Жағдайың қалай, жатақхана?
Жағдайың қалай, жатақхана?
Жатар жерің болмаса жалғанда сенен асқан бақытсыз пенде жоқ. Студент дегенде ең әуелі еске түсері — жатақхана. Бір ғана Алматының өзінде қаншама жатақхана оларға қызмет етіп отыр. Дегенмен, қазіргі оқу науқанында осы мәселеге байланысты көптеген қиындықтар туындап отырғаны да рас. Колледждерді былай қойғанда, әлеуеті жоғары университеттердің өзі студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді әрқалай шешіп келеді. Айтқанға оңай, іс жүзінде қиын. Десек те, шәкірттерге көмек көрсету барысында аянбай еңбек етіп жатқан оқу ордалары да баршылық. Жақында еліміздегі бірегей білім ордасы ҚызПУ-да заманға сай, еңселі де көрікті жатақхана пайдалануға берілді.
Жағымды жаңалық жерде жатпайды.
Біз де барып көрдік. «Студенттер үйі» деген атпен ашылған жатақханаға кілең ауылдан келген арулар орналасыпты. 9 қабатты ғимараттың іші техникалық құралдармен толықтай жабдықталған. Бір секцияда бес студенттен тұрады. Оның бір бөлмесі екі кісілік, екіншісі үш кісіге арналған. Жалпы алғанда студенттер үйі 450 адамды құшағына сыйдырады. Жатақханада ас даярлайтын бөлме, қыздардың сән салоны, жаттығу залы, компьютер бөлмесі, кино залы сынды сабақтан бос кезде уақытты текке өткізбеуге септігін тигізетін орындар бар. Дегенмен, сонда оқитын студенттер бұдан басқа жатақханалардың жағдайының мәз еместігін айтып қалды. Бірақ, бәрі ақырындап түзеле беретіндігін уақыт — төреші көрсете жатар.
Достарымызбен бірге С.Асфендияров атындағы медицина университетінің жатақханасын да аралап шықтық. Негізінен, бұл жатақхана түгелдей үш кісілік бөлмелерден құралған екен. Өкінішке қарай, бір бөлмеде 6 адам жатуға тура келеді. Студенттер көп, орын жоқ, себеп түсінікті. Бірінің үстіне бірі қойылған төсектер. Қыздар еріксіз баспана тарлығын елең қылмастан сабағын оқып жатқандығын айтады.
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жатақханаларының біразында бір бөлмеде бес, алты адамнан тұрады. Әр қабатта ұлдарға және қыздарға арналған тазалық үйі бар. Жуынатын жер біреу-ақ. Ол аптаның әр тақ күндері сағат тоғыздан он бірге дейін жұмыс істейді. Онда алдымен ұлдар, онан соң қыздар кезекпен жуынады. Студенттер үшін қабат сайын кір жуу машинасы тоқтаусыз қызметте. Бірақ, самалдық болмағаннан кейін жуылған кірді даладағы ағаштарға жіп керіп соған жаяды. Әр жатақхананың астыңғы қабатында жаттығу залы бар. Зал жатақхана студенттері үшін ақысыз қызмет көрсетеді. Ғаламтор бөлмесі мүлдем жоқ. Вахтада жар дегенде жалғыз теледидар бар.
Күрделі жөндеуге берілген №1 және №4 жатақханалар оқу маусымына толық әзірленіп біткен жоқ. Жоспар дұрыс жасалмағандықтан, осында тұруы керек болған студенттердің көбі орын ала алмай сарсаңға түсті. Содан кейін барып олар пәтер жалдауға мәжбүр болыпты.
