Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы заңы қашан
Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы заңы қашан қабылданды?
Неке және отбасы туралы жаңа заңнама
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі 2011 жылы 26 желтоқсанда қабылданып, 2012 жылғы 18 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы заңының күші жойылды.
Кодекс 17 бөлім, 33 тарау, 283 баптан тұрады.
Жаңа Кодексте азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібінде, тіркеу мерзімінде, тіркеуге ұсынылатын құжаттарда біршама жаңалықтар бар.
Кодексте бірнеше жаңа ұғымдарға арнаулы түсініктер берілген.
Кодекстегі оң өзгерістердің бірі – бұрынғы «Неке және отбасы туралы» ҚР заңында некеге тұрғысы келетіндер өзінің не жұбайының немесе ата-анасының тұрғылықты жері бойынша ғана өтініш бере алса, қазіргі жағдайда отбасын құруды мақсат еткендер еліміздің кез келген аумағында некеге отыра алады. Қазақстандық азаматтар некелерін тіркеуге электрондық формада өтініш беру мүмкіндігіне де ие болып отыр.
Бұрынғы заңның
– ерлі-зайыптылардың бірі басқа некеде тұрса;
– жақын туыстар болса;
– бала асырап алушылар мен асырап алынған балалар арасында;
– сот шешімі арқылы психикалық ауруы бар, ақыл-есі кемдігі салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдар араларында неке қиылуға жол берілмейтін бабы бір жынысты адамдардың және асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың арасында неке қиылмайтындығымен толықтырылған.
Сондай-ақ, неке қию кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосып ала алады, қосылатын тек некеге дейінгі тегінен кейін сызықша арқылы жазылады. Неке қиюды мемлекеттік тіркеу кезінде тегі өзгерген жағдайда азамат 1 ай мерзімде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруға міндетті.
Заңдағы назар аударатын ерекшеліктердің бірі – нәресте дүниеге келгенде оның тууын тіркеу үшін тек емдеу мекемесі берген туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімі негіз болып табылады. Бұрынғы заң бойынша баланың дүниеге келуін екі куә растай алатын болса, қазір ана үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық анықтаманы анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес ол өтініш жасаған медициналық мекеменің қызметкері рәсімдейді.
Туумен бірге қайтыс болуды тіркеуге де куәлардың айғағы бұдан былай негіз бола алмайды.
Кодекс бойынша туу туралы акт жазбасында баланың туған жері болып тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі. Мысалы, бала Астанада туса, тууы Ақтоғай ауданының ӘБ АХАЖ қызметінде тіркелсе – баланың туған жері болып – Астана қаласы жазылады.
Кодекстің 63 бабы бойынша балаға қосарланған ат беріледі, бірақ ол екі аттан аспауы керек, қосарланған ат сызықшасыз бөлек жазылады. Мысалы, Мырза Ахмет, Әбіл Мансұр, Ай Ару.
Балаға берілетін туу туралы куәлікте баланың ата-аналарының азаматтығы жазылатын болды. (Орайы келгенде айта кететін жайт, биылғы, жылдың 01 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 15.12.2009 жылғы №2121 қаулысымен бекітілген «Ресми құжаттарға апостиль қою», «Азаматтық хал актілерін тіркеу» мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес тууды тіркеуге және апостиль қоюға өтініштер Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тапсырылуда).
Егер бұрынғы заңда баланың ата-анасы бір-бірімен некеге тұрмаса, тууды жазу кітабында баланың әкесінің тегі-анасының тегі бойынша жазылатын, жаңа Кодексте баланың әкесі туралы мәліметті анасының тілегі бойынша жазбауға да болады.
Сол сияқты, дәлелді себептермен адамның аты, әкесінің аты немесе тегі ауыстырылғанда, өзгерту жасалып отырған адамның өзіне қатысты жасалған туу туралы акт жазбасына ғана өзгеріс енгізіледі. Басқа жазбаларға өзгерістер енгізу жүргізілмейді. Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту жүргізілгенін растау үшін өзгерісті тіркеген АХАЖ органы белгіленген үлгідегі атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік береді.
Кодексте қайтыс болуды тіркейтін бес күндік, жеті күндік мерзім алынып тасталды.
Заңнамада балалардың құқықтары кеңейтіліп, бала асырап алудың шарттарына елеулі өзгерістер енгізілген, мысалы, 92-бап бойынша бала асырап алушының жасы 45-тен аспауы керек. Балаларды асырап алу бұдан былай асырап алу жөніндегі агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырылады, бұл агенттіктер балалар құқықтарын қорғау саласындағы құзырлы органдардан аккредитациядан өтуі тиіс. Бала асырап алу алдымен баланың туыстарына, Қазақстан Республикасының азаматтарына, содан соң Қазақстан Республикасымен тең деңгейдегі халықаралық міндеттемелері бар елдің азаматтарына ғана рұқсат етіледі.
Бұрынғы заңда болмаған «Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» атты тарау жаңадан енгізілген. 54-бап бойынша суррогат ана болу шарты мемлекетіміздің азаматтық заңнамасы талаптарын сақтай отырып, жазбаша жасалады, ол міндетті түрде нотариалды куәландырылады. Суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, бала суррогат ананың қалауымен өзінде қалады, ал суррогат ана баладан бас тартса, ол мемлекет қамқорлығына беріледі.
Кодекстегі алимент мәселесіне байланысты жаңалықтардың бірі- алимент төлеуге міндетті адам Қазақстаннан тыс жерлерге уақытша, немесе тұрақты тұруға кететін кезде, алиментті төлегенін растайтын құжаттары болмайынша, оның кетуіне рұқсат берілмейді.
Жаңа Кодекс бойынша егер баланың ата-анасы некеден ажырасса, бала анасымен бірге тұрса, анасы оған өзінің тегін бергісі келсе, АХАЖ органы бұл мәселені баланың әкесінің пікірін ескерместен, баланың мүддесіне орай шешеді. Күшін жойған заңда баламен бірге тұрмайтын ата-ананың бірінің келісімінсіз баланың тегі өзгертілмейтін.
26.12.2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» осы Кодексі Қазақстан Республикасындағы неке және отбасы қатынастарын, оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін белгілеп, реттейтін нормативтік-құқықтық акті болып табылады.