Балаларға арналған ойындар

Қимыл ойлап табу

Балалар шеңберде тұрады. Тәрбиеші ойыншылардың біреуін ойын бастаушы етіп белгілейді. Ол шеңбердің ортасында тұрады. Балалар тәрбиешінің көрсетуі бойынша мына мәтін сөзін айтып, оңға немесе солға жүреді.

Әдемі шеңберде,
Билейік кең жерде.
Қолдармен ұстасып,
Бәріміз жұптасып.
Бірігіп достасып,
Бір орында ұстасып,
Осылай етіп істейік.

Мәтінді айтып бітер кезде балалар қол созым қашықтықта тұрады. Ойын бастаушы қандай болмасын бір қимыл көрсетеді, шеңбер жасап тұрғандардың бәрі оны қайталайды. Содан соң тәрбиеші ойын бастаушыны ауыстырады немесе ойын бастаушы өзінің орнына біреуді таңдайды және ойынды жалғастыра береді.

Әрбір ойын бастаушы өз қимылдарын ойлауға тиіс және өзіне дейін көрсетілген қимылдарды қайталамауы керек.

Қалпақ және кішкене таяқша

Ойнаушылар шеңбер жасай тұрады. Ойын бастаушы белгіленеді, ол кішкене таяқшаны алады да шеңбердің ортасында тұрады.

Тәрбиеші оның басына ашық түсті шашағы бар қалпақ кигізеді. Қалпақ баланың мұрнына дейін кигізіледі, көздеріне тимей-ақ, оның көзін жабады. Балалар қолдарын ұстасып, шеңбер бойымен жүгіреді де: «Бір, екі, үш, төрт бес — кішкене таяқша тықылдайтын болады» - дейді. Бұл уақытта ойын басқарушы жүресінен отырып кішкене таяқшамен еденді тақылдатады.

Балалар соңғы сөзбен тоқталады, ал ойын басқарушы кішкене таяқшасын балалар жаққа сілтейді. Кішкене таяқша кімді нұсқаса, сол кішкене таяқшаның ұшынан ұстайды да, ойын басқарушының атын атайды, ал ойын басқарушы кім оны атады, соны табуы керек. Жаңа ойын бастаушымен ойын қайталанады.

Айгөлек ойыны

Ойынға қатысушылардың саны 10-15 балаға дейін. Ойынды көгалда, аулада, алаңқайда ойнай беруге болады.
Ойын шарты: Қатысушылар саны бірдей екі топқа (А және Ә) бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Екі топтың арақашықтығы — 15-20 метрдей жер.

Ойынның мақсаты — қарсы жақтың құрсауын үзіп, өз жағына көбірек ойыншы алып қайту. Жеребе салудың нәтижесінде ойынды бірінші болып бастауға тиісті жақ (айталық А тобы) екінші (Ә тобына) жақтағы қарсыластарына қарап, хормен қосыла ән айтады:

Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Теміршіден дем шығар,
Үзеңгіден тер шығар.
Ақ терек пен көк терек,
Мұнда сізге кім керек?
Қарсы топ (Ә) жауап қатады:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Теміршіден дем шығар,
Үзеңгіден тер шығар.
Ақ терек пен көк терек,
Бізге тек Қамбар керек.
Немесе:
А тобы: — Құрсауды үзіңдер!
Ә тобы: — Кім керек?

А тобы қарсы жақтағы керек ойыншының атын атайды, Есімі аталған ойыншы қарсы жақтың тобына қарай екпіндей жүгіріп келіп, қарсыластардың құрсауын үзуге тиіс. Егер ол құрсауды үзсе, бір ойыншы алып өз тобына қайтады, Ал егер үзе алмаса, сол жақта қалады. Ойын соңында кісіні көп жинаған топ жеңіске ие болады.

Ормандағы ақ тиіндер

Ойын гимнастикалық қабырғасы бар алаңда немесе бөлмеде өткізіледі. Оған өрмелеу үшін қосымша тасымалданатын аспаптар қойылады: қос саты, тіркемелі тақтай мен кішкене сатысы бар пирамида, скамейкалар, үлкен текшелер етіп қойылған тақтайлар және басқалар.

Басқарушы — аңшы таңдап алынады. Ол адамның немесе бөлменің қарама-қарсы бөлігінде сызылған дөңгелекте — үйде тұрады. Қалған ойнаушылар — ақ тиіндер, ағаштар — аспаптарға орналастырылады.

«Сақтан!» деген тәрбиешінің белгісі бойынша дабыл қағылғанда , барлық ақ тиіндер орындарын ауыстырады: орындарынан тездетіп түседі, аспаптардан ырғиды басқаларға барып орналасады. Аңшы осы кезде оларды ұстайды — оларға қолын тигізед.

Ақ тиіндер еденде жүргенде басқарушы қолымен сипаған олар ұсталған болып есептеледі, сондай-ақ бұрынғы орнында қалғандар да ұсталған болып есептеледі. Олар аңшының үйіне қарай кетеді де, бір ойынға қатыспайды.

