Озық техникамен жабдықталған өндіріс орыны.

Сондықтан да өндірістің ашылу салтанатына қатысушылар бұл оқиғаны зор қуанышпен қарсы алды. Осы заманғы үлгіде тұрғызылған жылы да жайлы зауыт ғимараты ішінде мерекедегідей қуанышты жиын өтті. Зауыт жұмысшы-қызметкерлері, қаланың қоғамдық ұйымдары, кәсіпкерлері және атқарушы билік пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұханбет Әбдібеков құттықтау сөз сөйледі.
— Жылдың басында жақсы жағдайда кездесіп, «Агран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл бүгінгі таңда бүкіл еліміз бойынша атқарылып жатқан үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы аясында біздің өңірімізде іске қосылып отырған жаңа өндіріс. Мұндай өндіріс біздің аймақта алғаш рет пайдаланылуға берілгелі отыр. Сондықтан да бұл өндірістің болашағы өте зор екеніне сенімдіміз. Өйткені біздің облысымызда тұрғын үй бағдарламасы, жалпы құрылыс жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілуде. Бұл — сол салаға керекті, аса пайдалы өндіріс.Біз бұған өңірде құрылыс қарқынын арттырудың жаңа мүмкіншілігі деп қараймыз. Сол себепті дер кезінде ашылып отырған өндірісті өз қаржыларына тұрғызған кәсіпорынға зор табыс тілейміз.
Жылу сақтағыш әйнек пакеттері қазіргі заманғы құрылыстарда үлкен сұранысқа ие екенін көпшілік біледі. Зауыт шығаратын өнімдер сол тұрғындардың тілегіне сай, сапалы әрі әсем. Бұл зауыт құрылыс материалдарын пайдаланып жұмыс істейтін біздің өңірдің құрылыс компанияларына өзінің лайықты үлесін қосатыны даусыз. Оның өнімі тек біздің өңір емес, көрші облыстарға, тіпті көрші Ресейге де тарайды деп үміттенеміз. Біз кәсіпорынды жаңа жобаны іске қосуымен тағы да құттықтап, табыс тілейміз. Тек бұл емес, біздің облысымызда биыл үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламалар аясында бірсыпыра жаңа өндірістер ашылады. Соның ішінде, өздеріңіз жақсы білетін, рельс арқалықтарын шығаратын үлкен зауыт іске қосылмақ. Халыққа игілік ұсынатын осы сияқты басқа да жаңа өндірістер бар, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Жылу сақтағыш әйнек пакеттерін шығаратын зауыттың басшысы Николай Стефашин салтанатты жиында жаңа өндіріс, оның көпшілікке ұсынатын өнімдері туралы айтып берді.
— Бұл біздің іске қосқалы отырған екінші жобамыз. Индустриялық еліміздің үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламасына кіреді. Жүзеге асырған —«Агран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Біз осы кәсіпорынның Ақтөбе қаласындағы филалы болып есептелеміз. Алғашқы жоба 2011 жылы іске қосылды. Онда құрылыс ғимараттарының төбелерін жабатын металдық жабындылардың осы заманғы жаңа үлгілерін шығаруды қолға алған едік. Ал өткен жылдың желтоқсан айынан жылу сақтағыш әйнек пакеттерін шығаратын осы зауыт құрылысын салуға кірістік. Мұнан шығатын өнімдер пластикалық жақтаулы терезелерді, еуро үлгісіндегі терезелерді жабдықтауға арналған. Сондай-ақ, алюминий құрастырмаларын жабдықтауға қолданылады. Біз шығаратын әйнек пакеттер өте сапалы, берік. Бұл өнімдер үдемелі инновациялық-индустриялдық даму бағдарламасы ғана емес, қазіргі заманда ерекше маңызға ие болып отырған жылу сақтау бағдарламасы міндеттерін де толық өтейді, жылуды үнемдеп, құрылыстың сапасын жақсартады. Біз жылу сақтайтын түрімен бірге, әдеттегі әйнектер пакетін де ұсынамыз. Әйнек пакеттер тапсырысқа қарай әртүрлі болуы мүмкін, тұтынушыларымыз негізінен Ақтөбе қаласының, облыстың құрылыс компаниялары. Мұнымен бірге, қаладағы бұрыннан терезе жақтауларын шығарумен айналысатын түрлі кәсіпорындар да әйнек пакеттерін тапсырыс бойынша бізден алады.
