Дауысты дыбыстар, олардың акустикалық және артикул
Дауысты дыбыстар, олардың жіктелуін акустикалық және артикуляциялық тұрғыдан түсіндіріңіз
Дауысты дыбыстар (Вокализм) орыс. гласные звуки — дыбыстау мүшелерінің бірыңғай толық қатысуынан, фонациялық ауанын кедергісіз, еркін және баяу шығуынан жасалатын дыбыстар. Дауысты дыбыстар фонациялық ауаның кемейде керіліп тұрған дауыс шымылдығына соқтығуынан пайда болған дірілден жасалады. Дауысты дыбыстардың басты қасиеті сөз ішінде буын жасап, дауыссыз дыбыстармен тіркесе алатындығында.
Қазіргі қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың саны, сапасы жөнінде әлі күнге бірізділік болмай келеді.
А.Байтұрсынов: «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар. Дыбыстар дауысты, дауыссыз болады. Соған қарай таңбалары да дауысты, дауыссыз болып бөлінеді», ─ дейді де, олардың бесеуі дауыстылардың таңбасы деп көрсетеді. Мұның өзі сол кездегі араб графикасына негізделген.
Ертелі-кеш жарық көрген оқулықтар мен зерттеулерде қазақ тіліндегі дауыстылардың саны жеті, сегіз, тоғыз, он бір, он екі, он үш, он төрт, он бес болып келеді.
Қазақ тілінің байырғы төл сөздерінің құрамында тоғыз (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) дауысты дыбыс барлығы ешқандай дау тудырмайды.
Қазіргі қазақ тілімізде он бір, он екі дауысты бар деушілер шындыққа жақын тұр. Бұлардың біріншісіне екіншісінің қосқаны ─ тек э дыбысы. Қалған жағдайда іштей жіктеу, сипаттауға келгенде бір-бірімен үндесіп жатады. Екі топқа да тән үлкен жаңсақтық ─ қазақтың байырғы сөздерінің құрамында и, у дауысты дыбыстары кездеседі деп қарауы. Бір қызығы, зерттеушілер мен оқулық авторларының көбісі бұл екі әріптің әрқайсысы екі дыбыстың ұу, үу, ыу, іу, ый, ій қосындысы екенін біле отырып, дауыстыға жатқызып жүр. Оларды (и, у әріптерін) дифтонг, дифтонгоид деп дәлелдеуге тырысады.
Мұндай дауыстылар бар десек, тіліміздің екі үлкен заңының түп-тамырына балта шапқан болар едік. Біріншіден, сөздердің құрамында екі дауысты қатар тұра беретін болады: суы, буын, келуі т.б. Екіншіден, сөз ішінде буын дауыстыдан басталып (бару-ым, келу-ін) және дауысты жеке буын құрайтын (су-ы, бару-ы) болады. Мұның екеуі де тіліміздің табиғатына қайшы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
Сонымен, қазіргі қазақ тілінде он бір дауысты фонема бар. Олар дыбыстау мүшелерінің қызметіне қарай іштей үш топқа жіктеледі.
Тілдің қатысына қарай:
Жуан (гуттураль)дауыстылар: а, о, ұ, ы, у;
Жіңішке (палаталь) дауыстылар: ә, ө, ү, і, е, и.
Жуан дауыстыларды айтқанда, тіл сәл артқа қарай тартылады (ортасы көтеріңкілейді), жіңішкелерді айтқанда тіл сәл ілгері жылжиды.
Еріннің қатысына қарай:
Еріндік (лабиаль) дауыстылар: о, ө, ұ, ү, у;
Езулік дауыстылар: а, ә, ы, і, е, и.
Еріндік дауыстыларды айтқан кезде ерін дөңгеленіп, сүйірленеді де, езуліктерді айтқанда ерін екі жаққа қарай тартылып, езу жиырылады. Еріндік дауыстылардың да тіліміздің байырғы заңы сингармонизмді (оның ішінде ерін үндестігі) танып білуде маңызы зор.
Жақтың қатысына қарай:
Ашық дауыстылар: а, ә;
Жартылай ашық дауыстылар: о, ө, е;
Қысаң дауыстылар: ұ, ү, ы, і, и, у.
Ашық дауыстыларды айтқанда, астыңғы жақ (үстіңгі жақ қозғалмайды) барынша төмен түседі де, қысаңдарды айтқанда жоғары көтеріледі. Басқаша айтқанда, ашықтарды айтқанда, екі жақ бір-бірінен қашықтай түседі де, қысаңдарды айтқанда, бір-біріне жуықтай түседі.
Қазақ тілінде, сондай-ақ барлық түркі тілдерінде осы уақытқа дейін дауыстыларды ашықтар (а, ә, о, ө, і) және қысаңдар деп екіге бөліп келді.
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды арнайы зерттеп жүрген Ә. Жүнісбеков байырғы сөздеріміздің құрамында алты (а, ә, ұ, ү, ы, і) монофтонг (жалаң дауысты), үш (о, ө, е) дифтонг бар дейді.
64. Көсемше формалы етістіктің қатысуымен жасалған сабақтас құрмалас сөйлемдер, грамматикалық сипатын саралаңыз.
Көсемшенің құрмалас сөйлем жасаудағы қызметі екі түрлі болады: бірі - бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы бола тұра, сол сөйлемді басыңқы сөйлемге тәуелді етіп тұрады, екіншісі - құрмаластың құрамындағы екі жай сөйлемді ешқандай қосымша тәсілдердің керегінсіз-ақ байланыстырып тұрады. Оны мына мысалдардан көруге болады: Құлағында үлкен күміс сырғасы сілкіне түсіп, үстел басы тола отырған жұртқа жіті қозғалып шай құйып отыр (Әуезов). Тұла бойы дірілдеп, екі шекеге ыстық қан шапшығандай болды (Мүсірепов).
Бұл мысалдарда көсемшенің бір-ақ (-п, -ып, -іп) тұлғасымен сабақтасқан құрмаластар ғана көрсетілген. Жоғарыдағыдай әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыратын дәнекерлік қызметті көсемшенің барлық тұлғасы да атқара алады: Ушаков үйінде болмай, Бұланбай қайтып кетті. Қарағанды көмірін тапқалы, жүзге жуық жылдар өтті (Мүсірепов). Мәкен дауының ең алғаш бұрқ-сарқ еткен толқыны бәсеңдей бере, Әбіштің сапарға аттану кезі тақап қалған (Әуезов).