Ойын 5-6 рет жүргізіледі. Жаңа аңшы 1-2 ойыннан кейін таңдалып алынады. Тәрбиеші ойын қорытындысында батыл да епті ақ тиіндерді атап көрсетеді. Тәрбиеші ойын барысында балалардың әртүрлі аспаптармен пайдалануын және олардың рұқсат етілмейтін биіктіктен секірмеулерін қадағалайды.

Табан балық және шортан ойыны

Бір баланы шортан етіп белгілейді. Ойнаушылардың қалғаны екіге бөлінеді: олардың бір тобы — ұсақ тастар, олардан шеңбер жасалады, екінші тобы — табан балық олар шеңбердің ішінде жүзеді. Шортан шеңбердің сыртында жүреді.

Тәрбиешінің «Шортан!» деген белгісі бойынша ол тездетіп, табан балықты ұстау үшін шеңберге жүгіреді. Ал табан балық орын алуға, ойнаушылардың біреуінің артынан тұруға және отыруға асығады (табан, балық шортаннан қашып, ұсақ тастарға барып тығылады). Шортан әлі тығылып үлгермеген табан балықтарды ұстайды. Ұсталғандар шеңбердің сыртына кетеді.

Ойын 3-4 рет жүргізіледі де, содан кейін ұсталғандардың саны есептеледі Кейін шортанды жаңадан белгілейді. Шеңбер жасап тұрған және шеңбердің ішінде жүрген балалар орындарын ауыстырады да, ойын қайталанады.

Есте сақтау қабілетін арттыруға арналған ойындар

«Жоғалған зат» ойыны.
Үстелдің үстіне бірнеше зат қойылады. Бала оларға мұқият қарап алған соң, теріс қарап тұрады. Үстелден бір зат алып тасталынады. Оқушы қай заттың жоғалып кеткенін табу керек. Заттардың санын ақырындап өсіруге болады.

«Мен 10 заттың атауын білемін…»
Бұл топтық ойын. Оқушылар шеңберге отырғызылады. Допты шеңбер бойынша бір-біріне бере отырып, әр оқушы бір сөзден айтады: «Мен… ағаштардың… 10… атауын… білемін… қайың – бір, самырсын – екі, емен – үш» деп ары қарай жалғастырады. Жалғастыра алмаған оқушы ойыннан шығады.

«Қайтала» сіріңке шиімен ұйымдастырылады
Бұл ойынды оқушылар жұптарымен ойнайды. Әр балаға сіріңкенің 6 шиінен беріледі. Екеуінің біреуі сол шилерден қандай да бір затты құрайды. Екіншісі бірнеше секунд көлемінде қарап алады да, оны қайтадан жасауға тырысады. Содан кейін оқушылар орнын ауыстырады, екіншісі көрсетеді, біріншісі қайталайды.

«Сөздер тізбегі» ойыны
Оқушылар шеңберге отырғызылады. Бірінші оқушы кез-келген бір заттың атын атайды. Мысалы: «ірімшік». Екіншісі алдыңғы айтылған сөзді атайды да, өзі бір сөз қосып айтады. Осылайша жалғаса береді. Әрбір келесі ойыншы алдында айтылған барлық сөзді ретімен атап шығады да, өзінің сөзін қосып отырады. Кім шатасады, сол ойыншы ойыннан шығады. Ал ең соңында қалған оқушы жеңімпаз атанады.

«Есте сақта және тап»
3-4 картинада берілген суреттерді есте сақтап, оларды атау қажет. Содан соң балалар сол бейнелерді 10-12 дана ұқсас суреттердің арасынан табу керек. Бұл жаттығуды сандар мен әріптерден де жасауға болады. Ол үшін арнайы әріптер мен сандар кассасын пайдалануға болады.

«Шатаспай есте сақта»
Әр баланың алдына әртүрлі заттар бейнеленген 10-15 карточка қойылады (алма, троллейбус, шәйнек, ұшақ, қалам, машина, ат, әтеш т.б.)

Психолог: «Қазір мен сендерге бірнеше сөздерді атаймын. Алдыңдағы суреттерге қарап, мен айтқан сөзді есте сақтауға көмектесетін бір затты таңдап ал да, оны бөлек жерге қой», — деп нұсқау береді.

Бірінші сөз оқылады. Бала алдындағы суреттен таңдаған соң, екінші сөз және ары қарай осылайша оқылады. Бала психолог айтқан сөзді қайталап, өз заттарының ішінен байланыстыратын суретті алып, есінде сақтауы қажет.

Мысалы: өрт, зауыт, сиыр, орындық, әке, отыру, мейірімділік т.б.

«Қиял арқылы сөздерді есте сақтау»
Балаларды логикалық байланысы жоқ сөздерді есте сақтауға үйретеміз. Сөздер: ағаш, үстел, буғыш, себет, тарақ, сабын, кірпі, өшіргіш, кітап, күн. Осы сөздерді пайдаланып әңгіме құрастыру қажет.

