Дінмұхамед Қонаевтың ата-тегі жайлы не білеміз?

«Осы Қонаевтың ұлты кiм, руы кiм?». Бұл сауалға белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi Кеңес Аухадиевтiң «Қазағымен мақтанатын» атты естелiгiнде келтiрген мына бiр үзiндiмен-ақ жауап беруге болады: «Қазақ кезiнде Қонаевымен мақтанды, ал Қонаев өле-өлгенше қазағымен мақтанып өттi. Қазақтың кейбiр әпербақандары ғайбаттап сөйлеп, қиянат жасап, қималап жала жапқанымен кешiрiмдi, кең Қонаев жалпы қазақты жанындай сүйiп, жақсы көрiп өттi. Ол қазаққа өкпелеген жоқ. Ол жақсы көретiн қазақтың бiрi – Мұхаметжан Тынышбаевтың 115 жылдығын атап өтуге барған сапарында ойда жоқта оралмас сапарға аттанды», – деп жазады

«Түбін білмеген түгін білмейді» деп халық даналығында айтылғандай, атамыз қазақтың ата-тегін, тіптен жеті атасын ажырата алатын асыл қасиеттері басқа ұлттарға қарағанда өте бір артықшылық қасиеті екендігінде дау жоқ. Өкінішке қарай, осындай халқымызға тән артықшылық қасиеттерге кейінгі жастарымыз мән бермей, оны рушылдыққа, жершілдікке апарып телиді.

Өткен ХХ ғасырда қазақ халқын әлемге танытқан, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жарты ғасырға жуық республика басшылығында, ширек ғасыр мемлекеттің бірінші басшысы болған, академик, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ата-тегі, тәрбие алған ортасы жайлы ел арасында алуан-алуан «әңгімелер» айтылып, кейде кейбір «білгішсымақтардың» тисе-терекке, тимесе-бұтаққа дегендей, «Димекеңнің ұлты қазақ емес екен» деген сияқты асыра сілтеп жіберетіні бар. Осындайда «Ит үреді, керуен көшеді» деген қазақтың орынды мақалы ойға оралады.

Біз мерзімдік басылымдардан, сондай-ақ Д.А. Қонаевтың көзінің тірісінде жазған «Өтті дәурен осылай» атты естелік еңбегінен Димекеңнің өз әкесі Меңліахмет пен ата-тегі жайлы айтқан біраз естелігін, замандастарының айтқан деректерін білеміз. Ал әкесі Меңліахметтің арғы ата-бабалары туралы деректерді көпшілігіміз біле бермейміз. Расында да, Қонайдың шыққан тегі кім болған? Енді әңгіме тізгінін сол тарапқа бұрайық. Қонай ата туралы қолда бар деректер туралы айтпай тұрып, реті келгенде аз ғана шегініс жасай отырып, мына бір жайға назар аудара кетейік:

Қазақтың белгілі сатирик ақыны, қазақ тілі үшін жанын шүберекке түйіп күресіп, бүкіл елімізде қазақ мектептерін ашуға мұрындық болған, өмірден ерте кеткен ағамыз Шона Смаханұлы кезінде проза саласында да қалам тартқан. Оның 1984 жылы (мүмкін одан да бұрынырақ жазған болар) жарық көрген «Үміт жұлдызы» атты деректі повесін оқып отырсаңыз, сондағы басты кейіпкер – Жанайдың (прототипі – Қонай), оның арғы атасы Қазынабай (Азынабай), Қазынабайдың туған ұлы Жанайдың, одан туған ұл Жұмабайдың бастан кешкен қилы-қилы тағдырлары Дінмұхамед Ахметұлының (дұрысында Меңліахметұлының) ата-тегі мен үрім-бұтақтарының өмірбаяндық деректерімен сәйкес келеді.

