: Міндеттемені тоқтату

: Міндеттемені тоқтату
3. Міндеттемені тоқтатудың түсінігі
4. Міндеттеменің тоқтатылуының жекелеген әдістері
Мақсаты: Міндеттемені тоқтату мен рәсімделуінің мәнін ашып көрсетіп, оның тоқтатылуының жекелеген әдістерінің түрлерін түсіндіру
Ұсынылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы және Ерекше бөлімдері) – Алматы: ЮРИСТ, 2008ж . 21 тарау, 367-377 баптар.
2. Төлеуғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы: Жоғарғы оқу орындарына арналған акад. курс.

Міндеттеме өзінің құрамын кіретін құқықтар менміндеттер толық жүзеге асқан сәттен бастап тоқтатылады. Бұл көбіне көп оны орындаудың нәтижесінде болады. Бірақ та несие беруші боорышты кешіргенде немесе оны орындауға мүмкіндік болмайтындай болса, негізгі мақсатты жүзеге асырумен байланысты емес тоқтатулар да болады. Сөйтіп, міндеттемені тоқтату дегеніміз міндеттеменің мазмұнын құрайтын оның қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін жою болып табылады.
Міндеттемені тоқтату Азаматтық кодексте, басқа да заңдар мен өзге құқықтық актілерде немесе шартта қаралған негіздерде жүзеге асады (АК-тің 367-бабы).
Қазіргі қолданылып жүрген Азаматтық кодексте мейлінше жиі кездесетін міндеттемелердің тоқтатылу негіздері қарастырылған, оның ішінде әсіресе жаңа тәсілдері де тәртіптелген, айталық, оған бас тарту төлемі мен борышты кешіру түрлерін жатқызуға болады (АК-тің 369-373 баптары).
Міндеттемені тоқтатудың барлық негіздерін мынадай екі топқа бөлуге болады:
1) Өзінің қатысушылары еркімен тоқтатылатын міндеттеме (мысалы, жаңарту, есепке жатқызу, бас тартуды ұсыну, борышты кешіру);
2) Өзінің қатысушылараның еркінен тыс тоқтатылатын міндеттеме (мысалы, азаматтың қайтыс болуы міндетеменің тоқтатылуына алып келеді, заңды тұлғаны тарату, борышқор мен несие беруші бір тұлға болса және т.б.).
Міндеттеменің тоқтатылуы тиісті дәрежеде рәсімделуі керек, олар жалпы және арнайы ережемен рәсімделеді. Белгілі бір жағдайларда заң міндеттеменің тоқтатылуының арнайы әдісін қарастырады. Мысалы, заемдық міндеттемені рәсімдеу кезінде қарыз қолхатын тапсыру талап етіледі. Қарыз міндеттемесі тоқтатылған жағдайда несие беруші бұл қарыз құжатын қайтаруы тиіс. Егер қандай да бір себеппен қолхат жоғалып немесе жойылып кетсе, онда несие беруші міндңттеменің тоқтатылғаны туралы соған ұқсас қолхат беру арқылы куәландыруға міндетті.
Міндеттеменің тоқтатылуы оның қатысушылары арасындағы құқықтық байланыстардың күшін жояды. Кейбір жағдайларда құқық қатынастары сақталады, бірақ жаңартылған түрде болуы керек.
Міндеттемені тоқтатудың мейлінше тиімді түрі – оны орындау. Яғни міндеттеме тиісті дәрежеде орындалуы керек, несие берушінің құқықтарын жүзеге асыру міндеттеменің мәніне, әдісіне, орындалатын жеріне және т.б. толық сәйкес жүзеге асуы керек.
Міндеттеме тиісінше орындалмаса да тоқтатылмайды, қайта қосымша міндеттер (айып төлеу, залалды өтеу және т.б.) жамалады.
Тараптардың келісімі бойынша міндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемін беру арқылы тоқтатылуы мүмкін (АК-тің 369-бабы). Бас тарту төлемі міндетттемені тоқтатудың жаңа негізі болып табылады, оның өзі бұрын Азаматтық кодексте болған емес. Бас тарту төлемінің мән-мағынасы міндеттеменің пәнін басқа мүлік беру немесе ақшамен алмастыру болып табылады. Сондай-ақ жұмысты орындау немесе қызме көрсету де ұсынуы мүмкін.