«Көз алдарыңда әдемі жасыл ағаш өсіп тұр деп елестетіңдер. Ол тақтаға қарай өсе бастады, тақтадан төмен қарай аяқтары түсті, сонымен үстел пайда болды. Үстелге жақындай қарадық, үстелдің үстінен төмен қарай аққан шалшық су көрдік. Ол үлкен өзенге айналды. Өзеннің ортасында ожау пайда болды, одан ол себетке айналып кетті. Одан кейін себет жағаға ұшып кетті. Оған жақындап себеттің бір жағын сындырсаңыз, тарақ пайда болды. Оны қолыңызға алып шашыңызды тарай бастадыңыз, содан кейін басыңызды сабынмен жудыңыз. Сабын көпіршіктері ағып, кірпідей үрпиіп шашың қалды. Сізге өте ыңғайсыз, буғышты алып шашыңызды жинадыңыз. Буғыш буғанға шыдамай үзіліп жерге түсті. Жерге түскенде төңкеріліп, кітапқа айналып кетті. Кітап бетін ашсаңыз оның ішінен көзіңізге шағылысып күн түсті.

Алдымен балалар біздің құраған әңгімені елестетуге тырыссын, содан кейін өздері (басқа сөздерді пайдаланып) құрап бір-біріне айтып дағдылансын. Қорытынды бөлімде біз сөздер тізбегін оқимыз, ал олар өз беттерімен байланыс құра отырып, тізбектеп айтылғандарды есте сақтайды.

«Кезек» ойыны
Сурет, карточкаларды немесе қандай да бір затты кезекке тұрғызу. Мысалы, тіс дәрігеріне, шаштаразға. Балалар артқа қарап тұруын сұраймыз да, қандай-да бір затты алып тастап, қайтадан «Кім кезектен қашып кетті?» — деп сұраймыз.

Қайтадан ары қарап тұруын сұраймыз, карточкалаардың орнын аууыстырып, «Кім кезегін шатастырып алды?» — деп сұраймыз. Содан кейін карточкаларды төңкеріп, «Көбелек қайда ұйықтап жатыр?», «Піл қайда ұйықтап жатыр?» және т.б сұраймыз.

«Шкафқа жасыру» ойыны
Сірінкенің бос қорабынан шкаф жасаймыз. Ең қарапайым шкаф: үш қорапты бір-біріне жабыстыру. Ең күрделі шкаф: 6 қорапты тігінен орнатып және 5 қорапты жалпағынан орнату.

Қандай да бір кішкентай затты, мысал үшін моншақты баланың көзінше кез-келген қорапшаға саламыз. Содан кейін шкафты айналдырып, балалардан сұраймыз: «Моншақ қай сөресінде жатыр?». Жаттығуды игеру үшін түрлі-түсті заттарды әр сөреге салуға болады. Сұрақтар: «Жасыл шар қай сөреде?», «Көк түйреуіш қай сөреде?» т.б.

«Басынан баста» ойыны
Жұпсыз суретті карточкалар топтамасы жоғары алынады. Бірінші ойыншы карточканы алып ауызша атап, суретімен төмен қарай қояды. Екінші ойыншы келесі карточканы алып, бірінші карточканы атап, содан кейін өз карточкасын атап, бірінші карточканың үстіне қояды. Келесі ойыншы келесі карточканы алып, бірінші және екінші карточкаларды атап, өзінің алған карточкасын екінші карточкасының үстіне қояды. Осы ретпен барлық ойышы ойынды жалғастырып, есінде сақтауға тырысады. Ойынға екі не одан да көп ойыншы қатыса алады. Кім де кім карточка ретінен жаңылысса, ойыннан шығарылады.

«Түйме» ойыны
Балалар жұптасып ойнайды. Олардың алдарында екі бірдей түйме жинағы жатыр. Әрбір ойыншыда өз ойын алаңы бар – ол тор көзге бөлінген текше. Ойынды бастаушы өз алаңына үш түйме тастайды, екінші ойыншы оны қарап, әрбір түйменің орналасуын есте сақтап қалуы керек. Осыдан кейін бірінші ойыншы өзінің алаңын қағазбен жасырып, ал екінші ойыншы өз алаңында бірінші ойыншының түймелері орналасуын бұлжытпай орналастырады. Ойында қаншалықты тор көз бен түйме көп болса, соншалықты ойын күрделене түседі.

«Алфавит» жаттығуы
Алфавитті дұрыс және керісінше ретпен айтып еске түсіру керек.

«Қанеки, есіңе түсір!»
Оқушыларға сұрақтар қойылады. Мысалы: «Бұл ғимаратта неше қабат бар?», «Дәліздегі перделердің түсі қандай?» «Бүгін Мәди не киіп келді?» т.б. Бәріне нақты жауап берген оқушы жеңімпаз атанады. Бұл ойын бір жағынан баланың зейінінің артуына да көмектеседі.

sabaq.kz