Қыз не қалайтынын білудің оңай тәсілі
Әйел затын түсіну қиын, себебі олар кейде өзіне не керегін өзі де білмейді деп жатады. Алайда дәл осы көзқарастағылар бір жігіттің мына сөзін оқығаннан кейін райынан қайтуы мүмкін.
Біз әйеліміз екеуміз бір-бірімізді тура тауып қосылған, мінсіз жұппыз. Мен оған не керегін айтқызбай-ақ біліп қоямын. Ана жолы болған мына оқиғаны баян етейін. Бір күні әйеліме жатын бөлменің пердесін ауыстырайық деп едім, мені алғаш рет көріп тұрғандай бетіме тесірейе қарады. Мен жетінші материк ашқандай қылып: "Шын айтып тұрмысың?" деді сосын. "Иә, онда тұрған не бар?" деймін мен.
Бұл жай ғана кездейсоқтық не сирек сәйкестік емес. Өткен жолы анасына алған сыйлығым да тура өзінің қалауындай болып шықты. Әйеліміз екеуміздің талғамымыз бірдей. Бір нағыз бақытты жұппыз. Тек ол интернеттен қажет нәрселерін іздеген соң, "іздеу тарихын" өшірмейді.