Кітапханашылар мөрді неліктен 17 бетке қояды?
“Кiтап” – араб тiлiнен аударғанда "жазба", түрiк тiлiнен аударғанда "дəптер" деген сөз. Барлық ғылым кiтап арқылы тарайтындықтан, ол – мəдениеттiң ретрансляторы. Сондықтан да бiз кiтаптың қоғамдағы мəнiн, мəдениеттегi нəрiн ауызға алғанда, ол қайнардың сарқылмас көзiндей екенiн айтамыз. Адамзаттың руxани ой-өрiсiн байытатын кітап атты асыл мұраның қасиеті мен құндылығын бағалау, түйсіну әрбір оқырманның негізгі міндеті.
Заман ағымына қарай электронды кітаптар шыға бастағанымен, олар баспадан шыққан, иісі аңқыған кітаптардың орнын баса алмайды. Кітапханалардан оқуға кітап алып, оны құныға ашсаңыз мөрге көзіңіз түседі. Бұл қандай мөр? Бұл, әрине, сол кітап тұрған кітапхананың жеке мөрі. Мөр кез келген жерге қойыла бермейді. Неге? Мұны көпшілігіміз біле бермейміз. Сөйтсек, мөрдің де қойылу заңдылығы болады екен. Ол кітаптың қай жеріне, қай бетіне қойылады? Біз соның сырына үңіліп көрдік.
Бұл дәстүр ерте заманнан бері жалғасып келеді. Кітаптар қағазға басылғаннан бері олардың түптеу пішімі 4 беттен 4 рет, яғни, барлығы 16 бет боп белгіленген. Осы 16 бет бұрындары автор шығармасының бір беті боп саналған. 17-беттен бастап кітаптың екінші бөлімі басталатын болған.
Егер автор, кітаптың аты, кітапхана мөрі басылған бөлім, яғни, алғашқы 16 бет жоғалып, жыртылып немесе сызылып қалған болса, кітапты 17 беттегі мөр арқылы анықтауға болады. Сонымен қатар дәстүр бойынша 17 бетте кітаптың түгендеу нөмірі қойылған екен.