Шығармада баяндалатын Беймембет атаның екі әйелі – Сары кемпір мен Қара кемпірдің, Нұрмамбет, Жетібай мен Балтабайдың бастан кешкен хикаялары да Қонай ата жайлы көптеген деректерден мағлұмат береді. Қазынабай әулетінің жер дауы мен ел дауы, жесір дауына байланысты 70-80 түтіннің Жетісу жерінен Арқадағы Тобықты еліне үдере көшуі, одан арада жиырма жылдай уақыт өткенде атажұртына қайта оралуы, повестегі басты кейіпкер Жанайдың (Қонайдың) ерлік істері, оның Сұраншы батыр бастаған сарбаздармен бірге Қоқан басқыншыларына қарсы күреске қатысқандығы, жаужүректілігі, қазақтың жігіттеріне тән сегіз қырлы, бір сырлы болуы, елім деп, жерім деп, атақонысы – Жетісуға қайта көшіп келгенде бұрын Жанайды жан-тәнімен сүйген қызы Ұлдарға деген қызғаныштан кек алу үшін Жанайға қанжар сұғып алып, қапыда мерт қылуы Дінмұхамед Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» атты өмірбаяндық кітабындағы деректермен сәйкес келеді. Ондағы жер мен су, атақоныс, ру атаулары да Дінмұхамед Ахметұлының арғы атасы Қонайдың өмір-тарихынан қаз қалпында сыр шертеді.

Дінмұхамед Ахметұлы өзінің «Өтті дәурен осылай» атты ғасырлар пернесінен сыр шертетін естелік-эссе кітабында өз ата-тегі туралы былай деп сыр шертеді: « Н.Аристовтың деректеріне сүйенсек, Үйсіннен – Ақсақал (Абақ), одан – Қараша би, одан Бәйдібек туады. Біздің ата-бабамыз сол Бәйдібектің үшінші әйелі Зерептен туған Жалмамбеттің Ысты деген бел баласынан тарайды. Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай:

Жолын

Нұрмамбет

Азынабай

Қонай

Жетібай – Жұмабай

Меңліахмет

Дінмұхамед

Ата-бабам тегіне тартып, қауға ұстаған кісілер екен. Шаруа баққанмен қара басының қасиетін қадірлей білген. Кісі есігін сағаламай, еңбегін емген. Олар осы күнгі Қапшағай өңірінен Күрті өзенінің оң жақ жағалауын, негізінен Іленің сол қанатынан мына Құйғанға дейінгі жерді қоныс етіпті. Ертеректе бұл жерлер төменгі Іле болысы, Жетісу губерниясы атанған. Қазір осы бір түгін тартса майы шығатын өңірді Алматы облысына қарасты Балқаш, Күрті аудандары жайлап отыр.

Менің бабам Азынабайдан төрт ұл туады. Әулетіміз, неге екенін кім білсін, аңыз-әңгімелерге зер сала қоймаса керек, Азынабай жарықтық ағайынмен неге, не үшін араздасқанынан бейхабармын. Және ол қара қазақ үшін жатмінез емес. Әйтеуір бір түнде бүтін бір ауылды өре тұрғызыпты да, үдере көше жөнеліпті. Асау Іледен өтіп, Балқаштың оңтүстік күнгей бетін жағалай жүріп, Аякөзге жетсе керек. Одан әрі Тобықты жеріне қоныс аударыпты. Кісі еліне сіңісе қою қиын болды ма екен, жоқ бауыр басудың жолы солай ма, тегінде қыз айттыруға шамасы келмес, жөні құда түскен болар, екінші ұлы Қонайды Тобықтының қызына үйлендіреді. Бұған дейін ол кісі екі рет төсек жаңғыртыпты. Соның біріншісінен Жетібай деген ұл қалады. Ал кейінгі шешемізден бір ұл, бір қыз – Жұмабай мен Бұлантай туады.