Көсемше арқылы жасалған сабақтас сөйлемдердің есімше арқылы, шартты рай арқылы жасалған сабақтас бағыныңқылы сөйлемдерден құрылысы жағынан өзгешелігі болады. Есімше тұлғасындағы етістік бағыныңқының баяндауышы болу үшін өзінің бастапқы қалпын сақтамай, тұлғалық өзгерістерге түседі. Ноқаң кеткен соң, Ордабай ауылы да қопаңдайды (Аймауытов). Біразға дейін суық суды құйып жібергенде, дене селк етіп кеткендей болып тұрды (Жұмабаев) т.б.
Көсемше жұрнақтарының, оның ішінде -п тұлғасының сабақтас сөйлем жасауда басқа тәсілдермен салыстырғанда, тағы бір өзіндік ерекшелігі бар. Өткен шақ көсемшенің көрсеткіші арқылы жасалған баяндауыштар кейде мағыналық жағынан тиянақты болып келеді. Яғни, басыңқы сөйлемге бағыныңқы сөйлем тек тұлғалық жағынан тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, оның ешбір мүшесіне меңгерілмей, салаласа айтылады. Әйелдер сиыр сауып, еркектері өрістен келген қойларын бөліп, қыз-келіншектері су тасып жүр (Майлин). Көп бастар шұлғысып, көп сақалдар шошаңдасып қалды (Мүсірепов).
Өткен шақ көсемше формасы арқылы құрмаласқан сабақтастардың сыңарлары арасындағы осындай мағыналық тәуелсіздігінен болуы керек, синтаксиске арналған біраз еңбектерде осындай құрылымдағы сөйлемдер бірде салаласқа, бірде сабақтасқа жатқызылып келді.
Көсемшенің -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғасы бағыныңқы сөйлем жасайды. Бұл тұлғалар арқылы мезгіл бағыныңқылы сабақтастар жасалады: Шынында да, Барластар келгелі, Құнанбай бұл үйіне кеп қонған емес. Мағаштар жауыз зорлықтың бар көлемін ашқалы, Абай қатты қиналып тыныштық ала алмады (Әуезов).
65. Есімше формаларының қатысуымен құрылған сабақтас құрмалас сөйлемдер, грамматикалық сипатын саралаңыз.
Синтаксисте дәлелденген теория бойынша гипотаксис (сабақтаса байланысу) паратаксистен (салаласа байланысу) кейін пайда болған. Бұның өзі екі жолмен дамиды: бірінші - екі жай сөйлемнің салаласа құрмаласуы негізінде, екіншісі - жай сөйлемнің өз ішінде оралымдар жетіліп, жеке предикаттық қатынас дәрежесіне көтерілген. Құрмалас сөйлемнің пайда болуы мен дамып қалыптасуының бірінші жолы барлық тілдерге тән және ол туралы пікірлер де бір жақты, ал екінші жолды құнтамайтын пікірлер де бар. Дегенмен, жай сөйлемдердің сабақтасуы көсемше және есімше арқылы болуына қарай жоғарыдағы екі жол арқылы да бағыныңқы сөйлемдер қалыптасатыны байқалады.
Есімшелер жеке тұрып, көсемшелер сияқты бағыныңқының баяндауышы бола алмайды. Ол тиянақты тұлға болғандықтан, басыңқы сөйлемді аяқтап, соның баяндауышы болып тұрады: Көше бойындағы ағаштарды жалын шарпып, көлбеңдеген жапырақтары бүрісіп-бүрісіп қалған (Шәріпов). Төре ауылы күзекке құлаған қарбалас тұсты пайдаланып, қос ғашық қашып шыққан (Қажыбеков).
Есімше жұрнақтарының (-қан, -ар, -мақ, -атын) ішінде жай сөйлемдерді құрмаластыру қызметінде жиі қолданылатыны -қан, -кен, -ған, -ген тұлғалары. Бүгін тілімізде бұл тұлға бағыныңқы сөйлем жасауда, әсіресе жатыс септігінде тұрып өте жиі қолданылады. Жатыс жалғаулы есімшемен сабақтасқан сөйлемдер көне түркі жазба ескерткіштерінде де ұшырасады. Яғни, шақ есімше мен жатыс жалғауының сабақтас сөйлем жасау қызметі ертеден қалыптасқан. Сондықтан олар бүгінгі тілімізде өткен шақ көсемшелер сияқты белсенді қызмет атқарады: Байманның тегеурінді қолы қолын ұстағанда, әлгі найзағай тамырын тағы бір аралап өтті (Жүсіпбек). Тілеу көзінен жас аққанша күліп еңкілдеп жатқанда, қонақ тағы да бір алақан насыбайды тіліне басып үлгерді (Кекілбаев). Бұл сөйлемдерде жатыс жалғаулы сөйлемдер арқылы жасалған бағыныңқылылар өз басыңқыларымен мезгілдік қатынаста тұр.
66.Үндестік заңының тілдік табиғатын тіл мәдениеті тұрғысынан сипаттаңыз
Көрші буындардың, дыбыстардың ілгерінді-кейінді бір-біріне ықпал жасап, өзара ұқсауы үндестік заңы деп аталады.
Буын үндестігі (сингармонизм)
Сингармонизм – гректің Syn «бірге» және harmoni – «байланысу, үндесу» деген мағынаны білдіретін сөздері бойынша жасалған термин.
Сингармонизм заңдылықтары
1. Сөздің алғашқы буыны жуан болса, келесі буындары да жуан немесе соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымша да жуан болады. Мысалы: ба-ла-лар, оқу-шы-лар, қа-ла-да-ғы-лар-ы-мыз.
2. Сөздің алғашқы буыны жіңішке болса, келесі буыны да жіңішке немесе сөздің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жіңішке болады. Мысалы: өн-ер-ші-лер-ге, ән-ші-лер, үй-де-гі-лер-і-міз.
Ерін үндестігі
Ерін үндестігі – ерін дауыстыларының бастапқы буындағы ыңғайына қарай, соңғы буындардың үйлесіп келуі болып табылады. Ол еріндік о, ө, ұ, ү дыбыстарынан кейін келетін езулік ы, е, і дыбыстарын айтуда еріндік дыбыстарға жақындатады.
Ерін үндестігі заңдылықтары
1. Алғашқы буындағы о немесе ұ дыбыстары екінші буындағы ы дыбысын ұ-ға айналдырады. Мысалы: орын-орұн, құлын-құлұн.
Ал, ашық дауысты а дыбысына о-ның да, ұ-ның да әсері байқалмайды. Мысалы: орақ, құлан.
2. Алғашқы буындағы о немесе ұ дыбыстары екінші буындағы і дыбысын ү-ге айналдырады. Мысалы: көрік-көрүк, күдік-күдүк.
3. Алғашқы буындағы ө немесе ү дыбысы е дыбысын ө-ге айналдырады. Мысалы: өлең-өлөң, күрек-күрөк.
