Инвестициялық қызмет түсінігі?
Инвестиция термині латынның «invest» сөзінен аударғанда «салым салу» мағынасын білдіреді. Қазақстанда нарықтық қатынастарға өтумен байланысты және экономикадағы реформаларды жүргізу нәтижесінде инвестиция ұғымы пайда болды. Жоспарлы экономика кезінде негізгі қорлардың ұдайы өндірісіне және оның жөнделуіне кеткен шығындар деген термин бойынша «капитал салымы» немесе «капитал жұмсалымы», яғни ұзақ мерзімде негізгі капиталға салым термині қолданылған. Қазіргі уақытта «инвестиция» термині әртүрлі мағынада қолданылады, солардың бірнешеуіне тоқталайық.
Инвестиция – табыс немесе пайда табу үшін ақша қаражаттарын салу, табыс немесе пайда табу үшін сатып алынған мүлік. Кең мағынада, инвестиция – пайда табу үшін кәсіпорын қызметінің объектілеріне салынған заңды және жеке тұлғалардың ақша қаражаттарын, жылжитын және жылжымайтын мүліктерді, интелектуалдық құндылықтарды, ақшалай салымдарды, бағалы қағаздарды білдіреді. Қорыта айтқанда, инвестиция – бұл пайда табу мақсатында тауарларды өндіруге және қызметтерді көрсетуге бағытталатын барлық мүліктік және интеллектуалдық құндылықтар түрлерін сипаттайды.
Инвестицияны бағытталуына байланысты және объектіні басқару мүмкіндігіне байланысты екіге жіктелінеді.
1. бағытталуына байланысты – Нақты инвестициялар;Материалдық емес активтерге салынатын инвестиция;; Интеллектуалдық инвестиция;Қаржылық инвестиция
2. Объектіні басқару мүмкіндігіне байланысты – Тікелей инвестициялар;Портфельді инвестициялар; Басқа да инвестициялар
Сонымен қатар, инвестиция типтеріне байланысты –Салым салу саласына және ақша-қаражаттарды жұмсау бағытына қарай;
Жүзеге асырылу мерзіміне байланысты:;
Қайта өндіру процесіне қатысу деңгейіне байланысты:Тәуекелдік деңгейіне байланысты
Инвестицияны жұмсау ерекшелігі «инвестициялық қызмет», инвестициялау «субъектілері» мен «объектілері» атты түсініктер арқылы ашылады.
Инвестициялық қызмет – бұл жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттің инвестицияны жұмсаумен байланысты тәжірибелік іс-әрекеттер жиынтығы. Сонымен қатар, инвестициялық қызмет – инвестиция объектісін таңдаумен, оны инвестициялаумен және пайдаланумен, қосымша қажетті жұмсау жүргізумен және сыртқы қаржыландыруды тартумен байланысты шаралар кешені.
Қазақстанда инвестициялық қызмет нормативтік-құқықтық актілермен реттелінеді. ҚР инвестициялық қызметтің негізгі заңы – «Инвестициялар туралы» Заң (8.01.2003 ж.№373-II, 10.12.2008ж. №101-IV, 13.01.2009ж. №135-IV өзгертулерімен) болып табылады.
Аталған Заңға сәйкес, «инвестициялық қызмет – бұл коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу немесе кәсіпкерлік қызметі үшін қолданылатын бекітілген активтерді құру не кеңейту бойынша жеке, заңды тұлғалардың қызметі».
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілермен инвестициялық қызметі шектелетін немесе рұқсат етілмейтін қызмет түрлері және (немесе) территориясы анықталынады.
Отандық заңнамаға сәйкес инвестициялық аяда, әсіресе инвесторға қатысты шаруашылық қызметтің негізгі қағидалары бекітілген.
1. Инвесторлардың, сонымен қатар жұмсалынатын капиталдың (капиталдың пайда болуына қарамастан) толығымен тең құқығы;
2. Инвестор жұмсалатын қаражатты қайда және қандай мөлшерде қолданатынын өзі анықтайды.
3. Инвестициялық қызметтің барлық қатысушыларының өзара қатынастардың негізі келісім шарт немесе контракт болуы тиіс.
4. Мемлекеттік басқарудың органдары барлығымен бірге өздеріне алған міндеттемелерге жауап береді.
Елдегі инвестициялық қызмет жағдайын макроэкономикалық көрсеткіштердің қарқынын талдау негізінде сипаттауға болады. Мысалға, ұлттық табыстың және жалпы ішкі өнімнің қарқыны, жалпы ішкі өнімдегі инвестиция үлесі, негізгі капиталға бағытталатын өнеркәсіптік өнімнің көлемі, ауыл шаруашылық өнімнің көлемі, нақты инвестициялардың үлесі және т.б.
Бұл көрсеткіштер инвестицияны тиімді қолдануды сипаттайды. Көрсеткіштердің өсуі инвестицияны жұмсаусыз мүмкін емес. Экономикалық санат ретінде инвестициялар экономиканың дамуына әсер ететін қызметтерді атқарады. Сондықтан да, егер аталған көрсеткіштердің өсуі инвестицияның өсу қарқынынан асса, онда бұл инвестицияларды пайдаланудың тиімділігін куәландырады.