жер ресурстарын пайдалану мәселесі

жер ресурстарын пайдалану мәселесі
Жер ресурстарын пайдалану мәселесі талқыланды

Жер ресурстарын тиімді пайдалану - соңғы уақытта қоғамда жиі талқылана бастаған өзекті мәселенің бірі. Бұл саланың түйткілді тұстары, оны шешу жолдары жақында Қарағандыда болған семинарда талқыланды. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің бастамасымен өткізілген бұл жиынға аталған агенттіктің төрағасы Қадырхан Отаров, облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зайролла Дүйсенбеков, агенттікке қарасты мемлекеттік кәсіпорын басшылары қатысты.

Жиынға сонымен бірге қала, аудан және селолық ок­ругтердің әкімдері, әкімдік­тердің құры­лымдық бө­­лім­­шелерінің бас­шылары, агенттіктің аумақтық ор­ган­дарының, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері жиыл­ды.
- Семинар ел Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баевтың осы салаға бай­ланысты қойған міндеттерін жүзеге асыру, сон­дай-ақ жер қатынастары, геодезия мен картография мәселелері бойын­ша заңнамаларды түсіндіру мақ­сатында өткізіліп отыр, - деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Ол Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік пен ел Пар­ламентінің Жер кодексін жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқарып жат­қанын атап өтті. Дей тұрған­мен жерді бөлу, оны қайтарып алу мәселелерінде белгілі бір дәрежеде қиындықтар ту­ғызатын тұстар да баршылық. Осыған орай Әбілғазы Құ­сайынов Жер кодексіне жер телімін саудаға шығармай бөлуге және екінші деңгейдегі сатылып алынған телімдерді қайтарып алуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
Семинарда агенттік төр­ағасы Қадырхан Ота­ров­тың «Жер ресурстарын тиімді басқарудың негізгі проб­лемалары» тақыры­бындағы баяндамасы тыңдалды.
Осыдан кейін жер те­лім­дерін оңтайлы пайдаланудың кейбір қырлары, мемлекеттік жер ка­дастрын жетілдіру және басқа да өзекті мәселелер жөнінде ака­демик Зайролла Дүйсенбеков, Жер ресурс­тарын басқару жө­ніндегі агенттік төрағасының орын­басары Каналбек Райым­беков, «Казгеодезия» РМКК дирек­торы Кәрібай Шалабаев, «Жер ресурстары және жерге ор­наластыру мемлекеттік ғы­лыми-өндірістік орталығы» РМК бас директоры Әбдуғали Бегманов және мемлекеттік жер кадастры­ның авто­маттандырылған ақ­параттық жүйесі республикалық орталығының бастығы Элео­нора Тагировалар сөз сөй­леді.
Елбасы ағымдағы жылғы “Жа­ңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауында, алдағы онжылдықта ел дамуына бағыт­талған жаңа міндеттерді айқындап берді. Онда ел экономикасының дамуы мен оның бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы негізгі табыс кілті – ұлттық экономи­каны әртараптандыруға баса назар ау­дарылды. Жолдауда әртараптан­ды­рудың басты бір сегменті ре­тін­де агроөнеркәсіптік кешенді да­мы­тудың негізгі үш бағыты атап көр­сетілді, яғни оның біріншісі – 2014 жылға аталған салада өнім­ді­лікті кем дегенде екі есе арт­ты­ру, екіншісі – елдің азық-түлік қау­іпсіздігін қамтамасыз ету, үшіншісі – экспорттық әлеуетті іске асыру.