Қазақ тарихында кейде кішігірім рулар ел-жұртына танымал, сыйлы да құрметті болған аналарымыздың аттарымен аталып кеткені де белгілі. Мысалы Қонай атамыз Ысты руынан таралған. Ысты деген ру аты Жалмамбет атамыздың Сыланды атты бір әйелі оңтүстіктің қайнаған ыстығында қымызды бұзбай (ашытып жібермей) өте жақсы ұстаған көрінеді. Үлкен кісілер келіп: «Сіздің сақтаған қымызыңыз неге бұзылмай, ашымай сақталады?» деп сұрағанда ол кісі: «Сабаны жақсылап ыстап, суық сумен жиі-жиі жуып тұрса бұзылмайды», – деген екен дейді. Аталары кейде Сыланды келіннің атын ұмытып қалып, «Әлгі Ысты келіннің үйіне барып қымыз ішіп келейік» деп айта берген соң, «Ысты келін» аталып кетіпті. Кейініректе бүкіл сол ауыл, сол әулет, тіпті ру да Ысты атанып кетіпті деген аңыз бар.

Міне, дәл осы секілді Қатығұлақ атамыздың да ұрпақтары Қара кемпір, Сары кемпірлер деп аталып кеткен дейді көнекөз қарттар. Сөйтіп, Қонай атамыздың да ата-тегі кейде «Сары кемпір балалары», «Сары кемпірлер» деп аталады.

Сары кемпірлер Іле мен Шу өзенінің аралығындағы кең алқаптарды мекен еткен. Олар Алматы облысындағы Іле өзенінің Сарытауқұм, Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы Құйғаннан бастап, Балқаш көліне барып тірелгенше, содан кейін Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарының Бетпақдалаға дейінгі жерлерді, Ақбастау, Көкбастау, Қопалы, Аңырақай деп аталатын алқаптарды мекендеген екен.

Бұрынғы ата-бабаларымыздың негізгі күнкөрісі – мал өсіріп, сонымен күнкөру болған ғой. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда Ыстылар, оның ішінде, әсіресе Қаракемпір, Сарыкемпір баласы кедейлеу болған екен. Бай ағайындары кедейлеріне «ана жер менікі, мына жер менікі» деп, күн көрсетпей қуалай берген соң Азынабай ашуланып, бір түнде өзіне қараған 60-70-тей түтінді ертіп, Аякөз арқылы Арқа жеріне, Тобықты еліне қоныс аударады. Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, Азынабай сол көшкеннен мол көшіп, Шыңғыс тауының бергі етегіндегі Арғынның Тобықты рулары мекендеген жерлеріне шетпұшпақтап қоныс тебеді. «Мен бұл деректерді Димекеңнің әкесі Меңліахмет ақсақалдың өз аузынан естіген едім», – дейді көпті көрген, кезінде партия-кеңес кезеңінде жауапты қызметтер атқарған Ізбасар Балтағұлов аға.

Азынабайдың көшіп барған жері шұрайлы, ел-жұрты да сырттан келдің деп сыртқа теппей, алғашында қазақы бауырмалдықпен жақсы қарсы алады. «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар» демекші, сол елге судай сіңіп, көп кешікпей қыз алысып, қыз берісіп, жекжат-жұрағат болып кетеді. Ол кезде Қонай атамыз да ержетіп, сол Тобықты елінің бір қызына үйленеді. Сөйтіп, Бұлантай атты қыз, Жұмабай атты ұл дүниеге келеді.

Қазақта «Ағайын бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бере алмайды» деген мақал өмірдің өзінен алынған ғой, Арқаға көшіп келген Азынабайдың жағдайлары бірте-бірте жақсарып, асына – ас, басына – бас қосылып, әл-қуаттары арта бастайды. Мұны кейбір қызғаншақтар көре алмай, көрсеқызарлық танытып, күндей бастайды. Малдарын ұрлап, тіпті кейде зорлық-зомбылықтар көрсетіп, ұрыс-керіс, жанжалдар да шыға бастайды. Кейде намысқа тиетін «Қаңғып келгендер, қарашы енді, жетіліп, тұмсығын көтеруін!» деген сияқты жанға бататын сөздер де естіліп жатады.

