Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану
Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына сәйкес:
II ТАРАУ. АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ
20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану
Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланылатын автордың есiмi мен қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, туындының жалғыз данасын:
1) заңды түрде жарияланған туындыны кiтапханаларда және архивтерде қалпына келтiру, жоғалып кеткен немесе бүлiнген даналарды ауыстыру, өз қорындағы туындыны белгiлi бiр себептермен жоғалтып алған басқа кiтапханаларға туындының даналарын беру үшiн;
2) кiтапханалар мен архивтердiң жинақтарда, газеттерде және басқа мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жеке мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардан қысқаша үзiндiлердi (суретпен немесе суретсiз) жеке тұлғалардың оқып-үйрену және зерттеу мақсатындағы сауалдары бойынша;
3) жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардың қысқаша үзiндiлерiн (суретпен немесе суретсiз) бiлiм беру ұйымдары дәрiсханалардағы сабаққа пайдалану үшiн, пайда алмай репродукциялауына жол берiледi.