Аталмыш міндеттерді іске асы­рудағы аграрлық-индустрия­лық әртараптандыру арқылы ау­ылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құ­рал-жабдықтар мен жаңа техно­ло­гияларды енгізу, ауыл шаруашы­лы­ғында заман талабына сәйкес, са­палы өнім өндіруге жаңа көз­қарасты қалыптастыру, сонымен қатар әлемдік тәжірибені кеңінен пайдалану – бүгінде еліміз өзді­гінен шеше алатын істер. Бұл рет­те, әрине, ауыл шаруашылығында негізгі өндіріс құралы болып са­налатын жер ресурстарын тиімді пай­далану, аталған міндеттерді іске асыруда аса маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Ашық нарықтық экономика жағдайында және әлемдік азық-түлік рыногында орын алып отыр­ған үлкен бәсекелестікте ау­ыл шаруашылығы өндірісінде же­тіс­тіктерге жету үшін де жерді ти­ім­ді пайдалану басты шарт болып та­былады. Қазіргі кезде рес­пуб­ликамыздағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 91, 7 млн. га, оның ішінде егістік жерлер – 22,5 млн. га. Бұл ретте, егістік жерлердің 70 пайызы Қос­танай, Ақмола, Солтүстік Қа­зақ­стан және Павлодар облыс­та­рында шоғырланған. Сонымен қа­тар, республика бойынша 2,1 млн. га суармалы жер бар, оның ішінде 1,4 млн. гектары егістік жер және ол негізінен (80%) Ал­ма­ты, Оңтүстік Қазақстан, Жам­был, Қызылорда және Шығыс Қ­а­зақ­стан облыстарында орналасқан.

Дегенмен, Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің Су ресурс­тары комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылы суармалы жер­лердің 37%-ы пайдаланылмаған. Он­ың басты себептері, көп жыл­дар­дан бері суару жүйелерінің тех­ни­калық төмен жабдықталуы, су тар­ту мен су бөлу жүйелерінің ес­кі­руі және алаптардың қайта сор­лануы топырақ сапасын нашар­латып, аталған жерлерді тиімді пайдалануға кері әсерін тигізуде.

Елімізде, ТМД елдері мен бас­қа да шет мемлекеттердің заң­на­маларына сәйкес, ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін тиімді пайдалану қатысты мәселелер негізінен екі бағытта жүргізіледі.

Біріншісі, мемлекет тарапынан жерді тиімді пайдалануға қатысты жүргізілетін іс-қимылдар. Оларды мақсатына қарай үш бөлікке бө­луге болады. Олардың алғашқысы жерді тиімді пайдалануға байла­ныс­ты заңнамаларды жетілдіру. Қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес (92-бап), екі жыл пайда­лан­баған жер учаскелері, жерді бақылау инспекциялары тарпы­нан жазбаша ескерту берілген соң, жер учаскесі тағы да бір жыл пайдаланылмаған жағдайда, сот тәртібінде жер учаскесі оның иесінен мәжбүрлеп алынады. Ал ауылшаруашылық жерлері оларды пайдалануда жер құнарлылығының едәуір төмендеуіне соғатын болса (93-бап), жер инспекциясының, талап арыз беруден үш ай бұрын, заң бұзылуын жою туралы жазбаша ескертуден кейін ғана және осы мер­зімде жер иесі заңдардың бұ­зы­луын жоймаған жағдайда сот тәр­тібімен жер учаскесі мәжбүрлеп алынуы мүмкін.

Жерді пайдаланбауына байла­нысты жер учаскесін алу механизмі өте күрделі және сот процедурасын қоспағанның өзінде, жерді пайда­ланбау мерзімі үш жылға дейін со­зылады. Бұдан басқа жер құнар­лылығының төмендеуіне байланыс­ты оларды алып қою тетігі жер құ­нарлылығының төмендеуінің көр­сеткіштері заңнамалармен бел­гіленбеуіне байланысты бүгінгі күні аталған заң бұзушылық бойынша шара қолдану мүмкін емес. Осы се­бепті, агенттік тарапынан Жер ко­дек­сіне тиісті ұсыныстар әзірленіп, қа­зіргі кезде олар Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бұл ретте, жерді пайдаланбағаны үшін оларды алып қою тетігін жетілдіру және ауылшаруашылық жерлерінің ұзақ мерзімге айналымнан шығып қалуының алдын алу мақсатында, кодексте белгіленген екі жыл пай­даланбау мерзімі 5 жыл кезеңдегі екі жыл пайдаланбаған мерзімнен тұратын болады.

Сонымен қатар, жер құнарлы­лығын төмендетуге байланысты көрсеткіштер Үкімет бекітетін жерді тиімді пайдаланудың тәртібі құрамында белгіленетін болады. Жер құнарлылығы көрсеткіштерін анықтау және оларға мониторинг жүргізу мақсатында Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің құрамында бо­лып келген “Республикалық агро­химия қызметінің ғылыми ме­тодикалық орталығы” мемлекеттік мекемесі Үкімет қаулысымен Жер ресурстарын басқару агенттігі құрамына берілді.