Сөздік құрам мен сөздік қордың айырмашылығы

1. Сөздік құрам мен сөздік қордың айырмашылығын түсіндіріп беріңіз.
Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам не лексика деп аталады. Сөздік құрам белгілі бір халықтың тұрмыс жағдайын, күнкөріс тіршілігін, кәсібін түгел қамтып көрсетеді. Қазақ тілінің сөздік құрамына ғасырлар бойы сақталып келе жатқан байырғы сөздер де, кірме сөздер де, кейін пайда болған неологизмдер мен терминдер де, әдеби сөздер мен ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым сөздер де, диалектілер де, кәсіби сөздер де, қысқасы, тіліміздегі барлық сөз қабаттары енеді. Сөздік құрам өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді: сөздік құрам сөздердің қолданылу жиілігіне қарай актив және пассив сөздер деп, ең алдымен, екі салаға бөлінеді. Ал сөздік құрамдағы сөздердің қолданылу сипатына қарай:
Сөздің әдеби және әдеби еместігіне байланысты: әдеби лексика және диалектілік лексика;
Сөздің халыққа таныс және онша таныс еместігіне байланысты: жалпыхалықтық және арнаулы лексика деп;
Тілдегі сөздің жұмсалу аясы мен көркемдік мәніне қарай: бейтарап сөздер мен экспрессивті сөздер болып бөлінеді.
Сөздік қор. Қазақ тіліндегі барлық сөздердің жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік қор оның негізгі ұйымдастырушысы, қайнар бұлағы, шығу арналарының ең маңызды бөлігі болып табылады. Негізгі сөздік қорға түркі тілдеріне ортақ сөздер: тау, тас, көл, түн, ай, жыл, жүр, көк, төрт, мен, сен, ол, т.б. сөздер, сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан қазақтың байырғы төл сөздері:
Туыстық атаулар: аға, іні, құда, жиен, немере, т.б.
Жануар атаулары: түйе, жылқы, сиыр, т.б.
Ағаш атаулары: тобылғы, емен, т.б.
Киіз үй атаулары: шаңырақ, кереге, т.б.
Жұмыс құралдары: күрек, балға, балта, т.б.
Сапалық сындық атаулары: жақсы, жаман, т.б.
Сөздік қордың мынадай басты белгілері бар:
Тұрақтылық. Оған бірнеше ғасырлар бойы өмір сүріп, барша ұрпақ үнемі қолданып келе жатқан сөздер кіреді: Ат, ер, сіз, өзім, теріс, күн. Бұлар ескерткіш тілдерінде де кездеседі.
Сөз тудыруға ұйытқы. Негізгі сөздік қор болмаса сөздік құрам молайып байымас еді. Күн – күндіз, күнгей, күнім, күндік, күндес, күнелту, күнделік, күнара, т.б.
Жалпыхалықтық сипаты. Сөздік қордағы сөздер қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың барлығына түсінікті, мұнда қызметі, кәсібі, жасы дегендерге шек қойылмайды;
Ондағы сөздерге стильдік қабаттасулар тән емес, яғни жалпыхалықтық болған соң, лексиканың ең негізгі саласы, жалпы қолданыстағы сөздер.
4. Әдеби тілдің нормалары туралы ұғым-түсінігіңізді баяндаңыз.
Әдеби тіл дегеніміз – белгілі мөлшерде сұрыпталып, тілдік нормалық бағыты анықталған, қолданылу қызметі әр алуан, стиль жағынан саралануға бейім, тілдік диалектілер мен қарапайым сөйлеу тілінен жоғары түрі.
Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпыхалықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен дүниелердің тілі деп табады. Жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды. «Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі» Әдеби тілдің тарихы-жазба ескерткіштердің тарихы. Әдетте, жазусыз әдеби тіл болуы мүмкін емес. Жазу- әдеби тілдің ең маңызды қайткенде де болуға тиісті белгісі. Тіл білімі тарапынан айтқанда «әдеби тіл» деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, саяси трактаттардың, газет журналдардың тілін де, қысқасы жазба тілді атаймыз. XIX ғасырдың II жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін ауызша тараған әдеби тіл өмір сүрген.
Әдеби тілдің белгілері:
басты белгісі-оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы.
Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуы тиіс, бірақ әдеби тілдердің бір кезеңдеріндегі жазба түрлерінде әрдайым соңғы белгінің болуы шарт емес. Әдеби тілді тану үшін оған оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс - ауызекі сөйлеу тілі.
Әдеби тіл қолданылу тәжірибесінде қоғам сынынан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылданған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Р.Сыздықова қазақ әдеби тілін қазақ халқының ұлт болып қалыптаса бастағанға дейінгі түрі және ұлттық түрі деп бөліп қараймыз дейді. Бұл екі кезеңнің аралық тұсы – өткен ғасырдың екінші жартысы, яғни қазақтың ұлттық әдеби тілі XIX ғасырдың II жартысынан бастап қалыптасты деген тұжырымға келеміз.
