Жоғалған құжаттарды қалай тез қалпына келтіруге болады? Қала

Жоғалған құжаттарды қалай тез қалпына келтіруге болады? Қалай тез арада қалпына келтіріп аламыз?
Құжаттарды қалпына келтірудің жолдары

Қазіргі уақытта табиғаттың тылсым күштерінен болып жатқан апаттардан, яғни айтпай келетін тілсіз жау өрт, су тасқынынан кейін құжаттардың жойылу, пайдалануға мүмкін еместей бүліну жағдайлары көптеп кездеседі. Осындай апаттан кейін тұрғын үйді қалпына келтіру үшін қаншалықты қаржы қажет екені өздеріңізге белгілі. Ал банкттерден несие алу үшін немесе қоғамдық қорлардан, жұмыс орындарыңыздан қаржылай, материалдық, көмек алу үшін міндетті түрде заң талаптарына сәйкес Сіздің техникалық паспортыңыз және құқық белгілеуші құжаттарыңыз талап етіледі.

Тұрғын үйге құқығын растайтын құжат дегенімізге мыналар жатады: сыйға беру шарттары, тұрғын үйді сату шарттары, заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік, айырбас шарттары т.б. Міне, осындай келеңсіз жағдайлардан кейін құжаттарды қалпына келтіру қажет болады.

Осындай жайсыздықтан шығу үшін аудан тұрғындарына құқықтық көмек ретінде төмендегі құжаттарды қалпына келтіру үшін заң талаптарына сәйкес қандай іс-әрекет жасау қажеттігі төменде ұсынылады.
Техникалық паспорттың (дубликат) телнұсқасын дайындау «Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық» РМК-ның Қызылорда облысының Сырдария филиалы арқылы жүргізіледі. Бұл үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының Сырдария филиалынан жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы және техпаспортты жарамсыз деп тану туралы хабарландыру жарияланған жылжымайтын мүлiк объектiсiн тiркелген жерi бойынша жергiлiктi немесе республикалық газеттiң данасын тапсырасыз.

Техпаспорттың телнұсқасын дайындау ақылы негізде жүргізіледі.

Егерде сіз тұрғын үйге құқығыңызды тіркеткен болсаңыз жергілікті Әділет органдарымен «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 Заңының 36-бабына сәйкес құқықтық кадастрда жүргiзiлген жылжымайтын мүлiкке құқық белгiлейтiн құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшiрмесi) жоғалған немесе бүлiнген жағдайларда құқық белгiлейтiн құжатты қалпына келтiру көрсетiлген құжаттың тiркеу iсiнде сақталатын көшiрмесiнен телнұсқа беру арқылы жүргiзiледі. Сол сияқты осы баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдайларда жоғалған немесе бүлiнген құқық белгiлейтiн құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшiрмесiнiң) күшiн жою уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Негiзiнде құқықтық кадастрда тiркеу жүргiзiлген жылжымайтын мүлiкке құқық белгiлейтiн құжатының түпнұсқасы (куәландырылған көшiрмесi) жоғалған немесе бүлiнген жағдайда құқық белгiлейтiн құжатты қалпына келтiрудi тiркеушi орган тiркеу ісінде сақталған сол құжаттың көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі. Бұл тіркеуші органның құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасының күшін жойғанын растайды.
Құқық белгiлейтiн құжаттың телнұсқасын алу үшiн өтiнiш берушi мыналарды ұсынуы тиiс:
1. Құқық белгiлейтiн құжаттың жоғалуына, бүлiнуiне (бұзылуына) себеп болған жағдайларды көрсете отырып, құқық белгiлейтiн құжаттың телнұсқасын беру туралы арнайы бекітілген нысандағы өтініш. Өтініште мынадай мәліметтер болуы қажет.
1) Тегi, Аты, Әкесiнiң аты;
2) құқық белгiлейтiн құжаттың жоғалуына немесе бүлiнуiне (бұзылуына) себеп болған жағдайлар;
3) СТН ;
4) тұратын жерi;
5) жеке басты куәландыратын құжатының деректері;
6) жылжымайтын мүлік обьектісі орналасқан мекен-жайы;

Құқық белгiлейтiн құжаттың түпнұсқасын жарамсыз деп тану туралы хабарландыру жарияланған жылжымайтын мүлiк объектiсiн тiркелген жерi бойынша жергiлiктi немесе республикалық газеттiң данасы.
Құқық белгiлеушi құжаттың телнұсқасын беру туралы өтiнiштен басқа өтiнiш берушi тiркеушi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) жеке тұлға паспортын немесе өзге оны алмастыратын құжатын (жеке куәлiгiн, 16 жасқа толмаған азаматтың туу туралы куәлiгiн, Қазақстан Республикасындағы шетелдiктiң ықтияр хаты, азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн) ұсынады;
2) заңды тұлға заңды тұлғаны тiркеу туралы куәлiгiн (жарғысының, ережесiнiң көшiрмесiн), сауда тiзiлiмiнен көшiрмесiн немесе осы субъект өз елiнiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, қазақ немесе орыс тiлiне нотариатты куәландырылған аудармасымен бiрге басқа құжатын ұсынады.
3) жеке және заңды тұлғаларға жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасын берген кезде жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу үшiн алым.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Нотариат туралы Заңының 51-бабында бір данасы нотариаттық кеңсе істерінде немесе нотариуста сақталатын құжат жоғалған жағдайда, өз аттарынан немесе солардың тапсырмасы бойынша нотариаттық іс-әрекеттер жасалған азаматтардың, заңды тұлғалар өкілдерінің жазбаша өтініштері бойынша оларға жоғалған құжаттың дубликаты беріледі және құжаттың дубликатын беру осы Заңның 3-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі