Желілік деректер моделі. Ерекшеліктері мен кемшіліктері

Мәліметтердің желілік моделінің негізгі принциптері 60-шы жылдардың ортасында жасалды. Мәліметтердің желілік моделінің эталондық нұсқасы мәліметтер базасының тілдері (COnference on DAta SYstem Languages) CODASYL (1971 ж.) бойынша жұмысшы топтардың есеп берулерінде сипатталған.
Мәліметтерді ұйымдастырудың желілік тәсілдемесі иерархиялық тәсілдеменің жетілген түрі болып табылады. Иерархиялық модельде жазба-ұрпақтың (запись-потомок) бір ғана ата-анасы (предок) болса, желілік модельде ата-ана саны кез-келген бола алады.
Мәліметтердің желілік моделі иерархиялық модельдегідей терминдермен анықталады. Ол топтық қатынастардың иесі немесе мүшесі болатын көптеген жазбаларддан тұрады. Жазба-ие мен жазба-мүше арасындағы байланыс 1:N түрінде болады.
Мәліметтердің желілік моделі жазбалар жиынтығы мен сол жазбалар арасындағы байланыстардың жиынтығынан тұрады.
Байланыс типі жазбалардың екі түрі үшін анықталады: ата-ана (предок) және ұрпақ (потомок). Байланыс типінің нұсқасы ата-ана жазбасы типінің бір нұсқасы мен ұрпақ жазбасы типінің нұсқаларының реттелген жиынтығынан тұрады. P ата-ана жазбасы типі мен C ұрпақ жазбасы типі бар берілген L байланыс типі үшін екі шарт орындалуы керек:
Р жазбасы типінің әр нұсқасы L байланыс типі нұсқасының тек біреуінде ғана ата-ана болып табылады;
С жазбасы типінің әр нұсқасы L байланыс типінің бірден артық емес нұсқасында ұрпақ болып табылады.