Әдеби тіл нормалары бір күнде, тіпті бір ғасырда қалыптаспайды, нормалану – сандаған ғасырлардағы тілдік күрделі үдерістің жемісі, кезеңдік сипаты бар бар тарихи категория. Оның дамуы, қалыптасуы, тілде орнығуы бір қалыпты жүрмейді. Әдеби тілдің қалыптасқан нормаларының болуы оның халықтық ауызекі сөйлеу тілінен, диалектілерден айырмасын көрсетеді. Бұған қарап халықтың қарапайым тілінде, диалектілерде ешқандай қалыптаспаған қалыптасқан сөз үлгілері болмайды екен деп ұқпау керек. Ә.т. нормалары сөзді, грамматикалық тұлғаларды сөз шеберлерінің саналы сұрыптауының, өз елегінен өткізіп жөндеуінің нәтижесінде қалыптасады. Ә.т. нормаларының ауызекі сөйлеу тілі мен диалектілік сөз үлгілернен екінші айырмасы – ә.т. нормаларының тұрақтылығы нормаларының тұрақтылығына байланысты, ол нормалық – тіл элементтерінің айтуда, жазуда қатаң сақталуын талап етеді. Мысалы, ә.т- гі және, балалар, жүз деген сөздер ауызекі сөйлеуде – жана, жәненші, жәки, балдар, баллар, баладар, дүз болып айтылады.
Ә.т. нормалары үнемі дамып, жетіліп отырады. Бұған мысал қазақтың қазіргі әдеби тіліне дейін өзіндік нормалары бар ауызша әдеби тілі, жазба ә.т.-дің ертедегі нұсқалары (кітаби тіл) болғанын айтса да жеткілікті. Ә.т.-ді дамытудағы жаңалықтар ең алдымен тіл дамуының ішкі заңына сай болуы керек, сонда ғана олар жалпыхалықтық сипат ала алады. Мысалы,әдеби,мәдени, саяси сөздерінің үлгісімен туған аспани (әлем), сыни (еңбек), адами (ақ жүрек) сөздері ә.т.-де қалыптаса алмады. Берермен, аларман үлгісімен туған сөздерден көрермен, оқырман әдеби тілге қабылданды да, сынарман, жазарман, жүрермен т.б. кіріге алмады.
5. Қазақ тіліндегі синонимдік қатардың айырым белгілерін атаңыз.
Синонимдік қатардың айырым белгілері. Синонимдер деп ұғымы бір-біріне өте жақын, бірақ тұлғасы жағынан басқа-басқа сөздерді айтамыз. Тіліміздің байлығы синонимдердің көптігімен анықталады, яғни синонимдер арқылы танылады. Синоним болу үшін, ең адымен, олар бір ғана ұғымды білдіруі керек; тұлғалары жағынан бір-біріне ұқсамауы және бір ғана сөз табына қатысты болуы шарт. Ә.Болғанбаев синонимдерге байланысты былай дейді: «Синонимдік сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек, синоним болып жұмсалатын сөздер бір ғана сөз табынан болуға тиіс». Синонимдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздердің саны аз да (кемі екі сөз), көп те (20-30) бола береді. Белгілі бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің топтарын тіл білімінде синонимдік қатар деп атайды.Сөздерді синонимдік қатарға топтастыру өз-өзінен бола қалатын жай нәрсе емес, белгілі заңдылықтарға сүйеніп жасалатын өте күрделі, әрі тым жауапты жұмыс. Әрбір синонимдік қатардың бірінші басқы сөзін негіз етіп, сол тірек сөздің төңірегіне қалған сөздерді мағыналық жақындығына қарай топтастыру қазіргі кездегі ең тиімді тәсіл болып табылады. Мұны доминант сөздер деп атайды. Сөздерді синонимдік қатарға топтастыру заңдылықтары осы доминант сөздер төңірегінен іздестіріледі.
Бір сөздің әр түрлі мағынасы әлденеше синонимдік қатарда қолданыла береді. Көп мағыналы сөздер әрбір синонимдік қатарға бөлінгенде олардың мағынасын бір-бірімен шатастырмау керек. Сонымен бірге олардың әр қатардағы қолданысы өзді-өзіндегі сөздермен ғана синоним болып жұмсалады. Бір сөз бірнеше қатарда қолданылғанымен оның барлығын сол бір сөздің синонимі екен деуге болмайды. Қорытa келгенде синонимдер бір ғана затты емес, бір ғана ұғымды білдіреді. Демек, синонимдік қатарға топтастырылатын сөздердің шегін олардың логикалық бірлігіне қарап қана ажыратуға болады.
6. Қазақ тілі дыбыстық жүйесінің ерекшеліктерін (генеологиялық топ, оның ішіндегі орны) атап шығыңыз.
