АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР
1. Азаматтық құқықтық қатынастар ұғымы.
2. Азаматтық құқықтық қатынастар элементтері мен ерекшеліктері.
3. Азаматтық құқықтық қатынастардың түрлері мен пайда болу негіздері.
Мақсаты мен міндеті: Азаматтық құқықтық қатынастар ұғымы туралы түсінік қалыптастыру. Азаматтық-құқықтық қатынастардың элементтері мен ерекшеліктеріне сипаттама беру. Азаматтық құқықтық қатынастардың түрлері мен пайда болу негіздерін анықтау.
Әдебиеттер мен нормативтік актілер:
1. ҚР-ның Азаматтық кодексі, 2007.
2. Грибанов В.П. Пределы осуществления и защиты гражданских прав. М., 1972.
3. Халфина Р.О. Общее учение о правоотношении. М.1974.
4. Мирошникова Н.И. Механизм осуществления субьективных гражданских прав. Ярославль, 1989.
5. Егоров Н.Ю. Гражданско-правовое регулирование общественных отношений Л, 1988.
Азаматтық құқық нормаларының талаптарына сәйкес туындайтын және бұл нормаларға тәуелді болатын жақтар арасындағы қатынастар азаматтық құқық қатынастары деп аталады.
Адамдар өз өмірінде және әрекет үстінде үнемі әрқилы азаматтық құқық қатынастарына араласып жүргенімен, өздерінің әрекеттерінің заң жөніндегі сипатын көбінесе ескере бермейді. Мысалы, қайсыбір затты болсын сатып алуда сатушы мен алушының арасында Азаматтық кодексте көрсетілген сату-сатып алу мәмілесінен туындайтын өте күрделі құқықтық қатынастар пайда болады. Бұл мәміле бойынша сатып алушы белгілі бір сомада ақша төлеуге міндетті, ал сатушы сатқан затты сатып алушының меншігіне беруге, немесе затында сапасы жағынан бір кемшілігі немесе сан жағынан кемістігі болса, онда оны басқа затпен ауыстыруға, толықтыруға, әйтпесе алған ақшасын қайтарып беруге міндетті және т.с.с.
Заңды тұлғалардың барлық істері де нақ жаңағыдай азаматтық құқық қатынасы ретімен жүзеге асады. Өндіріс жабдықтарын тапсыру, өнімдерді сату, банк арқылы есеп айыру – осылардың бәрі де құқықтық қатынасты тудырады, яғни осылардың бәрінің де заң арқылы белгілі салдары болады.
1.Құқық қатынастарын сөз еткенде, оны талдағанда бір алдымен құрамдас элементтерін айқындап алуымыз қажет. Әрбір құқық қатынастарында қатынастың субъектілері деп аталатын қатысушылары болады. Азаматтық құқық қатынастарының субъектілері: жеке тұлғалар, әкімшілік-аумақтық бөліністер, сондай-ақ мемлекет болып табылады.
Құқық қатынастарына қатысушылардың арасында белгілі бір байланыс орнайды, сол себепті бұлардың арасында қатынастарының мазмұнын құрайтын белгілі бір құқықтар мен міндеттер пайда болады.
Сол қатынаста құқықтар мен міндеттер не нәрсеге (мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер) бағытталған болса, сол нәрсе оның объектісі деп аталады.
2.Осыған орай құқықтың жалпы теориясының бір мәселесіне тоқтала кеткеннің еш артықтығы жоқ. Әдетте «құқық» сөзі бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ шын мәнінде мүлдем бөлек екі мағына білдіретіндігін айтпасқа болмайды. Оның біріншісін «Азаматтық құқық» «құқық нормалары» дегенге қолданамыз. Бұл сөз тіркесіндегі «құқық» дегеніміз мемлекетте қалыптасқан құқықтық рәсімдер жүйесі, жиынтығы. Қажет болған жағдайда оның жүзеге асырылуы мемлекет күшіне сүйенеді. Осы мағынасында қолданатын «құқықтын объективті мағынасындағы құқық» деп немесе «объективті құқық» деп атайды.
Әрбір құқық қатынасында қатысушының бірінің субъективті құқығына екіншісінің заңдық міндеттілігі сәйкестендіріледі, яғни біреуінің екіншісі алдындағы міндеттілік аясы айқындалады. Мысалы, үйді сатып алу-сату шартына сәйкес сатушы мен сатып алушы арасында екі бірдей құқық қатынасы пайда болады. Оның біріншісінде сатып алушы үйді алуға құқылы да, сатушы оны беруге міндетті.
3.Заңдылық фактісінің түсінігі. Азаматтық құқық нормалары өздігінен азаматтық құқық қатынастарын тудырмайды. Қандай да болсын нақтылы азаматтық құқық қатынастары белгілі бір жағдай болғанда ғана пайда болады. Мұның мазмұнының өзгеруі немесе оның қасқартылуы да белгілі бір жағдайға байланысты. Осындай құқық қатынастарының пайда болуына, өзгеруіне немесе оның қысқартылуына себепкер болатын жағдайларды заңдылық фактілер деп атайды. Мысалы, баланың тууы, мәміленің бүлінуі т.т. заңдылық фактрлер болып табылады.
4.Заттар – азаматтық құқық қатынастарының объектілері. Азаматтық құқық қатынастарының объектілері деп заттарды (мүлік және мүліктік құқық), жұмыс пен қызметті, ақпаратты, материалдық деп есептелмейтін игіліктер (мәселен атау) мен интеллектуалды меншікті, яғни әдеби шығарма, өнертабыс және тағы басқаларын айтамыз. Дәл осы объектілерде құқық қатынастарына қатысушылардың мүдделері тоғысады және де бұл объектілердің құқық қатынастарындағы тағдыры шешіледі.
Заттар азаматтық айналымдағы қатынасына орай шектеулі айналым қабілеттігіне байланысты азаматтық айналымнан шығарылмаған және азаматтық айналымнан шығарылған деп бөлінеді. Азаматтық айналымнан шығарылмаған заттарды олардың иелері өзгеге еркін түрде бере алады, сөйтіп, ол ешқандай шектеусіз қолдан қолға өте береді.
Заттарды бөлінетін және бөлінбейтін деп жіктейді. Бөлінетін заттар бөлінген күннің өзінде тұтынушылық қасиетінен, бастапқы сапасынан айырылмайды.
Заттар құқық қатынастарында жекеше белгіленген және тектес қасиеттеріне қарай белгіленетін заттар деп бөлінеді. Заттар жеке белгілеріне қарап, немесе бүтін бір тобына, басқаларына тектесуіне қарап бөлінеді. Бірінші жағдайда жекеше белгіленген заттар деп, екінші жағдайда тектес қасиеттеріне қарай белгіленген заттар деп атайды. Жекеше белгіленгені тек басқасына емес, тек сол заттың өзіне тән. Зат сол жекеше күйінде ғана бір құқық қатынасында тектес қасиеттерімен айқындалады, ал басқа ретте даралық сипатқа ие.
Заттар қозғалмалы және қозғалмайтын болып бөлінеді. Оның қозғалмайтынына жермен тығыз байланысы бар жер учаскелері, учаске қойнауы, көпжылдық өсімдіктер, ғимарат және құрылыстар жатады, олар тұтастығы мен пайдаға асуына орай жерге елеулі залал келтірмей бөліне алмайды. Сондай-ақ Азаматтық кодекс қозғалмайтын заттар қатарына әуе және теңіз кемелері мен ғарыш объектілерін де жатқызады.
Қозғалмайтын мүлікке берілетін құқық мемлекеттік тіркеуден міндетті түрде өтуі тиіс. Дәл сол сияқты мемлекеттік тіркеуге қозғалмайтын мүлікке жасалған келісім де жатады.
Қосалқы зат және басты зат. Дербес пайдалануға келмейтін, тек басқа затпен (басты) ғана бірге пайдалануға болатын заттар қосалқы заттар деп аталады.Жалпы ережеге сәйкес қосалқы зат басты заттың заңдық тағдырына әсер етеді.
Затқа ақша, валюталық құндылықтар, сондай-ақ құнды қағаздар жатады. Әдетте ақша тектес белгілерімен анықталған зат болып табылады. Тек оның көрініске қойылғандары ғана оған кірмейді. Қазақстанның барлық аумағында теңге заңды төлем құралы болып есептеледі. Ол банкнотта көрсетілген бірлікте – 100 теңге, 500 теңге және т.с.с. бағаланады. Шетелдік валютаменесеп айырысу тек заңда көзделген ретте жүзеге асады.
Құнды қағаздар да зат делінеді. Құнды қағаз дегеніміз белгіленген нысан мен міндетті реквизиттерді сақтай отырып, қайсыбір мүліктік құқықты орнататын, оны күәландыратын, өзін көрсеткенде ғана құқықты іске асыратын құжат болып табылады. Құнды қағаз өзінде көрсетілгеніндей, мүліктік құқықтық айғақтайтын бірден бір құжат болып есептеледі.
Құнды қағаздар мынадай 3 түрге бөлінеді: атаулы, ордерлік және ұсынбалы. Оның атаулысы белгілі бір адамға берілед, әрі ондағы құқықты тек өзі ғана жүзеге асырады. Оған мысалы, жинақ және депозитивті сертификаттар жатады. Ордерлік түрі де белгілі бір тұлғаға беріледі, бірақ ол бұл қағазды басқа біреуге бергенде бергені туралы оған жазады (индосамент). Ал, ол өз кезегінде бұл қағазды үшінші біреуге бере алады, т.с.с. Ұсынбалы түрі оны көрсетушіге беріледі, яғни оны көрсеткен адам ондағы құқыққа ие болады. Оған облигация және акция жатқызылады.
Құнды қағаздарды шығару (эмиссия) тәртібі мен оны ұйымдастырып шығарушылардың (эмитент) жауапкершілігі заңмен реттеледі.
Талқылау сұрақтары:
1.Азаматтық құқықтық қатынастар
2.Азаматтық құқықтық қатынастар элементтері мен ерекшеліктері
3.Заңды фактілер