Заң терминдеріне қатысты бірізділікті сақтау үшін жаңа сөзді

Заң терминдеріне қатысты бірізділікті сақтау үшін жаңа сөздік шығарылады

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Заң терминдеріне қатысты бірізділікті сақтау үшін жаңа сөздік шығарылады.
Бұл жайлы бүгін ҚР Әділет министрлігінде «Мемлекеттік тілдегі заң терминдерін біріздендіру мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны барысында белгілі болды.

«Бүгінгі күні заң терминдеріне қатысты 20-дан астам сөздік қолданыста бар. Алайда бұлардың қайсысын заң жобаларын әзірлеу барысында қолданудың дұрыстығын, олардың қайда мақұлданғанын айта алмаймыз. Өйткені, бұл сөздіктерде бірізділік жоқ, терминдердің аудармасы әр сөздікте әртүрлі болып келеді. Түпнұсқалық та сақталмай жатады. Осындай мәселенің өзі көп жайтты аңғартса керек. Бұдан бөлек, заң терминдеріне қатысты стандарттар да жоқ. Осы мәселе қазақ тілінде заң жобасын әзірлеуге үлкен кедергі келтіріп отыр», - деді Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов.

Сонымен бірге, Әділет вице-министрі мемлекеттік тілдегі заң жобаларын әзірлеу үшін заң терминдеріне қатысты ортақ мәтіндер саралануы тиістігін атап өтті. «Сондықтан да біз қолданыстағы 20-дан астам заң терминдері сөздіктеріне сараптама жасап, бірізді қолданылатын заң терминдерінің сөздігін қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта әрбір мемлекеттік орган заң жобаларын әзірлегенде осы жаңадан қалыптасатын сөздікті басшылыққа алса құба-құп болатын еді», - деді ол.