Адамның қоғамдағы қатынасының ең маңыздысы - тілдік қатынас. Әрбір халықтың өзіндік ерекшелігімен байланысты болатын тілдік қатынас ауызша және жазбаша түрде жүзеге асады. Ауызша тілдік қатынас сөйлеу арқылы орындалады. Сөйлеу - адамзат іс-әрекетінің ерекше формасы. Сөйлеу тілдік бірліктерге сүйенеді. Тілдік бірліктердің ең кішісі және негізгісі- фонемалар. Жеке тұрғанда ешбір мәні жоқ дыбыстар белгілі бір жүйемен тіркесіп сөзді құрайды, яғни сөздің өмір сүру амалы тілдік дыбыстарға тікелей байланысты болады. Кез-келген тіл өзінің қалыптасқан фонемалық жүйесі арқылы қарым-қатынас құралына айналады. Тіл білімінің бір саласы болып табылатын фонетика (грек-дыбыс) тілдің дыбыстық жүйесін зерттейді. Тіл дыбыстары- күрделі құбылыс. Дыбыс сөйлеу мүшелерінің белгілі бір араласымы (комбинациясы) арқылы жасалады. Жалпы фонетиканың зерттеу нысандары: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың жасалуы, тілдің дыбыстық құрамы мен өзіндік ерекшеліктері, дыбыстардың өзара іштей жіктелуі, үндесу заңы, дыбыстардың тіркесу ерекшелңктері, сөз ішіндегі дыбыстардың үндесуі, қатар келген дыбыстардың бір-біріне әсер етуі, буын, екпін, орфография мен орфоэпия және олардың арақатынасы, дұрыс сөйлеу, сауатты жазудың принциптері т.б. тіл уақыт өтуімен өзінің ішкі заңдылықтарымен және сыртқы экстра-лингвистикалық факторлардың әсерімен дамып отырады. Кез-келген тілдің қалыптасқан дыбыстық жүйесі де тарихи даму кезеңдерін басынан өткереді. 21 ғасыр қазақ тіл білімінің тарихи кезеңі болып табылады. Қазақ тілінің мемлекет аясында қолданысының кеңеюі тіл мәдениетін жоғарылатуды талап етуде. Тіл мәдениеті фонетика саласын да қамтиды. Мәселен, сөйлеу актісіндегі сөздерді дұрыс дыбыстай білу, жазуда тілдік нормаларды сақтау, сөйлеуде дыбыстық жүйемізде қалыптасқан заңдылықтарды дұрыс қолдана білу т.б. қазақ тілінің дыбыстық жүйесін жетік меңгеру арқылы тілдің қоғамдық қызметін жетілдіріп, оның ары қарай дамуына дұрыс бағдар беруге болады. Зерттеу, сипаттау тәсілдеріне қарай фонетика сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы, салғастырмалы болып бөлінеді. Сипаттамалы фонетика (синхрониялық және статистикалық фонетика)-тілдің дыбыстық жүйесін өзі өмір сүріп тұрған уақыт тұрғысынан қарастырады. Тарихи фонетика (диахрониялық фонетика)- тілдің дыбыстық жүйесін тарихи тұрғыдан қарастырады. Салыстырмалы фонетика - тілдің дыбысық жүйесін туыс тілдердің дыбыстық жүйесімен салыстыра зерттеп, олардың айырмашылықтары мен ұқсастықтарын қарастырады. Салғастырмалы фонетика - тілдің дыбыстық жүйесін туыстығы жоқ, құрылымы әртүрлі басқа да тілдермен салыстыра зерттейді.
76.Әдеби тілдің анықтамасы туралы қандай ғалымдардың пікірлерін білесіз талдау жасаңыз. Әдеби тілдің мәнін айқындап, өзіндік белгілерін саралап, оның тарихына қатысты негізгі мәселелердің басын ашып, ғылыми тұжырым жасау үшін әдеби тілдің өзін, оның өзіндік ерекшеліктері қандай екенін дұрыс анықтап алу қажет. Яғни әдеби тіл деп нені түсінеміз? Әдеби тілдің тарихы қай кезден басталады? Әр кезеңдегі әдеби тілдің дамуының, нормалануының тілдік көрсеткішіне қандай әдебиет нұсқалары жатқызылуға тиіс және олардың мазмұны мен сипаты қандай болмақ деген сұрақтардың нақты жауабы әдеби тілдің анықтамасымен тікелей байланысты. Ал әдеби тіл деген ұғымды әр түрлі түсінудің салдарынан зерттеулерде оған қатысты проблемалық мәселелер әрқалайша баяндалып жүр.
Орыс тілі білімінде біраздан бері қалыптасқан дәстүрлі тұжырымдар бар. Мәселен, белгілі тіл маманы О.С.Ахманованың "Лингвистикалық терминдер сөздігінде": Әдеби тіл дегеніміз белі ілі бір қалыпқа түскен, диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпыға бірдей міндетті және "дұрыс" деп қабылданған нормасы бар тіл" деген анықтама беріледі.