Осы бір келеңсіз жағдайларға төзімі таусылған Азынабай ақсақал жасы ұлғайған шағында Құнанбайға дейін барып, ел арасындағы кикілжіңді біршама басқан көрінеді. Кейінірек, Қонайдың өзі ержетіп, елмен ел, ру мен ру арасындағы татуластыққа шақырып, ел ішіндегі бірлі-жарым телі-тентектерге тыйым салуға күш салған көрінеді. Азынабай ақсақал бұл дүниеден аттанар шағында Қонайды шақырып алып:

– Қарағым, Қонай, сен ержеттің. Мен болсам қартайдым. Төрімнен де көрім жақын қалды. Енді еліңе өзің ие бол. Мұнда бұл жақтың тентектері тыныштық беретін түрі жоқ. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген дана халқымыздың мақалы бар емес пе!? Олай болса, елге қайту қамына кіріс. Солай болғаны дұрыс,– деген екен. Содан кейін көп кешікпей Азынабай ақсақал дүниеден озады. Ол кісіні сол топырақ бұйырған Арқа жаққа жерлейді.

Дінмұхамед Ахметұлы өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік-эссе кітабында арғы аталары Азынабай мен Қонай туралы айта келіп: «Қазақта «Кірме мен күндестің күні бір» деген сөз бар. Сол айтқандай, Азынабай дүние салған соң артында қалған ұрпаққа тықыр таяна бастайды. Қонай қайын жұртының иықтағанын көтере алмайды. Көнекөз кісілердің айтуына қарағанда, кесек жаратылған, өр мінезді, батыр шалыс кісі екен. Ағайын-жұртына ақыл салып, ата қонысы Жетісуға қайта көшуге бел байлайды. Оған тобықтылар: «Бақ деген көшпелі, қыз алған күйеуге де кетеді, қыздан туған жиенге де кетеді» деп, қыздарын жібермеудің әрекетін жасайды. Ондағысы «енесіне кісен салынса, құлындары ұзай қоймас» деген ойлары болса керек.Қонай шарт кетеді: «Жанымды алсаңдар аларсыңдар, бірақ қанымды қалдыра алмаймын!» деп, әйелі мен қызын тастайды да, бес жасар Жұмабайын алып кетеді. Содан Қонайды арқа тұтқан ағайындары түгел Жетісуға қайта көшіп келіп, елдің шетіне іліккен жерге қоныс теуіп қалады. Ал Қонай атажұртына жетіп, осы Алматы өзенінің оң жақ жағалауын жайлапты.

Осы бір аласапыран тұста оттай жанып, алмас қылыштай жарқылдап тұрған үлкен ұлы Жетібай жиырма бес жасында қыршын кетеді. Жас өлім атамызды біраз қажытып, еңсесін түсіріп кетеді. Артынша Күртідегі туған-туыстарын аңсап, тірісіне аманат, өлісіне салауат айтпаққа жолға шығады. Ол «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген ауыр заман ғой. Аңдысқан жау алмай тынбайды. Қаскелеңнің тұсында жол бойындағы зиратқа тоқтап, әруақтарға тәу етіп, Құран оқып отырған сәтінде қастасқан жау опасыздықпен өлтіріп кетеді. Сөйтіп, онсыз да қара жамылып, қасірет шеккен Қырықжылқы деген келіні жиырма екі жасында жесір қалып, мұсылман мектебіне барып жүрген Жұмабай осылайша жеті жасында жетім қалыпты.Әрине, өлгеннің артынан өлмек жоқ.Тірі адам тіршілігін жасайды. Ағайын арқасүйер азаматының отын өшірмейміз деп, інісінің әйелі Қырықжылқыны Азынабайдың ортаншы ұлы Шолаққа қосады. Жұмабай солардың қолында өседі. Обалы нешік, қолдарының қысқалығына қарамастан, оны қатарынан кем қылмай өсіреді. Қырықжылқы он саусағынан өнері тамған ісмер екен, тігіншілікке жалданып, Шолақ ертелі-кеш қара жұмыспен шұғылданады. Тапқан-таянғанын Жұмабайдың оқуы мен жолына жұмсайды.

