Қазақстанға келмеген әлемдік брендтер
Кейбір елдерге танымал бола қоймаған брендтік өнімдер туралы шетел асып келген азаматтар үлкен құлшыныспен айтып жатады. Жаһандану кезінде отандық өнім халықаралық статусқа жылдам ие бола алады.Дегенмен де, қоғамның бренд өніміне сұранысына салықтық мөлшерлемелер кедергі келтіріп жатады. Одан бөлек, халықаралық брендті белгілі бір елде танымал ету үшін жергілікті кәсіпкерлер оның франшизасын иемденуі тиіс. Сол себепті де көптеген брендтер Қазақстан нарығына әлі келіп үлгермеген.
Шетелде жүріп, McDonald’s, Subway, Taco bell және Starbucks сияқты мейрамханалар желісінен дәм татқан болсақ, кейбіріміз атауларын ғана естігенбіз. Ендеше алдағы уақытта Қазақстанға келетін халықаралық деңгейдегі брендтерге тоқтала кетсек.
Subway
1965 жылы Фред Де Люк есімді америкалық кәсіпкер Бриджпорт қаласында (Коннектикут штаты) Subway жылдам тамақтанатын мейрамхана ашады. Ал 22 жылдан кейін Фред досы Питер Бакпен бірге мейрамхананың 1000-шы франшизасының ашылуына қатысады. Қазіргі таңда әлемнің 101 елінде 43 732 Subway рестораны жұмыс істейді. Сонымен қатар, Subway — аты әлемге танымал McDonald’s фаст-суд мейрамханалар желісіне бәсекелес бола алатын жалғыз франшиза.
Subway тек көкөністермен дайындалатын сендвичтерімен танымал. Ресторан адамның артық салмақ қоспауын құптайды. Сондықтан Subway ресторандар желісі АҚШ-та, кейіннен бүкіл әлемде бірден танымалдыққа ие болған.
Entrepreneur’s Magazine сараптамасы бойынша 15 рет ең үздік франшизалық компания деп табылған Subway мейрамханасының Қазақстанда ашылуы туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Дегенмен Subway сендвич дайындау принципін қолданатын Take Away сынды ресторандар желісі Алматыда қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда Subway мейрамханасын ашу үшін орташа есеппен 100 мың АҚШ доллары қажет болады. Ал франшизаны сатып алу үшін $30-70 000-ды керек.
McDonald’s
Ағайынды Макдональдтар алғашқы мейрамхаансын 1940 жылы ашады. Ал оның жылдам қызмет көрсету қағидасы 8 жылдан кейін енгізіледі. Бизнес жоба АҚШ-тағы орта тап азаматтарына жанұясын мейрамханаға алып бару мүмкіндігін бергендіктен, McDonald’s танымал бола бастайды. Ал 1950-жылдары Рей Крок есімді бизнесмен компанияны сатып алып, мейрамханалар желісін франшизалық жүйеге бейімдейді. Қазіргі таңда әлемнің 118 елінде36 480 McDonald’s мейрамханасы жұмыс істейді.
Көп жылдар бойы ағайынды Макдональдтар құрған мейрамханалар желісі франшиза бойынша әлемде ең үлкен компания болып келді. Тек 2010 жылдан бері Subway мейрамханалар саны бойынша Макдональдстан басып озады. Дегенмен табыс мөлшері бүгінге дейін Рей Крок негіздеген компанияда көп болып отыр.
McDonald’s брендін пайдалануға франшиза сатып алған жергілікті компания Алматы қаласында алғашқы ресторанды 2016 жылдың бірінші жартысында ашпақшы. Ас мәзірінде дәстүрлі және бүкіл әлемге белгілі Биг Мак, Макдабл, Макнаггетс және Чизбургер сияқты 30-дан астам бургер түрі ұсынылады.
Mountain Dew
Mountain Dew — көптеген елдерде сұранысқа ие газдалған алкогольсіз сусын. Оның дайындалу рецепті 1940-жылдары Ноксвиллде (Теннесси штаты) ойлап табылған. Бастапқыда ол тек вискиге араластырып ішу үшін шығарылатын болған.