Осыған жақын анықтама Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленковалардың "Лингвистикалық терминдердің анықтама сөздігінде" де кездеседі. Олар әдеби тілді "халықтың әр қилы мәдени қажеттілігіне қызмет ететін нормаланған тіл яғни көркем әдебиеттің, публицистикалық шығармалар мен мерзімді баспасөздің, радио, театр, ғылым, мемлекеттік ұйымдардың т.б. тілі" деп айқындайды. Осы анықтамаларды негізге ала отырып, орыс тілі білімпаздары орыс әдеби тілінің әр дәуірдегі тарихын сөз еткенде жоғарыдағыдан басқа да оның көптеген басты және қосалқы белгілері мен ерекшеліктерін көрсетіп отырады. Яғни бұдан біз әдеби тіл категориясынын тарихи құбылыс екендігін, оның әр дәуіріндегі /кезеңдегі/ даму дәрежесінің бірдей болмайтындығын, соған сай оның негізгі белгілерінің де құбылып, өзгеріп отыратындығын байқаймыз.
Әдеби тілдің көрнекті маманы академик Ф.П.Филин былай деп жазған еді:
"Шындығында, ұлттық дәуірдегі әдеби тіл мен ұлтқа дейінгі кезеңдегі әдеби тіл арасында олардың құрылымы жағынан болсын, қоғамдық қызметі жағынан болсын, сапалы айырма болады. Әдеби тілдің жоғарыда біз көрсеткен бслгілері тұтастай алғанда көне орыс әдеби тіліне және басқа да ертедегі тілдерге сай келе бермейді".
Әдеби тіл дегеніміз не? деген сұраққа бірқатар қазақ тілі мамандары орыс әдеби тілінің ұлттық немесе қазіргі дәуіріне сай келетін анықтама мен белгілерді келтіріп жауап беріп келді. Мәселен, "Қазақ әдеби тілі тарихы" атты 1968 жылғы оқулық авторлары "Әдеби тіл дегеніміз - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл" деген анықтамабереді де, тілдің әдеби болуы үшін төмендегі белгілердің болуын міндетті деп санайды:
1) Әдеби тіл, ең алдымен, жазба тіл болуы керек, ол жазу арқылы ғана қалыптасады;
2) Әдеби тіл нормалан ған тіл болуы керек;
3) Әдеби тілдің стильдік тармақтары болуы керек / "тілдің стильдік жүйелерінің саралануы - тілдің әдебилігінің басты белгісінің бірі"
4) "Әдеби тіл - қоғамдық қызметі ерекше тіл". "Жазба әдебиет арқылы әдеби тілдің икемділігі, ортақтық қасиеті артып, құрылысы жүйелі қалыпқа түседі", "тілге орамды, жүрекке жылы тиетін" элементтері ұштала түседі. Солай бола тұрса да, әдеби тіл деген ұғымды, бір жағынан, тек жазба әдебиетпен байланыстырып, сол шеңберде ғана қарап, әдеби тілді жазба тілмен балама ден тану, екінші жағынан, әдеби тіл тарихын сол халықтың қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық, мәдени тарихынан бөліп алып қарау, соның негізінде жазуы жоқ, не жазуы дамымаған я кеш дамыған халықтың әдеби тілі де жоқ деген үзілді-кесілді пікір айту шындыққа жанасымды бола бермейді.
Әдеби тілдің жүйелілік, нормалық, сымбаттылық қасиеттері, өмір сүру формалары мен стильдік сипаты, қоғамдық қызметі оның мәнінен, басты қасиетінен туындап, нақтылы қалыптасу жолы мен кезеңдері арқылы әдеби тілдің даму процесі айқындалады.
Дүние жүзіндегі барлық әдеби тіл атаулыға бірдей, сондай-ақ әдеби тілдің барлық кезеңіне ортақ әмбебап анықтама болмайды. Ал белгілі бір ке-зеңдегі әдеби тілдің анықтамасын түзіп, негізгі белгілерін айқындағанда, әр дәуірдегі әдеби тілдің нақтылы мүмкіндігі, қызмет ету сферасы, оған жүктелетін міндет, өмір сүру формасы ескерілуі керек.
Дегенмен, әдеби тіл дегеніміз қандай тіл дегенде, негізінен, оның үш қасиетін баса көрсеткен жөн. Біріншіден, жергілікті диалектілер мен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда жалпы қауым "дұрыс" деп тапқан нормасының болуы; Екіншіден, сол нормалардың қоғам мүшелерінің бәріне бірдей міндеттілігі; Үшіншіден, оның қоғамды ұйымдастырушылык яғни, қоғамның рухани, мәдени қажетін өтей алатындай әлеуметтік қызмет атқаруы. Ал қалған белгілерді әдеби тілдің даму дәрежесіне қарай бірде қосып, бірде алып отыруға болатын тәрізді.
Әдеби тіл қашан және қалай қалыптасқанына қарамастан, жалпы халықтық тілдің сұрыпталған, сымбатталған түрі болып табылады да, бір жағынан сол жалпы халықтық тілдің бір құрамы ретінде өмір сүріп отырса, екінші жағынан, жалпы халықтық тілдің әдеби тілге енбейтін бөліктерімен /қарапайым сөйлеу тілі, диалектизмдер мен кәсіби сөздер, жаргондар мен варваризмдер т.б./ әр түрлі қарым-қатынаста болады. Сондықтан да әдеби тілдің жалпы халықтық тілмен қарым-қатынасы, одан алатын орны, әр кез, әр кезеңде бірдей, біркелкі болмақ емес, өзгеріп, дамып, құбылып та отырады.