Жұмабай алғыр бала болып өссе керек. Діни мектепте шәкірттердің маңдайалдысы болады. Оны бітірген соң елге барып дәріс береді. Араға екі жыл салып Алматыға қайтып келеді де, 1904 жылы Түркия арқылы Сауд Аравиясына сапар шегеді, осы жолы Мекке мен Мединеге қажылыққа барады. Содан 1905 жылы Үндістан мен Ауғанстан арқылы елге оралады. Сөйтіп, қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты» деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы өз естелік кітабында.

Димекеңнің өз жазба-естелігінде айтылғандай, Жұмабайдың 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет (Қонаевтың туған әкесі) те еліне елеулі, халық арасында беделді адам болған. Оның оң жақ бетінде алақандай меңі болғандықтан да атын соған қарап қойыпты. Дінмұхамед Ахметұлының мұражайында әкесі Меңліахметтің өткен ғасырдың 1911 жылы түскен суреті, Димекеңнің анасы Зәуре Байырқызының да суреттері сақтаулы.

Меңліахметті атасы ес біліп, ат жалын тарап мінетіндей – он төрт жасқа толған кезінде аты жер жарып тұрған Алматының атақты саудагер татар көпесі Ысқақ Ғабдулуәлиевтің қол астына жұмысқа орналастырады. Қазан төңкерісіне дейін Меңліахмет сол Ысқақ көпестің қарамағында жалданып жұмыс істеп жүреді.

Дінмұхамед Ахметұлының өзінің естелік кітабында баяндалғандай, оның өз ата-анасы мектеп есігін ашып, оқыған адамдар болмаған. Алайда тек етінің ширақтығы, зеректігі мен зерделілігінің, көргенін көкейге түйе білгендігінің арқасында қатарынан қалмай өмір сүрген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, одан бергі уақытта зейнетті демалысқа шыққанға дейін бәрі де Алматы облысының ауыл шаруашылық және сауда саласында жұмыс істеген. Меңліахмет ақсақалдың өз бетімен білімін жетілдіріп жүргенінің нәтижесінде екі тілде бірдей – қазақша да, орысша да сөйлей әрі жаза білген. «Абай өлеңдерін, Сүйінбай жырларын жатқа айтып, өзі де түртінектеп, бірдемелерді жазып жүретін. Оны біздің үйдегі Зуһра келініне (төте жазуға да, бүгінгі һаріпке де жорға кісі еді) көшіртіп отыратын әдеті бар еді» деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы өз әкесі Меңліахмет жайлы еске алғанда. Қазір Д.А. Қонаев мұражайында Меңліахмет Жұмабайұлының балаларын бас қосқан бір кезекті сәтінде қаз-қалпында магнитофон таспасына жазылған ақ тілегі, өз қолымен қарапайым дәптерге төте жазумен жазған күнделік дәптері сақтаулы тұр.

Меңліахмет ақсақалмен көзінің тірісінде бірнеше рет дидарласып, әңгімесін өз аузынан тыңдаған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Ізбасар Балтағұлов аға ол кісі жайлы былайша ой толғайды:

– Қонай атаның Жетісу жеріне қайта көшіп келген ұрпақтары, дәлірек айтсақ, арғы атасы Азынабайға, бергі әкесі Қонайға тартып туған Жұмабай қажы білімді, мұсылманша жақсы сауат ашып, Меккеге қажылыққа барып, аман-есен оралған соң ұлы Меңліахметті бұрынғы Верный (қазіргі Алматы) қаласындағы Ысқақ бай деген саудагер көпеске жұмысқа орналасқанын көріп кетеді. Ал Меңліахмет қария бірлі-екілі жасайтын ісіне өте ұқыпты, сауатты кісі болып, Ысқақ байдың Верныйдағы ең бір ірі көпес дәрежесіне жетуіне көп көмегі тиген адам болған. Оны ол кісіні жақсы білетін адамдардан да, марқұмның өз аузынан да естігенмін. Алматыдағы Абай мен Мир (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысындағы Меңліахмет атамыз тұрған үйге барып сәлем бергенімде ол кісі:

