Айғайқұм неге ән салады?
Кейде біз алыстағы дүниелерге қол созамыз деп, жанымызда тұрған байлықты байқамай жатамыз. Еліміздегі туризмнің дамымай тұрғаны да содан болар. Өзгелерді шақыруды қойшы, өзіміз де Қазақстанды аралаудан гөрі, шетелге қонаққа барып, демалып қайтқанды жөн санайтынымыз өтірік емес. Бұған ішкі туризмнің дамуына қатысты деректер де дәлел бола алады. Әрине, дағдарыс келгелі сандар біраз өзгерген, десе де бұл бағытта істелетін жұмыс әлі де көп. Өткен аптада осы олқылықтың орнын толтыруға өз үлестерін қосып жүрген "Outfitter Kz" компаниясының бастамасымен Massaget.kz тілшілері Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдері арасында орналасқан Алтынемел ұлттық табиғи саябағына барып қайтқан еді. Назарларыңызға сол сапардан дайындалған фоторепортажымыздың бірінші бөлімін ұсынамыз. Бүгінгі тақырып Айғайқұм жайында болмақ.