Дыбыс үндестігі (ассимиляция)
Ассимиляция – латын тілінің assimikato «ұқсату», «ұқсасу» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан термин.
Ассимиляция заңдылықтары
1. Бір дыбыс екінші бір дыбысты дәл өзіндей етіп толық игеріп, түгелдей еліктіреді. Мұны тіл білімінде толық ассимиляция дейді. Мысалы: жазса-жасса, сүзсе-сүссе, сөзшең-сөшшең, жұмысшы-жұмышшы.
2. Бір дыбыс екінші бір дыбысты дәл өзіндей етіп еліктірмей, бір жақты ғана игереді, яғни ұяң дыбыс болса, өзіндей ұяң дыбысты қатаң дыбыс болса, өзіндей қатаң дыбыстың болуын қалап тұрады. Мұндай құбылыс жартылай ассимиляция делінеді. Мысалы: қаз-ға, тас-қа, қыз-дар, этаж-ға.
Ілгерінді ықпал (прогрессивті ассимиляция)
Ілгерінді ықпал деп - сөз ішінде немесе сөз аралығында алғашқы дыбыстың өзінен кейінгі дыбысқа әсерін тигізіп, ықпалын көрсетіп тұруын айтамыз. Ілгерінді ықпал бір (негізгі сөз бен қосымша аралығында) немесе екі сөз көлемінде сондай-ақ, бірнеше сөз көлемінде де байқалады. Мысалы: қаз-дар, ақ бала (ақ пала), Қамысбай (Қамыспай).
Ілгерінді ықпал заңдылықтары
1. Сөздің соңғы дыбысы қатаң болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы да қатаң болады. Мысалы: зат (+тар; +қа; +пен), шөп (+тің; +ке; +пен), қаш (+са; +тың; +па).
2. Түбір сөздің соңғы дыбысы ұяң дыбыс болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы да, көбінесе ұяң болады. Мысалы: жаз (+да; +дың; +ға), қаз (+дар; +дың; +ға), этаж (+да; +бен; +ға).
3. Түбірдің соңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшаның басқы дыбысы көбінесе ұяң не үнді болып келеді. Мысалы: бала (+ға; +да; +лық), шам (+дар; +мен; +ға), қала (+лар; +ға; +да).
4. Түбірдің соңғы дыбысы ш болып, қосымшаның басқы дыбысы с болса, айтуда қосымшаның бұл дыбысы ш дыбысына айналса да, бірақ жазуда с дыбысын сақтап жазамыз. Мысалы: шаш-са (шашша), іш-сін (ішшін).
5. Алғашқы сөздің соңғы дыбысы дауысты, үнді, ұяң дыбыстардың бірі болып, одан кейінгі сөздің басқы дыбысы қатаң к, қ болса, айтуда (жедел сөйлеуде) бұл қатаң дыбыстар ұяңдап г, ғ дыбыстарына айналады. Жазуда мұны елемейміз. Мысалы: қара қой (қара ғой), боз құнан (боз ғұнан), ала кел (алагел), атың кім? (атың гім?), Меңдіқұл (Меңдіғұл), Талдықорған (Талдығорған), көзқарас (көзғарас).
6. Алғашқы сыңарлары қатаң дауыссыздарға аяқталып, екіншісі ұяң дыбыстардан басталса, айтуда ұяң дыбыс қатаң естіледі. Жазуда алғашқы формасын сақтап жазамыз. Мысалы: Қамыс-бай (Қамыспай), Қоныс-бай (Қоныспай), Жүніс-бек (Жүніспек).
Кейінді ықпал (регрессивті ықпал)
Кейінді ықпал деп – бір сөз көлемінде немесе екі сөз аралығында кейінгі дыбыстың өзінен бұрынғы дыбысқа әсер етіп, ықпал жасауын айтады.
Кейінді ықпал заңдылықтары
1. К, қ, п дыбыстарының біріне аяқталған сөздерге жалғанатын қосымшалардың басқы дыбысы дауысты дыбыстан басталса, бұл үшеуі ұяңдай (г, ғ, б) түседі. Жазуда естілуінше жазамыз. Мысалы: тарақ-тарағы, жүрек-жүрегі, доп-добымыз, қақ-қағу, төк-төгу, шап-шабады.
2. Түбірдің соңғы н дыбысы н, б, п дыбыстарының алдынан келсе н дыбысы айтуда өзгеріп, м дыбысына айналады. Жазуда мұны ескермейміз. Мысалы: сен-бе (сембе), Жан-пейіс (Жампейіс), Құрманбек (Құрмамбек).
3. Түбірдің соңғы н дыбысы к, қ, г, ғ дыбыстарының алдынан келсе, айтуда н дыбысы өзгеріп, ң дыбысына айналады. Жазуда оны елемейміз. Мысалы: бір күнгі (бір күңгі), Аманкүл (Амаңкүл), сән қой (сәңқой), Дүйсен-қали (Дүйсеңқали).
4. Түбірдің соңғы с, з дыбыстарының бірі ш дыбысының алдынан келсе, ол екеуі айтылуда ш дыбысына айналып кетеді, жазуда бұл еленбейді. Мысалы, колхоз-шы (колхошшы), жұмыс-шы (жұмышшы), сөз-шең (сөшшең), жұмыс шамасы (жұмыш шамасы).
5. Түбір сөздің соңғы з дыбысы с дыбысының алдынан келсе, з дыбысы с дыбысына айналады, жазуда бұл еленбейді. Мысалы: көзсал (көссал), тұз-сыз (тұссыз), жаз-са (жасса).
6. Алғашқы сөздің соңғы дыбысы з болып, одан кейінгі сөз ж дыбысынан басталса, з дыбысы ж дыбысына айналады, бірақ жазуда еленбейді. Мысалы: Бозжігіт (Божжігіт), Боз-жан (Божжан), Ораз-жан (Оражжан).
Тоғыспалы ықпал
Тоғыспалы ықпал деп - әркелкі дыбыстар қатар келіп тоғысып, екеуі де бірін-бірі еркін билей алмай, басқа дыбыстарға ауысып кетуін айтады.
Тоғыспалы ықпал заңдылықтары
Сөз ішінде немесе сөз аралығында н дыбысы мен қ дыбысы қатар келсе, не с дыбысы мен ж дыбысы қатар келсе (көршілес келсе), айтуда н дыбысы ң-ға, қ дыбысы ғ дыбысына, сондай-ақ с дыбысы өзгеріп ш-ға, ж дыбысы өзгеріп ш дыбыстарына айналады. Мысалы: Қазан-қап (Қазанғап), Жылан-қарағы (Жылаңқарағы), Есен-келді (Есеңгелді), Дос-жан (Дошшан), Бесжан (Бешшан).
