Сырымның айтқандары
Сырымның айтқандары.
-Сөз Анасы не ? Су анасы не? Дін анасы не? Жол анасы не? -деп сұрапты. Сырым саспастан: Сөз анасы –құлақ, су анасы –бұлақ, дін анасы ұят, жол анасы –тұяқ-деп жауап береді.
-Хан тағы да Дау мұраты не? Сауда мұраты не? Жол мұараты не? Қыз мұраты не? –деп сауал тастайды. Сырым тағы да сабырлы қалпын бұзбастан. –Дау мұраты біту, сауда мұраты ұту, жол мұраты –жету, қыз мұраты кету-деген екен.
Сырым батыр әлімдердің аулына құн сұрап барып отырып Ақсуат биден жөн сұрайды. Сонда Ақсуат: «Бала менің аты жөнімді сұрайсың-дейді қисайып жатып,-елімді сұрасаң-Әлім, жеремді сұрасаң –Бұйырғын, Атымды сұрасаң–Ақсуат, осы елдің ортасындағы қазығымын, айналамнан ел кетпейді, алдымнан дау кетпейді»-дейді бастырмалатып.
Ілік іздеп отырған Сырым іле шала : «Би, сөз білесіз, суатпын деп мақтанбаңыз, су жаманы суат-басынан соқпақ кетпейді, қазықпын деп мақтанбаңыз, мүлік жаманы қазық басынан тоқпақ кетпейді, бұйырғын деген шөп болады, жеген мал тоқ болады, тышса боқ болады. Әлім болсаң, әліңді біл, адамның құнын бер»,-дейді.
-Қарадан хан болсам, халқым қалаған шығар. Айырдан нар болсам атам жараған болар.Жоқтан бар болсам, Тәңірім қараған болар, Көнеден дәурен озса, жасы жеткен болар. Көндей қамқа тозса, жағасы кеткен болар. Атадан ұл озса, еркіндігі болар. Анадан қыз озса, еркелігі болар.
Табалдырақтан биік тау жоқ, Жаман ағайыннан мықты жау жоқ.
Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айт.
Ата тұрып, ұл сөйлесе, -ер жеткені болар, Ана тұрып, қыз сөйлесе,-бой жеткені болар, Ата балаға кесір болса, -кері кеткені болар.
- Батыр, қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! депті. Сонда Сырым:
- Хан, тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай сасып жүрмін, - депті.
- Үй ішінің кемдiгі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді?! – дейді.
- Тақсыр, даланың отыны олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, - деп жөніне жүре береді.
- Менің сізге келген жұмысым – біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім, - дейді.
Сонда Бөкен: “Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің?- деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ кеудеңде бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін, - дейді.
Батасын бергеннен кейін: “Мен недесем де бәрінің мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер”, - дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым:
- Арқан көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл, - дегенің. Мінезің қара жердей ауыр болсын дегенің – беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ кеудеңде бауыр болсын дегенің – не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма – дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл – дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым, - депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
- Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді, - міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің? – дейді.
Сонда Сырым батыр:
- Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала, есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. “Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей”,- дейтін шығар. Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен.
Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: “Бөкең саған неге шертті, оған сен аузыңды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?”- дейді. Сонда Сырым: “Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді”,- деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: “Басқа бәле қызыл тілден келеді дегенім”,- депті.
- Қай баласың? – депті.
- Даттың баласымын, -депті Сырым.
- Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады екен-ау! – дейді Бөкен.
- Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген қайда? Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қазымыр шал, қыдырма шал. Өзің соның қайсысың? – депті Сырым.
Сонда Бөкен қарт селк етіп:
- Бала, қадірсіз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра? – деген екен.