АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ.

АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ.
1. Азаматтық құқықтардың міндеті.
2. Субъективті құқықтардың сипаттары.
3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асырудың еріктілігі мен шегі.

Мақсаты мен міндеті: азаматтық құқықтарды жүзеге асыру туралы түсінік беру. Азаматтық құқықтарды жүзеге асырудың еріктілігі мен шегі. Субьективтік құқықты жүзеге асыру адалдығы. Азаматтық құқықты қорғаудың түсінігі мен тәсілдерін анықтау. Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауына сипаттама беру.

Әдебиеттер мен нормативтік актілер:
1. ҚР-ның «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау» туралы Заңы. 4 шілде 1992ж.
2. ҚР-ның «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы Заңы. 5 маусым 1991.
3. Братусь С.Н. Юридическое ответственность и законность, М., 1976.
4. Грибанов В.П. Пределы осуществления и защиты гражданских прав- М., 1972.
5. Комаров А.С. Ответственность в коммерческом обороте.- М., 1992.

Азаматтық құқықтар мен оған тиесілі міндеттер кез келген құқық қатынастарының, оның ішінде азаматтық құқықтың да түп қазығы болып табылады. Субъективті құқықтардың сипаты олардың саралауы арқылы көрінеді. Біріншіден, абсолюттік (шек қойылмаған) және арақатысты құқық болып бөлінеді. Оларға тән ортақ қасиет аталған құқыққа сәйкес міндет кімнің мойнына жүктелетіндігіне байланысты мәселе деуге болады. Кейбір құқықтар азаматтық айналымға басқа қатысушылардың бәрін де құқықтардың жүзеге асуына бөгет жасамайтын етіп міндеттейді.
Абсолюттік азаматтық құқық мазмұны жағынан қарама-қарсы тұрған арақатысты құқық: бұл құқық бойынша міндетті болатын бір ғана белгілі жақ немесе бірнеше белгілі жақтар. Бұл құқықтың сол міндетті болған субъектіге не міндетті субъектілерге ғана күші бар, сондықтан бұл міндетті бұзатын тек солар ғана.
Екінші саралау азаматтық құқықты заттық және міндеттеемелік деп бөледі. Заттық құқық деп заттар жөнінде туатын құқықты айтады. Бұл құқықтың иесі өзінің осы құқығын басқаның көмегіне мұқтаж болмай-ақ, тікелей іске асыра алады. Заттық құқықтардың ішіндегі бастысы – меншік құқығы. Меншік құқығы затқа тән, сондықтан да зат меншік иесінің тікелкй иелігінде болады, меншік иесі мен заттың арасында ешқандай делдалдық деген жоқ. Сатып алушының затқа құқығы міндеттемелік деп бағаланады. Ол затты, яғни тек сатушының, яғни міндетті адамның қатысуымен ғана ала алады. Заттық құқықтар абсолюттік құқық, ал міндеттемелік құқық – арақатысты құқық болып табылады.
Саралаудың үшінші түрінде құқық мүліктік және мүліктік емес деп бөлінеді. Сонымен азаматтық айналымға қатысушылар өздерінің құқықтарын емін-еркін қолдана алады. Дегенмен де заң азаматтық құқықтарды жүзеге асыру шектерін айқындайды. Біріншіден, оның азаматтық құқығын басқа біреуге қасақана залал келтіру үшін пайдалануына тыйым салады, сондай-ақ өзге де құқық түрлерін қолдану арқылы әлгіндей мақсатқа жол берілмейді. Мұндай құқықтарды өзге біреуге залал ету үшін қолданылуын айқындау сот тәжірибесінде мүмкін бе, мүмкін емес пе, айта қою қиын. Ал құқықты тұлғаның өзінің бас пайдасына жолсыз пайдалануының өзге түрлеріне келетін болсақ, ол азаматтық құқықтарды жүзеге асыруды шектеуде ескерілген. Бәсекелес кезінде коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқығын шектеу олардың бас пайдасы үшін жолсыз әрекеттерге баруына тосқауыл қоюдан туындаған. Бәсекені шектеу белгілі бір тауар өндірушіден тек бір-екі фирманың ғана тауар алу мүмкіндігінен көрінеді. Коммерциялық ұйымдардың өзін жоғары қоюы деп оның монополистік пиғылмен бағаны аспандатып жіберуін айтады. Бұл өзі кеңінен таралған құбылыс.
Бұзылған немесе дауға түскен азаматтық құқық сотпен қорғалады. Бұл орайда сот әртүрлі тәсілдерді қолданады.