42.Сөздерді топтастырудың принциптеріне тоқталыңыз. Сөз таптарын жіктеудегі ғалымдардың классификациясына тоқталыңыз
Қазақ тіл білімінде қалыптасқан сөз таптастырудың үш принципі бар:
1. семантикалық,
2. морфологиялық,
3. синтаксистік.
Семантикалық принцип бойынша сөздің лексикалық мағынасына қарайды, морфологиялық принцип бойынша сөздің түрлену жүйесін басшылыққа алады, ал синтаксистік принцип бойынша сөздің қай сөйлем мүшесі болуына сүйенеді.Бұл орныққан түсінікті өзгерту туралы басқа пікір бола қойған жоқ. Қ.Жұбановтан бастап, кейінгі бұл мәселеге арнап қалам тартқан ғалымдардың барлығы бір ауыздан осы үш принципті атап, оларды бірлікте қолдану керектігін айтады. Тек қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек дегенде ғана аздаған пікір алшақтығы кездеседі. Қ.Жұбанов семантикалық принципті жетекші ретінде тани отырып, екінші орынға морфологиялық принципті, үшінші орынға синтаксистік принципті шығарады. С.Аманжоловтың бұл мәселеде Қ.Жұбановпен пікірлестігі көрінеді. А.Ысқақов та үш белгінің де қажеттігін ескере отырып, «кейбір сөз табын анықтау үшін белгінің (принциптің) үшеуі де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал егер бір белгіні ғана таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы» − дейді. Кезінде негізгі сөздердің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері алынатыны, орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының дамуы барысында лексика-грамматикалық аталған бағыттың көрнекті өкілі В.В.Виноградовтың үлгісін қазақ тілі сөздерін тапқа бөлуде қолдануды ұсынған пікір де болды. 1968 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі сөздер мен таптарының морфологиялық құрылысы» атты еңбегінде Т.Ерғалиев қазақ тілі сөздерін алдымен негізгі сөз таптары, көмекші сөздер, азат сөздер деп үлкен үш топқа бөледі, ары қарай олардың бірнешеуінің басын қосатын сөз таптары да пайда болады. Ғалым негізгі сөз таптарының бірінші тобы ретінде есімдер тобына етістікті, үшінші хал-жағдайлық сөздер тобына үстеулер, күй категориясы, еліктеу сөздерді біріктіреді. Т.Ерғалиев көмекші сөздерге шылауларды жатқызса, азат сөздер тобы ретінде модаль сөздер мен одағайларды атайды. Соңғы екі сөз табын бір топта, азат сөздер тобында қарау себебін автор қысқаша былай түсіндіреді: «Негізгі сөздерге де көмекші сөздерге де қосылмайтын ерекше сөздер бар. Олар сөйлемде белгілі бір қызметке ие емес және басқа мүшемен байланысы жоқ бөлек, еркін категория болып табылады. Сондықтан термин ретінде олардың бәрін азат сөздер деп атады» (автор еңбегінде ары қарай тек зат есім мен етістікке тоқталады). Т.Ерғалиевтың қазақ тіл білімінде негізінен бұрын анықталған сөз таптарын (күй категорияларынан басқасы) В.В.Виноградов үлгісімен сатылай отырып ірі топтарға біріктіруі, яғни қазақ тіл сөздерін:
1) негізгі сөз таптары;
а) есімдер;
ә) күй-амалдық сөздер;
б) хал-жағдайлық сөздер;
2) көмекші сөздер (шылаулар);
3) азат сөздер (модаль сөздер мен одағайлар) деп бөлуі тіліміздегі сөздердің семантика-құрылымдық қасиеттерін аша түсуге біршама мүмкіндік бергенімен, қазақ тілі білімінде орныға алмады. Соңғы жылдары қазақ тілі біліміндегі сөз таптары теориясына елеулі жаңалық енгізген С.Исаев болды. Ғалым еңбегі, ең алдымен, қазақ тіл біліміне грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секілді негізгі іргелі грамматикалық ұғымдарды салмақты қазіргі лингвистиканың даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беруімен салмақты екенін айтқан жөн. Тілге қатысты әдебиеттерде бұрын да жиі қолданылмағанымен, мән-мағынасы айқын емес бұл грамматикалық ұғымдарды дұрыс түсінбеу салдарының сөз таптастыру проблемасында да бірқатар қателікке әкелгені белгілі болып отыр. Мысалы, бұрынғы зерттеу еңбектерінде қазақ тілі сөздерінің алдымен осылайша үш топқа жіктелуін «семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай» деп түсініп келсек, С.Исаев тілдің лексикалық қабаты деңгейі мен грамматикалық қабаты деңгейінің ара жігін нақты ажырату арқылы бұл түсінікті жоққа шығарды. «Бұндай түсініктің қателігі – тілдің грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек-бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады», − дей отыра, ғалым алдымен сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде сөздердің морфологиялық белгілерінің еш қатысы жоқ екендігін айтады, өйткені атауыш сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, есімдіктердің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты бұл көмекші сөздерге тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан, автор дұрыс айтып отырғандай, морфологиялық белгілердің тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп негізге бола алмайтындығы шындық. С.Исаев лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы ажырату арқылы сөз таптарын «сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипаттарына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары»,- деп таныса, жоғарыдағы үш сөз тобын (атаушы сөздер, көмекші сөздер, одаағай) лексикалық-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен, оларды тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыс деп түсінеді, демек «сөз таптары грамматикалық сипаттағы топ та, бұлар (атаушы, көмекші сөздер, одағай – С.М.) лексикалық сипаттағы сөздер» болып табылады. Көмекші есімдердің сөз табы ретіндегі зат есімнің, көмекші етістіктердің лексикалық мағынасы бар-жоғына қарамастан етістік аясында қараулы да сөз таптарының грамматикалық сипаттағы негізгі өзек болатын топ екендігін дәлелдейді. С.Исаев сөзге грамматикалық негізгі өзек болатын грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан айырмашылығын көрсете отырып, оған (грамматикалық мағынаға) төмендегіше анықтама береді: «...Грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады». Ғалым грамматикалық мағынаны жасалу тәсілдеріне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық мағына, қатыстық мағына (терминдер де С.Исаевтікі) деп іштей үшке бөлінеді. Автор жалпы грамматикалық мағынаның сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы, ғалымның өз сөзімен айтсақ, «грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы» - қалыптасу процесін дәл байқап, сөз таптастырудың семантикалық принципі негізінде осы жалпы грамматикалық мағына жатқанын айтады, яғни осы процесс нәтижесінде:
«1) сөздердің семантикалық жақындығы;
2) ортақтығы пайда болып;
3) грамматикалық топтар құрылады» − дейді.
