Селекциялық жетiстiк , Селекция туралы жалпы мағлұмат

Селекциялық жетiстiк - адамның шығармашылық қызметiнiң нәтижесi болып табылатын өсiмдiктiң патент берiлген жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы.

Селекциялық жетiстiк авторы (селекционер) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсiрiп шығарған жеке тұлға.

Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсiмдiк сорттарының мемлекеттiк тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының патенттер берiлген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттiк тiзiлiмi.

Селекциялық жетiстiктердiң пайдалануға рұқсат етiлген мемлекеттiк тiзiлiмi - пайдалануға рұқсат етiлген, өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн рұқсат етiлген сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi.

Сорт - шаруашылық және биологиялық жағынан қасиеттерi мен морфологиялық белгiлерi ұқсас, шығу тегi жағынан туыс, өз белгiлерiн тұқым қуалау арқылы келесi ұрпақтарға беретiн және белгiлi бiр ботаникалық таксондағы өсiмдiктердiң басқа топтарынан ең болмағанда бiр белгiсi бойынша ерекшеленетiн бiр дақылдың өсiмдiктер тобы. Сорттың қорғалатын санаттары: клон, желi, бiрiншi ұрпақ буданы, жеке түр болып табылады.