Бір жылда 1 млрд смартфон сатылған
2015 жылы, IDC консалтингтік компаниясының есептеуінше, әлем бойынша саудаланған смартфондар саны 1 млрд белдеуінен асқан.
Жаһандық технология нарығындағы өзгерістерді қадағалап отыратын IDC компаниясының хабарлауынша, екі жылда девайстар сатылымының артуына әлдеқайда арзан үлгілерінің пайда болуы әсер еткен.
Әсіресе, нарықтың төменгі және орташа баға санатында кәсібін дөңгелеткен компаниялар сауда-саттық көрсеткіштерін сағат сайын еселеп отыр. Осы тұрғыда смартфондар бойынша әлем нарығының үштен бірін жаулап алған Samsung былтыр саудасын 42%-ға өсіріпті. Ал нарықтың тек 5%-на танымал Huawei (Уауэй) қытай бренді смартфон сатылымын 67,5%-ға ширатқан.
Есесіне, қымбат смортфон өндіруші Apple сынды алыптардың саудасы сәл бәсеңдеп, 19%-дан 15%--ға түсіп қалыпты.
Алайда, қалтафондарды мейілінше арзандатуға деген құштарлықтың көлеңке тұстары да жоқ емес. Соңғы тоқсанда сол баяғы Samsung-тің кірісі мобильді бөлігіндегі өнімнің сапасыздығынан 18%-ға қысқарған.
Сарапшылардың болжауынша, смартфон саудасы үстіміздегі жылы да еселенуі мүмкін, әрине, арзан үлгідегі телефондардың арқасында.