Ғалым тілдегі грамматикалық формалар (қосымшалар) арқылы берілетін грамматикалық мағынаны катеориялық мағына деп атайды. Автор катеориялық грамматикалық мағынаны беруші формаларды белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі ретінде де танып, сөз таптастырудың морфологиялық принципі негізінде осы катеориялық грамматикалық мағына жатқанына назар аударады. Ғалымның айтуынша, мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары, есімше, көсемше немесе қалып етістіктері, т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Басқаша айтсақ, катеориялық грамматикалық мағына әрбір жеке сөз табының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын анықтауы арқылы сөздерді түрлі тапқа жіктеуде морфологиялық принцип ретінде қызмет етеді.
43. Үндеу амалдары қызметі: қызметін саралаңыз
Үндеу амалы орыс средство обращения — айтылатын хабарды, пікірді түсінікті, дәл жеткізу үшін, тындаушынын назарын аудару тәсілі. Үндеу амалы үшін грамматикалыкжағынан окшауланып түратын, бірак сөйлемнің коммуникативтік максатымен үштасып жататын окшау сөздер айрыкша кызмет етеді. Үндеу амалы көбінесе ауызекі тілде айкын көрінеді.
• Мысалы: О, бәрекелде, Айдар, жақсы айтасың. Бәсе, міне осылай сүйген көңілге куйініш жат болмаққа керек қой (Мұхтар Омарханұлы Әуезов).[1]
44.Сөз таптарының қалыптсуы мен дамуы
Түркі тілдері жүйесінде сөз таптары өз заңдылықтарымен, ерекшеліктерімен түрліше сипатқа ие. Әрбір сөз табы тек өзіне ғана телінген лексика – семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілерімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, әрбір сөз табының қалыптасу, даму жолдары бар. Тілдің дамуы сөз таптарының түрлі тұлғаларымен толығуының, лексика –грамматикалық ерекшекліктерінің артуының нәтижесіне байланысты. Тілдегі сөз таптары единицалары мағыналарының қалыптасуы, жаңаруы, көнеленуі сол сөз табының ішкі жүйесімен қатар сыртқы факторлар, яғни, өзге сөз таптарының ықпалымен де жасалып отырады. Сондықтан сөз таптарының сөзжасамдық, сөзөзгерімдік, мағына қалыптастырушылық қасиеттерін санамағанда олардың ішкі және сыртқы факторлармен байланысты екендігін ескеру керек. Тілдік жүйеде жаңа сөз табының пайда болуына өзге сөз таптарының ықпалы мол. Әрбір сөз табының қалыптасуына тигізетін әсері де ерекшелігі түрлі-түрлі. Мысалы, үстеулердің пайда болу, қалыптасуына өзге сөз таптары түрлі жағдайларда, түрлі қасиеттерімен әсер еткен. Барлық сөз таптарының үстеу жасау қабілеті де алуан түрлі болады. Өйткені, әрбір сөз табының бір-біріне ұқсамайтын белгілері, өзгешеліктері бар. Десек те, оларды бірімен-бірін байланыстырып тұратын ортақтықтар да мол. Даму мен қалыптасуында да үзілмес байланыс бар. Тілде бір сөз табы ерте пайда болған, бірі кеш пайда болды, бәрібір олардың арасында қатынас сақталады. Сондықтан сөз таптарының осындай айырым - белгілері мен ортақ қасиеттерін сараптай отырып, барлық сөз таптарының бірін-бірі толықтыруда, қалыптастыруда алатын орындары бар деген тұжырым жасауға болады.
Адвербиалдану процесінің негізгі ұйтқысы болып табылатын жекеленген сөз таптары. Адвербиалдану яғни, өзге сөз таптарының үстеулер қатарына өтуі басқа тілдік құбылыстар сияқты белгілі бір заңдылықтар мен тілдік нормаға сүйенеді. Жоғарыда атап айтқандай әрбір сөз таптарының үстеулер қатарына өтуге бейім единицалары бар. Сол тілдік единицалардың үстеуге айналуына белгілі мөлшерде грамматикалық формалар ықпал етеді. Мысалы, мезгілдік және мекендік мағыналары бар зат есімдер, сапалық сын есімдер, сұрау және сілтеу есімдіктері, белгісіздік сан есімдер мен көсемшелер.
Адвербиалдану процесіне күрделі, жай және туынды сөз құрылымдарының барлық түрлеріне қатысады. Әрбір құрылымның үстеу сөз табын қалыптастыруда алатын алуан түрлі орындары бар. Арадағы өзгешеліктер мен ұқсастықтарды санамалаған жағдайдың өзінде бұл құрылымдар бір-бірімен өте тығыз байланыста дамып отырады. Осындай сөздер мен тілдік құрымдар адвербиалдық мән-мазмұнға ие болады да семантикалық мазмұн бірлігі, функционалдық дистрибуция және ситуативті контекске байланысты – мекендік, мезгілдік, өлшем бірлігін, қимылдың алуан түрлі белгілерін білдіру мәнінде қолданысқа түседі.