Сусын — америкалық PepsiCo компаниясының негізгі брендтерінің бірі. Ол Ұлыбритания нарығына 1996 жылы енгізіледі. Ал Ресейде 2001 жылдан бері сатыла бастағанымен, біздің нарыққа әзірге келген жоқ.
PapaJohn’s
Негізгі бизнесі пицца дайындау болған PapaJohn’s мейрамхаансын 1984 жылы Джон Шнаттер есімді америкалық ашады. Содан бері PapaJohn’s бренді халықаралық деңгейге жетіп, мейрамханалар саны 4200-ге жетеді. Әлемнің 35 елінде қызмет көрсететін пиццерия Қазақстанда ашылмаған.
Қазіргі таңда пиццерияның ең танымал қызметі — тапсырысты үйге жылдам жеткізіп беру. Papa John’s — Pizza Hutжәне Domino’s Pizza мейрамханалар желілерінен кейінгі ең үлкен пиццериялық компания.
Starbucks
Қазақ еліне онша белгілі бола қоймаған Starbucks компаниясы кофенің сұрыпталған дәнін шығарумен айналысып, оның түрлерін дайындайтын мейрамханалар торабына иелік етеді.
Атауы америкалық жазушы Герман Мелвиллдің «Моби Дик» романындағы кейіпкердің есімінен алынған Starbucks компаниясы өзінің алғашқы ресторанын 1971 жылы Сиэтл қаласында ашады. Ресторан негізін кофеге құмар ағылшын тілі мұғалімі Джерри Болдуин, тарих пәні мұғалімі Зев Зигал және жазушы Гордон Боукер қалайды. Олардың басты мақсаты кофе дәндерін сатумен айналысатын жеке дүкенін ашу болған. Кейіннен АҚШ-тың қарапайым азаматтары дүкенге қызмет көрсету жүйесін қосып, оны ресторанға айналдырады.
Компания 1996 жылға дейін тек АҚШ территориясында ресторан желілерін көбейтеді. Ал қазіргі таңда оның 60 елде 20 мыңнан астам ресторандары бар. Starbucks ресторандар желісінің франшизасын сатып алған қазақстандық компания келесі жылдың басында Алматы қаласында кофе дәмханасын ашуды жоспарлап отыр.
Dr Pepper
Dr Pepper — көбіне АҚШ азаматтары арасында танымал газды сусын. Аталған сауда брендін Snapple Groupкомпаниясы шығарады. Dr Pepper диета тұтатын, дегенмен кола ішпесе тұра алмайтын адамдарға арналған.
Сусын атауы шығуының бірнеше тарихи нұсқасы бар. Кейбіреулер Вирджиния штатына белгілі Чарльз Пеппер есімді дәрігердің құрметіне қойылған деп білсе, тағы біреулері оны адамға қуат беретін дәрігер қызметін атқаратындықтан осылай аталғанына сенеді.
1950 жылы «Dr» қысқартуынан кейінгі нүкте стилистикалық қателік болып саналғанымен, оқуға оңай болуы үшін алып тасталады.
Taco bell
Алғашқы Taco Bell ресторанын 1962 жылы Глен Белл есімді америкалық кәсіпкер ашады. Екі жылдан кейін мексикалық тағамдарды ұсынатын компанияның ауқымы кеңейіп, франшизаға сұраныс көбейеді. 1978 жылы PepsiCoкорпорациясы Taco Bell ресторандар желісін толығымен сатып алады. Бүгінгі таңда әлемнің 20 елінде 6 000 Taco Bell рестораны қызмет көрсетеді.
Ресторандар желісі АҚШ, Канада (1981 жылы), Аустралия (1981 жылы), Қытай, Ұлыбритания (1986 жылы, Еуропадағы тұңғыш Taco Bell рестораны), Германия, Исландия, Филиппин, Сингапур, Оңтүстік Корея, Кипр сынды елдерде қызмет көрсетеді.
Taco bell буррито, тако, начос, мексикалық пицца сынды жылдам дайындалатын тағамдарымен әйгілі. АҚШ пен Канадада испан текті азаматтар көп болғандықтан Taco bell компаниясына бәсекелестік тудыратын Taco Bueno, Taco Cabana, Taco del Mar, Taco John’s, Taco Mayo, Taco Palenque, Taco Tico, Taco Time, Del Taco сынды ресторан желілері бар.