Жалпыхалықтық тіл өзі қызмет ететін халық өкілдерінің арасындағы қатынас құралы ретінде қоғамдық өмірде оның рухани байлығын жарыққа шығаруда, сондай-ақ белгілі бір территорияға ғана, кәсіпкер, іс-әрекетте ғана байланысты аздаған адамдар арасында, тұрмыста да өмір сүре алады, қызмет ете алады. Ал әдеби тіл оның /жалпы халықтық тілдің/ өңделіп, сұрыпталып, нормалану қасиетін басынан өткізген, ең жоғарғы формасы. Әдеби тіл дегеннің мазмұны, сипаты жөнінде тек қазақ тіл білімінде емес, жалпы отандық лингвистикада анық айтылған тұрақты пікір жоқ. Будагов Р.А: . “Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі-бір діәрежеде өңделген ерекше түрі. ” Чикобава А.С: “Тіл білімі тарапынан алғанда әдеби тіл деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, саяси трактаттардың, газет-журналдардың тілін де, қысқысы, жазба тілді айтамыз”. Зерттеушілердің көпшілігі әдеби тіл ұғымы тарихи жағынан құбылмалы деп таниды. Сондықтан кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе өрбімеген, я болмаса бір кездерде жазуы болып, кейін әр түрлі себептермен дамымай қалған дәуірлерінде де әдеби тілі болуы мүмкін деген пікірлер де орын алып жүр. Бізде де әдеби тіл статусын жазумен ғана байланыстыру идеясы жоқ емес. М.Балақаев: “Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледң. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды” – деп жазады. Дәл осындай тұжырымды Ғ. Мұсабаев та айтады: “Әдеби тіл ең әуелі –ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес”. Енді бірқатар зерттеушілер қазақтың әдеби тілін 19 ғасырдың екінші жартысынан басталады деп, мұны ұлы ағартушы-демократтар Аба й мен Ыбырайдың есімдерімен байланыстырады. Халықтың әдеби тілінің қалыптасып дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Әдеби тіл жайын арнайы сөз еткен М.Әуезов: “Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз. Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма?” – дейді. Осыған үндес пікірді І.Кеңесбаев та айтты: “Абайға дейін де қазақ әдеби тілінің ұрығы себілген болатын...олар жаңа туа бастаған жазба әдебиеттің кейбір уәкілдерінің шығармаларынан табылады” – деп жазды. Абайдың алдында өткен Шортанбай, Базар, Бұхар жыраулар жазба әдебиет өкілдері , Абайдың ірі ақын болуына себепкер – осы бай әдебиет дегенді С.Мұқанов та айтты. Қазақ тілі тарихына назар аударған ғалым Н.Сауранбаев қазақтың толық мағынасындағы әдеби тілі Совет заманында ғана қалыптасты дегенді айта отырып, оның революциядан бұрын жасалған бірнеше затық, ұлттық негізі болды дейді. Белгілі бір жанрларға қызмет еткен жазба тіл дәстүрін қазақ қоғамы да ұстанып келді, бірақ бұл тіл қазақтың көркем әдебиетіне, әсіресе поэзиясына бойлап ене алмады, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізі ретінде қалыптаса алмады. Дегенмен бұл жазба дәстүр қазақтың ауызша әдеби тіліне де, ұлттық жазба әдеби тіліне де игілікті әсер тигізгенін, сөздікті толықтырып, кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді ұсынғанын жоққа шығаруға болмайды.Сонымен, Әдеби тілдің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы.
77.Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастырудағы Абай шығармаларының орны туралы не айтасыз. Абай публицистикасы қазақ әдеби тіл функционалдық стильдерінің қай түрін дамытуға үлесін қоса алды.Себебін түсіндіріңіз. Қазақ жазба әдебиетін, ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастырудағы Абайдың атқарған қызметі, алатын орны ерекше екені белгілі. Абай өмір сүрген заманы артта қалғанмен, рухани мұрасы жалпы адамзаттық құндылыққа айналды. Сан ғасырды артқа тастағаннан кейін де тарих тұңғиығына батып жоғалмай, жаңарып, жаңғырып мән-маңызы арта түсері анық. Абай шығармашылығы әдебиеттану, тіл білімі, философия тұрғысынан жан-жақты талдауға түсіп, лайықты бағасын алды. Әйтсе де абайтанудың өрісі тарылып, көкжиегі көріне қойған жоқ. Керісінше, сан-салалы ғылым ретінде зерттелуге тиіс күрделі мәселелерінің бағыт-бағдары енді ғана айқындалып келе жатқандай.