Түркологиялық еңбектерде көрсетілгендей адвербиалдану құбылысы лексика-грамматикалық, морфология-синтаксистік тұрғыдан зерттеу объектілеріне ілінді. Адвербиалдану процесінде семантикалық факторлардың үстем болуын барлық сөз таптары негізінде есептей келе мынадай тұжырымдар жасауға болады. Яғни, белгілі бір сөз таптарының үстеулер қатарына ауысуы лексика-семантикалық, және синтаксисті -тәсілдер нәтижесінде жүзеге асады. Әрбір тәсіл тұлға қалыптастыруда өзіндік ерекшеліктерімен, айырым белгілерімен оңашаланады. Үстеулердің қалыптасуында есім сөздер елеулі роль атқарды. Әрбір сөз табы үстеулерді туындатуда түрліше ерекшеленеді, танылады. Зат есімдер үстеулер тобына көбінесе екі жағдайда ғана ауысады. Біріншіден, зат есімдер сөз түрлену жүйесінің жалғауларымен грамматикалық қарым-қатынасқа түседі. Белгілі бір септік формаларымен тұрақтанған сөз пысықтауыштық функциалы сөз топтарын жасайды. Грамматикалық көрсеткіштер әрбір сөздің бойына сіңісіп, оның құрамдас бөлігіне айнала бастайды. Сөз төл мағынасынан айырылады, түрлендіруші форма өзінің бастапқы қасиетінен алшақтап, өлі формалар қатарына өтеді. Сөз бен форма тұтастай өздеріңің алғашқы сөз түрлендірушілік қабілетінен айырылып, нәтижесінде бір ғана сұраққа жауап беретін, бір ғана сөз табының единицасы болып қалды. Тілдегі аталмыш процесс көне түркі жазбаларынан белгілі. Көне заманның өзінде түрлі сөздер үстеулер қатарына осындай жолдармен өте бастаған. Мұндай сөз формаларын тарихи тұрғыдан ғана бөлшектеуге келеді. Адвербиалданған зат есімдердің құрамындағы грамматикалық көрсеткіштерді сөз тұрлендіруші септік формалары деп есептеуге болмайды. Олар тек тарихи тұрғыдан ғана септік формалары деп аталады. Қазіргі уақытта мұндай жалғаулар формалық нормада ауытқып кеткен өлі элементтер түрінде ғана қаралады. Мысалы, көне түркі ескерткіштері мәтіндерінде кездесетін, қазіргі түркі тілдерінің барлығында үстеулік тұлға, тек үстеулік мағынаға ие сөз ретінде танылған йоқару-«жоғары», ілгеру - «ілгері», керу - «кері», ташқару - «сыртқа, тысқа» т.б сөз құрылымдарын алайық. Ескерткіштер тілінде үстеу түрінде қолданылған йоқару – «жоғары» сөзі 5-8 ғасырларға дейін қалыптасудан өткен. Мәтінде аталмыш сөз үстеу ретінде толық мағынаға ие болған, қызметі жағынан да үстеулік мәнге ие. Сөздің құрылымдық-семантикалық сипатына келетін болсақ, мынадай ерекшеліктерін көруге болады: сөздің түбірінен септік жалғауын бөліп алайық. Түбір йо – йоқ сөзінің қысқарған түрі. Форма еш өзгеріске түспеген, ал түбірдің мағынасы, тұлғалық сипаты өзгерген. Көне түркі деректерін салыстыра зерттеу барысында аталмыш форманың нақты формасы табылды. Сөз көне жазбалар тілінде йоқ –«қырат, шоқы» деген мағынада қолданылған. Зат есім сөз ескерткіштер тіліне дейін грамматикалық форма – ғару және шылауын қабылдап өзгеріске түскен. Алғашында зат есімнің түрленуі болғанымен, кейіннен сөйлем ішіндегі қызметі өзгерген. Функциялық жақтан әуелі өзге сөз табына тән болған сөз, кейіннен мағыналық жақтан да үстеулер қатарына жылжып ауыса бастаған. Көне заманда өз алдына жеке лексикалық единица ретінде қолданылған йоқ сөзі йоқ иер – «биік жер, қырат, үстірт» септік формасымен бірігіп, оның ажырамас бөлігі болып қалған. Процесс тілдің дамуында ұзақ мерзімді сұрыпталу мен қалыптасуды басынан кешірген. Пайда болған жаңа тұлға түрленбейтін сөздерге айналған. Осындай процестің нәтижесінде туынды сөз түбір сөзге айналады. Аталмыш үстеу жасаушы түбірдің жеке лексикалық единица екендігін толық көз жеткізу үшін мынадай фактілерді салыстыра қарастырған дұрыс. Үстеу жасаушы түбір түрік тіліндейоқуш – «төбе, қырат», азербайжан тілінде йүксәк «биік, қырат», йүксәл «көтерілу, жоғарылау» т.б. түрінде кездеседі.
Көне түркі тілдері ескерткіштері мәтіндерін қарастырғанда үстеу ретінде қалыптастыратын тұлғалары себепші формалардың функциялары мен түрлері де молынан кездеседі. Қазіргі түркі тілдердегі деректермен салыстыратын болсақ, тілдің дамуы барысында адвербиалданатын тұлғалар мен формалар өсіп отырған. Тілімізде қолданып жүрген бірқатар үстеулер сөздер сонау көне түркі дәуірінде, орта ғасыр жазбаларында үстеу ретінде әбден қалыптасқан, өзге сөз таптарынан іргесін бөліп алған. Ал қайсыбірлері кейінгі жылдары пайда болған. Мысалы, қазақ тілінде кездесетін кешке сөзіне тоқталайық. Аталмыш сөз үстеу ретінде кейінгі жылдары ғана қалыптасып, толық мағынаға ие болған. Құрамы тек тарихи тұрғыдан талданбаса, қазіргі тіл тұлғасынан еш ажыратуға, талдауға келмейді. Аталмыш сөздің құрамын қазіргі қазақ тілі бойынша талдасақ –ке формасы бойынан жалғауға тән қасиет ауытқып кеткен көрсеткіш ретінде танылады. Яғни, сөз құрамындағы жалғауда сөз түрлендіруші қасиет жоғалған, өлі форма түрінде ғана көнеленген септік жалғау десе болады. Ал егер аталмыш форманы өз түрлендіруші барыс септігі ретінде қараса, онда сөз тарлығымен үстеулер қатарынан алшақтап кетеді. Ал егер аталмыш форманы сөз түрлендіруші барыс септігі болса, онда қимылдың, іс-әрекеттің бағытын білдірген болар еді. Мұндай жағдайда түбір мен қосымшаны бөлшектеуге әбден болады. Бірақ, сөз сөйлем ішінде түрленбейтін қасиетімен үстеулер тобының сұрағына жауап беріп пысықтауыш болғандықтан үстеу деп танылып отыр. Сөз бойында септік жалғауының ешбір белгісі байқалмайды. Өйткені кешке бұл жерде мезгілді, белгілі бір уақыттың мөлшерін білдіріп тұр. Сол сияқты қазіргі тілде кездесетін түрлі септік жалғаулары нәтежесінен жасалатын шалқасынан, түнімен, ретімен, алға т.б. сөздері тұрғысынан да дәл осы процесті айтуға болады.
Зат есімдердің үстеулер тобына дайын единица күйінде ауысуы тілде аса қарқынды дамуға ие емес. Сөз немесе сөз тіркестерінің үстеулер тобына өз формасын еш өзгертпестен өтуі сол сөздің лексика-семантикалық ерекшелігінің әсері деп білуі шарт. Шындығында да мезгіл үстеулері уақыттың белгілі бір өлшемін, мезгілін білдіретін сөздермен байланысты, ал мекен үстеулері заттың мекенін, орнын білдіреді. Сөздердің мағыналық бөлшегіндегі осындай қасиеттерін қарастыра отырып, түрік тілін зерттеуші, профессор А.Н. Кононов зат есімдердің үстеулер қатарына өтуін төмендегіше сипаттайды: «Характерным признаком перехода имени существительного в наречие, точно так же, как и в русском языке, является следующее: имя существетельное утрачивает возможность сочетаться с определением» [1, 309].