Міндеттеме мерзімі жеткен, не мерзімі көрсетілмеген немесе мерзімі талап ету кезімен белгіленген біртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлік-бөлігімен тоқтатылады (АК-тің 370-бабы).
Есепке жатқызуға бір талаптың өтініші жеткілікті.
Мысалы, құрылыс фирмасы сауда фирмасынан материалдар сатып алғанда 5 мың теңге төлеуі тиіс. Сауда фирмасы өз кезегінде құрылыс фирмасының жасаған жөндеу жұмысының ақысын төлемейді. Бұл орайда қарсы талаптар бірден байқалады, егер сауда фирмасының қарызы 5 мың теңге болса, онда қарсы есепке жатқызу жолымен талаптар өзара жойылады. Егер қарыз 2 мың теңге болатын болса, сауда фирмасына қатысты міндеттеменің өзара талабы тоқтатылады, ал құрылыс фирмасының міндеттемесі 2 мың теңгеге азаяды.
Есепке жатқызуды қолдану үшін бір мезгілде мынадай шарттар керек:
1) Есепке жатқызу жөнінде жасалған талаптар қарсы талаптар болуы, яғни несие беруші міндеттеме бойынша екіншісіне борышқор болуы керек. Жақтардың әрқайсысы бір-біріне қатынаста борышқор әрі несие беруші болуы қажет: үшінші жақтың талабын есепке жатқызуға болмайды;
2) Қарсы талаптар біртекті болуы қажет. Міндеттеменің екеуі бойынша бір текті нәрселерді беру қарастырылады (ақша, зат, тектік белгілері бойынша айқындалған);
3) Талаптар есепке жатқызу көрсетілген мерзімі келгенде немесе талабы берілген сәтте қабылданады.
Есепке жатқызу үшін бір жақтың еркі болса жетіп жатыр. Ол екі жақтың келісімі бойынша, сот тәртібінде (төрелік) қарсы талаппен, яғни арыз берумен жүргізіледі.
Мына талаптарды:
1. Егер тараптардың бірінің өтініші бойынша талапқа заңды талап мерзімін қолдануға болса және мерзім өтіп кетсе;
2. Азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы;
3. Алимент өндіріп алу туралы;
4. Өмір бойы асырау туралы;
5. Заңдарда немесе шартта көзделген басқа да талаптарды есепке жатқызуға жол берілмейді.
Есепке жатқызудың жағдайы талапты орындау кезінде орын алады. Азаматтық кодекстің 370-бабына сәйкес борышқор жаңа несие берушіге де талап қоя алады. Егер борышқор талап етуді беру туралы хабарды алған кездегі негізден туындаса және талап мерзімі оны алғанға дейін туындаса, не ол мерзім көрсетілмесе немесе талап ету кезімен белгіленбесе, ол есепке жатқызылады.
Жаңғыртылу – міндеттемені тоқтату әдісі ретінде бастапқы міндеттемені жаңа міндеттемен ауыстыру туралы әр жақтың өзара келісімі. Бұл орайда жаңа міндеттеменің жаңа нысанасы мен жаңа әдісі болады.(АК-тің 372-бабы). Тұрғын үйді жалға беру шартындағы пәтерақы жөніндегі қарыз заем шартымен алмастырылуы мүмкін.
Залалды қалпына келтіру құқығы тоқтатуға жатпайды, өйткені залалды өтеуді қосымша міндеттеме деп тануға болмайды, ол кез келген міндеттемеге тән және де жаңғыртылу оны тоқтата алмайды.
Азаматтық кодекс міндеттемені тоқтатудың басқа да негіздерін қарастырады. Оған борышқор мен несие беруішінінің бір тұлға болып келуін жатқызуға болады (371-бап). Бұл кәсіпорын қайта құрған кезде орын алады, мәселен, кәсіпорынға оның борышқоры келіп қосылады. Мұндай жағдайда жаңадан құрылған заңды тұлға әрі борышқор әрі несие беруші болады. Мұндай нұсқада міндеттеме болуы мүмкін емес, сондықтан ол тоқтатылады.

Талқылау сұрақтары:
1. Міндеттемені тоқтатудың құқықтық негіздері қандай?
2. Міндеттемені орындалу арқылы тоқтату дегенді қалай түсінесіз?
3. Міндеттемені есепке жатқызу арқылы тоқтату дегеніміз не?
4. Орындауға мүмкіндік болмағанда міндеттемені тоқтатуға бола ма?
5. Азаматтың қайтыс болуы міндеттемені тоқтатуға негіз бола ала ма?
6. Заңды тұлға міндеттемесінің тоқтатылуының құқықтық тәртібі қандай?