Құқықты тану. Бұл жағдайда сот кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екендігін, кімнің құқығына жөнсіз қиянат жасалғанын анықтайды. Мұрагерлік жөніндегі дауда мұрагердік біреуі өзгесінің құқығын мойындамаса, онда сот мұрагерлікке құқықты тану жөнінде шешім шығарады.
Бастапқы жағдайда қалпына келтіру және құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупін туғызатын әрекеттерге тыйым салу. Оған мысалретінде затты заңсыз иеленушіден алып беру құқығын, сондай-ақ оны бұрынғы заңды иесіне қайтаруды айтуға болады. Егер сіз затыңызды жоғалтып алып, оны біреуден көрсеңіз, сот арқылы әлгі затыңызды қайтара аласыз.
Залалды өтеу. Егер тараптарға оның құқығын бұзу арқылы залал келтірсе, онда ол құқық бұзушыдан толық түрде өтемін талап етуге құқылы. Залал бұл арада келтірілген материалдық зиянның ақшалай көрінісі болып есептеледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде заладың екі түрі қарастырылады. Біріншісі - нақты нұқсан келтірілген залал, яғни мүліктің жоғалуы немесе зақымдануы, немесе бұзылған құқықты қалпына келтіруге кететін шығын. Екіншісі – алынбай қалған табыстар (айырылып қалған пайда) яғни дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бірақ алынбай қалған табыстарды егер ол түскен болса, онда құқық бұзылмаған болар еді.
Міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару. Жәбірленушінің көбіне-көп өз құқығын қалпына келтіруде көңілі көншімейді, сондықтан да ол құқығын бұзушыдан келген залалды сол күйінде қалпына келтіруді талап етеді. Егер сіздің сатып алған теледидарыңыз кепілдік мерзім ішінде істен шығып қалса, онда оны алған жерден ауыстырып беруді талап етесіз, сөйтіп міндетті заттай сол қалпына орнына келтіруге мәжбүр етуге құқыңыз бар.
Моральдық залалды өтеу. Моральдық залал деп азаматтардың материалдық игілігі болып саналмайтын және мүліктік емес құқығын бұзу арқылы оған дене немесе рухани залал келтіруді айтады. Оған мысал ретінде отбасындағы құпияны азаматтың еркінен тыс жария етуді немесе оның атын жамылып жарамсыз қылықтар жасауды және т.с.с келтіруге болады. Азаматтың талабы бойынша сот құқық бұзушыға келтірген моральдық залалды ақшалай өтеуді міндеттей алады. Мұндай өтемнің көлемін сот қана анықтайды. Бұл бір жағынан алғанда оңай шаруа емес, өйткені, залалдың көлемін анықтауда белгілі бір қойылған шек жоқ. Ол үнемі ақшамен есептеуге келе бермейді.
Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау. Азамат пен ұйым өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды теріске шығару үшін сотқа жүгінеді. Сотқа жүгіну ондай мағлұматтарды таратушы адам әлгі таратқан мағлұматтарының шындыққа сай екендігін дәлелдей алмаған жағдайда жүзеге асады. Егер мұндай мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, онда сол бұқаралық ақпарат құралдарында берілген мағлұмат тегін түрде теріске шығарылуға тиіс. Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтіндігі туралы тиісті адамға міндетті түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе кері сұратылып алынуға тиіс. Сонымен, тұлға таратылған жалған мағлұматтар арқылы өзіне келген залалды (моральдық зиянды) өтеуді талап етуге қақысы бар.
Енді тағы бір тәсіл – өзін-өзі қорғауға тоқтала кетелік. Осы сөз тіркесінің өзінен көрініп тұрғандай, азамат пен ұйым өзінің құқығын өзі қорғайды. Бұл орайда өзін-өзі қорғау тек құқық бұзушыға және оның әрекеттерін жоюға ғана бағытталуы тиіс. Тәжірибеде өзін-өзі қорғау жиі кездеседі. Мысалы, телефон станциясы абонентті көрсетілген қызметке төлемді үнемі уақытылы төлемегені үшін байланыс жүйесінен айырып тастайды. Мұндай өзін-өзі қорғау құқығы кепіл, мүлікті қорғау шарасы, қажетті қорғану және т.б. түрлерінде кездеседі.
Талқылау сұрақтары:
1. Азаматтық құқықтарды іске асыру.
2. Азаматтық құқықтарды қорғау