Аталмыш процесте сөздің лексикалық мағынасы бастапқы мағынасынан алшақтайды. Сөз өзінің нақтылығынан айырылып, жалпылық сипатқа ие бола бастайды. Сөз мағынасының өзгеруі оның семантикалық ерекшелігіне тән болады. Сөз жеке өзі ешбір қатынассыз үстеулер тобына ауыса алмайды. Бұл жерде белгілі бір дәрежеде байланыс бар. Ол байланыс сөздердің тiркесу қабілетіне байланысты. Яғни, сөз өзі тіркесетін сөзбен барлық заңдылықтарды сақтай отырып тіркесе алады. Белгілі бір сөздердің етістікпен тіркесі сол сөз мағынасын сөйлем ішінде ғана өзгертіп, қызмет аясына байланысты уақытша үстеулер қатарына өтуіне мумкіндік береді. Сөз сөйлем ішінде пысықтауыштық мәнге ие болады. Мұндай қатынас сөздердің үстеулер тобына өтуіне ықпал етеді. Тілде болатын мұндай лексика-семантикалық құбылыс баяу, ұзақ мерзімдік дамудан өтеді. Тілдің ішкі қатпарларында әбден сұрыпталады. Мағыналық жақтан да, функциялық жақтанда толық үстеулер қатарына өтуі үшін тұрақты пысықтауыш ретінде ұзақ мерзім қолданылуы керкен. Аталмыш процес түркі тілінде пассив құбылыс.
Сөз таптарының ішінде адвербиадану процесіне бейім сөздер сын есімдер. Түркі тілдерінде кездесетін көптеген үстеулер өздерінің шығу төркіні жағынан сын есімдермен негіздес, төркіндес болып келеді. Тілші Ж. Сарбалаев сын есім сөздердің үстеулер қатарынан орын алып, кейіннен толық үстеу болып қалыптасу тұрғысында мынадай дәләлдер мен сипаттамалар береді: Сын есімдер тобынан үстеулер қатарынан ауысқан сөздер, әсіресе, қимыл-сын және күшейіткіш үстеулердің құрамына жиі ұшырасады» [2, 35-39].
Ғылымның пікірін қолдай отырып, шынында да зат есімдер категориясынан ауысқан сөздер көбінесе мекендік, мезгілдік мағынаны білдірсе, адвербиалданған сын есімдер қимыл мен іс-әрекеттің сипатын, белгісін, мөлшері мен көлемін білдіруге бейім тұрады.
Жекелеген түркі тілдері деректерін салыстыра отырғанда сын есімдердің үстеулерге айналуының басты белгілерінің бірі ретінде коверсия құбылысы ерекше сипатқа ие. Өйткені, көп жағдайда сын есім сөздер өздерінің тұлғалық сипатын сақтай отырып, контекстік мағынасына, функциясына байланысты үстеуге айналады. Мысалы, башқұрт тілінде кездесетін алыс, қыйын, йәтеш, яқшыт.б. тұлғалар кейде контекске байланысты үстеу болса, кей жағдайда сын есім ретінде қолданылады. Мұндай сөздер тек башқұрт тілі емес, барлық түркі тілдеріне тән құбылыс. Сөйлем ішінде ерекше қызметтеріне қарай кейде сөздерді сөз таптары арасындағы функциялық тұрғыдан аралық категориялы тұлғалар деп топтасада болады. Тек сөйлем ішінде ғана белгілі бір сөз табына телінгеннен соң біз мұндай сөздерді контекстік үстеулер деп атауымызға тура келді. Демек, мұндай аралық жағдайда қолданылып жүрген сөздердің жігін ажыратып, олардың мағыналық, қызмет аясына өлшемдер айтуға болады деп есептейміз. Аталмыш сөздердің сөйлемде екі жақтылық сипатқа ие болуы сөйлем ішіндегі қызметінің шартына тәуелді. Сөз сөйлем ішінде есіммен тіркесіп, анықтауыш ретінде заттың сапасын, сынын білдірсе, сын есімге телініп, ал етістікпен тіркесетін болса қимылдың белгісін білдіріп үстеу болады. Сын есімдер мен үстеулерді ажыратудың бірден-бір белгісі ретінде осы анықтаманы айтуға болады. Мысалы башқұрт тілінде яқшы һүз ташты иретә «жақсы сөз тасты ерітеді» (мақал) – сын есім, көн яқшы уқйылытқан – «күн жақсы жылына бастады» - үстеу. Ал өзбек тіліндегі адвербиалдану құбылысына көңіл бөліп жүрген зерттеуші А. Гулямов өз мақаласында сын есімдердің сөйлемдегі қызметтерін атай келіп, етістікпен жақындасқан тұлғаның үстеулер қатарына ауысып кететін бейімінің бар екендігін айтады. Мысалы, яхшы уқийды – жақсы оқиды. Ғалымның айтуынша, бұл жердегі сөз синтаксистік қызметінің арқасында өзге сөз табына ауысу барысында.
Тілдегі үстеулердің осылайша қалыптасуы олардың синтаксистік қызметімен тікелей байланысты. Өйткені, бір сөз табынан екінші сөз табына ауысып келген сөздер өзінің бастапқы функциясына ұқсас қызмет атқаратыны белгілі. Мұның өзі әрбір сөз таптарының арасында өзара ұқсас сөз формаларынның, мағыналық топтарының қалыптасуына әсерін тигізеді және үстеу сөз табына сын есімнен ауысып келген сөздердің бастапқы функциясы мен кейінгі жаңа қызметінің арасында байланыстың үзілмегендігін, әлсіз де болса белгілі бір қатынастың бар екендігін байқатады [3, 3-16].
Үстеуге айналған сын есімдерді тұлғасына қарай төмендегіше сипаттауға болады. Қазіргі түркі тілдерінде мүлдем, біржолата үстеуге айналған үстеулер және әлі де болса өзінің бастапқы сөз табындық ерекшелігінен арыла алмай жүрген сөздер. Алғашқы топ сын есімдер әлдеқашан өзінің лексика-семантикалық категориясынан алшақтап, тілдің қазіргі тұрғысынан қарағанда қай жағынан алса да үстеулік мән мағынаға ие болған сөздер де, ал кейінгі топтағы үстеу деп танылып жүрген сөздер өздерінің алғашқы лексика-семантикалық белгілерінен толық ажырамаған, екі жақты қызметі мен сипаты бар, қолданылу ыңғайына қарай аралық жағдайда сипатталатын, толық адвербиалданған сөздер.
Үстеулердің қалыптасуына сын есімнің шырай формалары да көптеп кездеседі. Қазақ, өзбек, башқұрт тілдерінде шырай формаларымен адвербиалданған көптеген тілдік единицаларды кездестіреміз. Олар үстеу сөз табын қалыптастыруда ерекше сипатқа ие.