– Ә… сен әлгі Бақанастағы, Балқаштағы Балтағұлдың баласы екенсің ғой. Сенің әкең Балтағұл біздің Ыстыдан шыққан кәрі құлақты, сауатты кісі екен. Ол Жандосов, Бәрібаев, Тоқаш Бокиндермен таныс болған адам. Кенен Әзірбаевпен де ағалы-інілі болғанын маған айтқан. Сен, былайша айтқанда, бізге тума боласың. Өз бала-шағамды айтып берейін: Әмина, Маймуна, Фазиля, Нейля, Гауһар, Роза, Сара деген қыздарым, Дінмұхамед, Асқар деген ұлдарым бар. Бәрінің жоғары білімдері бар. Балалы-шағалы болып кетті. Құдайға тәуба деп, солардың тілеуін тілеп отырмын. Ал енді Димашты өздерің білесіңдер. Ол менің ғана балам емес, ол қазақтың, бүкіл елдің баласы. Асқар да жаман емес, ол да академик.

Димашты да, басқаларын да өте қатал тәрбиеледім. Одан жаман болған жоқ. Өте жақсы оқыды. Мәскеуде оқу бітіріп, Балқаш, Қоңыратта, Риддерде қызмет істеді. Соғыс жылдарының басында Қазақстан үкіметінің орынбасары, Ғылым Академиясының президенті, ширек ғасыр Қазақстан Республикасының бірінші хатшысы болды, – деп Меңліахмет ақсақал әдеміше келген мұртын сипап қойып, әңгімесін жалғастыра: – Ізбасар, саған айтайын, Құдай тағала біздің ата-бабаларымыздың ішінде Қонай атамызға ерекше ықыласы түсіп, ол кісіге аян берген. Олай дейтінім, ол кісінің аты үрім-бұтақтары арқылы тек Қазақстан ғана емес, әлемнің әр елдеріне белгілі. Сол кісінің аты фамилиялас болып жүргендердің бәрі де, шүкір, жаман емес. Димашты айтпағанда да, Асқар да Қазақстанның және КСРО Ғылым академиясының академигі. Ал, немерелерім Элдар мен Диар да ғылым кандидаттары. Олардың балалары Мұхтар мен кішкентай Дінмұхамедтен де үмітім зор, – деп, Меңліахмет ақсақал ақ ниетімен ақтарыла сөйлеп еді, – деп еске алады Ізбасар Балтағұлов аға.

Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Меңліахмет 1976 жылы тоқсан жасқа толарына үш-ақ ай қалғанда дүниеден озған. Анасы Зәуре Байырқызы бұрынғы Шелек ауданының орталығында туып-өскен (байырғы атауы Қоянды болған деседі), сіңірі шыққан кедейдің қызы болса керек. Димекеңнің әке-шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен. Ұлы адамды дүниеге келтірген Зәуре апамыз 1973 жылы сексен алты жасында дүниеден өткен.

Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызының ата-тегі, қай ұлыстан екендігі туралы ел-жұрт арасында әңгіме болғанда бәзбір «білімдарлар» жаңсақ деректер айтып, жұртты басқаша пікірге қалдырады. Дінмұхамед Ахметұлы аласапыран уақытта өткен өзінің балалық шағы туралы жазғанда: «Біз Верный қаласының Сарқанд көшесінде Иванов дегеннің үйінде («Үлкен станицада») тұратын едік. Мен сол үйде 1912 жылы қаңтардың 12 жұлдызында туыппын. Екі жылдан кейін әкем жанын жалдап жүріп еңсесі төмендеу шағын үй салды.Ұмытпасам әдірісі былай еді: Старокладбищенск (қазір бұл жерде ІІ Алматы вокзалы тұр. Оның бұлай аталуы – ол кезде көшенің солтүстік жағында ескі қорым бар еді) көшесі, 39. Кейін оны Вокзал, сосын Сталин атындағы, бертін келе Коммунистік даңғыл деп атады. Қазір ол Абылай хан даңғылы. Әрине, уақыт озған сайын дүние өзгермей тұрмайды, менің бар балалық шағым өткен сол үй әлдеқашан бұзылды. Оның орнына осы күні электр бұйымдарын сататын дүкені бар көп қабатты зәулім үй салынған.

