Көктем-жаз сән 2016
Көктем-жаз сәні 2016: Пеште "пісірілген" киімдер
Қыстың аязды күндеріне қарамастан, сән дизайнерлері күз бен жазға арналған жаңа үлгі жасауға көшті. Жапондар Issey Miyake сән үйі ашық түсті киімдер топтамасын дайындап үлгерді. Ол матадан жасалған, бірақ дайындауға ешқандай ине де, тебен де, тігін машинасы да қолданылмаған.
Жапондар әрдайым айрықша, заманға сай, қайталанбас дүние шығаруға құштар екені бәрімізге мәлім. Осы Issey Miyake сән үйі киімдерді де жаңа технологиямен жасап шығарды.
Даярланған мата арнайы көрнекті трафареттерге орналастырылады. Арнайы бояумен әрленген соң, пешке жіберіледі. Жоғары температурада матаның өңі өзгеріп, қатты, көлемді бола түседі. Ал бояғыш сұлба мен бүкпелерге қажетті бояуды құяды.
Мұндай технология қосөлшемді эффектіге қол жеткізеді. Киім бүрмеленіп, алыстан көз тартады. Киімді пісірген соң, оған қосымша тігістер енгізудің қажеті болмайды. Ал мамандар оған анық қандай мата қолданғаны жөнінде жақ ашпайды. Олар жаңа технологияның қыр-сырын өзгелер меңгергенін қаламайды.
Issey Miyake көктем-жаз 2016-ға арналған киім топтамасы мейлінше ашық түсті әрі ерекше. Оны соншалықты кербез деуге келмесе де, көше стиліне өте үйлесімді. Жапон брендінің дизайнерлері түс таңдауда ашық сары, жасыл, алқызыл және қою көк түстерге тоқталды.
Issey Miyake қызметкерлерінің көзқарасы бойынша 2016 жылы көктем мен жаз мезгілінде тізеге дейін келетін белдемше, кең тұратын көйлек, жапон стиліндегі кең балақты шалбарлар сәнде болады.
Pantone институты 2016 жылы сәнде болатын түстерді анықтады. Дизайнерлердің айтуынша, осы жылы киімдердің түстері ашықтығын жоғалта бастағанмен, түс тереңдігімен және қанықтығымен ерекшеленетін болады.
Бискай шығанағы
Күздік сәндегі киімдердің түсі қанық әрі қою көгілдір болып келеді. Бұл түс тропикалық жасыл және теңіз толқынының шұғыласы түстерінің бірігуінен туған. Түстердің сәйкестігіне келетін болсақ, бискай шығанағы түсті киімдермен ашық сары және ашық кофе түстес киімдер жақсы үйлеседі.
Қызғылт-сары
2016 жылдың сәнді түстері табиғат түстеріне сәйкес алынған. Соның бірі – қызғылт сары сахаралы түс. Мамандардың айтуынша, бұл нәзік түс барлық адамға жағымды қабылданып, көңіл-күйді көтереді. Бастысы суық күндері жылу сыйлайды.
Әдемі марсала
Бұл түсті күз-қыс мерзімінің сәнді түсі деп анық айта аламыз. Осы әмбебап түс сән әлемінде ойып тұрып орын алады. Мұндай түстегі киімдер ғана емес, әшекейлер, сөмкелер, бас киімдер және аяқ киімдер де сәнге айналмақ. Марсала түсін кез келген жылы әрі суық түстермен сәйкестендіріп киюге болады. Қою әрі қанық көк түспен де үйлесім табады.
Мұзы бар кофе
2016 жылдың сәнді түстерінің бірі – мұзы бар кофе түсі. Бұл түс нағыз күзгі табиғатқа айналуымен үйлеседі. Мұндай түсті киімдермен кеңсеге баруға да, серуенге шығуға да болады. Тынық түстермен, соның ішінде қара түспен де жақсы үйлесім табады.
Кашемир раушан
Кашемир раушан түсі өз бағытынан таймай, 2016 жылы да сәнді түстердің қатарына енді. Бұл жалықтырмайтын және бейтарап рең әрқашан сәнді көрінеді. Кашемир раушан түсімен бірге басқа түстерді қолданып, ашық түсті киім үлгісін жасау жеңіл болады.