Зауытты тұрғызуға инвестицияны кәсіпорын өз қаражатына салды. Ендігі мақсат — өндіріс қуатын жылына 200 мың шаршы метр әйнек пакетін шығаратын дәрежеге жеткізу. Зауытты тұрғызған — ақтөбелік жергілікті мердігерлік компаниялар. Біздің өзіміздің де құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиямыз бар. Бұл жоба кәсіпорын үшін 150 миллион теңгеге түсті. Бұған құрал-жабдықтары да кіреді. Олар түгелдей шетелден әкелінді, австриялық жабдықтар. Бұл ел әйнек пакеттерін шығаратын және өңдейтін технология жөнінен әлемде жетекші орын алады. Ақтөбеде жүзеге асырылған бұл өндіріс таза қазақстандық кәсіпорын, — дейді зауыт директоры. Кәсіпорын басшысы да зауыт өніміне сұраныс жоғары болады деп есептейді. Өйткені өзге өңірді айтпағанда, тек өз аймағымыздың өзінде құрылыстың қарқыны жоғары, тұтас шағын аудандардың құрылыстары жүріп жатыр. Тұрғын үй құрылысы тоқтаусыз өсуде. Зауыт шығаратын әйнек пакетіне болашақта да қажеттілік өспесе, кемімейді деуге негіз бар. Сосын мұндай өндіріс Ақтөбе облысында жоқ. Біздегі бұған дейінгі әйнек пакеттерін шығаратын шағын өндірістер жұмысты қолмен атқарып келді. Сондықтан да олардың өнімдерінің сапасы төмен болады. Ал жаңа зауытта барлық жұмыс автоматты түрде сапалы атқарылады.
Зауыт басшысының берген анықтамасына сүйенсек, мұндай зауыт көрші Орал мен бізде ғана бар. Атырауда құрылыс ғимараттарының төбелерін жабатын металл жабындылар ғана шығарылады.
Ақтөбедегі бұл жаңа өндірісте 25 маман жұмыс істейтін болады. Олардың алғашқы легі Ресейдің осындай өндірісі бар Саратов сынды қалаларында оқытылып, тәжірибеден өткен. Кейінгі кадрлар филиал жанындағы бұрынғы оқып, маманданғандардан үйренді. Зауытта жұмысты негізінен ер адамдар атқарады. Өйткені автомат атқарады дегенмен, әйнек кесу жеңіл іс емес екені белгілі.
Зауыт шикізатты Ресейдің әйнек зауыттарынан алады. Біздің Қазақстанда әзірге әйнек шығаратын бірде-бір зауыт жоқ көрінеді. Құдай қаласа, елдің тұңғыш әйнек зауыты да Ақтөбеде салынуға тиіс. Қазір сондай жоспар бар.
Мамандар айтып отырса, қазірдің өзінде бұл зауыт тапсырыспен шығаратын әйнек пакетінің түрлері көп. Ол мүмкін жай әйнек болуы, мүмкін бір, екі, үш қабатты әйнек пакеті болуы, жылу сақтағыш, керісінше күнді өткізбейтін әйнек пакеті болуы, тіпті сырттан қарағанда айна, іштен қарағанда әйнек болуы да мүмкін. Тізе берсек, мұнан шығатын әйнектің түрлері өте көп. Мұны берілген тапсырыс, солардың қалауы білетінін айтады мамандар.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары және кәсіпорын басшысының қатысуымен жаңа өндірістің тұсауы кесілді.
Орта және шағын бизнес үшін аса қажетті өндірістің іске қосылғанына, әсіресе, кәсіпкерлер қауымы қатты қуанды. Соның бірі — кәсіпкер Әлия Иманғалиева. Ол өз қуанышын былай бөлісті.
— Бір кездерде тапсырыс беретін мұндай жер болмай, қатты қиналып жүрдік. Шағын кәсіпорындар үлкен тапсырыстарды ала бермейтін. Ал алысқа берген тапсырысымыз созылып кететін, тіпті уақытында келмей қалған да жағдайлары болды. Керегің өзіңнің қалаңнан, іргеңнен табылғанға не жетсін. Біз үшін аса қажетті зауыттың ашылып жатқанына қуаныштымыз.
Жаңа өндірістің басқосуында белгілі болғанындай, бұл зауыттың алға қойған басты мақсаты — сапалы әрі заманауи өнім шығару, сол арқылы нарықтағы өз орнын берік ұстау. Ақтөбе аймағында іске қосылған және іске қосылатын жаңа кәсіпорындар соңғы кездері осы жағына айрықша көңіл бөлуде. Рынокқа шығаратын тауарларының бәсекеге қабілетті болуын қатаң қадағалауда. Соның нәтижесінде аймақта соңғы екі-үш жылдықта отандық озық өнім шығаратын жаңа өндірістер өмірге келді. Бұл кәсіпорындар экономикамызды жаңа технологиялармен дамытудың қазақстандық үлгісі деуге болды. Бүгінгі таңда еліміздің аймақтары арасында отандық өндірісті дамытуда біздің өңірдің үлесі басым. Мұны ешкім жоққа шығара алмаса керек.
Жылу сақтағыш әйнек пакетін шығаратын жаңа өндірістің ашылу салтанатына қатысушылардың көзінше жаңа технология іске қосылды. Әйнекті кесуден бастап соңғы дайын өнім алғанға дейінгі озық технологиялық процестер көрсетілді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.