Қазақстанда болашақта жаңа автокөліктер сату артпақ
Қазақстан автобизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанда көлік шығару өнеркәсібінде қандай жобалар іске асырылатынын айтып берді.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда бірнеше жоба жүзеге асыру басталды. Біздің мақсатымыз - оны іске асырып, жобалық қуатына шығару. Мысалы, Өскеменде «Азия-авто» жобасы, онда жылына 120 мың бірлік қуатымен көліктердің және қосымша бөліктердің толық циклді өндірісін жолға қою көзделуде. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 500 млн. АҚШ долларын құрады», - дейді ол.
Сонымен қатар, 2013 жылдың соңында Қостанайда «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорнында жылына 25 мың бірлік қуатымен SsangYong Nomad қазақстандық көліктердің ұсақторапты өндірісі басталды. Биыл маусымда онда Тойота көліктері құрастырыла бастайды.
«Жалпы Қостанайда жетекші әлемдік брендтердің 70 мыңнан астам көліктерін шығару жоспарлануда», - деп атап өтті ол.
2013 жылы Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 38 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылған. Барлық кәсіпорындардың айналымы 1 млрд. доллардан асады.
«Біздің елде сатылған көліктердің 22 пайызы отандық өндірістің еншісінде. Болашақта ішкі нарықтың көлемі жылына 300 мың көлік, 6 миллиард доллардан асуы ықтимал. Соның 40 пайызын отандық кәсіпорыннан шыққан көліктер құрамақ», - деп түйді сөзін А.Лаврентьев.