Шаңырақ иесі
Шаңырақ иесі
«Көргенді» келін, «көргенсіз» келін деген екі сөз қазақ келіншегінің мұқым дініне, әдеп, инабатына таразы. Келінге «көргенсіз» деген сөз ешқашан айтылмайды. Егер, зәуде бір жаза басып, «жүзі қара» атанса ғана атасы иә енесі «көргенсіз» деген бір ауыз сөзді айтып қалса жетіп жатыр. Өліммен тең. Туған-туыс, дос-жаран имансыздан бетін теріс бұрады. Ұл мен қызды бұрынғылар алғашқы мүшелі, яғни 13 жасында медресеге (қырық күндікке) береді. Бос селтеңге мойын бұрғызбай, тәрбиәнің тезіне салады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Медреседен шыққан соң ұлды сабағына, сабақ арасында қара жұмысқа салады. Қыздың жолы бәлки бұдан да қаталырақ. Қызды медреседен шыққан соң сабағына береді, үй жұмыстарына күні-түні жұмсайды. Қыздың бос отырғаны зиян. Қияли, жеңілтек қыздар бос отырып, әр нәрсеге ой жүгірткендерден шығады.
Қыз 13-тен асқан соң «жат жұрттық» атанады. Ұл 15-те «отау иесі» делінеді. Осы кезден бастап қызды құтты орнынан қондыру әке-шешенің қайғысына айналады. Қазақ қызды 16-17-ден ары ұстамаған. Сөйтіп, 15-тегі жігітке 13-тегі қызды қосып жіберетін. Бұл 16-17 жасында әке болған ұлдың жастықтың қылтың-сылтың жүрісіне түспей тезірек есеюіне жақсы. 15-16 жасында келін болып түскен қыздың да ене мен ерінің көңілін табудан қолы босамай жүріп есейіп, ақылы толысып кетеді. 13 жасында медресеге беріп, 15 жасында үйлендіріп жіберу күнәні тыюдың, ұрпақты тура жолға түсірудің ең тиімді жолы. Келін болуға қызды шешесі қатты дайындайды. Өйткені, ол барғанда «көргенді» келін атануы керек. Қазақта әке-шеше, әже-ата, абысын-ажын, аға-жеңге дейтіндердің шаңырақ астында өздерінің мәртебесі, орны бар. Үлкендер алдында келіннің дыбыс шығарып күлуі, орамалсыз жүруі, көзге тіке қарауы, ұлдың рұқсатсыз төрге озуы, атадан бұрын сөйлеуі - қылмыс. Келін үйдегілердің ешқайсысын атымен атамайды. Әр қайсына ат қояды. Ал, отбасының қожасы - отағасы. Бұған үйдегілер тұтасымен бағынады. Әр әйел өз еріне бағынады. Ері әйелінің ұстазы. Мұның бәрінің, бетінен өрті шығып ұялу да, аяғының ұшымен жүріп қызмет көрсету де келіннің бойына иманмен қонатын ең асыл қасиеттер. Жалпы, адамның бойына иман, әсіресе инабат, ибалалық, өртене ұялатын әдептілік тек зікірмен сіңеді. Бұрынғы елдің бойында бұл қайдан болды десеңіз, Қазақстанның барлық түкпірінде ертеде зікір болған. Тіпті бертінге дейін, яғни 50-ші жылдарға дейін зікір салған ауылдар бар. Сондықтан, келін өз бойынан бір сезімталдық пен инабаттылықтың жоғалыңқырап бара жатқанын байқаса дереу саһар тұрып зікір салып, уәзипасын мұқияттап айналдыра түсуі қажет.
Қазақта шаңырақтың иесі - ұл. Үй ішінің киесі – келін. Бұлардың жұмысы екіге бөлінеді. Ұл – түзде мал табады және отбасында діннің мықтылығын қадағалап отырады. Әйел – үйдің ішіне қарайды. Балалардың киіміне, сабағына жауап береді. Ыдыс-аяққа, ас үйдің тірлігіне араласып, қазан-ошақ жағалап жүретін еркекті «қатынбасшы» дейді. Еркек тек үлкен той, жиындарда ғана қазан асады, табақ тасып, қымыз құюы мүмкін. Өз үйінде ол Құнанбайдай төрде отырады. Әйелі бәйек болып қызмет қылады. Әйелі үй ішіндегі балалардың кикілжіңін, сынған кесе мен табақты, ұсақ түйек ауыл арасындағы қаңқу сөзді күйеуіне айтпайды. Қолынан келсе байына жеткізбей тындырып отырады. Келін атасымен бір шаруа жайлы ақылдасқысы келсе алдымен күйеуіне айтады. Күйеуі әкесіне жеткізіп, жауабын алып береді.
Әкенің теріс бата беруі, ананың сүтін көкке саууы ең қатал үкім.