Түркі тілдерінде үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуына мол ықпал еткен формалардың бірі – етістіктің көшемше категориясы. Көне түркі жазба ескерткіштері мәтіндерінен белгілі үстеулердің сөз табы ретінде толық қалыптаспаған дәуірінде аталмыш көсемше формаларымен жасалған үстеулік мәні, мағынасы бар, қызмет аясына байланысты толық пысықтауыштың функциясында қолданылған сөздер тобы кездеседі. Осыған қарап, үстеулердің қалыптасуындағы алғашқы белгілер көшемше формаларымен байланысты болса керек деген пікір туындайды. Тілде үстеулердің бастапқы пайда болу белгілері есімдермен қатар етістікті түбірлерден де жасалып отырғандығын байқаймыз. Сол көне дәуірдің өзінде оталмыш көшемше формалары етістікті түбірмен грамматикалық байланысқа түсіп, сөйлем ішіндегі қолданысына байланысты өзінің бастапқы мағынасынан алшақтап, үстеулер қатарына өтіп отырған. Бұл процесс ұзақ созылыңқы құбылыс. Тілдегі айтылып отырған аталмыш құбылыс қай сөз табының қалыптасуында болмасын белгілі бір дәуірді, мерзімді қажет етеді. Ел аузында, жазба тілде әбден сұрыпталуы қажет. Екіжақтылық сипатынан айрылып тек үстеулік ерекшеліктерімен көрінуі тиіс. Көне түркі ескерткіштері, одан беріде М. Қашқари, Ж. Баласағұни еңбектерінен жалғасын тапқан көшемше формалары единицалар тілдің дамуы барысында алуан түрлі сөз өзгерту жүйелеріне еніп отырған. Қазіргі түркі тілдері тұрғысынан қарағанда негіз, түбір үстеулер сипатына ие бірнеше үстеулердің құрамында аталмыш көшемше формалары өлі элеметтер түрінде кездесіп отырады. Ол сөз құрамын тек тарихи тұрғыдан ғана талдау арқылы бастапқы түбірі мен қосымшасын анықтауға болады. Қазіргі тілімізде қолданып жүрген көптеген сөздер құрамында зерттеліп отырған көшемше жұрнақтары жиі кездеседі. Сөйлем ішінде қолдану ыңғайына байланысты семантикасының өзгеруі нәтижесінде лексикаланып барып үстеу қатарына өтіп отырған мұндай форманттар барлық етістіктер мен оның көрсеткіштеріне тән емес. Үстеулер қатарына өтетін сөз көшемше формаларын қабылдағанда етістік ретінде қимылды, оның сипатын білдіретіні анық. Мұндай қасиет барлық етістіктер мен оның формаларына тән. Бірақ, солардың ішінде пысықтауыштық қызметке ие болып, сөйлем ішінде қимылдың белгісін білдіретін сөздер үстеулер қатарына өте алады. Нәтижесінде көсемше формаларын қабылдап, контексте тұрақты пысықтауыштық қатынасқа ие болған сөз қимылды, іс-әрекетті емес, сол қимылдың белгісін білдіретін сөзге айналады. Сөз толығымен семантикалық жақтан өзгеріп, жалпы грамматикалық мағынаға ие болады. Ол өзгерген мағына үстеудің белгісін білдіреді. Жоғарыда айтылып кеткен кейбір жекелеген сөздердің екіжақтылық қызметке ие болуы көсемше формаларымен үстеуге айналатын сөздер бойынан да кездеседі. Мұндай аралық қызметке ие болған сөздер тілдің дамуы барысында өзінің қолданылу функциясы арқылы лексика-семантикалық тобын айқындайды.
Етістік пен үстеу категориялары бір-біріне өте жақын сипатқа ие сөздер тобы. Әрбір категорияның өзіне ғана тән ерекшклігі де бар. Олардың ара жігін ажыратып тұратын өлшемдері де нақты дәлелдермен беру шарт. Барлық к-шемше формаларын қабылдаған түбірлер үстеулер қатарына өте бермейді. Олардың біразы өздерінің бастапқы етістікке тән сипаты мен қасиетін сақтап қалады. Аталмыш процесс көне тілдерде ғана емес, қазіргі түркі тілдерінде де көп кездеседі. Бұлардың басын ажыратып тұратын белгілер тек сөйлем ішінде ғана көрінеді. Сөздің сөйлем мүшесі ретінде атқаратын қызметтеріне қара пысықтауыштық қатынаста жұмсалуы бар. Адвербиалданушы сөз сол функцияда тұрақты, ұдайы қолданылуының барысында лексикаланып барып үстеулер қатарына өтеді.
Жазба ескерткіштер дәуірінен белгілі адвербиалдану процесіне жататын көптеген етістікті түбірлерден үстеулер жасаған көсемшенің–а, -е, -й, -у, -ү, -ы, -і формалары. Аталмыш форманың ықпалымен лексикаланған сөз жаңа мағынаға ие болып, жаңа сөз табының ерекшелігіне сай қызмет атқара бастайды. Грамматикалық қатынастың нәтижесінде сөз бен форма бірігіп, тұтастай бір тұлға ретінде танылады. Бастапқыда белгілі бір контексте ғана үстеулік қызмет атқарып жүрсе, кейіннен толығымен үстеулер қатарына өтеді. Бұл құбылыс тілде ұзақ жалғаспалы мерзімдік қолданыстың нәтижесінен кейін қалыптасады.
Сөз таптарының ішінде үстеулерді қалыптастыруға ықпал ететін сөз топтарының бірі – есімдіктер. Есімдіктің барлығы бірдей қалыптастыруға қатыса бермейді. Көбінесе сұрау есімдіктері мен сілтеу, жіктеу есімдіктері үстеулер қатарына өтіп жатады. Олар үстеу қатарына дайын единица күйінде де грамматикалық көрсеткіштер көмегіменде өтеді. Тілдегі кездесетін есімдіктен жасалған үстеулердің көбі грамматикалық көрсеткіштер негізінде қалыптасқан. Көне түркі тілдерінен белгілі бірқатар ғалымдар салыстырмалы септік формасы деп таныған –ча, -че (-ша, -ше) қосымшалары дәл осы үстеулерді, нақтығырақ айтқанда, мөлшер үстеулерін қалыптастыруда үлкен мәнге ие. Көне жазбалардан (анча, мунша), қазіргі тіл материалдарынан кездесетін (мұнша, сонша, қанша)тұлғалық үстеулер толық адвербиалдану құбылысын басынан өткізеді. Аталмыш сөздер үстеу ретінде толық қалыптасып, оның құрамындағы септік жалғауы түбірмен сіңісіп, құрамдас бөлігі болып қалған. Мұндай сөздерді тек тарихи тұрғыдан ғана түбір мен қосымшаға ажыратпаса қазіргі тіл тұрғысынан ешбір бөлшектеуге келмейді.