Абайтанудың өз зерттеушілерін күткен түйінді мәселелерінің бір шоғырын тіл білімінен көреміз. Абайдың қазақ тілін дамытудағы қызметі жайлы М.О.Әуезов былай деген еді: «Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған. Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі»[1.230]. Қазақ әдеби тілінің өркендеп дамуына Абайдың қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Жалпыхалықтық тілді асылдың кені деп қарасақ, Абай сол кенді қорытып, шын асылын айырып ала білді.
Осы ретте профессор Құдайберген Жұбановтың: “Абай біздің жазба әдебиеттің атасы болғанда, өлеңін, қара сөздерін тек қағазға жазғандығымен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеттің осы айырмашылығын ашқандығымен де атасы болды. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңіп болған ескі ауыз әдебиет дағдысынан құтқарған адам – Абай. Ескі ауыз әдебиетіндегі артық қыстырмалардан алғаш тазартқан да Абай.
Абай сынаған “қазақтың ұзын сөзділігі”, “ескі бидің сөз қосарлап, бос мақалдайтындығы”, “ескі ақынның жоқтан қармап, көр-жерді өлең қылатындығы” дегендер – осы басы артық, қыстырынды әңгімелер болатын. Абай сөзінің “қиюынан қыл өтпейтін” ықшам, тығыз болатыны да осы басы артықтан аман болғаннан келетін-ді,”[2.267] – деген пікірін елеусіз қалдыруға болмайды. Ғалым жазба әдебиетінің негізін салушы ретіндегі Абай тілінің ауыз әдебиет тілінен басты ерекшеліктерін дәл көрсетіп, саралап береді. Өз шығармашылығы арқылы Абай қазақ әдеби тілін жаңа сапалық деңгейге көтерді.
Абай поэзияны еріккеннің ермегі емес, сөз өнерінің ең жоғары көрінісі деп санады. Сондықтан да оған жауапкершілікпен қарап, өзіне де, өзгеге де биік талап қояды. Көркем өнер ретінде поэзия қандай болу керек деген мәселені де өз өлеңдерінде жеріне жеткізе айтып кетеді. Абайдың «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты туындыларын көркем шығарма ретінде ғана емес, өлең сөздің теориясы деп тануға әбден болады.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Осы жолдарда өлеңнің көркемдігіне, тіліне қойылатын негізгі талаптар айтылған. Ақынның «Теп-тегіс жұмыр келсін» деп отырғаны өлең мәтінінің өлшемге сай құрылуы ғана емес, құрылымдық жақтан да, мағыналық жақтан да тілдік құралдардың өзара үндесіп, үйлесіп, шашау шықпай, жұмырланып, тұтасып тұруы екені күмәнсіз. Абай әсіресе өлеңнің «Бөтен сөзбен былғануын» кешірмейді. Бұл айтылған жайлар мәтін түзу мәселесімен тікелей байланысты.
Қазақ филологиясында мәтін түзудің теориялық мәселелеріне тереңдеп бара қойған жоқпыз десек те болады. Дегенмен бұл мәтін түзу туралы ойларды жекелеген ғалымдарымыздың еңбектерінен ұшырастырып қаламыз. «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясында профессор Р.Сыздықова бұл мәселеге арнайы тарау бөліп, мынадай пікір айтады: «Текст түзілісінің өзіне тән шарттары болады. Кез келген көркем шығармада немесе оның кез келген тұсында текст түзіле бермейді. Қазақ көркем сөзінде текст түзудің айқын көрінісі Абай өлеңдерінен басталады деуге болады. Текст түзілісінің бір белгісі – шығарманың бір бөлігінде немесе бір өлеңнің өн бойында мағыналары бірін-бірі айқындайтын, модальдық реңкі біртектес сөздерді шоғырлап беру. Модальдық реңк дегеніміз сөйлеушінің(жазушының, ақынның) айтылған ойға жағымды, жағымсыз көзқарасын білдіретін мағыналық реңк…»[3. 74б.]. Ғалым мәтін ішіндегі сөздер, тілдік тұлғалар қалай болса, солай алына салмай бір стильдік мақсатқа қызмет ететіндей таңдалып алынатынына назар аудартып тұр.
Көркем мәтіннің түзілісі, тілдік ерекшелігі жөніндегі түйінді мәселелердің шешімін табуында профессор Б. Шалабайдың мына бір пікірінің мәні зор деп білеміз: «Көркем шығарманың тексі ондағы барлық элементтердің органикалық байланысты болуы себепті, көпқырлы қасиетімен, әртүрлі ендіктегі көптеген мағыналық қабаттасу, ұштасулармен ерекшеленеді. Сондықтан бір сөз не бір құрылым бір мезгілде әрі кейіпкердің(немесе бірнеше кейіпкердің), әрі оқырманның, әрі автордың көзқарасын білдіре алады.
Сөйтіп, көркем сөз зат, құбылыс, қимылды бір мезгілде әрі атайды, әрі көрсетеді, әрі бағалайды. Бұл оның ерекше, бейнелі түрде жалпылай алушылық қабілетіне байланысты. Көркем шығарманың тілі оқиға, құбылысты жалпылап беру арқылы біздің санамызда ондағы қатысқан сөздердің санынан анағұрлым көп түсінік туғызады. Көркем шығармадағы тілдің эстетикалық міндеті де осында.