Біздің үйден сәл ғана жерде өзбек мешіті бар еді. Көш жерден көзге ұрынып тұратын. Қыздың жиған жүгіндей әрі шағын, әрі әдемі еді. Ораза айында, құрбан айтта әкем өзімен бірге мешітке ерте баратын. Жұма намазын да қаза жібермейтін. Сол кезде жеті-сегіздер шамасындағы біздер мешітті айнала жүгіріп, мұнараларына шығып, биіктен қалаға көз салар едік. Бәрі алақанға салғандай анық көрінетін. Әкей онымызды сезіп қалса кейіс білдіретін. Ал айт күндері көңілді оралатын. Біз де мәз-майрам боп, жылы-жұмсаққа, бал-шекерге бір тойып қалатынбыз. Әкем құрбан айтта құрбандық шалушы еді. Семіз қойдың төстігін отқа қақтап, үй ішіндегілерге түгел ауыз тигізетін. Соның дәмі әлі ауыздан кетпейді. Сосын жұмсақ бауырсақ, неше түрлі тәтті нанға толы дастарқан шетіне келіп отырып, күрең шайға бас қоятынбыз.

Ескі Верный, оның көрікті жерлері әлі көз алдымда: Губернатор үйі, Әскери мәслихат ғимараты, Дворяндар мәслихат үйі, Кафедральды собор, Покров шіркеуі, сәулеті жағынан бірінен бірі өтетін мешіттер, көпестердің үлкенді-кішілі дүкендері, бір қабатты ағаш үйлер, ол кезде екі қабат үйлер ілуде-біреу, асфальт көше атымен жоқ, шаңы шығып жататын қара жол, есек мініп, түйе жетелеп жүрген жүргіншілерде тыным болмас еді. Бір ғажабы, аттап бассаң алдыңнан арық шығатын, арық толы су күндіз-түні ағатын, қанатын кең жайған қалың қараағаш, көкпен таласқан теректер жанға сая еді – міне, Верный қаласына тән кейіп осы»

Дінмұхамед Ахметұлының балалық шағы мен Мәскеуде оқыған студенттік сәттеріндегі өмірбаяндық деректерінен басқа бергі қоғам қайраткері дәрежесіне жеткен кезеңдерінен оқырмандарымыз Димекең өзінің естелік кітаптары мен қызметтес замандастарының, ізбасарларының жазған сан-алуан өмірбаяндық деректерінен жақсы таныс. Міне, қазақ халқынан шыққан ғасырларда ғана біртуар аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты дүние жүзінің барша жұртшылығы жақсы таниды, құрмет тұтады, оның Қонаев деген фамилиясы әлемге әйгілі. Сол Қонай – Димекеңнің арғы Жолын, Нұрмамбет, Азынабайдан кейінгі төртінші атасы болады. Сондықтан берісі қазақ халқының, Қазақстан атты дүние жүзіне танымал республикамыздың өсіп, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Димекеңнің қазақтың Ысты руынан шыққан, жеті атасынан бері тармақтағанда: Жолын, Нұрмамбет, Азынабай, Қонай, Жұмабай қажы, өз әкесі Меңліахмет сияқты діндар бабаларынан таралған нағыз қазақ екендігіне көзіңіз жетеді. Ұлы адамның есімінің Дінмұхамед деп қойылуының өзі тектен-текке болмаса керек.