Серік Ибрагимов
Q: Серік, үлкен сахнада тәй-тәй басып, өнер көрсетіп жүрген жас әншісің. Өзің туралы көпшілікке таныстырып өтсең?
- Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Түгіскен деген жерде туып-өстім. Көп балалы отбасынан шыққанмын. Отбасында ата-анам, үш әпкем, екі қарындасым, ағам бар. Жеті баламыз, мен солардың ортаншысымын. Үлкендердің айтуынша, музыкаға әуестігім үш жасымнан басталыпты. 9-сыныпты бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Оны аяқтаған соң Алматы қаласына келіп консерваторияға түсіп, оқып бітіріп шықтым.
Q: Үлкен сахнаға алғаш қай кезде шығып едіңіз?
- Продюсерім – Алтынбек Рахметов ағамен бірге жұмыс істегенімізге бір жылдай болып қалды. Сол кісінің арқасында концерттер, кештер, түрлі іс-шараларға, барлығына ат аслысып келеміз. Көбіне концерттік түсірілімдер.
Q: Яғни, сіздің барлық жұмыстарыңызбен Алтынбек аға айналысады ғой?
- Иә, барлығы сол кісінің қолында. Өзімнің де алып-қосарларым болады. Ақылдасып, ортақ шешім қабылдауға тырысамыз. Қандай ән орындаймыз, қандай костюм киеміз, барлығына таңдау бірге жасалады. Бірақ көбіне сол кісі шешеді.
Q: Қазір қоржыныңызда қанша ән бар?
- Аллаға шүкір, оннан астам ән жазылды. Сонымен қатар Ұлжан Айнақұловамен, Мақпал Исабековамен, Әли Оқаповпен орындаған дуэттер бар. Жақында Тамара Асар апайымызбен дуэт жаздырып, Ескендір Хасанғалиевтің концертінде өнер көрсеттік.
Сұхбаттасқан — Теңге БЕКМҰРЗА