Уақыт концептісінің философиялық негіздеріне сипаттама бер
Уақыт дегеніміз не? Бұл сұрақ адамдарды ежелден-ақ қызықтырған. Уақыт туралы ойлар ежелгі антикалық философиядан бастау алады. Уақыт ұғымы антикалық философияда мифологиялық тұрғыдан емес, жүйелі түрде, танымдық, физикалық, табиғи, тарихи т.б. аспектілерде сарапқа салынып, ғылыми деңгейде қарастырылды. Уақыттың тылсым табиғатын ашуға, оның мән-мазмұнын танып-білуге ұмтылушылық ірі ойшыл-философтардың адамзат қоғамын, оның тіршілік ету кеңістігін, өмір сүру уақытын, материалдық болмысын тануға деген қызығушылығы еді. Яғни адамның қоғамдық санадағы уақыт туралы ой-толғамдары, таным-түсініктері адам уақытты қалай түсінеді, оны қалай сезінеді деген сұрауға жауап іздеу негізінде қалыптасқан. Сол себепті уақыттың объективтілігі дегенді субъективтіліктен (адам танымынан) тыс қарастыра алмаймыз, осы тұрғыдан зерттеу жұмысымыздың антропоөзектік мазмұны ашыла түспек.
Уақыт көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын зат емес, оны тек ой арқылы ғана түсіне аламыз. Бір қарағанда қарапайым тұрмыста уақыттың мәнін түсіну оп-оңай көрінгенмен, оның физикалық, философиялық мәнін ұғыну өте күрделі мәселе, академик А.Е.Ферсман уақытты ең оңай және ең күрделі ұғым десе, Гераклит «заттардың ішіндегі ең соңғы және ең алғашқысы», «оның өз ішінде мәні бар, ол өзі бар да, жоқ нәрсе» дейді. Б.э.д. төрт жүз жыл бұрын «бізді қоршаған табиғат ішіндегі белгісіздердің белгісізі ол – уақыт. Уақыт деген не, оны қалай басқаруға болады, бұны ешкім білген емес», - деген ежелгі грек философы Аристотельдің уақыт туралы ойлары бойынша, уақыт қозғалыспен тығыз байланысты, бірақ оған тең емес. Уақыт қозғалыс санын көрсетеді. Қозғалыс – бүкіл болмыстағы дүниенің өмір сүру тәсілі болса, кеңістік пен уақыт – қозғалыстағы дүниенің формасы. Яғни материяның тіршілік ету тәсілі қозғалыс болған болса, онда қозғалыс өзін кеңістік пен уақыт формасында айқындайды. Кеңістік пен уақытты қозғалыстың көріну формалары десе болады. Уақыт пен кеңістік материяның өмір сүруінің формасы болуымен қатар, материядан тысқары кеңістік пен уақыт та болмайды, сол сияқты материясыз кеңістік пен уақыт та болмайды. «Әрбір құбылыс белгілі бір орында және белгілі бір уақытта өтеді. Бірақ кеңістікте уақыттан тыс немесе белгілі бір уақытта кеңістіктен тыс құбылыс бола алмайды». Материалисттік философия кеңістік пен уақытты адамдардың ойлауынан тыс, материяның объективтік формалары деп қарастырады әрі олардың бір-бірінен бөлінбестей бірлікте екенін мойындайды. Уақыт пен кеңістік материяның өмір суруінің формасы ретінде мынадай ортақ сипаттарға ие: кеңістік пен уақыт, біріншіден, объективті, санадан тыс, оған тәуелсіз өмір сүреді. Екіншіден, материя мәңгі өмір сүретіндіктен, бұлар да мәңгілік. Үшіншіден, уақыт пен кеңістіктің шегі де шеті де жоқ. Алайда уақыт пен кеңістік материяның өмір сүру формасы болғанмен, олар оның өмір сүруінің әртүрлі формалары. Сол себепті олар ортақ қасиеттері бола тұра, бір-бірінен мына қасиеттері арқылы ерекшеленеді: уақыт – бір өлшемді, бір бағытты болса, кеңістік – үш өлшемді (ұзындық, ен, биіктік) болады.Философ ғалым Серік Мырзалы кеңістік пен уақыттың табиғаты жөнінде ерте кезден бастап екі көзқарас қалыптасқандығын айтады. Олар: субстанциализм – кеңістік пен уақытты дүниенің алғашқы формалары ретінде қарайды және релятивизм (салыстырмалы) – кеңістік пен уақыт қозғалып жатқан неше түрлі материалдық объектілердің формалары, соған бағынышты. Классикалық механиканың негізін салған Ньютон да кеңістік пен уақыттың объективтілігін мойындағанмен, олар қозғалушы материяға тәуелсіз өмір сүреді, мүлдем өзгермейді, және бір-бірімен байланысы жоқ абсолют деп санады. Ньютон гравитация (тарту) заңдарын ашу негізінде алыстан әрекет ету теориясын жасады. Оның теориясы бойынша, дүниежүзілік тарту күші ғарышта сол сәтте тікелей шексіз тарап, объектілерге өз әсерін тигізеді. Сондықтан уақыт ғарышта барлық жерде біркелкі. Уақыт пен кеңістік туралы ендігі бір назар аударарлық мәселе – олардың белгілі философ Канттың түсіндіруіндегідей, санада ғана өмір сүретін бір нәрсе ме, әлде адам санасынан тыс ақиқат өмірдегі бар нәрсе ме деген мәселе. Осыдан уақыт пен кеңістіктің объективтілігі мен субъективтілігі жөніндегі көзқарастар келіп шығады. Яғни уақыт пен кеңістік адам санасының ғана жемісі ме, әлде адам санасынан тыс өмір сүре ме деген сұрақтар айналасында ғалымдар пікірлері екіге айырылады.Неміс философы И.Кант кеңістік пен уақытты адамдардың сырттан алған әсерлерін қабылдаудың априорлық (тәжірибеге дейінгі) сезімдік формасы ретінде қараған. Және осы теориясын дәлелдеуге тырысқан. Яғни кеңістік пен уақыт – оның ойынша, субъективтік формалар. И.Кант бүкіл ойшылдардың мыңдаған жылдар бойы иланып келген құбылыстардың уақыттық және кеңістіктік сипаттамалары біздің санамыздан тыс өмір сүреді, өз-өзінен бар нәрсе екендігі туралы көзқарасқа күмән келтіреді. Ол заттардың объективті өмір сүретініне күмәнданбайды, алайда санадан тыс кеңістік те, уақыт та жоқ деп есептеді.