Асанәлі Әшімов: Қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай қо
Баяғының адамдарын жұрт «көненің көзі», «ақылдың сарқыты» деп әспеттеп отырмаушы ма еді?! Әрі солардың айтқан ғибратты, өнегелі әңгімелері ауыздан-ауызға тарап, тағылымымен бүкіл ауылды, одан ары бір өңірді тәрбиелеп кете баратын. Осы ретте сол бір жақсы қасиетті, ізгі дүниені ел жадында қайта жаңғырту үшін халық сыйлаған, көп қадірлеген тұлғаларымыздың жан сарайына үңіліп көруді жөн санадық. Сөйттік те, бүгінде жасы жетпістің сегізіне келген аузы дуалы, көкірегі қазыналы қартымыз, Халық әртісі Асанәлі Әшімовке қолқа салған едік.
Асанәлі Әшімұлы, КСРО және Қазақстан Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері:
— Бұларың жөн, қарағым. Үлкеннен өнеге қалмаса, сол үлкеннің несі қазына?! Осындайда әкең мен шешең жайлы, солардың ғибрат қып, өнеге етіп айтқан ұлы әңгімелері жайлы шекең тершіп айтқанға не жетсін?! Өкінішке орай, мен әкемнен төрт жасымда айырылған адаммын. Сұм соғыс бізді әкесіз, балалықсыз өсуге мәжбүрледі. Бүгін айтсам, біреу нанар, біреу нанбас: тұп-тура төрт жасымнан бастап еңбекке жегілдім. Бұғана түгілі буыны толық бекімеген мен үшін бұл да оңай қиыншылық болған жоқ. Сондықтан да риясыз балалықтың таңнан кешке дейін тынымсыз шапқылататын ойнынан емес, кәдімгі «еңбек адамы» атанып, Ананың тәрбиесінде өскендіктен біз ерте есейдік.
Баланың барлығы ананың тәрбиесінде болады ғой, дегенмен әкенің тәрбиесі де бір мектеп. Әйел адамдарды ерекше сыйлаймын. «Шешем кетіп қалса, мен не істеймін, қайда барамын?», – деген үрейім болатын. Қазір қарап отырсам, менің 8 жасар балам да: «Ана, сен біреу-ақсың ғой», дейді екен. «Өй, әкең де біреу-ақ емес пе?!», – десе: «Әкем жоқ болса, сен басқа әке тауып бересің ғой», – депті. Өзінің бірге оқитын жолдасының жағдайы сондай екен. Соны көрген баланың санасына түйгені ғой. Көрдіңіз бе, шын мәнінде де бұл әлемде бала үшін ана біреу-ақ! Қазақта «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген мақалы бар ғой. Мен әкемді көрмегеніммен жетімдік көрмедім. Ал шеше болмай, әкең болса сонда жетімдікті тартар едің. Шешенің берген тәрбиесі өз алдына, біздерді заман тәрбиеледі. Соғыстың қаталдығы, балалықтан ерте айырылған өмір…
Мана жоғарыда айтқанымдай біз төрт жасымыздан бастап еңбекке араластық. Қырманда жүріп есейдік. Шынында да, адам сәулетшісі – Ана ғой. Ойлап қараңызшы, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқаушы да сол ана емес пе?! Осындайда есіме бір қызық жайт оралады. Ғалымдар анасынан айырылған маймыл балалар үшін екі қуыршақ маймыл ана жасап, бірінің омырауынан сүт шығатын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шықпайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Маймыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыршақты ана ретінде қабылдап, соның бауырына тығылыпты. Бұдан нені аңғаруға болады. Тағы да ана құшағының жұмақ мекен екенін бағамдайсыз. Ал жастайынан шеше бауырында есейген мен үшін ананың орны тіптен бөлек болатын. Сол аналарымыз бір әңгімесінде айтып отырушы еді «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп. Егер әйел адам жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласапыран, алмағайып күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастаған емеспіз. Арғы шешелеріміз, тіпті, көненің адамы еді. Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп отыратын. Бірде қырманға көбіне жалаңбас барып жүрген көрші әйелге сол шешеміз қатты ұрысты. Бірақ кейіннен үндемейтін болды. Сөйтсек, ол байғұс сонда шашына тары сеуіп, содан түспей арасына сіңіп қалған аз бөлігін шиеттей балаларына тасиды екен ғой. Мұндай жағдай сол замандағы көп адамның басында болды ғой.
Ал қазір ше? Айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы орамалдың мәнісі де жат жұрттық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады деп айтатын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай», – деп отырушы еді жарықтық. Бұған келгенде ешкімнің айтарға дауы болмаса керек. Шешеміз айтатын осы бір әңгіме мені әр уақыт толғандырып келеді. Айналама қараймын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын. Әйтпесе, адамзаттық тұрғыда даму толастамақ емес. Ол – жаһандану процсесі. Бұл жайлы алатаңға созып әңгіме айтуға болатын еді. Шешей менің жұмысымның жемісін көре бастаған шақта, «Пәленшенің шешесі» деп барған жерінде төрге шығаратын. 87 жасында өмірден озды. Жарты өмірі Алматыда өтті. Жарықтық анама жеңгем секілді еркелеп өстім. Ауылда кәрі шешеміздің қолында өскендіктен «апа» деп атадық. Өз шешемізбен жеңге мен қайны сияқты қалжыңдасып жүретінбіз. Үйге кештетіп, түнделетіп келгенде ұйықтап жатса, төсектен құлатып кеп жіберемін: «Мен келгенде неге ұйықтап жатасың?» деп. Соның барлығы оған да ұнайтын болса керек. Еш уақытта қабақ шытып, өң суытып көрмепті. Дүниеден өтер алды ауырыңқырап жүрді. Сондай күндердің бірінде осы кісі бір естіп қалсыншы деген оймен «Апа!» дедім. Қуанар, сергіп қалар деп айттым. Бірақ ол олай істемеді. Маған ала көзімен қарап, аспанды сұқ саусағымен нұсқады. Онысы «Күнә болады, олай деме. Құдай көріп тұр» дегені еді. Міне, көрдіңіз бе? Қазақ менталитетінің асылдығы соншалық еді. Келіннің ене алдындағы адалдығы. Тап сол жерде шешейге тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен мендей ұлының сүйіспеншілігіне иіп, ессіз күйде қуанып, тасуына болар ма еді?! Бірақ ол өз шешесіндей болған енесіне деген сүйіспеншілікті баласының махаббатынан биік қойды. Ол кездің аналары сонысымен де асқақ еді. Оның үстіне қазақта «Атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар ғой. Осы сөздерден соң менің анамның тұлғасы тіптен биіктеп кетуші еді…
Сұхбаттасқан: Қозыбай Құрман