АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАҒИДАТТАРЫ

1. Қағидат (принцип) терминіне түсініктеме.
2.Азаматтық құқықтың принциптері.
3.Моральдық зиян туралы түсінік.

Мақсаты мен міндеті: азаматтық құқықтың қағидаттарына сипаттама беру, жан –жақты қарастыру. Азаматтық құқықтың принциптеріне талдау жасау. Моральдық зиян туралы түсінік қалыптастыру.
Әдебиеттер мен нормативтік актілер:
1.ҚР-ның Конституциясы, 1995ж.
2.ҚР-ның Азаматтық кодексі/жалпы бөлім/ 2007ж.
3.Нормативтік құқықтық актілер туралы ҚР-ның заңы 24.03.2007ж.
4.Азаматтық құқық. Тулеуғалиев Ғ.И. А, 2001ж.
5.Коментарий к ГК РК /общая часть/ Жеті жарғы 1998 .1,2 том.
6.Конвенция о правовой помощи и правовых отношениях по гражданским, семейным и уголовным делам. 22.01.93. Минская конвенция.

«Қағидат» (Принцип) термині латынның сөзі – бастау, негіз дегенді білдіреді. Азаматтық принциптері (қағидаттары) – ол нормтаивтік сипаты бар, қоғамдық қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеу бастамасын басшылыққа алатын негіз. Ол Қазақстан Республикасының заңының мейлінше маңызды тұстарын көрсетеді. Демек, азаматтық құқықтың тек жалпы принциптері (қағидаттары) арқылымүмкін болады.
Принциптер (қағидаттар) Азаматтық құқық жүйесінде әрқашанда бастапқы норма болып саналады. Сондықтан да басқа нормалар онымен жанама түрде көрініп, жалпы сипат алады, демек принциптер өзгелерден басым түседі. Принциптер азаматтық-құқықтық нормалардың барлық жүйесін қамтып, басшылыққа алады.
Азаматтық құқықтың мынандай принциптері бар:
1. азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі;
2. меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық;
3. шарт еркіндігі;
4. жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығы;
5. азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру;
6. нұқсан келтірген құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету;
7. азаматтық құқықты сот арқылы қорғау.
Міне, осы принциптердің бәрі де Азаматтық кодекстің «Азаматтық заңдардың негізгі бастаулары» деп аталатын 2 бабында бекітілген. Яғни сол арқылы мемлекет пен қоғамнгың азаматтық заңдарының алдына қойған мақсаты мен міндетін орындаудағы азаматтық заңның демократиялық және ізгілікті қасиеттері көрініс береді. Енді осы принциптерді талдасақ.
Азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың теңдіг. Азаматтық құқықтың басты қағидаттарының бірі олардың қатысушыларының теңдігіне байланысты келеді. Азаматтық қатынастарға қатысушылардың теңдік принципі қоғамдық қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеу әдістемесінің өзімен айқындалады. Яғни, бұдан азаматтық құқықтық қатынастарда тараптардың жағдайы тәуелсіз, тең дәрежеде болатындығын көреміз. Демек, азаматтық қатынасқа қатысушының бірі екіншісіне тіптен бағынышты емес, ал тәуелділігі оның мінез-құлқына, екіншісінің ерік-жігеріне қатысты болмау керек.
Меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық принципі. Меншікті құрметтеп, оған ешкім қол сұқпайтын елде ғана азаматтар жайбарақат өмір сүре алады. Сондықтан да әрбір қоғамда меншік ерекше мәртебеге ие болып, оны қасиетті , әрі қол сұғылмайтын нәрсе деп бағалайды. Адамның белгілі бір затты иеленуі оны тұтынып, белгілі бір мақсатына, яғни керегіне жаратуы үшін керек, сондықтан да ол бұл орайда қызмет көрсету құралын бәрінен де жоғары қояды.
Шарт еркіндігі принципі. Заң шығарушы меншікті емін-еркін пайдалану үшін заңды негіз жасайды, сол арқылы азаматтық субъектілердің өздеріне контрагентті таңдауына, шарт талаптарын мүлдем дербес айқындауға әрі оны тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл принцип нарықтың дамуына және бәсекеге қажетті алғышарттарды жасайды, міне, сондықтан да ол кәсіпкерлік қызмет үшін ерекше маңызға ие.
Шарт дегенімііз – шаруашылық қызметінің негізгі құралы. Азаматтар мен заңды тұлғалар шарт негізінде өздерінің құқықтары мен міндеттерін өз еріктерімен, өз мүдделеріне сүйене отырып тағайындайды, сонымен бірге заң құжаттарына қайшы келмейтін жағдайда олардың кез-келген шарт жасасуына мүмкіндігі бар.
Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтын принципі. Бұл принцип Азаматтық кодекстің 2-бабының 1-тармағында тұжырымдалған және де ол жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын қарастырады.
Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол бермеу билік пен басқару органдарының, ата-аналардың, қызмет орны жетекшілерінің және басқа адамдардың әрекет қабілеті бар азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлкіне қожалық етуіне, пайдасын бөлісіп, кірісін пайдалануына тыйым салынады.
Азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру принципі. Азаматтық кодекстің бұл принципі конституциялық ережеде де жазылған: «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез-келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар». Азаматтық құқықты жүзеге асырудың өзі осы принципке байланысты.
Нұқсан келтірген құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету принципі. Азаматтық құқықтар мен міндеттердің көбі мүліктік қатынастармен байланысты. Демек, олар белгілі бір дәрежеде материалдық мазмұнға ие. Азаматтық заңға бұл принципті енгізу азаматтық құқықтың өзекті мәселелерінің бірі – құқық бұзылғанға дейін болған жағдайды қалпына келтіруді, ал ол мүмкін болмаған жағдайда келтірілген зиянды өтеуді қамтамасыз ету мәселесін шешуді жүзеге асырады.
Азаматтық құқықты сот арқылы қорғау принципі.Соттың қорғауын қамтамасыз ету принципі. Бұл конституциялық принцип: әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Бұдан аз ғана уақыт бұрын сот арқылы қорғану ролі төмен болып келді, яғни тек заңда көрсетілген жағдайда ғана сотқа шағыну мүмкін.
Моральдық зиян Азаматтық кодекстің 951-бабына сәйкес адамның және заңды тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардың айырылуы, соның ішінде жәбірленушінің өзіне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан), уайымға салған) жан азабы немесе тәне азабы (қорлау, ызыландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қинауы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.) деп есптеледі. Моральдық зиян оны келтірушінің кінәсіне орайластырылып өтеледі. Сонымен қатар, моральдық зиян оны келтірушінің кінәсін есепке алмай-ақ, егер ол төмендегідей жағдайларға байланысты орын алса:
1) зиян азаматтың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіптілік көзі арқылы келтірілсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретінде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат алуды қолданудан, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесіне немесе басқа емдеу мекемесіне орналастыру түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтірілсе;
3) зиян ар-ожданына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер тарату арқылы келтірілсе;
4) заң құжаттарында көзделген өзге де жағдайларда өтеледі.
Заңда көзделген реттен басқа жағдайда азаматтың мүліктік құқығын бұзатын әрекеттер арқылы жасалған зиян өндіртіп алуға жатпайды.
Моральдық зиян ақшалай түрде өндіріледі. Моральдық зиянның көлемін анықтау кезінде жәбірленушінің шеккен рухани зардабын субъективті баға ретінде ескереді. Сондай-ақ жәбірленушінің рухани және денсаулығына байланысты зардап шегуінің дәрежесін анықтайтын объективті мәліметтер де ескеріледі: өмірлік маңызы бар жағдайларға қастандық жасау объектісі (өмірі, денсаулығы, абыройы, ар-намысы, еркіндігі, үйіне ешкімнің тиіспейтіндігі т.б.); құқық бұзушылықтың ауыр зардаптары (жақын туысқанын өлтіру, денеге жарақат салу, сол арқылы мүгедек ету, еркінен айыру, жұмыссыз қалдыру немесе баспанасыздыққа душар ету және т.б.); адамды мазақ қылатын жалған мәліметтер тарату сипаты мен жүйесі; жәбірленішінің өмірлік хал-ахуалы (тұрмыстық, отбасылық, қызметтік, материалдық, денсаулық жағдайлары, жасы және басқалары); басқа да назар аударуға тұратын жайттар.
Талқылау сұрақтары:
1. Азаматтық құқық принциптерінің ерекшеліктері
2. Нұқсан келтірген құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету принципі.
3. Моральдық зиян.