Илья Ильин
Ильин Илья
Туған күні: 1988-05-24
Туған жері: Қызылорда
Салмақ санаты: 105 кг
Жаттықтырушы: Болтаев Е.
Әр адам өз өмірінің сәулетшісі. Міне осындай таңдаулы сәулетшінің бірі 1988 жылдың 24 мамырында Қызылордада дүниеге келді. Ол ауыр атлетиканың жас перісі Илья Ильин.
Жас Илья мамандардың назарын өзіне сонау 2001 жылы аударған болатын. Семейде өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында он үш жастағы оқушы арнайы сыйлық алады, себебі ол сол жарыстағы ең жас спортшы болады.
Жас болғанымен, келешегі зор спортшы екенін көрсетеді. 2005 жылдың көктемінде Оңтүстік Кореяда жас спортшы өзінің туған күніне және туған еліне үлкен сыйлық жасайды - жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанады.
Жасөспірімдер арасында тамаша нәтиже көрсеткен Илья жарты жылдан кейін Қазақстанның атынан Дохада өткен әлем чемпионатына қатысады. Сол қараша айында Ильин ауыр атлетикадағы ересек өміріне алғашқы қадамын жасады. Және ересектер арасындағы жарыста да әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Бұл жарыс тартысты өтеді. Себебі біздің Ильин өнер көрсеткен 85 кг дейінгі салмақта 30 астам спортшы жарияланған болатын және солардың ішіндегі ең жасы Илья еді, небәрі он жеті жаста болатын. Бірақ соған қарамастан, ол өз салмақ санатында әлем чемпионы атанады және «2005 жылдың үздік штангашысы» деп жарияланады.
2006 жылдың мамыр айында ол осы жеңісін тағы қайталайды. Қытайда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатынан Илья чемпион болып оралады.
Бірақ он сегіз жастағы батырды енді ересек атлеттер әлемі күтіп тұрды. 2006 жылдың күзінде Доминикан Республикасында өткен әлем чемпионатына Илья жаңа 94 кг дейінгі салмақ санатында қатысты. Және бұл жолы тағы чемпион атанады, бірақ бұл жолы салмағының жеңіл болуының арқасында. Себебі онымен бірдей ұпай жинаған екінші спортшының салмағы сәл ауырлау шығады.
Жылды жақсы көңіл күймен қорытындылаған Илья, Катарда өткен Азиялық ойындарда да осы салмақта өнер көрсетеді. Чемпиондық титул алғаннан кейін ол ұзақмерзімдік демалысқа шығады. Оны алда өте маңызды міндет – Бейжің Олимпиадасы күтіп тұрды.
2008 жылдың тамыз айы. Көптен күткен сәт. Республикалық және әлемдік ареналардан көрінбей кеткен, бірақ қара терге толы бір жарым жылдық жаттығулардың нәтижесін көрсететін сәт. Илья бұл байрақты бәсекеге тек жеңу үлкен келгенін жасырған жоқ. Және сөзінде тұрды. Жиырма жастағы Илья Ильин қазақстандық құраманың қоржынына алтын салды.
Олимпиададан кейін денсаулық жағдайына және басқа да сыртқы факторларға байланысты атлет үзіліс жасайды. Осы кезеңде Илья көп нәрсені басынан кешіреді, бірақ жақсылықтан үмітін үзбейді.
2009 жылы ол ұзаққа созылған демалысын аяқтап, спорттық мансабының жаңа парағын ашады. Илья қайта жаттыға бастайды. 2010 жылы Қазақстан чемпионатында айқын басымдықпен жеңіп, өзінің бабында екенін көрсетті. Сол жылы Азия ойындарында да жеңімпаз атанған Ильин екі дүркін Азия чемпионы атанады.
Содан бері ол тек жеңіспен келеді. 2011 жылы Қазақстан чемпионатында тағы да чемпион атанған ол, Парижге әлем чемпионатына көтеріңкі көңілмен аттанады. Тағы да оған тең келетін ешкім болмайды. Ол Қазақстанға әлемнің үш дүркін чемпионы болып оралады.
Ел чемпионаттарында көш бастауды дәстүрге айналдырған Илья 2012 жылдың маусым айында Талдықорғанда өткен ел біріншілігінде тағы алтын алады. Сөйтеді де, Олимпиадаға дайындыққа кіріседі.
Лондон-2012, Олимпиада. Қазақстандық спортшылар үшін табысты болған жыл. Және жас атлет Илья Ильин өзіне артылған сенімді ақтап, олимпиадалық команданың қоржынына алтын салады, сонымен бірге ол қоссайысстың есебі бойынша абсолюттік әлем рекордын орнатады.