Тілдік элементтер осылайша көркем мазмұнның компонентіне айналады, олар көркем мазмұнның сыртқы формасы болып қана қоймайды, оның құрамына табиғи түрде еніп құрамдас бөлшегіне айналады. Ондай сөзді басқа сөзбен ауыстыру не көркем бейнені бұзуға алып келеді, не басқа бір бейне жасайды. Сөз бен бейненің тығыз байланысы осыдан көрінеді»[4. 37-38]. Ғалым көркем шығарманы ерекше заңдылықтары бар өзіндік жеке эстетикалық құрылымға ие деп санайды. Эстетикалық құрылымға ие көркем мәтінде басы артық шашау шыққан бірде-бір сөз, бірді-бір тұлға болмауы тиіс. Тілдік тұлғалар бір-бірімен тығыз астаса келіп көркемдік мақсатқа қызмет етіп тұруы керек. Әрине бұл айтылғандар суреткердің шеберлігіне, өресіне байланысты болады.
Абай мәтін түзуде осындай биік талап үддесінен шыға білген. Ақынның қай өлеңін алсақ та, ондағы тілдік құралдар ортақ көркемдік мақсатқа қызмет етіп тұрады. Айтқанымыз дәлелді болу үшін мына бір шағын үзіндіге талдау жасап көрейік:
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,
Қызмет қылған кісісін
Құртуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті - әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Осы өлең жолдарында дұшпан, кеселді, күшік иттей үру, қу, құтырту, құрту, оңбаған, антұрған сөздері әр түрлі сөз таптарына жататындығына қарамастан, бірыңғай жағымсыз экспрессивті-эмоционалды мағынаға ие екенін көреміз. Сол арқылы ақынның өзі айтып отырған мәселеге теріс көзқарасын танимыз. Әрине ол сөздер оқшау-оқшау қалмайды, өзара селбесе келіп, мәтіндегі өзге сөздерге де әсер етіп, сөйлеуші бағасын білдіруде ғана емес, тыңдаушы пікірін қалыптастыруда да біртұтас эстетикалық құрылым ретінде көрінеді. Сондай-ақ әрбір сөз мәтін талап етіп тұрған мағыналық-стильдік жүкті арқалайтын болады. Соның нәтижесінде сөз «деформацияланып», мағыналық құрылымында бірқатар қайта құрулар жүріп өткен. Сөздің лексикалық мағынасының негізін құрайтын заттық мағына екінші қатарға жылжып, сигнификаттық, коннотативтік бөліктері маңызды орынға шығуы мүмкін. Дұшпан сөзі заттық мағынада қас, жау сөздерімен синоним болады. Өлең жолдарында «Мал мен бақтың дұшпаны» деп қолданылғанда дұшпан сөзінің заттық мағынасы көмескіленіп, керісінше, жағымсыз экспрессия барынша айқындала түскен. Тура мағынасында адамдар бір-біріне дұшпан болады, малға, баққа дұшпан болмайды. Бір жағынан, дұшпан сөзінің лексикалық мағынасының өзегі құртушы, жоюшы деген сияқты ұғымдарға жылысқанын көреміз. Бұл ұғым, негізгі болмағанымен, дұшпан сөзінің лексикалық мағына құрылымында бар. Екінші жағынан, мал, бақ сөздерінің мағынасы метонимия жолымен ауысқан. Толықтырып айтқанда, малы мен бағы бар адамның дұшпаны. Бірақ ақын осылайша толықтырып айтса, сөздер бейнелілік қасиетінен айырылып қалар еді. Осы өлеңде сипатталушы субъектіні пысық сөзі білдірген. Ол тура мағынасында ширақ, еті тірі ұғымында жұмсалады. Өлеңде пысық сөзі басқа сөздермен тіркесу арқылы қосымша мағыналық реңктерге ие болады. Мал мен бақтың дұшпаны тіркесі пысық сөзінің күрделі эпитеті болса, кеселді сын есімі де эпитет ретінде жағымсыз экспессия үстеуге өз үлестерін қосқан. Кеселді сөзінің мағынасы кесапатты, залалды екені мәлім. Сондай-ақ Күшік иттей үріп жүр теңеулік құрылымының да сипатталушы мүшесі – пысық. Теңеудің образы – күшік ит, теңеудің негізі – үріп жүр сипатталушы мүшеге қатысты алғанда ауыспалы мағынада келгендіктен метафоралық теңеу болады. Осы теңеу арқылы пысықтың берекесіз, шамасын білмейтін, еш нерсенің байыбына бармайтын, шатаққор деген сияқты тағы бір қыры ашылады. Қу тілменен құтырту дегенде құтырту желіктіру, есірту, елірту ұғымын береді. Сол арқылы пысықтың айлакер, қу, сұм екендігі аян болады. Отырту өзгелік етіс тұлғалы етістігіне келер болсақ, жалпыхалықтық тілдік қолданыста отырғызу түрінде келеді. Отырту деп жұмсалуы тек ұйқас жасау қажеттігінен тумаған сияқты. Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып деп келгенде, отырту сөзінің мағынасы алдап кету екені белгілі болып тұрады. Бұл - отырту сөзінің тура мағынасы емес, Тақырға отырғызып кету деген тұрақты сөз тіркесіндегі фразеологиялық байлаулы мағынасы. Мәтіндегі сөздердің әсерінен осы мағынасы жанданып, отырту сөзі ерекше экспрессоидқа айналған. Сол сияқты Харекеті - әрекет қолданысы да көңіл аудартады. Бұлар арап-парсы тілінен енген бір ғана кірме сөздің дыбыстық варианттары бола тұра, мәтіндегі басқа сөздермен ықпалына түсіп, мағыналық дифференцацияға ұшырағанын көреміз. Харекет - кәсіп, шаруа, әрекет айла-шарғы, қулық ұғымдарын білдірген. Сонымен қатар Харекеті - әрекет деп қосарланып келуі арқылы тынышсыздық, мазасыздық сияқты ұғым қоса бой көрсетіп, жағымсыз көзқарас та аңғарылып қалады. Өлеңде тілдік құралдар қатаң өлшемге құрылып барынша сығымдалған сайын, көркемдік қуаты еселеніп, мазмұн жағынан ұлғая түсетіндей. Ақынның шығармашылық ойы логика-семантикалық байланыстарды ширата отырып, тосын тіркестер арқылы сөзді ойната, құбылта қолданып, көп қырлы, сан салалы байланыстар нәтижесінде мағыналық құрылымы ұлғаяды. Мәтіндегі сөздер бір-біріне арқа сүйей отырып мағыналық сыйымдылығы артады.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясында мәтіндегі тілдік құралдардың бәрінің тегіс бір көркемдік-стильдік мақсатқа жұмылдырылып, эстетикалық бүтіннің ажырамас бөлшегіне айналуы кездесе қоймайды. Абайға дейінгі қазақ поэзиясын шолып қарағанда, көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының басқалардан ерекшеленіп тұратыны бірден байқалады. Дулат пен Абай әлеуметтік тақырыптарды жырлауда көп ретте үндестік тауып жатады. Профессор Р.Сыздық: “Қазақтың жазба поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді. Іргетасты қалаған Абай болса, соны қалау кезеңі туғандығын, қалайша қалаудың алғашқы үлгісін көрсеткен Дулат деп айтуға әбден болады”[5.582] – деп әділ бағасын берген болатын. Тілі көркем, мазмұны терең түйдектер Дулатта да бар. Мысалы,
Саудагер сарттай қайтты өмір
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қайтты,
Бұзауы өлген сиырдай.
Ләпсі – төбет қабаған
Жемтік көрсе тұра ма
Ырылдап танау жиырмай?
Өзімнен-өзім қызғанып,
Азын-аулақ жиғаным
Өзіме де бұйырмай.
Өлеңдегі образдар сонылығымен бірден көңіл аударады. Өмірдің құмар ойнап ұтылған саудагер сартқа теңелуі, «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай» дерексіз нәрсені жанды бейнеге айналдырып, көз алдымызға келтіреді. Дегенмен үңіле түссек, өлең жолдары біртұтас құрылымға айналып кетпей, образдар өз алдына оқшауланып қалатындай әсер қалдыратынын аңғару қиын емес. Өзара ұласып, бүтін көрініс жасаудың орнына жеке-жеке фрагменттер түрінде елес беріп өтеді. Яғни мәтін элементтері сыртқы форма жағынан өлшемге құрылғанмен, ішкі мағыналық арқауы босаң. Өз шығармаларын ауызша жырлағандықтан Дулат ақынға жазба әдебиеттің қатаң талаптарын қоя алмаймыз. Мысалы,
Құрт жегендей қуарып,
Дәнің тандыр суалып.
Елдігің кетіп ыдырап,
Алтын жағаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді
Жоқ болғаның мұнан да –
деген жолдар жыраулар поэзиясын еске салады. Ақын тыңдаушысымен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, олардың қабылдау қабілетін, ойды түсіну мүмкіндіктерін ескермей тұра алмайды. Соған байланысты Дулат шығармашылығы да ауыз әдебиетінің белгілерінен толық арылып болмаған.
Өлеңдегі әрбір тілдік элемент эстетикалық құрылымға енгенде мағыналық жағынан да, стильдік жағынан да белгілі бір өзгерістерге ұшырайды, сөйтіп көркем мазмұнның компонентіне айналады. Абай айтқан «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деп қойған талабы көркем шығарманың сыртқы түріне ғана емес, ішкі мазмұнның да бірлігіне, бүтіндігіне меңзеп тұрғандай. Мұндай эстетикалық мазмұн мен құрылымдық бүтіндікке тек жазба әдебиетте ғана қол жеткізуге болады. Қазақ әдебиетіне оның жарқын үлгісін Абай көрсетіп берді.