен жуздестіріп» («Кездестік қоштасқалы»). Жүректі тербейтін жолдар емес пе?!
Бұл- менің оқырман ретіндегі өз ойым. Сіздер қалай ойлайсыздар, достар?
Маралтай Райымбекұлының дауылпаз жырлары
«Тұлпарға мінген Ұлы даланың,
Тарпаң мінезді ұлы»- Маралтайдың «Кентавр» жинағындағы біраз жырға тоқталғым келіп отыр.
«Мен туғанмын ер Мұхаммед өлген күн,
Мен болмасам жүрегімді емдер кім.
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі,
Келеді деп...
Келген ақын, сол- Менмін!»
Ағам, менің бала жүрегімді дүдамал күйден арылтты, дерттен емдеді, жырларымен. Сонысымен де ұнады.
Маралтай «Өмір» өлеңінде:
«Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе.
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем көресімді көрем де»,- дейді.
Бұл не дегені? Бұны түсіну қиын.
Меніңше, бұл- ішкі мұң. Сол мұңнан туған дүние. Әйтпесе ақын:
«Менің жаным аппақ емес, қап- қара» демес еді ғой.
«Муза» өлеңінде:
«Басса да жер дүниені көшкін мейлі,
Сен ғана өлмейтін де, ескірмейтін.
...Құдай мен Құраннан соң бір өзіңсің,
Тұрмайды басқа нәрсе тырнағыңа».- деп шарықтаған жолдар бар.
Ақын Музаны ұлықтайды, жырлайды. Өйткені, Муза- ақын жанының жыр-күші.
Маралтайдың да алғашқы сезімінен сыр шертетін «Алғашқы сезім» (Гүлбануға) өлеңінде махаббаттың ұлы құдіреті қарапайым һәм әсем жеткізіледі.
«Мен сен үшін батыр болғам сол кезде,
Мен сен үшін ақын болғам сол кезде » деген жолдар бар. Расымен де махаббат не істетпейді. Сонымен қоса:
« ...Өзгелермен ойнай қалсаң қызғанып,
Өтуші еді жүрегімді мұз қарып.
Бар баланың мұрнын бұзғым келетін,
Қызғаныштан туып кейде қызбалық ».
Еріксіз күлкіге ерік бергізеді (J).
Ал тереңінде қызғаныш деген асыл сезім. Қызғаныш махаббатқа жол ашады. Ең таза сезім (өз ойымша), қызғаныштан туған сезім.
«Тауықтың ары тарымен бірге,
Шашылса тары шашылар» («Ар»)
Осы жолдар тауықша күнелтетіндердің намыссыздығын аңғартады.
«Аққудың ары жарымен бірге,
(Жарына ғана бас ұрар)»,- деген жолдарда аққудай адал жүректілердің һақ жолы аңғарылады.
Есектей тек қарнын созуды ғана білетіндер мен тұлпардай хас жүйріктерді, Күнге де қасқайып қарайтын қыран көзділер мен қарғаша құрт шоқып өмір сүретіндерді салыстыра жырлайды.
Соңында: «Шаладай бықсып жалғасып жүрер,
Өсек пен соры соңында-
Ақынның арын Алласы білер.
Ал сенің арың қолыңда!»,- деп түйіндейді.
Жұмыр жердің үстіндегі адамзат әлемі мен Муза һәм жырдан тұратын ақын әлемі мүлде екі бөлек дүние. Сондықтан да, Ақынның ары Аллаһ тағала сыйлаған шабытта болса, біздің арымыз өз қолымызда.
Маралтайдың дауылпаз жырлары осындай. Ақын аға «У қайтару» өлеңінде:
«Көк байрақты қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез»,- деп жыр төгеді. Ендеше жалынды ақындардың отты жырлары барда ҚАЗАҚ қырандай қалықтамақ.
«Жас ақындар жырының анталогиясы». Бұл кітапты мен 9 сынып оқып жүргенімде, қазіргі жас ақындар кімдер екен деген қызығушылықпен оқыған едім. Кітапқа қазіргі жыр патшалығының 45 ақынының өлеңдері енгізілген. Кітап алғысөзін ақын Ұ.Есдәулет жазған. Жинақта Ұлықбек ағаша айтар болсам: «Қазақ өлеңінде болашақ бар ма?» деген сұраққа жауап табылады (Егер сенбесеңіздер оқыңыздар!). Мен өзімше жазамын. Алаш ардақтысы М.Жұмабаев сеніп өпкен: «Арастандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты» жастардың жырлары бұлар.
Жас ақын Нәзира Бердалының бала күнін ойға алып, бойжеткен шағынан қиял тербеп балалықтың ауылына сапар шеккен өлеңі:
«Ей, самолет, самолет,
Алматыға ала кет!
деп жүргенде,
Осы біздер бала ма ек.
...Самолеттен ала кет деп сұраған,
Алматыда жүрмін мен...
...Ей, самолет, самолет!
Балалығым сапарда,
Қай жерде екен айтып кет!»
Ақын балалығын осылай сағынады. Осы ойды, ауылға деген сағыныш сезімін:
«Сағынып келем жып-жылы жаз ауылымды,
Алматының қар басқан көшелерінде» деп толықтыра түседі.
Келесі бір жас ақын- Бақыт Беделханұлы. Мысалға, «Солай бәрі болу керек» өлеңін алатын болсам: «Өрт боп жанған махаббатым аман бол,
Өшер кезде ешкім маған от бермес».
Осы жолдарда ақын ұлы күш- махаббаттың жалынын анық аңғартады. Махаббат от береді, маздатады. Тағы бір ерекшелік, өлеңнің бірінші (ө), төртінші (е) шумақтары ассонансты пайдаланып, ал екінші (л), үшінші (м), бесінші (с) шумақтары аллитеррация тәсілін қолданылып жазылған. Және де сол басқы әріптерден құралған сөз: «Ө Л М Е С»... Иә, бұл жалынды жырлар өлмейді, мәңгі!
Осы ойды «Мәңгіліктер» өлеңінде былайша сабақтайды:
«Мәңгіліктер...
Мәңгі өлмейтін жаныма жаңғырып кел».
Бұл жанның мәңгі өлмеу себебі, ол- ақын жаны.
«Қаршадайынан тақымын тайға бекіткен,
Ғұмыр бәйгенің өзімше шабандозы едім...
...Көмбеден күткен тілеулес жұртым секілді,
Тақымын қысып ажал тұр ма екен алдымда?!» («Шабандоз жастық»). Осы жолдар ақын Дәулеткерей Кәпұлының шумақтары. Расымен де өмір- бәйге, өмір- аламан. Сол аламанда әркімнің өз жүлдесі бар. Көмбеге дейін қаншама қиындық, қаншама талас- тартыс... Барар жер бір... Ол- мәңгіліктің мекені.
«Қайда кетті бөрілі елім, сол заман» өлеңінде түтіні түзу ұшқан, Көк Тәңірісі қолдаған жұртымыздан:
«Тәңірідей табынатын тектілік!
Ағалардан табылса-
Біз де, ұрпақ, бақыттымыз күні ертең»,-деп ой түйеді.
Айта кетер тағы бір ұлы күш- қыз махаббаты. Ол- сүйеді. Шын сүйеді. Қыз сезімі пәк, таза. Оны ақын Танакөз Толқынқызы дәлелдейді:
«Қайыңға, діңге, тірекке,
Жапырақтарға- дір етпе,
Кеудемде соққан жүрекке,
Атыңды ойып жазамын.»
Танакөздің «Қатыгез ғасыр» өлеңіне үңілсем. Қатыгез ғасырда қатыгез жүрек қаптаған. Қатыгез ғасырда біреуді- біреу таптаған. Бірақ ақан осы қатыгездікке мойынсұынбайсы. Былай дейді:
«Қатыгездікке беріле көрме, ақ қалам,
Бермесе қойсын бақ маған...»
Жоғарыда айттым ғой. Қазіргі қазақ поэзиясы жаңарып келеді, түрленіп келеді. Анталогияны оқыған соң оған менің көзім жетті.
Р.S. Бұл мақалада айтқым келгені: «... қазіргі қазақ поэзиясы кешегі Абай атамыз салып кеткен сара жолдан еш тайған емес, Абай атамыз қалап кеткен сол биіктен әлі түскен жоқ».
Менікі жай ғана ой тастау.
Оқыңыздар!
Көздеріңіз жетеді.
Мен де кешегі ақиық ақын Мұқағали айтқан «Сайтан баланың» бірі едім. Ұзын- сонар жыр көшіне ілескен жайым бар. Жүректен шыққан жырларды ақ параққа түсіріп жүрмін: Поэзиям- өмірім...
Ақын ба көкке құлаш сермемеген,
Сезімін ақша бұлттар тербемеген.
Тағымнан да түсірген осы өлеңім,
Шығарған мені қайта төрге де өлең.

