Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері

Биыл – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл.

ЮНЕСКО-ның Парижде өткен Бас конференциясының 38-сессиясында Әлиханның 150 жылдық мерейтойын 2016 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлау жөнінде шешім қабылданды.

«Алаш» көсемінің ел игілігіне айналған нақыл сөздерін оқырман назарына ұсынамыз.

***

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

***

Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

***

Адам баласы бір-біріне өкімші де, құл да болған.

***

Байлық түбі - ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.

***

Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.

***

Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.

***

Қазақ сайлауы - жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.

***

Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса - үкімет ісін бөліп қойған оң болады.

***

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

***

Байлық басы көпке байлаулы емес - базарда ақша болатынға байлаулы.

***

Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса - сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.

***

Дүниеде не болса да бірте-бірте аздап ілгері басып болады.

***

Талас-тартыс жоқ болса - өмір абақтыға айналар еді.

***

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді.

***

Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.

***

Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.

***

Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

***

Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.