Қазақ халық поэзиясы - қазақ әдебиетінің бір саласы. Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи даму сатыларына тән көркемдік-эстетикалық талғам-түйсігін, этикалық және философиялық талап-тұжырымын танытады. Көне дәуірлерден бастау алатын қазақ халық поэзиясы синкретті (ажыратылмас) құбылыс. Сондықтан оның халық ауыз әдебиетімен, музыка мәдениетімен, фольклормен тоғысар арнасы мол. Қазақ халық поэзиясында елдік жолындағы ерлік пен өрлік, рух асқақтығы мен қайсар батырлық, табиғаттың ғажайып үйлесімді көрінісі, ғашықтықтың күйініш-сүйініші, рухани асқақ сезім, адам мейірімі мен дүниетанымы ажырамас тұтастықта көрініс табады. Қазақ халық поэзиясының жанрлық құрамы сан салалы. Дастан, толғау, айтыс, жыр, т.б. бастауын халық шығармасынан алады. Қазақ халық поэзиясын жанрлық, түрлік жағынан А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.О.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Е.С.Ысмайылов, М.С.Сильченко, т.б. ғалымдар ғылыми тұрғыдан жүйеледі.
Әуезов қазақ халық өлеңдеріне сыршылдық салт өлеңдер деген анықтама бере отырып, оны туу ретіне қарай үш түрге бөлген:
жалпақ елдің салтымен байланысқан шерлі өлеңдер;
дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер;
қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері. Ел салтындағы шерлі өлеңдерді мазмұнына қарай: жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту деп жіктейді.
Қоштасудың өзін іштей тақырыптарға бөледі: а) жермен қоштасу, елмен қоштасу; ә) өмірдің өткен шағымен қоштасу; б) өтіп бара жатқан заманмен қоштасу.[1] Досмұхамедұлы қазақ фольклорының жанрлары мен түрлерін жүйелеп, халық поэзиясының шілдехана, бесік жыры, ғашықтық әдебиет, үйлену тойы жырлары (жар-жар, тойбастар, беташар), қоштасу, көрісу, сәлем, сәлемдеме, жерлеу, мақтау, көңіл айту жырлары, бата мен алғыс, қарғыс, болжам өлеңдер, насихат, зар заман мен толғау, батырлық жырлар, тарихи өлеңдер, тұрмыстық жырлар, жарапазан түрлерін атайды.[2]
Н.Төреқұлов ауыз әдебиетіндегі халық өлеңдерінің (лирика) жеті саладан тұратынын көрсетеді:
саяси-әлеуметтік лирика: арнау, мадақтау, тарихи өлеңдер, қара өлеңдер, хат өлең, ән өлең;
тұрмыс-салт лирикасы: тойбастар, сыңсу, жар-жар, беташар, бесік жыры, қоштасу, жоқтау, естірту, көңіл айту, жұбату;
еңбек-кәсіп өлеңдер: төрт түлік, егіншілік, саяткерлік және наурыз өлеңдері; # ғақылият өлеңдер: өсиетнаме, алғыс, бата, тілек, мысал өлең, жұмбақ өлеңдер;
қиял-ғажайып өлеңдер: аңыз өлең, өтірік өлең;
күлкі-сықақ өлеңдер;
діни өлеңдер: бақсы сарыны, бәдік, арбау-байлау, жарапазан. Поэзиядағы дәстүр мен жалғастық, тарихи сабақтастық тұрғысынан алғанда лириканың негізі – халық өлеңдерінде.
Бұл ретте халық мәдениетінің, ән-күй өнерінің өкілдері Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Шашубай, т.б. сал-серілер шығармашылығы қазақ халық поэзиясындағы лириканың тамаша үлгілері болып табылады. Сал-серілер – әншілік өнер мектебін қалыптастыра отырып, халықтық поэзияны көркемдік, тақырыптық, идеялық арнада дамытты. Әнші-ақындар поэзиясы қазақ әдебиетінде ерекше дәстүрлер қалыптастырды. Мыс, Арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Батыс Қазақстандағы Мұхит, Сыр бойындағы Нартай дәстүрі соның дәлелі.
Қазақ халық поэзиясы – ұлттық рухани мәдениеттің асыл арнасы, ажырамас бөлігі болғандықтан, дәуір талабына, замана рухына сай жаңарып, жаңғырып отырады. Бұл ретте Жамбыл, Нұрпейіс, Иса, Доскей, Шашубай, Төлеу, Нартай, Естай, Кенен, Үмбетәлі, Көшен, Нұрқан, Нұрлыбек, Сәт, Омар, Қалқа сынды халық ақындарының шығармалары халық әдебиеті дәстүрлерін сақтаудағы, жалғастырудағы қазақ халық поэзиясының өміршеңдігін айқындайды. Мұның өзі халық талантының сарқылмас көркемдік қуатын да танытады. Қазақ халық поэзиясының көркемдігі, бейнелілігі қашанда ақындық шеберлікті ұштауда үлкен маңызға ие және қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тәлім-тәрбиелік мәні зор. Өлең, жыр түрінде шығарылатын қазақ халық поэзиясы өмір құбылысын, адамның жан әлемін сыршылдықпен, сезімталдықпен көркем, бейнелі түрде жеткізеді.