Қажымұқан атындағы Спорт және Туризм академиясының жатақханасына барғанымызда, онда тұратын студенттер:
— Біз жатақханада тұрғанымыз үшін жылына 30 мың теңге төлейміз. Бөгде жатақханалардан пәлендей артықшылығы жоқ. Әр бөлмеде 4 студенттен тұрамыз. Бірақ, төсек-орындарымыз ескі. Баяғы заманғы әскери төсекте ұйықтаймыз. Тіпті қабатты төсек болғандықтан, біріміздің үстімізде біріміз жатамыз. Тамақ жасайтын жер әр қабатқа бір-бірден бөлінген. Кір жуатын жеріміз подвалда. Машина біреу, оған кезекке тұрамыз. Кірді жаятын самалдық та жоқ. Әйтеуір кептіреміз. Жаттығудан келгеннен кейін, әрине, тамақ ішкіміз келеді. Бірақ асхана деген атымен жоқ. Осы жағы кемшін. Қандай сала иесі болса да, ғаламторға деген қажеттілік туындайтыны рас. Бізде ғаламтор ошағы дегенің атымен жоқ. Бірақ, шет елдегі болып жатқан спорттағы жаңалықтарды көру бізге өте керек-ақ. Өкінішке қарай, ол жағы тиісті дәрежеде қарастырылмаған. Теледидарды әрқайсымыз өз бөлмемізде ұстаймыз. Қызығы, біз тұратын жатақхананың бірінші және екінші қабаттарында отбасылы жандар тұрады. Ал біз үшінші, төртінші қабатта тұрамыз.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жатақханаларындағы жағдайларға назар аудармай өте алмадық. Университет жатақханаларының басқа білім шаңырақтарынан ерекшелігі — мұнда бір бөлмеде он екі адамға дейін тұра береді. Бұл үрдіске олардың еті өліп кеткен. Компьютер сыныбы дегеніңіз болмаған. Осындай жағдаяттар студенттерге қолбайлау болып тұр. Жалпы жоғарыда аталған жатақханалар секілді бұл студенттер ошағы да көптеген жөндеу жұмыстарын талап етеді.
Биыл өзінің ірге көтергеніне 75 жыл толып отырған әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әуелгі жұмыстарын жатақхана жөндеуден бастаған секілді. Бұл жердегі әр секцияда тұратын бес студент үшін жеке тазалық бөлмесі, әжетханасы бәрі-бәрі орнымен орналастырылған. Ал, жатақхананың бір жылғы тұру ақысы 14 мың теңгенің көлемінде. Университетке қарасты 14 жатақхананың барлығы да стандартқа сай қызмет жасау үстінде. Әрбір жатақхананы алып қарасаңыз, өзінің жуынатын бөлмесі, теледидар залы, ғаламтор бөлмесі, одан тыс сымсыз ғаламтор желісі ақысыз жұмыс жасайды. Оған жақында студенттердің игілігіне берілетін (тамақтандыру комбинаты, спорт комплексі, жаттығу залы) ғаламтор кафесін қосыңыз.
Биылғы оқу маусымының басында ҚызПУ-да еңселі жатақхана пайдалануға берілгенін айттық. Студенттер баспанасын университет басшылығы «Студенттер үйі» деп атаған екен. ҚазҰУ-да шығатын «Қазақ университеті» газетінің №6 (1365) 16 қыркүйек 2008 жылғы санында «Жатақхана студенттер үйіне айналды» атты мақаласы жарық көрді. Соған сәйкес «Студенттер үйі» деген атауды ең әуелі ҚазҰУ-лықтар қолданысқа енгізгенін білуге болатын секілді.
Түйін: Тоқ етері, жайлы орын болмай, сапалы білім қайдан болсын? Жатақхана — ауылдан білім қуып келген студент үшін басты қажеттілік. Биыл Елбасымыз «100 мектеп, 100 аурухана», «Жол картасы» сынды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып көрді. Сол сияқты біздің ЖОО-на да келешегі зор бағдарламалар жасалынса жөн болар еді. Жыл өткен сайын физика, география, экономика т.б мамандықтарға оқуға түскен студенттердің саны артпаса кеміген емес. Ол үшін жоғарыда айтылған бағдарламалар негізінде «Жаңа жатақхана» жобасы күн тәртібіне қойылса, студенттердің баспана мәселесі біршама шешімін табар еді.
Студенттер де ақша тапқысы келеді. Жаздың күні жалданып жұмыс істеген шығар. Ол деген үйреншікті жайт қой. Союз кезінде де студенттерді жинап алып ауылдарға үй салдырып, картошка қаздырған ғой. Бірақ ол сондай айрнайы бағдарлама болған. Заманға қарай өзгеріп жатыр ғой
біледі екенсіз ғой)