"Абай жолы" эпопеясында Қодар мен Қамқа өлімін естіген Абай
Әдеби туындының тұтастық жүйесін құруға елеулі үлес қосатын, біртіндеп тұрақты эстетикалық өлшемге айналған ежелгі көркемдік межелерінің бірі – портрет. Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы". Осы әрбір өткелден өткен Абайдың образды бейнелерін келтіріп көрейік. «Ауылға асыққан шәкірт 3 күн дегенде аптығып келді. Шешесі мен әжесінің ыстық алақанын аңсаған баланың бүгін мауқы басылғандай. Кәрі әжесінің «құлағын ашам» деп «су-ф-ф!» деп, ұшықтағанына ел сүйсіне қарап еді. Үлкендер бала мінезіне бір күліп, бір таңданып сүйсініп қалды. Қара сұр бала көптің көзі бір өзіне қадалғанға енді қысылыңқырап, қызарып еді. Бірақ көзінде жайнай жанған от білінеді. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты. Биыл денесі өскелеңдеп қалған Ұлжан баласы мінез жағынан да ересек тартқанын байқады». Бұл үзіндіде Абайдың өңі емес, көзіндегі от өзге балаларынан ерекшелеп тұр. Тек тұлғасы емес, мінезі де толысқанын автор анасы Ұлжанның көзімен көрсетеді. Қодар мен келінінің өліміне кінәлі болған әкеге Абай ашуланып, Жиреншемен, Құлабестімен шауып келе жатқан. Әкеге көңілі қалған, адамдардың кескінін көз алдынан кетіре алмаған, өмірдің қаталдығымен алғаш рет бетпе-бет келген Абайдың келбеті романда былайша суреттелген. «Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай егіліп жылады. Ағындап ұшып келе жатқан бестінің екі жағында көделі, бетегелі көк дала тасқын судай зулап жөнеліп, артқа қарай құлдырап ағып кетіп жатыр. Екі құлағын бітіргендей боп, дыңылдап соққан екпін желі Абайдың көзінен аққан жастарды қат-қат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді». Ал мына бір тұсында автор Абайдың бейнесін беру үшін кейіпкер мен табиғатты байланыстырады. Ашынып жылаған бала Абайдың көз жасы жерде өскен көде мен бетегеге тамып келе жатқанын дәл бейнелейді. Суреттеудің ішіндегі кішкене детальдің үлкен мағынаға ие болып тұрғанын көруге болады. Келесі бір үзіндісінде Абай Көлқайнарға Жиреншеге жеткізбей шауып келе жатады. «Ұлжан тыста тұр екен. Баласы үйге тақай бергенде өңіне көзін салып, тіксініп қалды. Абайдың түсі құп-қу, қатты өзгерген. Тіпті, Абай сияқты емес. Ұлжан: «Көзім бұлдырып тұр ма?» деп кірпігін жиі қағып, қайта қарады. Абай. Бірақ, тіпті, жат реңді. Көзі де, қып-қызыл боп ісіп кетіпті. Абай сол жылаумен ұйықтап қап еді. Түс ауа ұйқыдан оянады... Басы мең-зең. Еті лапылдап, күйіп тұрған сияқты. Аузы құрғап, ерні қатты кезеріп қапты. Құр тамсанады». Алдыңғы оқиғамен байланысты мына бір үзіндіде Абайдың өңінің қуарғанын көреміз. Қамқа мен Қодардың өлімі Абайдың жанын азапқа салды. Бұл оқиға оның балалық шаттығын су сепкендей сөндіріп, әлдебір ауыр ойларға жетелей берді. Ар азабы тән ауруымен ұласты. Осы сәттегі бала Абайдың бейнесі: «Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын бойшаң ғана өсімдік бейнелес. Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазірде қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір, бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді». Мына үзіндіде Абайдың мүшел жасындағы бейнесін көреміз. Автор кейіпкер бейнесін «салуда» көркемдеуіш құралдарды пайдаланған. «Күн көрмей өскен, реңі солғын бойшаң ғана өсімдік бейнелес» деп Абайды тағы да табиғатпен үндестіреді. «Бойшаң ғана өсімдік бейнелес» деп өсімдікке теңейді. Шашының сиректігін де көркем тілмен жеткізеді.
Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/30252/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз