Уақыт концептісінің ұлттық дүниетаныммен байланысын анықта
Қазақ дүниетанымында уақыт пен кеңістіктің өлшемі заман ұғымының айналасында өрбиді. Қазақ дүниетанымында заман ұғымы дүние концептісімен бірдей қабылданады. Мәселен, бұл заман деген тіркес қазіргі дүниені, осы өмірді білдірсе, бір заман, баяғы заман, атам заман, бағзы заман деген тіркестер ежелгі дүние, ертедегі тіршілік дегенге саяды. Заман ұғымының философиялық болмысы туралы жазған отандық философ Д.С.Раевтың пайымдауынша, қазақ дүниетанымындағы заман ұғымы олардың өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік уақыт пен кеңістік өлшемін білдірген, басқаша айтқанда, заман адам баласының бір ұрпағы көлеміндегі әлеуметтік кеңістік пен әлеуметтік уақыттың тұтастығын бейнелеген. Сондықтан қазақ лексикасында заман үш шаққа бөлініп, өткен заман, осы заман, келер заман деген сөз тіркестері болған. Бұқар жырау «қилы заман» десе, Шортанбай өткенді аңсап «зарзаман» деген. «Зарзаман» ағымының өкілдері бұрынғы төл мәдениет үлгілерін дәріптеді. Отаршылдық әрекеттің күшейе беруі халық наразылығын туғызды. Бұл өлең-жырларда тұйыққа тіреліп, қол-аяғы кісенделіп, бодандыққа түсе бастаған елдің тағдыры мен болашағы туралы толғаулар көрініс тапқан. Осы ағымның көрнекті өкілі Шортанбай:
Заман қайтып озалсын?
Адам қайтып қуансын?
Жандарал болды ұлығың,
Майыр қалды сыйлығың
Айырылмастай дерт болды,
Нашарға қылған зорлығың... деп зар айтса, Мұрат ақын:
Еділді тартып алғаны
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны
Ойындағысының болғаны, - деп жырлайды.
М.Әуезов «зарзаман» туралы былай деп жазады: «Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар-шер, қайғы басқан» [18].
Ақын-жыраулар тілін зерттеген Г.Абылова қазақ дүниетанымында әмбебеп уақыт ұғымының «заман» контексінде айқын көрініс табатындығын когнитивті қырынан қарастыра отырып былай деп жазады: «Заман» концептісінің қазақ халқы үшін жағымды бағалауынан гөрі жағымсыз бағалауы басымдау екенін байқауға болады... Ақын-жыраулардың бейнелі-поэтикалық дүниетанымында «заман» концептісі аумалы-төкпелі кезеңнің, қазақ халқының ұзаққа созылған жаугершілік өмірін танытатын тілдік категория болып табылады» [19].
Діни нанымда «ақырзаман» деген түсінік бар. Ауыз әдебиетінде «ақырзаман» ұғымы адамның күйзеліске ұшырауы, тығырыққа тірелуі деп түсіндіріледі:
Ақырзаман адамы аласа туады,
Аласа туса да таласа туады,
Қулық-сұмдық ойлай туады,
Жамандыққа бойлай туады
Итере салсаң жығыла кетеді.
Ішсе бозаға тоймайды,
Боқтап түгіңді қоймайды
«Ақырзаман» адам баласының және бүкіл әлемнің ең соңғы тағдыры туралы ерте замандардан бері қалыптасқан түсінік. Бұл діни наным бойынша, жер бетінде имансыздық пен зұлымдық ниеттің басым күш алуы ақырзаманды, яғни адамзат ұрпағының түгелдей апатқа ұшырау сәтін жақындатады-мыс. «Ақырзаман» туралы мұндай түсінік дүниедегі ірі діндердің (ислам, христиан, иудей т.б.) бәрінде де бар. Сондықтан ақырзаман ұғымын діни (теологиялық) уақыт тұрғысынан да қарастыруға болады.
Мұның бәрі заман ұғымының әлеуметтік уақыт пен әлеуметтік кеңістікке қатыстылығына дәлел .
Қорыта келгенде, жоғарыдағы өткен заман, осы заман, келер заман ұғымдары қазіргі тіліміздегі өткен шақ, келер шақ, осы шақ түрлеріне сараланатын құрылымдық жүйедегі грамматикалық шақ категориясының қалыптасуына негіз болған. Уақытты мұндай үш кезеңдік тұрғыдан сипаттайтын тілдік дәстүр қазақ тілінде ғана емес, бүкіл әлем тілдерінде осы жүйеде қалыптасқан. Бұл уақыт пен кеңістікке қатысты, сонымен қатар басқа да ұғымдық категориялардың барлық халық дүниетанымында бірдей болғандығын білдіреді. Бірақ мұндай жалпыхалықтық, адамзаттық дүниетаным бірдей болғанмен, оны танып білуде әр ұлттың өзін басқа ұлттан дараландыратын өзіндік дүниетанымдық ерекшеліктері болады.