Алыстарға апарған алтын өлең,
Жетелеген бабамның салтыменен.
Қызыл қаннан жаралса бір бөлігім,
Қара өлеңнен жаралған жарты денем.

Поэзиям, өмірімнің гүлі де мен,
Жанымның Күніде сен, түні де сен.
Артық етпес қол жетпес айға ұқсатсам,
Артық етпес жүректің нұры десем.

Поэзия, сен менің шамшырағым,
Алла берген бармақтай тамшы бағым.
Зор қақпасын өмірдің ашқан жаңа,
Жүрегіме НҰР болып тамшыладың.

Өрлікке үйретеді өлең ұлды,
Жайнатып- жайқалдырды желегімді.
Мен өзіңнен тауып ем іздегенді,
Мен өзіңне алып ем керегімді.

Жайқала бер бүр жайып гүл- өлеңім,
Шуақ шашқан талайға Нұр- өлеңім.
Сен менің ең ардақты байлығымсың,
Поэзиям- өмірім,
Жыр- өлеңім.

Қолданылған әдебиеттер:
1. Ақсұңқарұлы С. «Адам ата- Һауа ана». Алматы: Қазақстан, 2000 ж.
2. Ерман Ж. «Ырғай». Алматы: Баспалар үй «АҚ», 2010 ж.
3. Қ.Сарин өлеңдері.
4. Райымбекұлы М. «Кентавр». Алматы: Жалын, 2008 ж.
5. «Жас ақындар жырының анталогиясы». Алматы: Өлке, 2000 ж.